• Айтарым бар...
  • 28 Ақпан, 2024

Қазір бой емес, ой салыстыратын кез

Жаратылыстың ішінде адамзатқа тән үлкен құбылыс бар. Әрине, ол – сана.
Жалпы, адамзатқа білмектік парыз етілген. Қай заманды, дәуірді алып қарасақ та өзінің даму үрдісі бар.
 Қазір ХХІ ғасыр – әлем бойынша ақпарат көзі дамыған және цифрландыру белең алған кезең. Әлеуметтік желі тіпті белең алды. Өмірге өздерінің көзқарасымен қарап, шынайы болмысты алға тарту жайына қалғандай.
 Қазіргі таңда жастардың білімге ұмтылуы да дәл осы интернетпен, цифрландыру жүйесімен қалыптасуда. Кітап оқу үрдісі сәл бәсеңдеу екені баршамызға мәлім. Бірақ, кітап оқитындар мүлде жоқ деген сөз емес.
 Мұның сырын білуші дамушы елдер мен ұлы державалар ең алдымен пайымды осы білімге қояды. Біздің елде де осы мәселе толғақты. Өйткені өркениетті қоғам білімді, саналы ұрпақ танымына тікелей тәуелді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің халыққа Жолдауында айрықша мән беріп, «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деген мәселені көтерген болатын. Сонда мынандай тақырыптар қозғалды:
Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану, матема-тика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды;
Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде;  
Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан, олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек. Осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу маңызды.
Демек, өркениетті қоғамның басты тірегі  – білімде. Ал білімнің кілті –  кітапта. Оқу тек сөздер мен мәтінді қабылдау процесі емес. Бұл дүниені тану, сөздік қорын байыту, ең бастысы, білімге ұмтылу. Кітап оқу тұлғаны қалыптастырудың, интеллектіні дамытудың және жан дүниесін байытудың қуатты құралына айналады.
 Кітап арқылы әлемді тану. Оқу – бұл идеялар, қиялдар және білімдер әлеміне саяхат. Кітаптар бізге беймәлім көкжиектерді ашып, басқа дәуірлерге, мәдениеттерге және саналарға енуге мүмкіндік береді. Көп оқитын адам көптеген көзқарастарға тап болады, бұл оған әлемнің күрделілігі мен алуан түрлілігін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.
 Әлемге атағы шыққан, өз алдына жеке дамыған тұлғалардың барлығы ең алдымен  кітап көп оқу керектігін алға тартады. Еліміздегі жастар ақпарат көзі мен кітап оқуды қатар ұстай отырып та қоғамға жетерліктей пайдасын тигізе алады. Себебі жастардың идеялары көбінесе жаңашыл әрі тың. Дәл солай кітапты қызықты етудің тағы бір деңгейін көтере аламыз. Мәселен, кітап оқып жеңіске жеткен, цифрландыруды да осы кітап оқып дамытқан Билл Гейтсті айтсақ болады. Ол да қарапайым оқушылар сияқты мектеп кезінде және университет қабырғасында ойынға көп зейін қойған бала болған. Сонымен қатар, мұғалімдерден де біршама сөгіс естіген. Кейін, ол ақпаратқа қызығып, өз қызығушылығын табады. Әрине, ол қызығушылықты дамыту үшін де білім керек. Ол білімін жетілдіру үшін, өзіне қызықты кітаптарды оқи бастайды. Қазіргі таңда «Microsoft»-тың негізін қалаушы аптасына 1 немесе 2 кітапты оқып бітіреді. Ол осы білімге құштарлығы арқылы өзі ойлаған мансабына ойланбай-ақ таза біліммен жетті. Билл Гейтс 31 жасында миллиардер атанған. Ол өз тәжірибесінен білімге құштар болуды және өзін жетістікке жеткізетін кітаптарды көп оқуды кеңес етеді. Қазір де Гейтстің қадамын аңдып, сөзін тыңдайтын жұрт қарақұрым. Саны еселеп артқан програмисттер ғана емес, жаңалыққа асық, жасампаздыққа бейім, түрі-түсі бөлек, тілі, ділі бөтен қаншама жұрттың баласы жүр. Әккі бизнесмен мұны біледі, себебін де түсінеді. Сондықтан, оқыған кітабын, түйінді пікірлерін ара-тұра жеке вебсайтында әйгілеп тұрудан жалықпайды.
Төменде 2014 жылы Билл Гейтстің көңілінен шыққан кітаптардың тізімін беріп отырмыз. Білгенге маржан дүниелер.
1. Бизнес хикаялар, Джон Брукс (Business Adventures, John Brooks)
2. XXI ғасырдағы Капитал, Томас Пикетти (Capital in the XXI century, Thomas Piketty)
3. Азия жетістігінің сыры неде? Джо Студвелл (How Asia Works, Joe Studwell)
4. Роузи әсері, Грем Симсион (The Rosie Effect, Graeme Simsion)
5. Қазіргі дүние құрылымы: материалдар мен дематериалдандыру, Вацлав Смил (Making of modern world: materials and dematerialization).
 Қорыта айтсақ, қазір тек ойдың ұшқырлығы басым заман.  Әлем үнемі өзгеріп отырады, жаңа білімге ұмтылғандар ғана өзгерістерге сәтті бейімделе алады. Кітап оқу адамдарды шындықты іздеуге, білімін жаңартуға, кәсіби және жеке деңгейде дамытуға ынталандырады.
Тұлға өзінің даму жолын, бағытын біліммен ғана бағамдайды. Қандай сала болмасын, өзін жетілдіру, ұмтылу – бұл ұлы іс. ХХІ ғасыр бой емес, ой салыстыратын заман. 

Сағат Марал,
Абай атындағы  ҚазҰПУ-дің студенті

3289 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы