Ұмыт болған тәп-тәтті бір қиялмыз

Гүлманат ӘУЕЛХАН

1980 жылы ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданында дүниеге келген. 2004 жылы Атажұртқа оралған, «Жас толқын», «Қоштасқым келмейді», «Алатау жырлайды» жыр жинақтарына және «Қазақ поэзиясының антологиясына» жырлары енгізілген. Республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

Терезе алдындағы  раушан гүлі

Терезе алдында тұрды гүл,
Сарғайып еріні кезерген.
Жүректен төгілер мұңлы жыр,
Менімен жаның бір сезем мен.

Көзімде көктемнің елесі,
Жанымды неліктен өртедің.
Жылжиды өмірдің кемесі,
Батқанда келте күн.

Раушан гүлі еді тым сұлу,
Інкәрлік бойына сіңірген.
Жүректен жойылған құлшыну,
Бір хабар күтетін іңірден.

Раушан қиялым елтеді,
Бір сезім сыбырлап шақырып.
Көңілдің мұң күйін шертеді.
Жүрегім ах ұрып.

Ығыр боп тірліктен мазасыз,
Жек көргем бір кезде қаланы.
Кім қалар тәңірден жазасыз
ғасырда налалы…

Сіркіре көктем жаңбыры

Тазарсын мынау көңіл кір,
Сіркіре көктем төгіл бір.
Сағыныштан тұрады,
Мендегі мұңлы өмір кіл.

Сіркіре көктем жаңбыры,
Жазылсын жалын жан жыры.
Тағдырымды түрлентсін,
Тамылжып атқан таң нұры.

Аспанға көңіл туымды іл,
Бұрымыңа бұлтты буындыр.
Іңкәрлік толы жүректі,
Аппақ нұрыңмен жуындыр.

Сыбырлап айт та сырыңды,
Сіміріп барлық мұңымды,
Әткеншек етіп тербегін,
Тыныштық тұнған түнімді…

Жүрегімді шомылдырып шуаққа…

Ақ бұлттарға оранып ап түсімде,
Шексіздіктің әлемнің ішінде.
Жүрегімді шомылдырып шуаққа,
Ғұмыр кешем бұлдыр қиял пішінде.

Жұдырықтай жүрек деген түрменің,
Тұтқыны едім, ішке жұтқан түн демін.
Күрсінтеді желмаядай желісті,
Зулап өткен күндерім…

Жүріп өтті замананың көші мың,
Жаратқаннан сұрайтындай кешірім.
Ғасырлардың көмейінде тұншыққан,
Бір ғаріптің жазбақ па екен есімін.

Мәңгіліктің өшпес жырын жазамын,
Ең ғажайып, менің тәтті азабым.
Сәулелерін шашыратты Ай – сұлу,
Сездірмекке ғажабын…

ЖАЗЫМ ӨТІП БАРАДЫ -АУ

Тағдырыма өкпе артам несіне мен,
Толқып жатса жүректе есіл өлең.
Құпиясын қымтанып сыр берместен,
Таулар тұрды мүлгіген, есінеген.

Бұрынғыдай көңілде көктем емес,
Жалынымен жанды өртер көктем елес.
Аңқау, адал, о қайран қызулы шақ,
Саған ешкім қуғанмен жеткен емес.

Қызыл-жасыл дүние еліктірген,
Адасамын есімнен көріп мүлдем.
Өлең деген құдірет өзекті өртеп,
Муза болып жанымды еліктірген.

Құстар келді мекенге көктем алып,
Балаң сезім басымнан өткені анық.
Бөтен бақтың жемісін күзетумен,
Өтіп жатыр жаз өмір текке налып.

СОЛ БАЯҒЫ ҮНСІЗДІК…

Өр рухым, аспанға ұшып өрледі,
Сүлдерімді көзге ілместен жердегі.
Баяны жоқ бақыттарға бағынған,
Адамдардың бәрі қандай шерлі еді?!

Тіреусіз көк, күліп тұрды мысқылдап,
Тағдырларың кетпесін деп қышқылдап.
Ақын отыр өмір жәйлі жыр жазып,
Қауырсынын жұлып алып құстың қап.

Түнгі дала тыныштықта мүлгіген,
Сырласымдай сезінуші ем түнді мен.
Қимылымды бағып үнсіз жар отыр,
Қабағымен қарап қойып бір күрең.

Кейде тірлік жібереді нұрсыз ғып,
Көңілдердің аспанына түн сыздық.
Біздің өмір іштей ғана арбасқан,
Сол баяғы үнсіздік…

Ит тірлік

Батқан шақта тірліктің налып күні,
Жалғыздықтың сезілер ғаріптігі.
Құшағына қысып ап ұзақ құшты,
Қыстың ұзақ қап-қара табыт түні.

Жарық күннің әркімге таласы бар,
Ай дидарлы жандардың наласы бар.
Шырылдатып арбайды бозторғайды,
Сүйреңдеген қызыл тіл қара-шұбар.

Қыңсылайды кеудемде күшік қайғы,
Ал сәулелер жанымды ұшықтайды.
Көкке ұшып жоғалған өр рухым,
Жерден алған тәлімін пысықтайды.

Сабырсыз сайтан ойым желігеді,
Ит тірлік сүйегімді кеміреді.
Ит үріп далада жел еліреді,
Үрсе олар үре берсін деймін іштей,
Үргеннен басқа иттер не біледі…

БАЛАҢ СЕЗІМ

Ұяң бала, қалды ауылда ұяң қыз,
Ұмыт болған тәп-тәтті бір қиялмыз.
Тұншықтырған жөргегінде сезімді,
Балалықтың бал елесін жиярмыз.

Қызуы мол көңілдегі көктемнің,
Шеңберіне енді қалай сиярмыз.
Жеткізбеген арман үшін аһ ұрып,
Енді қашан есімізді жиярмыз.

Қалтырайды сосын бейбақ жүрек көп,
Сұм тірліктің енді несін жыр етпек.
Жанарымнан шашыраған жұлдызды,
Кірпіктерім арасына түнетпек.

Қазы қайтқан қоңыр күзде кім келіп,
Көңілімнің гүлзарына гүл екпек.
Тауға, тасқа ұрған өмір бір кезде,
Соққан шақта тағдырымда бір өкпек…

Үнсіз ғана жүрегіммен тіл қатам,
Мендегі сол бір әдемі тілек тек.
Мен біреудің бүтіндедім жартысын,
Сен біреудің тағдырына тірек боп,
Бірақ жиі мазалайды жүрек тек.

СЕН ҒАШЫҚ БОП КӨРМЕГЕН ДЕ ШЫҒАРСЫҢ…

Сен ғашық боп көрмеген де шығарсың,
Шын қабырғаң сөгіліп.
Сен сүйіп те үлгірмеген шығарсың,
Өз-өзіңнен жеңіліп…
Сен сағынып көрмеген де шығарсың,
Сары таңды атырып.
Сен үмітті жерлеген де шығарсың,
Іштей тынып аһ ұрып…
Сен жылауды білмейтін де шығарсың,
Шын жүректен егіліп.
Қуанып не күлмейтін де шығарсың,
Тірлігіңе жегіліп…
Сен бақытқа сенбеген де шығарсың,
Өмірді деп өтпелі.
Сен сезімге шөлдеген де шығарсың,
Ұмытпашы тек мені…
…Батсамдағы мың күнәға белшеден,
О, арманым безінбеспін мен сенен.
Тым аярлық ақындардың тағдыры,
Өмір құнын сезімімен өлшеген…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.