• Айтарым бар...
  • 31 Наурыз, 2024

Айжан НАИМБЕКОВА, «Madina» макарон фабрикасының  Бас директоры: «КЕДЕЙЛІК КЕТСІН, МОЛШЫЛЫҚ ЖЕТСІН ДЕСЕҢ, ЕҢБЕК ЕТ»

Айжан ханым өмір бойы адалдық пен жақсылықты жарық етіп жүрген жан. Ол ізденіс пен жаңа ұғымдарды жақсы көреді. Айжан ханымға наурыз айында жақсылық тілейміз. 

 

– Айжан  Ізбасханқызы, қазір Қазақстан жаңару мен жаңғыру жолында екенін жақсы білесіз. Бұл мақсаттағы ауқымды жұмыстарды жұрт көріп, біліп отыр, сіз де қанықсыз. Алдымен осы өзгерістерге байланысты ой-пікіріңізді ортаға салсаңыз.
– Менің ойымша, халықтың жады саяси тұрғыда жаңғырып отыруға тиіс. Сонда ғана еліміз алға ілгерілейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты ел халқына арнаған Жолдауында осыны баса айтты. Мен халықтың арасында жиі болып, пікірлесемін, олармен әрдайым байланыстамын. Сонда байқағаным, шешімін таппаған мәселелер әлі де шаш-етектен. Халық қалаулылары жұрттың сол көкейкесті мәселелерін шешуге белсене қатысуға тиіс. Құрғақ уәде бермеуі керек. Оның уақыты өтті. Нақты нәтиже керек.
Ал,  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының қалыптасуына жол ашылады. Бүгінде осының алғышарттары жасалды.
Қазір халықтың саяси сауаты жоғары, көзі ашық, көкірегі ояу. Мұны мемлекеттік билік те біліп отыр. Билік халықтың талап-тілегімен санасу үшін оларға қарай нақты қадам жасады. Солай болуы да керек. Сонда ғана олар жұрттың жанайқайын есітіп, шынайы жағдайды білетін болады. Енді олар  жаттанды, жауыр жауап беріп, бос уәдемен құтылып кете алмайды. 
Мемлекет басшысы «Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ» деді. Президенттің осы айтқандары бос сөз болып отырған жоқ, жүзеге асып жатыр. Әрине, алға қойған барлық мақсатты істерді әп-сәтте орындау әсте мүмкін емес, ол үшін уақыт керек. Ең бастысы, билік халыққа мойын бұрып, санаса бастады. Мұны өзім көз жеткізген соң айтып отырмын. Бизнес пен әлеуметтік-экономикалық  жағдайларды жақсартуға байланысты билікке ой-пікірімді, көзқарасымды қазір еш қысылмай-қымтырылмай, ашық жеткізе аламын. Өйткені, асыра айтқаным емес, бизнестің, экономиканың өткір мәселелері маған жақсы таныс.  Оған күнделікті өмірде, жұмыс барысында  ұдайы тап боламын. Сосын, жақсы ма, әлде жаман ба, білмеймін, өзімнің тығыз шаруаларымды ысырып қойып, сол мәселелерді шешу мен тығырықтан шығудың жолдарын жатпай-тұрмай қарастыратын әдетім бар. Жасырмаймын, көп оқимын, ізденемін, басқа мемлекеттердің сәйкес тәжірибесін саралаймын. Соны билікке, тиісті орындарға жеткізуге тырысамын. Оларға рақмет, ұтымды ұсыныстарыма құлақ асады.
– Айжан  Ізбасханқызы, ұсыныстарыңыз тек тамақ өнеркәсібіне байланысты ма, жоқ әлде басқа салаларға да қатысты ма?
– Бірде біздің фабрикаға Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин келді. Әңгіме барысында қант тапшылығына байланысты да сөз болды. Менің пікірімді сұраған кезде «Бұл мәселені шешу үшін қант зауыттарын мемлекет есебінен қаржыландырудың қажеті жоқ» дедім. «Неге?» деп сұрады. Өйткені осы арқылы мәселенің түпкі түйіні тарқатылмайтынын жеткіздім. Мұның мәнісі мынада: мемлекеттен қаржы алған қант зауыттары шет елден қызылша емес, орысша айтқанда, тростниковый сахар, қазақшаға аударғанда құрақ қант   әкеледі. Бұл мемлекет үшін қымбатқа түскенімен, қант зауыттары үшін тиімді. Көп шығын шығармай, пайдаға кенеледі. Өткен жылы қазақстандық қант зауыттары қант құрағынан 306 мың тонна, қант қызылшасынан 50 мың тонна қант өндірген. Осыған қарап-ақ мәселенің мәнісін бағамдай беруге болады.
Ал шын мәнісіне келгенде біздегі қант зауыттары кешегі кеңестік кезеңнен қалған. Ондағы технологияның бәрі ескі. Жұмыс істегенінен тұрғаны көп. Түсінікті тілмен айтқанда, қызылшаны терең өңдеп, сапалы әрі елімізге жеткілікті өнім өндіруге қауқарсыз. Сондықтан олар үшін сырт жақтан құрақ қант әкеліп, соны өңдеген тиімді. 
Негізі шикізатты өз елімізде дайындап, содан қант өндіретін болсақ, онда тәтті өнімнің өзіндік құны әлдеқайда төмен болар еді. Бұл, сөз жоқ, қант бағасының төмендеуіне әсер етеді, қазіргідей аспандаған баға болмайды. Егер осы мәселе ойдағыдай шешілсе, қызылша өсірумен айналысатын шаруашылықтар да  қызылша алқабын қысқартпай, керісінше көбейтетін еді, өнімін қайда өткізерін білмей, дел-сал күйге түспес еді. Бұл олар жыл сайын тап болып отырған жағдай. Шекесі тасқа тисе де, үйренген кәсібі болған соң, амал жоқ, келесі жылы тағы да бейнеттеніп қызылша өсіреді, бірақ өнімін өткізе алмай зәрезап күйге түседі. Осы жағдай жыл сайын қайталана береді. Мәселенің түпкі түйіні тарқатылмайды дегенім осы. 
Жалпы, сол жолы мен он жеті миллион Қазақстан халқын тек қант қана емес, басқа да қажетті азық-түлікпен тиімді бағада қамтамасыз етудің мүмкіндіктері мен жолдары жайлы өз пайымдарымды жайып салдым. Ол кісіге рақмет, өте мұқият тыңдап, көп тұжырымдарыммен келісті десем де болады. Тіпті Пәкістанға баратын қазақстандық делегация құрамында болуға шақырды. Осындай ілтипат көрсеткеніне ризамын. 
– Қалай ойлайсыз, азық-түлік тауарлары бағасының күрт көтерілуіне қандай жағдай себеп 
болады? Бұл сұрақты қойып отырған себебім, Қазақстан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын мемлекет. Соған қарамастан өз еліміздің халқын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз жетпегені ме сонда?
– Бағаның күрт көтерілуіне ең алдымен елдің дүрлігуі себеп болады. Сыпсың сөз ел арасына тез тарайды ғой. Мұны жеке басының пайдасын ойлағандар әдейі істеуі де мүмкін. «Не дейсің, ертеңнен бастап пияз қымбаттайды екен» деген сөз шықса болды, елдің бәрі жапа-тармағай дүкенге жүгіреді. Керек пе, керек емес пе, оған қарап жатпайды, қап-қап пиязды сатып алып, үйінің бір бұрышына үйіп қояды. Өнімді сақтай алатындай мүмкіндігі болса жақсы, сақтай алмаса бүлініп, шіриді. Есесіне жұрттың дүрлігуі салдарынан пияздың екі-үш айлық қоры тез-ақ сатылып кетеді. Осының салдарынан, айналып келгенде баға көтеріледі. Бағаны тұрақтандырудың бір-ақ жолы бар – халықтың дүрлігуіне «себепкер» болған тауарды кеден бекеттерінен сыртқа  шығармау керек, сырттан да кіргізбеу керек. Өйткені алыпсатарлар мен пысықайлар осындай дүрліккен сәтті бас пайдасына жаратуға тырысатыны белгілі. Соның алдын алу керек.
– Ақыры экономика тақырыбында сөз қозғап қалдық қой, осыны ары қарай жалғастырсақ. Менің есітуімше, Сіз көршілес «Өзбекстанға малды тірідей сатқан дұрыс» деген ой айтқан екенсіз. Неге?
– Деректерге қарағанда, Қазақстаннан экспортқа шығарылған тірі малдың 80 пайызы Өзбекстанға жөнелтілген. Егер бұл тиімді болмаса осынша пайыз болмас еді ғой? Кейбіреулер бұған қарсы болғаны рас. Олар «Еліміздегі ет өңдейтін кәсіпорындар 45 пайыз ғана жұмыс істеп тұрғанда біз Өзбекстанның шикізат көзіне айналып отырмыз» деген уәж айтады. Егер малды тірідей экспортқа шығару шаруалар үшін тиімді болса, оған неге қарсы болуымыз керек? Қазақстандағы алыпсатарлар беріп отырған бағадан экспортқа шығарылған малдың бағасы жоғары болса, оған неге тосқауыл қою керек? Шаруа бейнеттеніп өсірген малын, сөз жоқ, қымбатқа сатқысы келетіні жасырын емес. Бұл – бір. Екінші, біздің елде сойылған малдың терісі, ішек-қарны, тұяғы, құлағы, құйрығы қаншалықты әжетке жарайды? Көбіміз қоқысқа лақтырып тастаймыз. Ал өзбек халқы осының бәрін пайдаланады. Осыны алға тартып, экспортқа жөнелтілетін малдың бағасын көтеруге де болады ғой.
Рас, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Қазақстанға әкелінген асыл тұқымды малды, мәселен, Ангус сиыры, тірідей емес, сойып жөнелтсін экспортқа. Өйткені, оның бағасы жоғары. 
Бұл жерде соншалықты түсінбейтіндей дәнеңе жоқ. Қарапайым арифметика. Базарға немесе дүкенге,  не болмаса ет өңдеу кәсіпорнына бір қара мал тапсырылды дейік. Егер оның жалпы құнынан экспортқа тірідей жөнелтілетін дәл сондай қара малдың құны жоғары болса, одан неге бас тартуымыз керек?
– Айжан Ізбасханқызы, мына өмірде қандай жағдайлар жаныңызды жегідей жейді?
– Кейбіреулер мына жалған өмір қамшының қысқа сабындай екенін пайымдай бермейді. Тіпті қазір ағайын адамдардың өздері бір-біріне тасжүрек болып бара жатыр ма, қалай? Ата-анамыздың жақсы тәрбиесінің арқасы шығар, бауырларым әр қалада тұрса да бір-бірімізбен күн сайын хабарласып, хал-жағдай сұрамасақ көңіліміз көншімейді, байыз тауып отыра алмаймыз. Ал бір-бірінен жат болып кеткен ағайын адамдарды көргенде жүрегім ауырады.
Біз қаланың шет жағындағы Чапаевкада тұрдық. Сондағы мектепті үздік бітірдім. Өмірде жақсы жетістікке жетсем, ұстаздарымның терең білімінің арқасы. Сондықтан мектебіммен әлі күнге дейін байланыс үзген емеспін. Қолымнан келгенінше көмектесіп тұрамын. Осы Чапаевкада қарттар үйі де бар. Сонда тұрып жатқан бір кісіні білемін, сегіз баласы бар. Бірақ олардан пана таппай, қарттар үйінде өмір сүріп жатыр. Өте жан ауыртатын жағдайдың бірі осы.  Бұл не деген мейірімсіздік?! Сондықтан адамдар отбасындағы тәрбиеге баса назар аударса екен деп ойлаймын. Үлкенді сыйлауға, мейірімді болуға, адамгершілікке тәрбиелесін! Ата-ананың, ағайынның қадірін білсін! Қазір мектеп оқушылары болсын, жастар болсын  қоғамдық көлікте қарт кісілерге, тіпті аяғы ауыр әйелдерге орын бермейді. Көзін жұмып, ұйықтап отырған сыңай танытады немесе тіпті бедірейіп отыра береді. Бұл – тәрбиесіздік, көргенсіздік. Ертең өскенде сол бала мейірімсіз, қатыгез болмасына кім кепіл?
Мектептегі білімге, балабақшадағы тәрбиеге көңілім толмайды. Білім  мекемелерінде жиі боламын. Сонда байқағаным, оқушылардың білім деңгейі өте төмен. Шашы желкесіне түскен, өздерінше «модно» киінген балаларды көргенде елдің болашағын солардың қолына беруден қорқамын. Егер менде билік болса, мектепте ұялы телефон ұстауға жол бермес едім. Балаларды жаман әдетке жетелейтін де, суицидке итермелейтін де осы ұялы телефон. Тіпті қазір бесіктен белі шықпаған баланың өзі телефон шұқылауға бейім. Ата-анасы үшін баласы жыламаса болды, қолына телефонды ұстата қояды. Осындай жағдайлар жаныма батады. Енді сабақта телефон ұстауға тыйым салды. Бұл – өте дұрыс қадам.
– Ал баланың өз бетінше өмір сүруге бейімделгеніне қалай қарайсыз?
–  Дұрыс қараймын. Ұлым Мирас орта мектепті он бес жасында аяқтады. Үздік оқушы болғандықтан кейбір сыныптарды қатарластарынан ерте бітірді. Өз бетінше өмір сүруге үйренсін деген оймен әкесі екеуміз оны Мәскеуге оқуға жіберуді дұрыс көрдік. Бірақ дәл сол жазда Мәскеуде оқыс оқиғадан бір бала қайтыс болып, осыны естіген соң бұл райымыздан қайттық. Онан кейінгі таңдауымыз Канада болды. Сол елге баламмен бірге барып, бір ай қасында болдым. Бөтен ел, бөтен қала, ешқандай таныс жоқ. Бір ай ішінде Мирас дәмді тамақ дайындауды үйреніп алды. Қалада ешкімнің көмегінсіз өз бетінше жүріп-тұрды. Бір ай өткенде мен Шымкентке қайттым, Мирас өз бетінше өмір сүруді бастады. Содан не керек,  оқуды жақсы аяқтап, елге оралды. Ата-анасына арқа сүйемей өз бетінше өмір сүру дағдысынан әлі күнге айныған жоқ.
– Ұлыңыз сіздің бизнесті жалғастырғанын қалайсыз ба?
– Қалаймын. Оның да ойы осы.
–  Айжан Ізбасханқызы, әдетте кәсіпкерлер байлыққа бірден белшесінен бата қалатын кәсіпті таңдайтынын білеміз. Ал сіз табыс табу үшін талай жыл талмай еңбек етуге тура келетін макарон өндірісін ашқан екенсіз, бұған  не түрткі болды өзі? 
–  Иә, қандай да бір кәсіпті бастамас бұрын бәрін егжей-тегжейлі есептеп, бағамдап алу керек. «Шығаратын өнімге сұраныс бар ма, жоқ па?», «Кеткен шығын қанша жылда өзін-өзі ақтайды?», «Пайдасы қандай?», «Қай елдің өндірістік технологиясын орнатқан дұрыс?»... Макарон фабрикасын ашпас бұрын біз осындай сансыз сауалдарға жауап іздеп, бас қатырдық. Нарықты жан-жақты зерделеп, макарон өндірісімен айналысатын білікті мамандармен ақылдастық. Сондағы көз жеткізгеніміз – макарон әлемдегі ең өтімді және ең көп таралған тағам түрі екенін білдік. Италияда «макаронды» «паста» деп атайды. Бұл «макаронның ұны» деген мағынаны білдіреді. Білесіз бе, макарон өнімдері ең алғаш Азия елдерінде ертеден белгілі болған. Орта ғасырларда неополитон саудагерлері макарон өнімдерін Америка Құрама Штаттарынан Италияға әкелген екен. Содан бастап Италия макарондардың отаны атанған. Макарон осы елдің дәстүрлі тағамы деуге болады. Ал Қазақстан үшін бұл өнімді шығару жаңа сала. Сол себепті макарон фабрикасын ашуды мақсат еттік. Бұл – бір. 
Екіншіден, макарон фабрикасын ашуға мынадай жағдай түрткі болды: Қазақстан астық өндірісі бойынша әлемде төртінші орын алады. Біздің ел бидайының сапасы өте жоғары. Соған байланысты сұраныс та жақсы. Жиналған өнімнің басым бөлігі экспортқа кетеді. Ал соны сатып алған елдер заманауи технологияларды пайдалана отырып ұн ғана емес, ұннан түрлі өнім дайындап, шет мемлекеттерге сатады. Сатып алатын елдердің ішінде Қазақстан да бар. Енді есептеп қараңыз, бидайды сатқан пайдалы ма, жоқ әлде, оны терең өңдеп, түрлі тағам өнімдерін дайындап сатқан пайдалы ма? Әрине, бидайды ұнға айналдырып, одан соң макарон өнімдерін дайындап, сонан соң саудаға шығарған әлдеқайда пайдалы. 
Әлем елдерінде макаронның алты жүзге жуық түрі бар екен. Соның бәрін болмаса да бірнеше түрін осы шырайлы Шымкентте шығарсақ болмай ма деген ой келді. Міне, осындай жағдайлар бізге түрткі болып, фабрика орналасатын орынды іздей бастадық. Бұл 2007 жыл болатын. Сөйтіп бұрынғы облыстық тұтынушылар одағының қоймалары орналасқан жер учаскесін сатып алып, «Берекесін бере көр!» деп жаңа фабриканың құрылысын бастап кеттік. Төрт миллион евро инвестиция салып, Италиядан өндіріс желісін әкеліп орнаттық. Барлығы автоматтандырылған. Адам күші көп керек емес. Бренд белгілі – «Madina». Бұл арабшадан қазақ тіліне аударғанда «таза» деген ұғым. Қаптаманың сыртқы түсі – жасыл, бұл да тазалықты білдіреді.
– Сол күннен бастап жұмыстарыңыз қарқынды жүріп кеткен болар...
– Алғашқы уақытта қарқынды болған жоқ. «Төмен баға қойсақ, көтерме саудамен айналысатындар барлық өнімді жапа-тармағай алып кетеді» деген жоспарымыз жүзеге аспады. Жарнаманы жақсы жасағанымызбен, өнімді алушылар болмады. Қарап отырамыз ба, бір әрекет жасау керек екенін түсіндік. Бақытжан деген жүргізушім бар, қазір фабрикада қойма меңгерушісі, сол екеуміз қаладағы сауда орындарын таңертеңнен бастап түн ортасына дейін «зерттей» бастадық. Макарон тиелген көлігіміз жұмысты алдымен қай нүктеден бастауы керек, тауарды сауда орындарына толық таратуға қанша уақыт кетеді, әр нүкте қанша өнім алады, ол қанша уақытта сатылады – осының бәрін жан-жақты зерделедік. Ондағы ой – өнімді сауда орындарына оңтайлы жолмен өзіміз жеткізіп беріп, тезірек өту мүмкіндігін қарастыру. Негізгі мақсат – тұтынушыларды тартып, макаронның халықаралық стандартқа сайма-сай екеніне олардың көзін жеткізу. Табанымыздан таусылып, шаршап-шалдықсақ та алған бетімізден қайтқан жоқпыз. Соның нәтижесінде мақсатымызға жеттік. Көтерме сауда жасайтындармен де осындай қарым-қатынас орнады.  Тұтынушылар біздің өнім өте сапалы екеніне бірте-бірте үйрене бастады. Бір сөзбен айтқанда, маркетингті дұрыс жолға қойдық. Соның нәтижесінде жұмысымыз алға басты. 2011 жылы екінші өндіріс желісін орнаттық. Өйткені, сұраныс арта бастаған болатын. Қазақстанды былай қойғанда, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен тапсырыс берушілер көбейді. Себебі, макарон өнімдерінің өте сапалы екеніне олардың да көзі жетті.
Шикізатты да өзіміз өндіретін жағдайға жеттік. Қостанай облысында егіс алқаптарымыз бар. Ал фабриканы тұрақты түрде ұнмен қамтамасыз ету үшін Ақтөбеде заманауи диірмен қойылды. Міне, осындай тізбек қалыптасып, фабрика бірте-бірте қуаттылық деңгейіне жетті.
«Ұннан макарон ғана емес, басқа да өнімдер дайындауға болады ғой» деп серіктестер өзара ойласа келе  2014 жылы Италиядан әкелінген үшінші өндіріс желісін іске қостық. Оның да құны төрт миллион евродан асады. Қазір осы желі арқылы кондитерлік өнімдердің 15 түрі дайындалады. Бұл Қазақстан үшін жаңа өндіріс. Елімізде мұндай өндіріс желісі болмаған.
Өндіріс көлемі ұлғайғаннан кейін 2019 жылдан бастап «GramaD» гипермаркеттер желісін аша бастадық. Қазір Шымкент қаласында оның қатары 24-ке жетті. Бұл мегаполистегі ірі бөлшек-сауда желісі. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді. Негізгі мақсатымыз – тұтынушыларға арзан бағада, сапалы тауарлардың ауқымды ассортиментін ұсыну, оларға үздік сервистік қызмет көрсету. Бұл бір шетінен отандық тауар өндірушілерді қолдау. Олар өздерінің сапалы өнімдерін біздің сауда желілері арқылы тұтынушыларға дер кезінде жеткізуге мүмкіндік алды. Мұны қала тұрғындары жақсы қабылдап отыр. Оның үстіне тауарлардың бағасын төмендету, жеңілдік жасау акциясы тұрақты түрде жүргізіледі. Жұрт риза. Әсіресе, бұл көп балалы отбасылар үшін тиімді. Мәселен, ата-аналар балаларының барлығына бірдей тәтті алғысы келсе, біздің сауда желісіндегі баға әлдеқайда арзанға түседі. Осы үшін рақмет айтып, жиі хабарласып жатқан тұрғындар көп.
–  Фабрика басқа мемлекеттерде өткізілетін тауар өндірушілердің көрмесіне қатыса ма? 
– Біз Ресейде, Біріккен Араб Әмірлігінде және басқа да мемлекеттерде өткізілетін көрмелерге тұрақты түрде қатысамыз. Осы арқылы да біздің өнімдерімізді тұтынушылар қатары артып отыр. Макарон өнімдерін экспорттайтын елдердің қатарына Ауғанстан мен Пәкістанның қосылғаны осы сөзіме дәлел. 
Көрме демекші, 1994 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық «Продэкспо» көрмесі арқылы біздің компания кеңінен танылғанын айта кеткен жөн. Бұл көрме тамақ өндірісі бойынша  азық-түлік саласының үздіктерін халықаралық деңгейде анықтап қана қоймай, жаңа байланыстар орнатуға мол мүмкіндік береді. Сонымен бірге кәсіпорындардың қанатын кеңге жаюына жақсы жарнама екені айтпаса да түсінікті шығар. Ал мұндай деңгейдегі көрмеде көптің көңілінен шығып, үздік атану өндіріс үшін ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен жетістік екені сөзсіз. Біздің макарон өнімдеріміз де «Продэкспо» көрмесіне қатысып, бірнеше жүлдемен оралған болатын. Әлемнің түкпір-түкпірінен небір мықтылар қатысатын айтулы көрмеде «Madina» сауда белгісімен өндірілген макарон өнімдері ең жоғары сапа көрсеткіші медалін иеленген еді. Міне, осындай  жетістіктердің барлығы мерейімізді өсіріп, алға жетелейді.
–  Кейбіреулер біздің елде бизнес ашып, оны жүргізу, табысқа жету қиын дегендей ой айтады. Осындай пікірмен келісесіз бе?
– Жоқ, тіпті келіспеймін. Мұндай пікірді айтатындар – маңдай терін төгіп еңбек етуден қашатындар. Оларға айтарым – кедейлік кетсін, молшылық жетсін десең, еңбек ет!
– Фабрикада мамандар жеткілікті ме?
– Жеткілікті. Өйткені оларды тәрбиелеуге фабрика ашылған күннен бастап мән бердік. Содан бері тәлімгерлік жалғасып келеді. Мәселен, лаборатория меңгерушісі
Лариса Петровна Русакова осы жақында ғана құрметті еңбек демалысына шықты. Ол екі қызға студент кезінен бастап тәлімгерлік жасады, енді олар оның орнын басты.
 – Сіз мамандарды былай қойғанда, әр жұмысшының аты-жөнін, үй-жай жағдайын, керек десеңіз, қанша бала-шағасы бар екенін де жақсы біледі дейді, сол рас па?
    – Рас. Ол мейлі жүкші болсын, мейлі жүргізуші болсын, осы үлкен ұжымның мүшесі емес пе? Олардың аты-жөнін білмесем мен қандай басшымын?!.
–  Рақмет, бүкпесіз әңгімеңізге! 

        Әңгімелескен 
Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
Шымкент қаласы            

 

1645 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы