• Айтарым бар...
  • 31 Наурыз, 2024

Көңілге түйгендерім...

Назым Дүтбаева
 

Ән мен Ана

Балаларымен бірге ауруханада жатқан көп әйелден осы келіншекті көзіндегі нұры тәуір-ақ ерекшелендіріп тұратын. Өзін-өзі ұстауы мен киім кию әдебінен аса бір даралық байқалмаса да, жанарының тұнықтығы оның бойында дәл осы ортада жоқ дарынның бар екенін аңғартатын. Алатаудың етегіндегі кішігірім кенттің тұрмысы тәуір тұрғындары балалары сырқаттанып, ауруханаға жатып ем қабылдайтындай күн туса бұл жерге емес, Алматының заманға сай дамыған ауруханасына кететінін – жұпыны   жабдықтарға қарап сезу қиын емес. Мұнда емделіп жүргендердің барлығы дерлік осы ауданға қарасты кішігірім ауылдардан келгендер. Олар нән қалаға мойын созбақ түгілі, осының өзіне шүкіршілік етеді. Туған-туыстарының келіп-кетуіне де ыңғайлы. Кейбірінің тіпті жиі келуге де мүмкіндігі жоқ. Облыстық бюджетке ауыз ашатын аурухананың жайы жоқтан жоғары. Едені сықырлап, қол жуатын бөлмелердегі суағарлардың бірі істеп, бірі істемейді. Ғимарат ішіндегі дәретханалар да санитарлық талаптарға сай емес. Алайда, оған ешкім шағым айтпайды. Себебі осында жолдама берген ауыл емханаларының жағдайы бұдан да төмен. 
– Құрысын, не де болса, осы жерден сауығып шықсақ, екінші келмей-ақ қойсақ екен, үйдегі бала-шаға да қараусыз қалды, оларға тамақ жасап беретіндей емес, әкесі жұмыста...
– Айтпаңыз, үлкен балалардың сабағы не болып жатыр десеңізші?
– Әнеугүні әкесі кезекке кеткенде, үйге бас-көз бола тұр деп, көрші ауылдағы сіңлімді шақырттық. Отағасының келесі кезегінде кімге айтарымызды білмейміз, әркімнің өз тіршілігі бар. 
Бұл осындағы аналардың барлығына таныс диалог. Сырқаттанған баласын емдетіп жатқан күннің өзінде әр келіншектің ойынан оты мен ошағы бір сәтке шықпайды. Барлығымызға таныс күйбең тірлік туралы әңгімеге асханаға жақындап келе жатқан жанның аузынан шыққан әдемі әуен сәл де болса өзгешелік енгізгендей болды.
«Таппадым саған теңеу асыл анам,
қалайша махаббатты жасыра алам. 
Идіріп алпыс екі тамырыңды
бұлақтай ақ сүт беріп асыраған» деп келетін Бейбіт Сейдуалиеваның орындауындағы осы әнді мұнша сауатты орындай алатын кім болды екен деп бұрылғанымда, әлгіндегі келіншекті көрдім. Көре сала оның жанарындағы ерекшеліктің сыры әнге деген сүйіспеншілігінде жатқанын түсіндім. Ән үзіліп, жас келіншек менің қасыма келіп отырды. Баласы ауырған әр ананың ойы да, тілеуі де баласының жылдам айығуына тіреліп, уайымға салынуға бейім келеді. Мұндайда олар көбінесе өздері туралы, жолдасы мен отбасы туралы әңгіме айтып, бір сәт өз көңілін өздері аулайды. Балаларды ұйықтатып қойып, кешкі сағат оннан соң кезекші санитардан рұқсат сұрап асханаға барып, ішетін шай үстіндегі әңгіме тегі қызық. Екі жасты қосқан ынтызар көңіл де, сәби сүйіп ата-ана атанған бақыт та, бір-бірімен осылай таныстырып, бірге шай ішкізген Алланың бұйрығы да осы әңгімеден шет қалмайды. Мұндай ұзын-сонар сыр бір палатада жатқан келіншектер арасында жақсы өрбиді. Дәл мен жатқан палатада емес, дәліздің шетіндегі бөлмеде орналасқандықтан мен үшін әнге ғашық келіншекпен танысудың жолы осы еді. Әңгімені бірден ән туралы бастаудың реті жоқ. Баласы жайлы сұрадым. 
– Бірінші балаңыз ба?
– Иә.
– Жан-жағымыздағы келіншектер де бірімен- бірі жарыса әңгімелесіп кетті. Қай ауылдан келді, балалары көптен ауыра ма, алғаш қандай дәрі ішті, осында жатқандарына неше күн болды деген сияқты әдеттегі әңгімелер. Мен болсам әлгі келіншекті жақын тани түскім келіп, тағы да сұрақ қойдым. Арасында өзге келіншектермен ортақ әңгімеге де араласып қоямын.
– Жолдасыңыз не істейді? 
– Құрылыста.
– Өзіңіз ше? 
Өнердің ауылынан алыс емес екенін сезіп тұрсам да, анығын білгім келіп тағатсыздана бастадым. 
– Есікте, педколледжде оқимын. 
– Оқып жүріп тұрмысқа шықтыңыз ба?
– Жо-ғ-а, тойдан кейін қайын атам өзі апарып тапсыртты емес пе...
– Мәссаған!..
Екеуміздің әңгімемізге басқа келіншектер онша араласып отырмағандықтан, бұл таңданысыма ешкім мән берген жоқ. Дегенмен, Балауса себебін бірден айтты. 
– Мен түскен оқу орнынан өздері шығарып алған соң... 
– Қайда оқып едіңіз?
– Консерваторияда.
– Консерваторияда?!.
– Иә, «күйеуің таксист болмасын, әйелің әнші болмасын» деген...
Бұл жауап мені ілгеріде айтқан сөзден бетер таңдандырды. Балаусаның жүзінен еш өкініш байқалмады, керісінше, әңгімесінде өзіне ғана тән ерекшелігін қандай жағдайда да жоғалтпаймын дейтін паңдық бар. Сөзінің соңын сыңғырлаған әдемі күлкісімен аяқтады да, әрі қарай тағы бір әнді айтып ыңылдай жөнелді. Сәл бұйрасы бар толқынданған жирен шашы да өзіне сондай жарасып тұр. Ән айтқанда тіпті ажарлана түседі екен. 
– Сонда, күйеуіңіздің айтқанына көніп, консерваториядан бас тарттыңыз ба?
– Иә, енді не істеймін?.. Отбасы адам өміріндегі басты бақыт емес пе, ал бала, тіпті тәтті... 
Ән ғана!.. Бұл сөзді ішімнен бірнеше рет қайталадым. Санама қат-қабат келген қалың ойдың ұшығын тапқанымда Балаусаның әнге деген сүйіспеншілігі әнші болумен өлшенбейтінін ұқтым. Ән оның жан дүниесімен бірге жасайды. Алдағы өмірінде кездесер қай қиындықты да ол әнмен жеңеді. Көңіліне мұң ұяласа әнмен жұбанады, қуанса ән арқылы жеткізеді. Бауырындағы баласын да әнге деген адал көңілмен тәрбиелейді. Меніңше, бесігінде ән тыңдаған баланың жүрегі мейірімге толы болады...
Бейсенханнан қалған белгі

– Қалың қалай? Сені көрмегелі көп болды, жұмысың жақсы ма?
– Жүрмін сол, бұрынғы жұмыста.
Қайынсіңлісін көрген сайын оның жалғыз жүргені Назеркенің жанына батады. Осыдан біраз жыл бұрын кіші енесінің қазасын естігенде, бас құрап алған өзге балаларынан гөрі осы Зирагүлге қатты бататын 
болды-ау деп ойлаған. Зирагүлдің қазіргі жауабы сол уайымды еселетпесе кеміткен жоқ.
– Зиражан, ағаңның үйленбеген Жомарт деген досы бар екен. Өткенде үйге қонаққа келді, жап-жақсы жігіт секілді, сөзі түзу, өңі жылы, таныссаң қайтеді?
Назеркенің күйеуі Зирагүлдің немере ағасы болған соң бұл ұсынысты аса қысылмай айтты.
– Ауылда фазендасы бар екен…
Қалада еркін жүріп-тұрып қалған қыз малды ауылға бара қояр ма деген күдік жеңгенің даусын бәсеңдетіп жібергенімен, қалада үйсіз-күйсіз, тапқаны ішіп-жемінен артылмай жүргенше, жақсы азамат болса тұрмысқа шығып алғаны жақсы ғой деген үміті де бар еді.
– О-й-и-и!..
Қайынсіңлісінің сүреңсіз, солғын жауабынан көп адамның бұған дейін де осындай ұсыныс жасағанын және ондай ұсыныстардың шамына тиетінін, тіпті кейде жалғыздығын бетіне басып тұрғандай дақ қалдыратынын
Назерке сезді…
Өзін Зирагүлдің орнына бір сәт қойып көрсе тұрмысқа шыққанды жөн санап қалады, артынша, тағдыр басқа салмағасын жалғыздықтың соры мен бақытын дәл Зирагүлдей сезіне алмайтынын мойындайды.
Жалғыздық! Бұл адамның жан-жағындағы жора-жолдас, туған-туыс, тамыр-таныстарына еш қатысы жоқ сезім болса керек. Кейбіреу топты жанның ішінде жүрсе де құлазыған көңілін көтере алмайды, енді бірі жалғыз болса да қасына жақсы-жайсаңды жиып, жанын жүдетпейтін іспен шұғылданып, жадырап жүреді. Бұрынғының үлкендері «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан», «Басың екеу болмай, малың төртеу болмайды», – деуші еді. Қазіргінің жасы да, жасамысы да жалғыздықты олар секілді жатсынбайды. Соған қарағанда пенделер жиі ауызға алатын «заман өзгерді» деген сөз бекер сияқты, заманнан бұрын адамның өз ортасына, өмір сүру салтына деген көзқарасы өзгеретін болу керек. Ана бір жылы осы Зирагүл «Күйеуге тиіп, ұшпаққа шыққан сендерсіңдер ме? Біреуің байыңның, екіншің енеңнің, енді бірің балаңның тілін таба алмай, бітпейтін дау-дамайға, өз қолың өз аузыңа жетпейтін тапшылықта былығып отырсыңдар. Өз басымның қайғысына қайғы қосқым келмейді», – деп еді. Ол кезде Назерке де жас, сөзінің жаны бар-ау, деген. Жаңа заманның талабы әр адамды жеке тұлға ретінде бағалап, оның қалауына, көзқарасына, ішкі танымына көп көңіл бөле бастады. Біреуге ізгі ниетіңізді білдіру үшін де оның шамына тимей, көзқарасына қайшы келмейтіндей етіп жеткізуіңіз керек. Мұндайда жеңгелердің қайынсіңлілерін жігітпен таныстыру туралы ниеті ешкім талап етпей-ақ сейіліп кететіні түсінікті. Бұрынғылар айтатын «Сен тимесең, мен тимен бадыраң көз» дәл бүгін орнығып келе жатқандай. Адамдардың барлығы ақжарқын, сыпайы, бір-біріне дауыс көтермей, барлығының төрт түлігі түгел мамыражай тіршілік кешетіндей. Көмейге тығылған өксікті, жанарға іркілген жасты, кеудеңді кернеген қуанышты, тіпті ойыңа келген сөзді де сараптан өткізіп алып айтасың. Сұлу өмір! Алайда, біреу-біреудің жан сырын тыңдауға ықылассыз болғасын жылу жоқ. Ешкімге артық ауыртпалық керек емес, бірінің өміріне бірі мейлінше араласпай, «тек жүріп тоқ болады».
«О-й-и-и…», – деген жауаптан соң бұлардың қасына өзге абысын-ажын келе бастаған еді. Әңгімені әрі қарай бастырмалату орынсыз болғасын өзге шаруаға айналған Назерке осындай ойларға батты. Іле туып-өскен ауылындағы көрші Бейсенхан апа есіне түсті. Кіндігінен тараған бір ұл, бір қыздың артынан Гүлбақыт есімді қыз асырап алған. Оны қайдан, қалай асырап алғанын бүгінде көзі кеткен үлкендер я алпысты алқымдаған ауыл адамдары білмесе, Назерке бейхабар. Құлағы мүкіс еститін кемтар қызды Бейсенхан апаның немерелерінің барлығы Ләлә деп атайтын. Ләләнің өңі мен даусы Назеркенің есінде еміс-еміс қана сақталған. Даусы бірде қарлығыңқып, бірде шиқылдап шығатын қыздың Бейсенхан апаның немерелеріне мейірлене қарайтыны есіне түссе, көмейіне өксік тығылады. Мұның балалық шағын сағынғаннан я болмаса кемтар жанның жүрегіндегі мейірімге сүйсінгеннен туған сезім екенін Назеркенің өзі де білмейді. Ләләнің мектепке барған-бармағаны есінде жоқ, әйтеуір сол үйдің кір-қоңын жуу, бала бағу, үй жинау, т.б. жұмыстарының барлығын сол істейтін. Немерелерінің алды мектеп бітіріп, кенжелері есейіп қалғанда Бейсенхан апа ауыл ішіне сұрау салып асыранды қызына күйеу іздеді.
– Енді қайтемін… Ертеңгі күні көзім кетсе, мына қызға кім пана болады? Көп дүниеге санасы жетіп, кері кеткен көшті алға сүйремесе де есі түзу, бір үйдің шаруасына мығым. Күйеуге тиіп, балалы болса, мені жоқтамай, баласына алданар… Жастайынан асыраған соң, осы баланың тағдырын менен басқа кім ойлайды дейсің, Райхан-ау… Мұны жалғыз тастап кетсем, ана дүниеде қалай тыныш жатам, – деп Назеркенің шешесіне айтып отыратын.
Бейсенхан апаның сөзі ел ішіне тарап, көрші ауылдан келген атасы бөлек Айтпай деген жігітке қызын берді. Ұлының қызметі жақсы еді, соған айтып ауылдан жер алып, үй салдырды. Дүниеге ұл келді. Екі жартыны бір бүтін еткен Бейсенхан апаның көңілі орнына түскен соң, араға біраз жыл салып өмірден өтті.
Назерке бірінші курсты аяқтағанда үйдегілер ауылдан көшіп, қалаға жақын маңға келді. Ләлә мен Айтбайдың, олардың ұлының кейінгі тағдырынан бейхабар.
Асыранды қызына пана болар адам іздеген ана жүрек өз ісін дұрыс деп санағанда – бүгінгінің  шешелері біле бермейтін бірдеңені білген болар. Кемтар қыздың жалғанның қым-қуыт кедергісіне төтеп беріп, сан-салалы жолдарынан адаспай өте алмасын білген соң отының басы, ошағының қасында жар бақыты мен бала иісін сезінсін деді ме?.. Тұрмысқа шыққанға дейінгі өмірі мен отбасылық өмірінің арасында қаншалықты артықшылық болғанын яки қай кезеңінде бақытқа бөленгенін Ләләдан жан баласы сұрамады. Мүмкін ол туралы Ләлә көп ойланған шығар?..
– Мен түскенде осы Зирагүлдер апыл-тапыл басып жүрген еді, отыздан асып кетіпті, уақыт деген қалай зымырайды деші…
Осы сөзді айтып жанына келген өзінен үлкен абысынына Зирагүлді әлгі қонақ жігітпен таныстырсам деген ойын айтып еді, «Қой, нең бар. Ертеңгі күні кім тауып беріпті, пәлен тауып беріпті, деген сөзге қаласың. Маңдайына не жазса соны көрер. Мойныңа артық жүк алма», – деп тыйып тастады.
Артық жүк. Кейінгі жылдары қоғамда жалғызбастылардың тым көбейіп кеткенінің бір себебі адамдардың осындай артық жүкті арқалағысы келмегеннен екен ғой… Адам күні адаммен деген сөздің ескіргені ме? Көп ішіндегі жалғыздар бұдан әрі көбейе бермек пе? Мүмкін Алла тағала адамның ұстамдылығы мен ақыл-ойын, ниетін жалғыздық арқылы сынайтын болар? Шырмалған ойдың соңында Назерке, мүмкін өзім жалғыздықтан қорқатын болғасын осылай ойлайтын болармын, біреудің тағдырына пәтуа айтуға менің қандай хақым бар дегенге тоқталды.
Абысын-ажын, қыз-қырқын қарашаңыраққа жиналғанда әдебиетке бергісіз әңгімелер айтылды. Нұргүл абысынның немере әпкесі өмір бойы тұрмысқа шықпапты. Шашы қайратты, сүліктей қою, ашық маңдай, қарагөз сұлу екен, қолынан келмейтіні жоқ. Заманның тынышында дүкенде жоқ торттарды пісіріп, салаттың неше түрін жасайтын көрінеді. Бұйрық болмай жалғыз жүре беріп қырықтан асқанда аты жаман ауруға шалдығып, бір кеудесін алдырыпты. Отаға кірерде ешкімге айтпай керекті заттың барлығын өзі алып, бауырларына отадан шыққан соң ғана мән-жайды түсіндіріпті. Пышаққа түскен оңай ма? Шашы түгел түсіп, ағзасын қайта қалыпқа келтіруге екі жыл уақыт кетті. Сол жылдар ішінде бір адамға ауыртпалық салмай, дәрі-дәрмегін уақтылы қабылдап, дәрігер белгілеген режимді сақтап қатарға қосылды. Нұргүл абысынның шешесі әйелі қайтқан жібі тізу адаммен таныстырайын деп ниетін білдірген екен, «сау кезімде ешкімге керек болмадым, енді біреуге масыл болғым келмейді» деген көрінеді. Қазір әйелі кетіп қалған бауырының үйінде балаларын өсіруге көмектесіп жүр екен.
– Тағдыр-ай, десеңші, басқа түссе баспақшыл. Біз де сөйтер ме едік, – деп Нұргүл абысын сөзін аяқтады.
– Қайдам, біз оның орнында болсақ бір жындыға тиіп алып, сонымен алысып жүрер ме ек? – деді енді бірі.
Ана баласын өмірге әкелгенде құртақандай жаратылыстың пәктігіне сүйсінеді, әр қылығын қызықтайды. Өсе келе оған шексіз қамқор болумен қатар, жас ерекшелігіне қарай белгілі бір жауапкершілік артуды үйренеді. Сабағын жақсы оқып қатарының алды болса, заманның сұранысына қарай мамандық алып, жұмыс тапса дейді. Ата-ана да баласымен қатар есейетін секілді, жас ұлғайған сайын қатарының алды болмаса да, дені сау, бауыры бүтін боп, нанын адал тауып, тіршілік етсе екен деп тілейді. Жақсы жігіт көрсе қыздарының сондай азаматқа жолығуын, тәрбиелі бойжеткен көрсе ұлының сондай жар тапқанын армандайды. Бүгінгі аналардың Бейсенхан ападан ерекшелігі – тек   тілек тілеумен шектеледі. Кемтар, асыранды қыздары түгіл дені сау көзі қара  перзенттерінің аяқтануына, бойжеткенінің ұзатылуына себепкер болудан қашады. Барлығының көзінен, «екеуі қосылған соң бақытты болса жақсы, болмаса ше?» деген екіұшты ой анық көрінеді. Көзі ілініп кетіпті, ер кісілер мен бала-шаға ұйықтағалы біраз болды. Түннің бір уағына дейін әңгіме айтқан абысындар: «Қой, ұйықтайық, ертең кісі күтеміз!», – деп жатыр екен.
Ертеңінде кісі көп жиналды. Қонақты ойдағыдай күтіп алған соң, әр баласына жеке-жеке сыбаға беріп шығарып салған енесі Назерке түскен жылдағыдай емес, қартайып қалыпты. Соңынан жолға шыққан бұларға оқуын аяқтап, бас құрауға жарап қалған немересіне арнап үй салу үшін, қаланың шетіндегі ауылдардан мектепке жақын жер іздеуді тапсырды.

 Сұлуға бауыр басқандар
(Алматыны сағынғанда)
Маңғаз иә?..
Тәкаппар...
Сұлу болғасын тәкаппар болмауға бола ма?..
Кейде жаны жоқ сияқты.
Қайдам?.. Мұныңа қосылу қиын, тереңірек үңілген адам табар.
Үңілуге ниет болғанмен уақыт пен жағдай жетпей жүргендер қаншама...
Жай ғана жанарына қарасаң бір нүктеге тоқтамай қозғалады да тұрады.  Ағы мен қарасын айыру қиын. Тіпті оның жанарындағы толассыз қозғалыс сені өзінің қарқынына ілестіріп әкетеді. Бір уақыт байыз тауып жан-жағыңа байыптап қарауға мұршаң болмай, сол қарқынмен жүресің де қоясың. Кәдуілгі экрандағы кинолентада күндізгі уақыт пен түнгі мезгілді қатар-қатар көрсетіп, біраз жылды еңсертіп тастайтыны секілді. Таң атса кеш батады.
Сонда оның жанарынан жанын көре алмайсың ба?
Көрсете қоймайды ол. Оның бағасын білу үшін алыстан көз жүгірту керек.
Әрине, алыстағының бәрі қымбат. Нағыз сұлу оның жанында жүрсең де қымбат болуға тиіс емес пе?
Сұлудың жанында жүргендер кейде оның сұлулығын көре алмай қалады. Көзі үйренеді яки басқа жаққа барса да осы сұлулықты көрем деп ойлайды.
Маңғаздығы мен тәкаппарлығына да үйренеді деп ойлайсың ба?
Әрине, тіпті дәл осындай маңғаздық барлық сұлуға тән деп ойлауы мүмкін.
Маңғаздық, тәкаппарлық, сұлулық болған жерде мейірім мен қатігездік те бар шығар. Оны қайда қоясың?..
Рас. Мейіріміне шомасың, қатігездігін кешесің. Етің үйренеді. Оның қатігездігі қанша адамның жолын кесіп, қанша адамды адастырса да кешесің. Өйткені сұлудың  өз талабы бар. Талабына көнсең көндің, көнбесең, жолың ашық.
Сонда осы сенің сұлуыңның қасындағы  миллиондаған адам оның талабынан шыққандар ма?
Е, жоға! Оның қасында талабына көне алмаған, үдесінен шыға алмаған, өз өміріне көңілі толмайтын қаншама адам бар. Бірақ бәрібір бақытты.
Өзіне-өзі  көңілі толмаған адам бақытты болушы ма еді?
Болады. Тіпті сол сұлудың қасында жүргендердің көбі оның сұлулығын жыға танымай-ақ, анық көрмей-ақ, нарқы мен парқына бойламай-ақ  тамсана береді.
О, несі-ей?
Оның аты бауыр басу...  Егер сен біреуге бауыр бассаң, оны жаны жоқ деп ешқашан айта алмайсың...
Әрине! Қазақ Алматыға бауыр басқалы қашан!..

Желіге желінген өмір

Балабақша. Бақшамен қоштасу ертеңгілігі. Тәрбиеші-педагогтар зыр жүгіріп жүр, балалар да көңілді, айтулы шараға едәуір  жауапкершілікпен  қарайды. Ұлдар ақ жейде, қара шалбар, қыз балалар әдемі көйлек киіп, заманның сәніне сай кеуделеріне «бітіруші» деп жазылған көк таспа таққан. Жетектескен ұл мен қыз әуезді әуеннің ырғағымен салтанатты түрде залға кіріп, ата-аналарға  иіліп амандасқан соң шеткерірек тұрады.
Күні кеше өмірге келген сәбиінің қимылын бағып, әр басқан қадамына шаттанып жүрген ананың бұл қуанышы бұрынғыдан өзгерек. Жүректің  лүпілі алқымға тығылып, көзден қуаныш пен сүйініштің ыстық тамшысы тамады. Әл-әзір бітетін бір ғана шумақ. Балдырғанның тақпағын мәнерлеп айтуға тырысқан талабы,  қалың  ата-аналар арасынан  анасын көзімен шолып іздегені қайта айналып келмейтін шуақты сәт. Музыка залының жетекшісі балалардың қимылын мұқият қадағалап, әр баланың орнын ишаратпен нұсқайды. Балдырғандардың бірінің кезегінен жаңылып ортаға шықпағаны, енді бірінің тақпағының алғашқы сөзін ұмытып тәрбиешіге я анасына жаутаңдағаны, келесілерінің биге арналған киімді кию үшін ақырын ғана залдан шығып кететіні  де табиғи. Сахна секілді безендірілген залдың тасасында балалардың киімін жөндеп кигізетін апайлардың жанашырлығы жүрегіңізді елжіретеді. Көрсең көзің тоятын, сүйсінтіп, сүйіндіретін-ақ көрініс...
Ата-аналарға арнап тізілген орындықтарға бірен-саран әже, бірді-екілі әке отыр, көбіне шешелер жайғасқан. Әжелерден басқасы телефонның бейнекамерасы қосылулы  болғандықтан перзенттерінің тақпақ айтып, ән салып, би билегеніне қол соға алмайды. Балдырғандар да бейнежазбаға тәуір түссем дейтіндей...
«Құрметті ата-аналар осымен балаларымыз дайындаған «Қош бол, балабақша!» атты ертеңгілігі аяқталды. Уақыт бөліп келгендеріңізге рақмет». Балалар топқа, ата-аналар жұмысқа тарады. Кешке үйлеріне жиналған олардың кейбірі телефондағы жазбаны әкесіне көрсетті, енді бірінің телефонында сақталған күйі қала берді.
Жас отбасы  жұмыстан бірге қайтты. Күннің қалай өткені жайлы бір-екі ауыз тіл қатысқан соң әйелі телефонға шұқшиды. Дүкеннен  үйге керекті заттарды алу үшін тағы бір тіл қатысқаны болмаса әңгіме айтпады. Үйге келген соң келіншек тамақ қамына кірісті, балалар теледидар, әке телефон қарады.
– Мама, біз бүгін күшті ойнадық, – деп басталған баласының әңгімесін «Мен тамақ жасап болайын, сосын тыңдаймын», – деп қайырған шеше тамақтың суы қайнағанға дейінгі  уақытта тағы да телефонға жармасты.
– Мама, сенің телефоныңнан «Маша медведь» көрсем бола ма?
– Қызым, менің телефонымнан интернет дұрыс ұстамайды, папаңнан сұрашы. YouTube қарауға жарамайды деген сылтаумен шешесі қызын қайтарып жіберіп еді, ортаншысы «Папам, өзі watsapp-та отыр ғой», – деп риясыз жауап қатты.
Отбасылық ортақ  әңгіме тамақтану қанша уақытқа созылса, сонша уақыт қана айтылды. Арасында ерлі-зайыптылар бір-бірінен watsapp-қа келген бейнелердің ең қызықтысын көрген-көрмегендерін сұрасты. Дастарханды жинауға кіріскен шешеге тұңғышы телефонынан  ВКонтакте желісіндегі қызық деректерді көрсетіп мәз.
– Балам, телефонды зиян деген сайын жабысасыңдар, осы уақытта кітап оқысаң қайтеді?
– Қазір, мама. Енді бір он бес минут қарасам болды.
Үлкені атасының үйіне кеткенде Бейімбет Майлиннің әңгімелері мен Ілияс  Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқы деп тапсырып жіберген еді. Жасөспірім малды ауылда  атқа мініп, қой бағатындықтан, жүйрік ат туралы шығармаға қызығар деп үміттенген.
– Мама, «Құлагер» поэмасы ұз-а-а-қ қой.
– Сюжетке құрылып, өлеңмен жазылған шығарманы поэма дейді, біз сендей кезімізде поэмаларды жаттайтынбыз.
– Тым ұза-а-а-а-қ қой, оны қалай жаттайсыздар?
– Жаттасаң жадың шыңдалады, оқығаныңды көп уақыт есіңде сақтайсың.
– Мен бірінші класта жаттаған тақпақтарымды әлі ұмытқан жоқпын ғой...
– Ол саған өмір бойы азық, сөздік қорың молаяды. Бір әңгімені бастағанда кібіртіктеп тұрмай, ойыңды анық  жеткізе аласың. Бала шешесінің сөзін байыппен тыңдағанымен, қасынан тез кетіп қалды. Соңғы сөздерінің оған аса дари қоймағанын іштей сезсе де анасы үндемеді. Желіге байланған дүрмек заманның алдында дәрменсіз еді…
Бұдан біраз уақыт бұрын тұңғышының вконтактідегі парақшасын ашып көріп еді. Көп айтыла бермейтін қызықты деректер мен кейінгі кезде қатты қызығып жүрген футбол туралы мәліметтерге толы екен. Мағынасыз дүниелердің жоқтығына шүкіршілік етті.
Ас үйден шықса, әкесінің аулаға кеткенін пайдаланған үшінші ұл телефон ойнауға кірісіпті, қызы «Маша мен аю» көре алмай қалғаны үшін бұртиып жүр. Балаларына ертегі оқып бермекші болып еді, қажет кітапты қолына алып, балалардың  зейінін аударғанша уақыт та ұзап кетіпті. Ертең ерте  тұрып балаларды балабақшаға шығарып салу керек екенін ойлап айнып қалды. Құдай бұйырса, ертең кешке оқып берермін деп жұбанды. Алайда, ертеңгі күннің де осы іспетті өтері белгілі еді...
 Көрші ауылда тұратын ағасы қонаққа шақырыпты, туған күніне орай жеңгесі шағын дастархан жайған екен. Алыс жол болғасын бала-шағаны ала шықты. Бұған дейін қашықтау жерге барса, өзара жұмбақ жасырып жолды қысқартатын жақсы  әдеттері бар еді. Балалар сәл есейгелі сенсорлы телефонға  шұқшиюмен қысқаратын болды. Балалардың бірі екіншісіне Қайрат Нұртастың  Астанада тұратынын, Алматыда да үйі бар екенін,  соңғы көлігінің маркасын айтып келеді. «Оны қайдан білесің?», – деген әкесінің сұрағына «Youtube-тан көріп алдым» деп жауап берді. Көптен көрмеген туыстар жиылып күтіп қалған екен, бірден дастарханға отырды. Балалық шақ, өткен өмір, болашақ жайлы жақсы әңгіме айтылды. Туған күн иесіне жақсы тілек тілеп, бала-шаға өлең оқып, ән айтты. Телефонның бейнежазбасына түсірілген тілектер мен әндер балабақшадағы түсірілімнің кебін киді,  қайталап ешкім көрген жоқ.
     «8 наурыз мерекесіне орай біздің сынып шағын концерт береді, барлығыңыз қатыссаңыздар жақсы болар еді». Сынып жетекшісінің осы хабарландыруынан кейін аналардың бәрі жиналды. Аналарын қуантқысы келген ақ ниет балалардың көзінен анық көрінеді, шетінен өнерін көрсетіп жатыр. Әдеттегідей телефонға түсіру басталғанда  Арайлым есімді қыз Айгүл Бажанованың «Асыл ана» әнін орындады. Сәл уақыт өткен соң телефонға түсіріп отырған ананың бірі сол қолымен көзінен тамған жасты жан-жағына сездірмейін дегендей ақырын сүртіп отырды. Қайырмасына келгенде телефонды қоя салып, көзінің жасын жасырмай әнді тыңдай бастады. Тыңдау мен бейнеге түсірудің айырмасын дәл осы тұста шын сезінген еді. Содан бері балалардың қуанышында қолына телефон алмауға бекінді…

Раушан коммунистің сіңлілері

Ауылдағы үйден шығып қаладағы баласының үйіне тіркеуге отырған апамыз «Алтын алқа» алу үшін тиісті орындарға құжат тапсыруға келген. Әкімшіліктегі қыздар алқаңыз бір ай шамасында дайын болады, – депті. Әдетте асығыс-үсігіс аяқталатын таңғы шай апамның әңгімесінің қызығымен ұзаққа созылады. 
– Баяғыда «Алтын алқаны» сегізден көп бала тапқан әйелдерге беруші еді, ол кезде мен  «Күміс алқа» алғам, бүгінгідей емес, күмісті екінің бірі алатын-дағы алтын алғандарға қызыға қарайтынбыз. 
Қақпаның ашылғанын естіп терезеге қарадым, енемнің ауылдан келгенін сезгендей көрші апа кіріп келеді екен, алдынан шықтым.    
    –  Қалыңыз қалай, апа? Құрбыңыздың келгенін сезіп қойдыңыз-ау... Дер кезінде келдіңіз...
– Жақсымысыңдар, иә... Апаң келді ме? 
– Кіріңіз. 
Енем анда-санда біздің үйге келгенде әңгімелесіп тұратын құрбысын орнынан тұрып қарсы алды. 
– Келіңіз, жоғары шығыңыз. Келін, шайыңды ысытып әкеле ғой.
– Кеп қалдыңыз ба? Ауыл-аймағыңыз, шалыңыз аман ба? Шалыңыз болғасын оның қасынан көп шықпайсыз. Біз болсақ анда-мұнда жүре береміз. 
Шайды ысытуға барғанда тағы бір шәугімге шай қойдым...
– Припискам қаладағы ұлдың үйінде ғой, әлгі алқаға қағаздарымды алып келгем. Біраз уақыт күтіңіз деді. Өзіңіздің хал-жағдайыңыз қалай? Бала-шағаңыз аман ба?
– Менікі алтау ғой, соның бірі ауылда қалып еді, паспорты болмайды, метіркесі керек деген соң, Оралға барып алып келдім. Енді бір балам болғанда күміске жетер едім деп ойлаушы едім, бүгін міне, заман өзгеріп, күміске жететін болдым. 
– Бұл да бір Құдайдың есіркегені... Ендігілер алты баланы да таба алмайды ғой. Бойына біткенінен, тастап қоятындар көп...
– Біздің заманды айтсаңызшы, денсаулықтан айырыламыз, баға алмай қаламыз деп қорқу жоқ... Туа беріппіз ғой...
Екеуі бірінің сөзін бірі іліп алып кетіп, арасында қай баласын қалай босанғанын айтып, келіншек күндеріне бір барып келеді. 
– Бәлнисаға барып қаралуды білмейтінбіз ғой, туар-туғанша бір қолымыз отта, бір қолымыз суда жүре беретінбіз. Толғақ жиілегенше сиыр сауып, бұзауды кіргізіп кетуді ойлайтынбыз. Еріміз босануға бара жатыр екен демейді... Тоба!  Қазіргілер туар-туғанша қаралып жүреді... Жеті баланың бірде-біреуінде біздің шал роддомға бармапты...
– Айтпаңыз, қазіргілерге «Алтын алқа» бермек түгілі, басынан алтын құйсаң да біз секілді тумайды...
Босап кеткен орамалын қаттылап байлап, самайын жауып қойып, екі апа әңгімені әрі қарай жалғай берді. Өздерін күтіп баптауды білмей, бала үшін, шаңырағының іргесін бекіту үшін өмір кешкендерін, күйеуі қол жұмсаса да, кетем дегенді айтып туламай, іштен қарғап-сілеп жүріп, бар ашуын қазан қайнатумен шығарғандарын еске алды. Таяқ жеген кездерінің өзі олар үшін қызық естелік секілді. 
– Сол қауқардың бірі де қалмады ғой қазір оларда, тіпті бізсіз тамақ батпайды. Кейде шалға Құдай сені менің артымнан қалдырмасын деп қоям. Келінге қараған күн қай жақсы дейсің... Мен ғой баласын бағып берсем де сиям ғой, – деп енем шалына қалжыңдайтынын айтты. 
    – Бала демекші, жақында босанған бір туысымыздың келінінің екі баласы бар еді. Теріс келіп қалып, үшіншісін ішін жарып алған. Күнім-ау, соған дәрігерлер, ақыры ішіңді тіліп алған соң жатырыңды неге тіктіріп тастамадың, депті. «Неге?» деп сұраған келінге, сонда бала көтермейсің. Бізде байдың келіншектері сол үшін де ішін жарғызады депті. О несі ей?!.
– Ниеті құрғырлардың өздерімен кетсін! Біреудің баласын нан тауып беріп бағатындай, не шаруалары бар екен. Е-е-е несін айтасыз, қызық заман ғой... 
Енді құрбылардың әңгімесі жайлы диванда жалғасты. Қанмен бітер тектілік пен тәрбиемен берілер ибалылыққа қоса, әйел болу үшін бар жағдайдың байыбын білер болжағыштық пен түбін күтер төзім керек екен. Бұл – өмірдің өзі үйретер ұзақ сабақ болса керек. Тыңдай алған жан аналық биікке көтеріліп, артынан ерген ұрпағына сол сабақтан тәлім беріп кетері кәміл. Әже болмысы біздің санамызға Зере болып сіңсе, Ұлжан – сол замандағы барлық ананың бейнесін танытқан. Әр шығарманы қай жаста оқысаңыз сол жастағы ұғымыңызға сай кейіпкердің болмысын танисыз. Бала оқырманның жүрегін ана болып жаулаған Ұлжан, есейе келе Құнанбайдың әйелі болумен қатар, Зередей енеге келін болудың сырына қанықтырады. Әйелге тән ашу мен әйелге тән қайтымның ара-жігін ашып түсінуіңізге жол көрсетеді. Құнанбайға жар болған Ұлжан мен Абайға ана болған Ұлжанның өткен өмірінен түйген ойын Құнанбай қажыға аттанардағы диалогтан ұғынасыз:
– ...Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімдеген сайын, дүние кеңейе береді екен. Өзің болсаң кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екенсің. Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған!.. 
...Мен де көп қатынның бірімін. Мен де олар шеккен алай-дүлей, қиқы-шойқының бәрін іштей кешіп өткемін. Жалғыз-ақ, әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Менің жақсылығым болса, сол сенің де жатың емес, өз тәнің бе деп білем. Сен – сен болмасаң, мен – мен болмасам керек. Мінім болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен еді... 
«...олар шеккен алай-дүлей, қиқы-шойқының бәрін іштей кешіп өткенмін». Ұлжан айтқан қиқы-шойқы жол – бар  әйелге тән. Сол жолдан бір әйел нәзіктігін сақтап, биіктеп өтеді, енді бірі шаршап-шалдығып өтеді. Бірақ одан әйелдің аналық тілегі мен аналық мейіріміне селкеу түспесе керек. Әйелдің ерге сүйеу болғаны – елге сүйеу болғаны. Бұл ұғым бар әйелдің, әсіресе, қазақ әйелінің ой-санасына жастайынан сіңірілген Құнанбай-Ұлжан заманына ерекше тән еді. Әйел осы ұғыммен биік, осы ұғыммен дара тұра-тұғын. Көркем шындыққа сүйенсек, сол заманға тән бұл түсінікті өзгерткен заман қазақ жеріне кейін келді. Өз дәуірінің сипатын анық бейнелеген «Раушан коммунист» қазіргі тәуелсіз елдің ұрпағы үшін аса оқылымды болмаса да, бірталай қыз-келіншекке жол көрсеткені рас. Раушанды қазақ әйелінің қалыпты тұрмыс тіршілігінің басқа арнаға бұрылғанын көрсеткен алғашқы кейіпкер десек болар. Қазақ қалпына ғасырға жуық уақыт бұрын түскен бұл өзгерістің залалын да, пайдасын да кейінгі ұрпақ тең тартты. Оттың басынан, ошақтың қасынан алыстаған әйелдің өне бойына менмендік сыналап еніп кетті. Бүгінгінің көзқарасымен қарасаңыз, Раушанның іс-әрекетінен еш сөкеттік көрмейсіз, өйткені ол кезеңнің әйелге деген көзқарасынан бүгінгінің көзқарасы тым алшақ. 
«Қатынды арбаға салып қыдыру – Бәкеннің ойынша, елдің әдетінде жоқ нәрсе, бата оқыр, төркіндеу сияқты ерекше жұмыстар болмаса, әйелдің үйден шығып жүруінің өзі ерсі ғой деп ойлады. Ауылындағы Тымақбайдың қатыны екі жылдан бері мешел ауру. Тымақбай салдыр-салақ адам. Елдің әдет-ғұрпын, есіне де алмайды. Дәрігерлер ауруды жазады дегенді есіткен соң, қатынын арбасына салып алып, Тымақбай қалаға шапқылайды да тұрады. Ауылдың еріккен адамдары Тымақбайды келеке қылады «Қатынжанды» дейді, «Қатынынан қорқады, қатынының айтқанын екі қыла алмайды», – деп те есептейді. Сол есептеуінің ішінде Бәкеннің өзі де бар.
Шіркін, не көрінді екен?! Өлсе сондай бір қатын табылмайды деп қорқа ма екен? Арбасына салып алып шапқылауға жұрттан ұялсайшы! – деп талай айтқан. 
Бәкеннің өз айтқаны өз басына келгенін қарапайым тәсілмен түсіндірген жазушы, сол замандағы әйел өмірінің қадірсіздігін де анық айтқан. Бұрымдының өмірінің осы қадірсіздігіне деген наразылық өмірге Раушан секілді кейіпкерді алып келген еді. Раушанның ойынша, әлемнің отбасы, ошақ қасынан өзге қызығын көруге әйел де лайық болатын... Бірақ, бүгінгі әйел өмірдің қызығы мен шыжығына бірдей батып, қырық түрлі бейнеде көрініп жүр. Ол енді отбасы ошақ қасының ғана емес, қоғамның да бірталай ауыртпашылығын мойнына артып алды. Жоғарыда келтірген Ұлжанның, «Жалғыз-ақ, әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Менің жақсылығым болса, сол сенің де жатың емес, өз тәнің бе деп білем. Сен – сен болмасаң, мен – мен болмасам керек,»  –  деген сөзіндей сөз қазіргі әйелдің аузынан шықпайды. Себебі, олар еріне осыншалықты риясыздықпен сенім арта алмайды. Бүгінгі әйелдердің көп бөлігі тек өзіне сенеді. Бұрын жиі айтылатын «Мал таппайтын еркек жоқ ұқсауын айт» деген сөз өз тұғырынан әлдеқашан түсіп қалды. Бүгінгі мал-ақшаны екі әйелдің бірі табатын болды. Сосын да олар өз тәуелсіздігін алға тартуға бейіл. Тіпті, мал таппаған еркектің есіктегі басын төрге сүйрейтін әйелдер де бар арамызда. Көп уақыттан бері әйел адамның еріне «Сүйеу болуының» сипаты осылай өзгерді. Әйел – ер адамның тылдағы сақтаулы күші секілді ері барда алдына шықпайды, жоқта оның жүгін тайсалмай атқарады. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Соғыс жылдары жайлы жазылған кез келген қазақ қаламгерінің шығармасын алсаңыз, бүгінде «нәзік жандылар» аталып жүрген аналарымыздың барлығы дерлік «Мылтықсыз майданда» күрескенін түсінесіз. Олар үшін ер азаматтың қадірі бүгінгіден әлдеқайда биік, әлдеқайда қастерлі. Қай тұрғыдан алсаңыз да, дәл сол кезеңде «Сен – сен болмасаң, мен – мен болмасам керек» деген Ұлжанның аузындағы сөздің шындығы дәлелденген еді. Ер адам болмаса, әйел адамның өмірінің мәнсіздігін әр адам іштей ұғынған сондай жылдардың болғандығын бүгінгі жаулықтылар өкінішке қарай көп еске ала бермейді. Оған әйелдің өзінен бұрын, барша адамның түсінігін басқа бағытқа өзгерткен қоғам себепші болса керек. Адам қоғамға емес, қоғам адамға билік жүргізуде. Бірде сырқаттанып ауруханада жатып емделуіме тура келді. «Кемедегінің жаны бір». Пенденің бір уақыт тәубаға түсіп денсаулықтан артық байлық жоқ екенін сезіндіретін бұл жерде шаршаған адамдарды кездестіру қиын емес. Шағын операциядан соң мені палатаға әкеліп жатқызды. Жансыздандыратын дәрінің әсерінен әлсіреп ұйықтай бергенмін, мені тоқтамай сөйлеп жатқан ашулы әйелдің дауысы оятып жіберді. Неге сонша наразы болды деген ой көкейімде тұрса да, сұрауға әлім жоқ. Бірақ, тыңдамау мүмкін емес.
– Осыдан бұлар соны істеп көрсін, мен не көрсетер екенмін. Ауруды емдей алмаған соң тапқан амалдарын қарашы. Пусть только попробует. Осынша атақты аурухана бола тұра, сырқатымды емдеуге шамасы келмегені несі?.. Мен бұлардың айтқанына келіспеймін, мына жерден шығып, емдейтін жер тауып, қанша ақша сұраса да беріп сырқатымның дауасын табам да, мұндағылардың қолынан дым келмейтінін дәлелдеймін.
Ашулы әйелдің тоқтайтын түрі көрінбейді. Палатадағы өзге қыз-келіншектер мен секілді емес сұрауға шамасы бар болса да, «Қандай диагноз қойды, неге ашулысыз?» деп сұрауға дәті бармайтын секілді. Мүмкін сырқатының атын біліп тұрғасын жанын жаралағысы келмеген болар. Арада біраз уақыт өткенде, шашын сарыға бояған қазақ келіншектің емдеуші дәрігері келді. 
– Сіз неге сонша ашуландыңыз? Сұрағыңыз болса, құр айғаймен қасыңыздағы науқастардың мазасын ала бермей, бізге айтыңыз.
– Мен шалдыққан сырқатты емдеудің өзге жолы жоқ дегенге сенбей отырмын. Бұл ауруға шалдыққан әйелдің барлығы жатырынан айырыла берсе, не болғаны...
Ашудың артында ашыну бар еді, ол ашыну сыртқа жас болып шықты. 
– Мені тыңдаңыз, – дәрігер сыпайы қалпынан ажырамай сөзін әрі қарай жалғай берді. 
– Түсінесіз бе, жатырдың қабынуы тым асқынғанда оның ішіне ірің толып кетеді. Біз оны сорып алатын күшті дәрілерді қолданғанымызбен, араға уақыт салып ол қайтадан толады. Ірің басқа дене мүшелеріңізге тарамас үшін біз жатырыңызды ампутация жасауға мәжбүрміз. Ал егер бір курс ем қабылдап болған соң бала көтеріп, босансаңыз қайталамауы мүмкін. Әрине, мен оған кепіл бола алмаймын, бірақ тәжірибемізде сондай жағдайлар кездескендіктен сізге солай кеңес беруге міндеттімін. Шешімді өзіңіз шығарасыз. Ашуланудың адам жүйкесіне қатты әсер ететінін білесіз ғой, сондықтан сабыр сақтауыңызды сұраймын. Мұнда мәселе сіз ойлағандай ақшаның көмегімен шешілмейді. Бәрі Құдайдың қолында. 
Дәрігердің аяғының дыбысы әр келіншектің жүрегінің қағысы секілді тық-тық етті де шығып кетті. 
Бәріміз ішімізден уһ дегенбіз. Уайымдама, деген сөз барлығымыздың жанарымызда тұрғанымен, ауызбен айтуға жүрексіндік. Ашуы тарқаған келіншек бұл жолы шын жылады. Жылап отырып өзінің қаржылық жағдайының жақсы екенін, сөйте тұра бір ғана баламен шектелгенін, оның өзі 18 жасқа келіп қалғанын, жас кезінде ұл туып алмағанын айтып өкінді. «Жатырымды алып тастауға келісім берсем, мені күйеуім тастап кетеді ғой», –  деді  бір уақытта. Осы кезде арамыздағы үлкеніміз, «қой, олай деме, сен оның қызының анасысың, жаман ойға ырық берсең, оның әр ісі мен сөзі саған күдік тудырып, өзіңнен алыстатып аласың», – деп басу айтты. 
– Сіз білмейсіз ғой қазіргі қыздар ақшалы еркекті іздейді. Ер адамға да жас қыз алған жақсы емес пе. Жасым қырықтан асқанда өйтіп, досқа күлкі, дұшпанға таба болар жайым жоқ. 
Әйелдік болмыстың мазмұны осы ма еді, деген сұрақ көкейіме келсе де оның жауабын іздеуге батылым жетпеді. Ауруханада жатқан әр әйелдің өз түсінігі, өз танымы өздеріне ғана тән бөлек әлем. Қазіргі заманның әйелдері үшін қалауы мен міндеті қатар тұрады. Бұрынғы замандағыдай бәйбіше, тоқал, жас тоқал болуға көніп, қалауын кейінге ысырып міндетін ғана атқармайды олар. Міндетін атқара жүріп қалағанына жетуге ұмтылады. Күйеуім мені ғана жақсы көрсін деген эгоистік сезім бұрынғыларда болмаған ғой. Тіпті, ол заманда ондай ұғымның иісі де шықпаған болар. Оларда, тіпті жалғыздық деген де түсінік болмаған сияқты. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген ұғым бар адамның миында берік сақталғандай... Ал кейінірек, Раушан комунистің сіңлілері оқып, білім алып көзі ашылған соң, оқымаған жігіттерге жоғарыдан қарап, өздерінің ақылы жеткен өреге бойлай алмайтындардан бойларын аулақ ұстайтын болды. Біздің қазақ та қызық, барған жерінде біреудің қолына қарап қалмасын деп ұлын қойып, қызына білім беретін кезі де болды. Ондағы ойы ер адамның жолы кең, екі қолға бір күрек табылады дегені еді. Бірақ сонысы көп қыздың бағын байлап, біраз ұлдың өрісін де, өресін де тарылтып қойды. 
Біздің палатадағы келіншектердің ең жасы күрд келіншек еді. Екі баласы болғандықтан келіншек дейміз ғой, әйтпесе, 20-дан  жаңа асыпты. «Сонда сен қанша жасыңда тұрмысқа шықтың», – дейміз біз әлгіге, «мектепті бітірмедің бе», – деп те бастырмалатамыз. «15-тен асқанда», – деп жымияды. «Әйелге оқып не керек, балаларымыз оқысын. Бәрібір әйелдің бақыты бала мен отбасында» деп қояды. Біз оның сөзін іштей мойындасақ та, қоғамның көшінен қала алмайтынымызды, үйде отырып қалсақ, ер адамдар бізді басынып кететінін айтып біраз даурықтық. Әрқайсымыз өз танысымыздың басынан өткен түрлі жағдайларды айтып, ешкімге сенуге болмайтынын тағы да қайталадық. Онымыз күрд келіншектің көңіліне қылаудай әсер етпеді. 
Бір танысым, осы кавказдықтарға қарасаң, қашанда орамалын тастамайды, мойыны мен саусағына алтынды толтырып алып үйде сиыр сауып жүреді, – деп күлгені, есіме түсті. Оның сөзінің жаны бар еді. Шариғаттың өзі әйел адамның тек күйеуі үшін ғана сәнденуіне рұқсат етеді. Мен оған олардың шариғат заңымен жүретінін айттым. Іле, әйелдің қоғамдағы орнының осынша шарықтап тұрған заманында да әйелдерінің ұстанымын сақтап отырған ұлттың ділінің берік болуының сыры неде дегенді ойладым... 
Қара шашын сарыға бояп сәндеген келіншектің ашуы батқан күнмен бірге ақырындап басыла берді. Әліптің артын бағатынын өзгеміз айтқызбай түсінгенбіз. Палатаның қалыпты өмірі қайта келіп бір-бірімізбен жақсырақ таныса бастадық. Жаңа күннің бесін уақытысына таман тағы бір келіншекпен толықтық. Мінезі жайлы болғанмен, бұйығы келіншек бірден араласып кете қоймады. Екінші күні оның да диагнозы сары шашты келіншектікіндей екенін білдік.
– Мейлі, – деді ол. Екі ұлымды жастай жетім қалдырғанша ампутациясына келіскенім артық. Өзіміз бір бөлмелі жатақханада тұрамыз, тапқанымыз соның электр жарығы, суы, жылуы мен ішіп-жеміміз, киім-кешегімізден артылмайды. Осынша жыл балаларым қатардан қалмасын деп жұмыс істеп тапқан ауруым бұл. Дәрігерге әне барам, міне барам деп жүріп осы халге жеттім. Жұмыс күндері білінбейді. Менің ауыратынымды әбден біліп алғандықтан, сенбі-жексенбі болса балаларым, тез жұмыс күні басталса екен деп тілейді. Енді тусам оны қалай асыраймын, одан да кетер күйеу кете берсін. 
Дауысынан ашыну да, өкіну де байқалмайды. Тек болған іске болаттай бекіген мойынсұну бар. 
Сенімсіздік. Бір жастықта басы түйіскен екі адамның бірі мұнша неге сенімнен айырылды екен. Бір күннің немесе бір-екі отбасының күмәні емес бұл. Қоғамның алуан жылдар бойы өзі қалыптастырған көзқарасы еді... Біреуге шын ниетімен сене алмайтын адамның қорқақ келетіні бар. Бұл қорқақтық мына екі келіншек қана емес, бүгінгінің көп әйелінің көңіл түпкіріне мықтап жасырынған. Ебін тапқаны, табыстылары ондай күн туа қалса, қапы қалмайын деген оймен жинақ кассасына салым салып та жүреді. 
– Он твой муж? Который приехал в джипе? 
Ойымды қасымдағы керуетте орналасқан орыс қызға сұрақ қойған  сары шашты келіншектің сөзі бөліп жіберді.
– Или родственник?
– Жоқ, – деп қысыла жауап берді орыс қыз. 
– Түсінікті.
Сырқатының бет алысына беймаза боп жүрген келіншекке бұл жауап ұнамады. Өз төсегіне кетіп үнсіз қалды. Ол қойған сұрақтың жауабын өзгеміз тыңдадық. 
– Жасым болса келіп қалды, енді мені іздеп ақ боз атты ханзада келмейтіні белгілі. Ал мына кісінің жасы үлкен, ұлты басқа болғанмен, өзіме деген қамқорлығы жақсы. Білімім орта болғасын жұмыс табу да қиын, маған гүл сататын екі дүңгіршек алып берді. Әпкем екеуміз сонымен жан бағамыз. Қаладан алыс тұрамыз, қолымызда кәрі шешем, мектепте оқитын інім бар. Өзімнің жасымдағы жігіттер маған бұлай қамқорлық жасай алмайды ғой, оның үстіне олардың қатары сиреп кетті. 
– Шешең қарсы болған жоқ па? 
Жасы үлкен апайдың сұрағы бұл. 
– Бірден қолдай қоймағаны рас, кейіннен «Тек өзің опық жеп қалмасаң болды», – деді. 
– Әй, шеше байғұс-ай, – деді де, апай теріс қарап жатып қалды. Онысын өз қызым осы күйге түспесе екен деп тілеп жатқаны шығар деп ұқтым. 
Бұдан бір ғасыр бұрын Есенейдің құрығынан құтылар амал жоқ екенін түйсінген Ұлпан сол құрықты елінің пайдасына жұмсап еді-ау. Менімен жасы шамалас мына қызға қарасам, әйелдігін сақтап қалу үшін осы қадамға барған секілді. Баяғыда үлкен кісілер «әйел адам жалғыз жүре берсе еркектеніп кетеді», – деуші еді... Бала көтеріп, ана атанбаса бұл жүрісінің мәнсіз екенін айтып, көршім ем-шара қабылдауға кетті. 
– Міне, көрдіңіз бе? Осындай тәрбиесіз қыздар ер адамдардың барлығын есіртіп қойды. Бұл қайтіп ана болады? Қандай тәрбие береді?Ақымақ…
– Қайтесің, тағдыр ғой. Әйтпесе, ол осы өмірді қалайды ғой дейсің бе?
– Қойыңызшы, сіз де... Бұл қызға адвокат болып... Ашушаң келіншектің орыс қызға сұрақ қойғанының мәнін енді түсіндік. Көршім ем-шарадан келгенше оның шешімі мен тағдыры біршама талқыға түсті. 
Көршіммен тағдырлас бүгінгі қыздардың жан күйзелісі – Есенейдің ел-жұрты құрақ ұшып қабылдаған Ұлпанның азабы мен қиындығынан бөлектеу... Заманы басқа салғанымен қоғамы, ортасы, дос-жараны қабылдамаған тасадағы тағдыр олардікі. Өзгелер күстәналауға бейім болғанымен, басымызға салмасын деп, айтқан жерден жырақта болғанын қалайды. Демек, ол тағдырдың ащы екенін мойындайды. 
Тұрғындары кеңдікке ұмтылатын, бірақ адамдары кең бола алмайтын қызық қоғам біздікі. Ал әйел үшін қилы қоғамда да, қызық қоғамда да әйелге тән нәзіктігі мен кеңдігін сақтап қалу – ең жауапты іс. Бүгінгі әйел, ер адамның алдында бас шұлғып бағынбағанымен оның иығына түскен жүкті бірлесіп көтеруге даяр. Олар мұны соғыс кезін айтпағанның өзінде, бертіндегі нарықтың қыспағы алқымнан алғанда көп жүкті ала мөшекпен арқалап жүріп мойындатты. Бірақ бүгінгі бейбіт заманның ағыны ол күндерден қатты. Заманның алуан түрге құбылған уақытында нәзіктігін сақтап қалуды мақсат еткен әйелдердің бүгінгі қатқыл, тасбауыр қоғамда күшті болмасқа әбдісі жоқ. Күшті боламыз деп те табиғатынан алыстап бара жатқандай. Әйелдері күшті болған сайын, ер адамдар оларға арқа сүйеп кететін сыңайлы.  
Таңғы астың орнын жинастыру, баланың жаялығын ауыстыру секілді ұсақ-түйек шаруалармен жүріп басыма осындай ойлар келіп еді. Түс мезгілі жақындап қалған екен, ас бөлмеге келсем енем, құрбысына өздерінің мал бағып көшіп-қонып, ауыл ішінде көп болмағанын балаларының енесінде болғандығын, енесінің қолындағы абысынының өз балаларымен қосып, енемнің балаларын да бағып өсіргенін, шиеттей бала-шағаның кірін жуып, тамағын пісіріп арасында өз жұмысына барып үлгергенін, соның бәріне бірауыз ләм-мим демей көндіккендігін айтып, марқұмның әруағына ризашылығын білдіріп отыр екен. 
– Е-ее, ол заманның келіндері кең еді ғой, – деп жатты.
 

1659 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы