• Айтарым бар...
  • 31 Наурыз, 2024

Шылым шегуді қалай шектеуге болады?

 Жағымсыз әдеттерді қанша шектесең де оңайлықпен азаймайтыны  белгілі жағдай. Әлемнің қандай да бір елінің тарихын алып қарасаңыз қоғамға жат, жалпы адам баласына зиянын келтіретін әдеттермен күресудің соншама оң нәтиже бермейтінін байқауға болар еді... Сонда не істеуге болады? Ең бастысы – адам санасына тиісті сілкініс керек сияқты. Алысқа бармай-ақ бұрынғы  кеңестік жүйе қалыптастырып кеткен арақ ішу, темекі тарту, құмар ойнау, т.б. жағымсыз көріністердің күнделікті өмірімізге  сыналай кіріп, тамырын тереңге жайып кеткенін мойындасақ та, одан құтылудың жолына түсе алмай тұрмыз. Кеңестік дәуірдің қазақ даласына, жалпы қазақ ұлтына жұқтырып кеткен ішімдікке салыну, шылым шегу, құмар ойнау, атеизмге негізделген көзқарас өкінішке орай түпкілікті өзгере қойған жоқ... Демократияның негізгі атрибутттары болып саналатын көпдінділік, көптілділік, көпдәстүрлілік қоғамымызға кедергісіз еніп жатты. Отыз жыл бойы бір ғана адам басқарған жүйеде орасан зор қателіктер кеткенін біз әлі ашып айтпақ тұр ғой, дұрыс талдау жасай алмай отырмыз. Ширек ғасырдан сәл ғана асатын уақыт аралығында елімізде ондаған діни ағымдар, атап айтқанда әртүрлі секталар, біржыныстылар шеруі, құмар ойынханалары, түнгі клубтар, т.б. дәстүрімізге жат көріністер пайда болып, әсіресе жас буын өкілдерінің болашағына зияннын тигізіп жатты. Мұндай келеңсіз, қоғамға жат көріністердің  бәріне  бір мақалада  бірден талдау жасау мүмкін емес. Сондықтан да бүгінгі толғауымызды жалпы шылым шегудің зияны мен оны шектеу шараларына арнауды жөн көрдік.
Жасөспірімдердің салауаттылық өмірге ұмтылысы, зиянды әдеттерді жек көрушілігі олардың өзге адамдармен қарым-қатынасына, яғни, әлеуметтік ортаға тығыз байланысты. Ұрпақты өмір заңдылықтарына, салауаттылық негіздеріне бейімдеу мектеп жүйесі жүктеген маңызды да жауапкершілігі мол міндет болып табылады. Шылым шегу – зиянды  әдет, ағзаны улайды. Адам шылым шеккенде зиянды заттар ағзаға өтіп, өкпеге қонады. Темекі мен оның түтінінде адам ағзасына зиянды ең улы никотиннен бастап 200-дей химиялық заттар кездеседі. Қарапайым дәлел ретінде айтар болсақ, әрбір тал темекі адам өмірін 12 минутқа қысқартса, әлемде жылына 25 миллион адам темекі шегуден пайда болатын түрлі аурулардың әсерінен көз жұмады екен. Қазақстанда 5 миллион адам шылым шегеді. Демек осыншама адам саналы түрде денсаулығын тәуекелге салып отыр деген сөз. Соңғы кезде кальян, электронды шылым шегу жастар арасында қалыпты әдетке айналып барады. Өткенде парламент депутаты Дәулет Тұрлыханов кафелерде, мейрамханаларда кальян шегуді шектеу туралы тамаша ұсыныс айтты. Келешекте бұл игі бастама жалғасын тауып жатса қанеки?!
Естеріңізде болса,  кеңестік жүйенің соңғы жылдарында, Горбачев дәуірінде жаппай ішімдіктен  бас тарту науқаны өте сәтсіз аяқталғаны, керісінше қоғамда қарапайым азаматтар арасында өз бетінше жасанды ішімдік түрлерін қолдан жасауға   алып келгені белгілі... Ал, бүгінде дүкен сөрелерінде самсап тұрған түрлі ішімдіктерді  сатып алушылар саны тым сиреп кеткен десек қателеспейміз. Менің байқағаным – бүгінгі таңда азаматтар ірі дүкендерде  ішімдік сатып алудан ұялатын деңгейге жеткен сияқты. Адамдардың санасы өскені, ішімдік тауарларын тұтыну мәдениеті қалыптаса бастағаны қуантады. Ал, керісінше шылым сатып алушылар саны бұрынғыдан да арта түскені байқалады. Темекі тауарларын тұтынушылардың дені жастар болса, соның басым бөлігі әр түрлі жастағы әйелдер екені өкінішті-ақ! Біздің жас кезімізде бірлі-жарым шылым шегуші қыздар, әйелдер көпшіліктің көзіне түсуден именіп, саябақтар мен мейрамханалардың қалтарыс тұстарында көк түтінді жайымен будақтатып тұрушы еді... Ал, бүгінгі заманның шылым шегуші қыз-келіншектері ұялу былай тұрсын, көшеде де, барлық қоғамдық орындарда да ер адамдармен қосарлана көк түтінді құшырлана сорып тұрғанын жиі көруге тура келеді. Шылым шегуші еркектерді  былай қойғанда, осындай шылымқұмар қыздар мен әйелдер қауымы жас буын өкілдеріне қалай үлгі болады деген ойға қаламын, кейде...
   Қазақстанда өндірілетін темекі өнімдерінің, яғни сигарет қораптарының сыртындағы бейнеленген түрлі сырқат түрлерінің суретттері темекішілерге ешқандай да әсер етпейтін сияқты. Менің ойымша, бұл суреттерді (қорқынышты) салу арқылы белгілі бір жарнама агенттігі мен баспаханалар әжептәуір пайда тауып отырған сияқты. Ал, моральдық тұрғыдан саралап көрсеңіз – шылым шегуші адамдардың құқына нұқсан келіп тұрғандай... Соншама созылмалы сырқат түрлеріннің суреттері арқылы азаматтардың жүйкесіне күш түсірмей-ақ, бір-ақ ауыз сөзбен: «Темекі шегу –   сіздің денсаулығыңызға зиян келтіреді» деп жазса жетер еді ғой?! Сонда қысқа да нұсқа сөз кез келген адамның жүрегіне жетіп, санасы сілкінері сөзсіз... Жалпы адам санасына сілкініс жасау үшін психолог болудың қажеті жоқ. БАҚ арқылы шылымның адам ағзасына тигізер зиянын  қарапайым тілмен насихаттауды дәстүрге айналдыру керек. Қандай дәуірде, қандай заманда болмасын, жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді...

Жаңабек Тойбазаров,
журналист  

 

1730 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы