• Айтарым бар...
  • 28 Ақпан, 2024

Менің музам, сен аман бол мәңгіге...

Роза Сейілхан
 

Жанымнан еш табылмасын 
Дос мейлі,
Табылмаса, табылмасын,
Хош, мейлі.
Өткен өмір тек соңыңда
Қалады,
Бір орнынан бір орынға
Көшпейді.

Олар мендей, мен де олардай
Болармын,
Қанша жүдеп, қанша жерде
Оңалдым.
Жыр іздейді, бір іздесе,
Мен болсам,
Ешкімді де іздемейтін
Боп алдым.

Өкініш пе, сағыныш па,
Тырнайды,
Өткен шағың қайтып мойын
Бұрмайды.
Өмір кейде жел сияқты
Зулайды,
Өмір кейде көл сияқты
Тулайды.

Әсірелеп жібергем жоқ,
Шыным бұл,
Алдымнан түк көрінбейді,
Бұлыңғыр.
Бәрі таныс, тап қазіргі
Сәтті осы,
Ғұмыр кешіп кеткендеймін
Бұрын бір.
Жақсы шақтар, көңілден түк
Өшпейді,
Қараша әлі қарға орайды
Төскейді.
Елес болып оралады
Өткен күн,
Бір орнынан бір орынға
Көшпейді. 
***
Сенің салған суретіңде
Бармын мен,
Еріп тағы жатты бояу жаңбырмен.
Сенің кейпің қалып кетті жанарда,
Паң сөйлеген, паң күлген.

Бармын білем,
Сенімдімін оған мен,
Өле-өлгенше кейіпкерің болам мен.
Жылытқаның жақсы болды жанымды,
Әлдеқашан тоңар ма ем.

Бекер айтшы,
Берілді ме, гүл есім,
Түсінбеймін, оған несін күлесің.
Дем жетпеген кездерге де куәсің,
Қайда барсам, жүрегімде жүресің.

Білмейсің бе,
Меніменен біргесің,
Қайта шығып кете алмайсың, кіргесін.
Өң бе, түс пе, бар ма, жоқ па белгісіз,
Бірде өтірік, күн кешеміз бірде шын.

***
Көздеріңе ойланбастан сүңгігем,
Сүңгіп алып, малтуға да үлгірем.
Кейде осылай жеткізе алмай сөзімді,
Бәрін, бәрін бүлдірем.

Кейде неге, қалады екен жан налып,
Мен өзіңе тумаған соң арналып.
Бір үміттің жетегінде кетемін,
Бір үмітке алданып.
Бұрынғыдай емесімді түсінем,
Қызыл-жасыл қиялдың да түсі кем...
Біреу мені жек көре алмай қарайды,
Жақсы көріп ішінен.

Бірақ, бірақ, мен көретін түс бөлек,
Бойымдағы ғайып болды күш кенет.
Самайыңнан сипайтұғын саусақтар,
Отыр өзін тістелеп.

Көздеріңе ойланбастан сүңгігем,
Сүңгіп алып, малтуға да үлгірем.
Кейде менің тауға айналғым келеді,
Қараңғыда мүлгіген.

***
Іздеуге де, табуға да жоқ тілек,
Жүрген жандай қос қолымен от күреп.
Дерт аталған танысымнан жетті ме,
Өн бойымды өртеп кетті отты леп.

Ұяң деді, неге сондай жан деді,
Олай деуі барлығының заңды еді.
Шуағы аздау өмірімнің көгінен,
Тауып алып өбетіндей қар мені.

Төрт қабырға сенен шыққым келмесе,
Көрген жандар өз көзіне сенбесе.
Бұл дүниеде бары, жоғы белгісіз,
Бір мұңлыққа айналармын ендеше?!

Сол мұңлықтың бар ма, жоқ па керегі,
Кімді аяйды тіршіліктің елегі.
Соның бәрін ойлай-ойлай кейде осы,
Жарық күннен ғайып болғым келеді.

***
Сол қараша, баяғы ағаш, сол көше,
Сол дастарқан, сол бал қасық, сол кесе.
Жердің бетін қырау жапты жылтырап,
Қарсы алдымнан күтті мені жол неше?

Сол адамдар, сол орындық, сол қайың,
Кеше туып, бүгін қайта толды Айым.
Менің музам, сен аман бол мәңгіге,
Бақытты да, бақытсыз да болмайын.

Тағы тұман, тағы жауын, тағы арман,
Гүлдей аңқып, исі жерге таралған.
Иық сүйкеп өтіп жатыр адамдар,
Жанарлары өңменіме қадалған.

Жалаңаш тал, мүлгиді түн мұң іліп,
Қараша тұр, тапқысы кеп бір ілік.
Қарын ерте күтіп алып тау жатыр,
Шапанының етегі сәл түріліп.

Сол жабығу, сол сағыну, сол бәрі,
Сағынбасқа, жабықпасқа болмады.
Сол дастарқан, сол кеседе қалды ойым,
Ал бөлмеде сәл тыныштық орнады. 
***
Жаным жалғыз,
Сезімім ол да жалғыз,
Адалдықты өзінше сомдағанбыз.
Қателесу жайында біліп тұрып,
Өкініштер жасайтын оңбағанбыз.

Жаным жалғыз,
Жүрегім ол да жалғыз,
Барда әкесі емес пе ем, тоңбаған қыз.
Біліп тұрып, барлығын көріп тұрып,
Міне осылай қайтеміз, сорлағанбыз.

Жаным жалғыз,
Арманым ол да жалғыз,
Туған кезде біз бұлай болмағанбыз.
Жақсы көрген адамды түсіне алмай,
Қадіріңді білместі қолдағанбыз.

***
Шақтар-ай, шақтар ең ізгі,
Өзіңнен арай көремін.
Кеткендей кешіп теңізді,
Сен жаққа қарай беремін.

Сезімге селкеу түсірмей,
Өбектегенің өртесін.
Жанымды кейде түсінбей,
Соңыңнан неге ертесің.

Оралмайды деп жазғырма,
Ол күндер кеткен жолымен.
Көп едім, әлде азбын ба?
Ұға алмай қойдым соны мен.

Әлегі бітпес жалғанның,
Сыналып қайта серпілдім.
Дүние, саған таң қалдым,
Кеміріп күндер, кертілдім.

Бұл шақ пен ол шақ – бір бүлік,
Аллаға ғана аян бұл.
Түндерде кірпік ілдіріп,
Таңертең аман ояндыр!
          Өмір
Қойыңдаршы, 
Өмірге тиіспеңдер,
Себебі онда бәрі бар не керектің.
Гүлін жұлмай, жай ғана иіскеңдер,
Бұзбаңдаршы, келбетін кереметтің.

Қойыңдаршы,
Өмірді сынамаңдар,
Онда білем, ой, шұңқыр, бұралаң бар.
Көңілімде дегендер бір алаң бар,
Сол алаңнан шығатын мың амал бар.

Қойыңдаршы,
Өмірді даттамаңдар,
Тоңдырса да дауылдар, ақ борандар.
Құзырымен, Алланың жазуымен,
Өмір дейтін әлемге тап болғандар.

Қойыңдаршы,
Өмірге тиіспеңдер,
Керемет қой, тау, дала, мүйіс-белдер.
Өмір деген берілген бір-ақ рет,
Гүлін жұлмай, жай ғана иіскеңдер!

***
Қар екен десем...
Қар екен десем, 
Мұздақ екен ғой,
Аязға шеті желінген,
Көктемнің жолы ұзақ екен ғой,
Келуге ерте ерінген.

Қар екен десем,
Қырау екен ғой,
Бетіне жердің себілген.
Жүрудің заңы құлау екен ғой,
Жеңіске жетер жеңілген.

Қар екен десем,
Ақ әлем екен,
Адалдық болып көрінген,
Отырған қыстың тағы әдемі екен,
Күмісі күн боп төгілген.

Қар екен десем,
Құс қанаты екен, шұғыла тамса еріген,
Аспанға ол да ұшпаған екен,
Алдамшы неткен өмір ең...
 

3261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы