• Әдебиет әлемі
  • 28 Ақпан, 2024

Көңіл неге кірлейді, кім біледі?..

Асан-Темір Қаршығаұлы 

Айтылғанмен ақын деп тойда атағым, 
Оңашада ойымды ойнатамын. 
Қиялыммен құс болып, қанат қағып, 
Арманымды бұлттарға бойлатамын. 

Естимін де даламның көмескі үнін,
Ойша шолып қайтамын белес-қырын.
Дос-жаранмен күн сайын кездессем де,
Жырдан басқа жұбатар жоқ ешкімім. 

Жалғыз қалып айтқанмен аспан әнін,
Жүрегімді қорғадым, ластамадым. 
Мен өзіңе адалмын, ей, өлеңім,
Қаламымды қолымнан тастамадым.

                              ***
Енді бәрі болмайды бұрынғыдай, 
Саған арнап жазбаймын жырымды ұдай.
Тойға ғана киетін сары көйлектей, 
Сағынышым боласың бұрымдым-ай.

Құшағында жатырмын қара түннің, 
Қауырсыны қайырылып қанатымның.
Орал таудың басына сары қызды,
Ертіп-ап жиі-жиі баратынмын.  

Енді бұлай болмайды. Тәмамдадым,
Телефон да соқпаймын саған жаным.
Қасымда қала алмадың, қала алмадым, 
Ал, енді орындалсын бар арманың.

Енді бәрі болмайды бұрынғыдай, 
Саған арнап жазбаймын жырымды ұдай.
Тойға ғана киетін сары көйлектей, 
Сағынышым боласың бұрымдым-ай.
***
Менің жаным жылайды жиі неге,
Әлде жалғыздығына күйіне ме?
Көңіл неге кірлейді, кім біледі,
Жаза бергім келмейді жырды үнемі?!

Ойым неге сан-саққа жүгіреді, 
Кешегідей болмай тұр күн реңі?.
Жыла жаным, жүрегім жыла тағы,
Қазір келіп түн-ару жұбатады!
                          ***
Жан күйзелді қалай байыз табамын, 
Тым қатігез боп кеттіңдер,  ә,  бәрің?! 
Қара қарға қарқылдайды төбемде, 
Ол байғұс та айтып отыр зар-әнін. 

Қарғаны мен реттермін,  ал,  мені, 
Жұбатуға жете ме дос дәрмені? 
Кішілерде кісі болып алыпты, 
Басым қатты ойлай-ойлай әрнені... 

Еңсемді кеп баса берді-ау зілдей мұң, 
Не болса да жетегіне жүрмеймін. 
Көбісі жүр көт басына көз тігіп, 
Мен өлген соң түзелмесе...  
Білмеймін!
                         ***
Түн бүгін тағы да күрсінді,
Жұбаттым. Ол ұзақ жылады. 
Бақтағы қураған гүл сынды. 
Жоғалтып алды ма түн теңін, 
Жатыр-ау солығын баса алмай,
Көз жасын қалайша сүртемін?

Түн ауру жаза алмас жыр емдеп,
Күн шығып, таң атпай тұрғанда,
Мені ұрлап кетсе екен біреу кеп...

                            ***
Қос кептердің риза боп сүйісіне, 
Табиғаттың тамсанып иісіне...
Мәз болушы ем.
Ал бүгін не болды екен, 
Телефон да тып-тыныш. Үй іші де...

Достарым да хабарсыз аңқылдаған, 
Қарға ұшпады төбемнен қарқылдаған. 
Еш жылылық сезініп отырғам жоқ,
Күнің де түн секілді салқындаған.  

Үрмей қойды-ау көрші үйдің күшігі де,
Сол тыныштық көңілді түсіруде...
Анау үйдің есігі жабылмайтын, 
Кіріп-шығып жататын кісі күнде...

Ән салушы ед құс біткен  көкте тегін,
Іздеп кетті ме екен, ә, жоқ мекенін.
Тыныштықтан қорқайын дедім білем,
Осы мен өліп қалған жоқ па екенмін?

                            ***
Өліп-өшіп сүйсек те жанымызбен, 
Жолыққым келмейді енді сары қызбен...
Уағдаласып байласқан үміт жібін,
Тәңір үзген.

Түн аруы қызғанып күнді менен, 
Көңіл күй жоқ. Жаза алмай жүрмін өлең.
Қолыма ұстап отырмын жүрегімді,
Үлбіреген.

Бақытты етсін сені бас қосқаның, 
Есіміңмен бәйгеге ат қоспадым. 
Ешкімде сүйгеніне қосылмаған, 
Қош-қош, жаным!
                              ***

Сауал қойма сары қыз жайлы маған,
Ол арудан бұл күнде айныды ағаң...
Сары қызға «сау бол» хат жолдағанда, 
Түн түнеріп, аспанда Ай жылаған.
Ол жайында айтпашы қарғам маған,
Сезімімді қайтейін жалғанбаған?
Әдірәм қалды армандар армандаған,
Түсінбей өтеді екен жалғанды адам.

Айналайын түсірме есіме оны,
Ол жүректен аулаққа көшіп еді.
Білмеймін жүрек қалай кешіреді,
Айналайын түсірме есіме оны...

                     ***
Қыркүйек жапырақтармен ұялып ойнап,
Ағаш біткеннің тұр көкке қиялы бойлап...
Ал мен болсам түн бойы көзімді ілмеймін,
Сары күздегі сүйкімді сары қызды ойлап,
Сары қызды ойлап жылаған жанымызды ойлап...

Қазан келіп, Қыркүйектің жолын байлайды,
Сары жапырақты жел үріп өлімге айдайды. 
Сары қызға қолды бір сілтегім келген,
Сағынатынымды ойласам сорым қайнайды,
Жапырақтарды жел үрлеп өлімге айдайды. 

Қыркүйектегі қылықтым не дейін енді,
Өксікті қалай басамын көмейімдегі?
Алданғыш арман-үмітім өлейін деді,
Жазғанына тағдырдың көнейін деді.
Қыркүйектегі қылықтым не дейін енді?!
                       ***
Көтіңе құрық бойлатып, 
Басыңа таяқ ойнатып,
Миыңа малдас құрып-ап,
Отырайын деп едім!

Текемет қылып тіліңді,
Еселеп алып құнымды,
Отыз екі тісіңді, 
Опырайын деп едім!

Мойыныңды қайырып, 
Жағыңды екі айырып, 
Көзіңді ойып моншақ қып,
Тағайыншы деп едім!

Дал-дұлыңды шығарып,
Бар жынымды шығарып, 
Саған кеткен кегімді, 
Алайыншы деп едім!

Мұрыныңды мұржа қып,
Өзімді өзім ырза қып,
Құлағыңнан күл салғыш,
Жасайыншы деп едім!

Екі аяғыңды сындырып, 
Сүйектеріңді құм қылып.
Қаныңды ішіп ашуды,
Басайыншы деп едім!

Кектенетіндей,
Жек көретіндей, 
Жауым жоқ екен ғой...
Жауласатындай, 
Дауласатындай,
Дауым жоқ екен ғой!!!
                             ***
Жолықпадым жөні түзу ағаға әлі,
Арқамнан қағуға ешкім жарамады. 
Мен де аға бола алмадым. Алыс кетті,
Таңатжан мен Бекбаудың балалары.

«Інім» деп құшақ жаяр жолыққаннан, 
Ағалардың көбісі өліп қалған.
Көңіл үшін көбіне ағалаймын, 
Кей інім ағалайды қорыққаннан. 

Үзбеген аға-інінің шарғы жібін, 
Көпжасаров. Сол еді жалғыз інім. 
Өртенермін деді ме ол да кетті, 
Сезінген соң мендегі жан қызуын.

Кім-кімнің де көрінер шын реңі,
Көңіл байғұс сан-саққа жүгіреді. 
Ағалардың бірінен көңіл қалып, 
Сағынып отырғаным інілерді.

                             ***
Бала ауырса табылады ем-домы,
Соған бола, бола  берме мазасыз?!
Уайым қылып отырғам жоқ мен де оны,
Жан ауырса соны қалай жазасыз?!

Су қайнаса суытарсың оны да,
Оған бола бас ауыртып қайтемін. 
Ұлтын сүймес ұл кездессе сорыңа, 
Қан қайнаса не істер едің, айт емін?!

Жүрегіңді жұбатарсың жыласа, 
Жүрек деген ол өзіңнің әлемің.
Айтыңызшы сізге сауал ұнаса,
Ұлы еліңді қалай жұбатар едің?
Қадіріңді тірі кезде білмесе,
Сенделтеді сауалы көп өмірің.
Жуғызарсың көйлегіңді кірлесе,
Кірін қалай кетірерсің көңілдің?

                         ***
Құс келіп қонақтар бағыңа,
Қалқатай налыма, налыма.
Мен сені шығарып салдым да,
Сағынып отырмын тағы да...

Бәрі өтер, жаңадан күн келер,
Өткен күн тарих боп үлгерер. 
Күз келіп жапырақ солғанмен, 
Көктемде қайтадан гүлденер. 

Жүрегім өз жырын жолдайды, 
Құс көңіл қанатын қомдайды. 
Жер басып жүрген соң жарығым, 
Бақытсыз болуға болмайды! 
                          ***
Сары күзім сарсаңға салды мені,
Сары қыздың ренжіту бар білері. 
Жапырақтай желге ұшып кетем дейтін,
Енді ұзақ күтпейді таңды, мені...

Сары күз естіледі көмескі үнің,
Ол қыздан басқа жақын жоқ ешкімім.
О, құдай сонша қинап қойғаның не,
«Сары қыз қайтыс болды» деп естідім?!

Аңыз қып бірге жүрген жолды айта алам,
Ертегі де жазармын болмай сараң.
Бір мызғып-ап, содан соң қимай мені,
Тірілетін секілді ол қайтадан.

                         ***  
Айнам-ай, ажарланып тұрысың-ай,
Жүзіңнен байқалады жылы шырай. 
Сен үрлеп жүрегіме дем берсейші, 
Тарылып бара жатыр тынысым-ай.

Баурап бара жатыр-ау өзі бірден, 
Қылықтым-ай, қарғамның көзі күлген. 
Кешігіп бір кездескен көктемім-ай,
Сиқырлап алсам ба екен сезіміммен. 

Жә, енді орындалмас арман әнім,
Қажет маған құс болып самғағаның. 
Көз алдымда жүре бер, тек тілегім,
Бақытыңнан кешігіп қалма жаным.
                                  ***  
Иілмейтін болғасын майыспаймын,
Қатулансам көкке ұшып, Ай ұстаймын!
Қабағымнан қар жауып тұрғаныммен, 
Жібісем иі қанған қайыстаймын!

Өзге түгіл өзімді ұға алмаймын, 
Сыр ақтарсаң сыртыма шығармаймын!
Топты көрсем тыпыршып тұра алмаймын, 
Жыр толғасам жарықтық Жұбандаймын!

Болмысым да дәл сондай байқаса адам,
Басы-көзі бар демей айта салам! 
Сөз асырман басымнан. «Шүкір де...» СЕН,
Қарсы келіп көргем жоқ қайта саған!

                             Көкеме хат 
Сағат ақынның рухына

Көп болды мен еткелі күлкімді ұмыт,
Қоймады ешбір адам сілкіндіріп...
Көке, біз, әр төбеге қонақтадық, 
Жүректен өшпегесін былтырғы үміт.

Бұ жақта адамы аз ұлы істі ұғар,
Алтын құмар кісі көп, күміс құмар.
Жанталасып жатқаны дұрыс шығар,
Ал, көке-ау, сіздің жақта тыныш шығар?

Мына жақтың боп кеткен ойшылы ұсақ,
Жазбайды ұзақ сонар тойшылы хат. 
Өзімді өзім іздеймін тұманды күн,
Отарынан айрылған қойшы құсап...

Солай көке, өзіңсіз күн өтуде, 
Жағдай аз сағат санап, жыр етуге. 
Сұраса кім айтайын тұр Асаның,
Қатты соққан ызғырық жел өтінде...

Менің болғым келгенмен бабамдай-ақ,
Жан берісіп жүрміз-ау жан алмай-ақ.
Аялдама. Отырмын осы жерде,
Жер бетінен жерінген адамды аяп...

                                  ***
Өмір қызыл түлкідей байқа, балам,
Біздің қоғам қасқырдай тай талаған. 
Жаны жүдеп, жүрегі жыламаса,
Бұл өмірді жалған деп айта ма адам?!
Жығылсаң жүру қажет қайта, балам,
Бәрі есті болған соң байталы аман. 
Көп ішінде көңілі кірлеген соң,
Бұл өмірді жалған деп айтады адам?!

Тірлігіңде шабыттан шайқа, балам,
Азамат бол жүрекке Ай қадаған.
«Оралыңның барында ойнап күл» деп,
Қызық дәурен кешпесе айта ма адам?!

Демеймін басқалардан күшімді кем,
Мен ұйықтасам түсімде ішіп жүрем.
Іштегі шер айналған шемен тауға,
Жұртқа қалай мен оны түсіндірем...

Мінсем де елдің берген сәйгүлігін,
Кеміген емес тіпті қайғы-мұңым.
Мен өзімді қоярға жер таппаймын, 
Жазылғанмен жұрт оқыр жайлы жырым.

Мені ешбір адамың ұға алмаған,
Сырым да бар сыртыма шығармаған. 
Кездерім көп шаттықта күле алмаған,
Пендемін Күн алдаған, Түн алдаған.

Сағымына айналмай сары күннің,
Иесі атанармын қабірімнің. 
Жылаған жүрегімді қолыма ұстап,
Жұбататын жан таппай әлі жүрмін!

Түсі суық жандарды кездестірдім,
Шаруасы болмайды сенде ешкімнің...
Өздерімен өздері әуреленген,
Сыпайы сәлеміңді сезбес құрбың...

Кісінесін жүректің құлын жыры,
Бәрібір танымайды бірін-бірі...
Қатындары еркегін мойындамай,
Жігіті жылатып жүр бұрымдыны. 

Ешкімнің дәулетіне таласпағам,
Жыр жетсе деп жүр едім, Алашқа аман!
Көңілге көп қарағыш Қаршығаұлын,
Қатігез қыласың-ау, әй, Астанам!

4297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы