• Қоғам
  • 28 Ақпан, 2024

Екпе – ем, екпе – дем

Екпе десе елдің неге есі кетеді? Өткен жылы Қазастанда екпе ектірмеу салдарынан 31 адам көз жұмған. Жылына әлемде екпе салдырудың арқасында 3 млн сәби аман қалады, дәл солай 3 млн сәби екпе салдырмаудан көз жұмады. Екпе Аллаға серік қосу ма? Екпе құрамындағы алюминий ана сүтімен берілетін алюминийден 3 есе аз болатынын білесіз бе? 
  Соңғы кезде екпе туралы әңгіме айтылса, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты адамдар тарапы екіге бөлінеді. Бірі – оны Құдайға серік қосу десе, енді бірі – жаман аурудың алдын алуға болады деп әлек. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы екпе егу арқылы көптеген жұқпалы аурулардың алдын алып жатырмыз деп дабыл қақса, әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тарайтын дақпыртқа сеніп, қаншама ата-ана екпе ектіруден бас тартып жатады.
   Қазақстанда өткен жылдың өзінде 17 мың адам екпе ектіруден бас тартқан екен. Қызылша ауруынан былтыр 29 сәби қайтыс болған. Олардың туылғалы ешқандай екпе ектірмегені белгілі болды.  
Екпе деген не?  
 Көп ата-аналар дәрігерлер тарапынан екпенің дұрыс түсіндірілмеуіне байланысты өз бетінше ақпарат іздейді. Нәтижесінде «екпе шошқа майынан жасалады», «оның құрамындағы алюминий бала денсаулығына» зиян деген сияқты  жалған ақпараттарға кезігеді.
Қазақта «үйренген жау атыспаққа жақсы» деген сөз бар ғой, екпе деген сол жауды организмге үйрету. Екпеде сол ауруды туындатушы бактериялар бар, бірақ олар толығымен немесе жартылай өлтірілген бактериялар. Оның негізгі құрылымын организмге енгізе отырып, сол ауруға қарсы иммунитетті оятады. Иммунитеттің еске сақтауының арқасында адам ағзасында сол ауруға қарсы антивирус орнатылады. 30 жыл өткеннен кейін де организмге шын бактериялар кіретін болса, антивирус іске қосылып, өз қауқарымен аурудың асқынуына жол бермейді. Қытай мемлекеті бұндай тәсілдерді XI ғасырдан бері пайдаланған, дені сау адамның танауына шешекпен ауырған адамның шырышты қабығын салатын болған. Грузия, Үндістан және Еуропада ХVII  ғасырға дейін осы сынды әдістерді пайдаланып келген. Әрине, мұндай егу түрлері адамзатқа үлкен пайда әкелген жоқ, керісінше ауру асқынулармен аяқталған. Тек 1796 жылы алғаш шешекке қарсы вакцинаны Эдуард Дженнер ойлап тапқан соң ғана ғаламшар оның пайдасына кенелді. 
         Екпе  харам ба? 
 Көп ата-аналар екпе тағдырыңды алдын ала болжау, Аллаға серік қосу деп қарсылық танытып жатады.  Мұсылманның бес парызының бірі – қажылық  сапарына бару үшін де кей адамдардың екпе алып жататынын ескерген жөн. Әрине, қорғаныс мақсатында.  Екпе егу осыдан 1400 жыл бұрын болмағаны анық, сол үшін де тікелей хадистерді келтіре алмайды. Бірақ пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с) «Кім таңертең жоғары сұрыпты жеті құрма жесе, бұл күні оған не у, не сиқыр зиянын келтірмейді» деген.  Асыл дініміз «Ауырып жол іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді нұсқайды. Олай болса екпе егу тағдырға қарсы шығу еместігіне көз жеткіземіз. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүйікті амалдарының бірі «Тахник» сүннеті де осыған ұқсас. Әкесі сәбиін ізгілердің қатарынан болсын деген ниетпен  құрманы шайнап, сөлін баланың таңдайына жағатын болған. Гель түріндегі глюкозаны таңдайына үйкеу арқылы бала миына зақым келуден сақтайды. Құрма сөлінің құрамында ғана болатын  амосин қышқылы баланың қуатын арттырады. Осындай мысалдарды көре отырып, екпе егу Аллаға серік қосу деп айта алмас едік.
Екпедегі алюминий зиян ба?
Жұрт аузындағы сөздерге сенсек, дамыған елдерде екпе егілмейді екен, себебі оның құрамындағы алюминий мен сынап бала денсаулығына зиян дейді. Иә, екпе құрамында алюминий бар. Бір жылда қажетті екпелерді алған сәби 0,4 мг алюминий алады, ал ана сүтінен осы уақыт аралығында 10 мг-нан астам алюминий қорын жинайды екен. Биохимиялық тұрғыдан алғанда алюминийдің денеге қалай енуінде айырмашылық жоқ (тамақ арқылы, тері арқылы немесе бұлшық еттермен), кез-келген жағдайда ол қан айналымына түседі және соның көмегімен барлық қажетті органдарға таралады. 
    «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі 156-бабына сәйкес ҚР аумағында тұратын жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы профилактикалық екпелерді алуға міндетті. Профилактикалық екпені енгізу алдында медицина қызметкері егілетін адамды қарап-тексеру жүргізілуі керек.  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті талқылау кезінде қоғамдық ұйымдар мен медициналық мекемелер жаппай екпеден бас тартуды қалай азайту туралы өз ұсыныстарын ұсынған:
– Екпе егілмеген балаларды балабақшаға қабылдамау;
– Екпе егілмеген балаларды қабылдаған балабақша басшылығына 15 АЕК көлемінде айыппұл салу;
– Екпеден бас тартқан ата-аналарға айыппұл салу;
– Екпе егілмеген жұқпалы аурумен ауырған жағдайда ата-анаға айыппұл салу;
– Екпеден бас тартқан ата-аналар  тегін медициналық  көмекті алуына тыйым салу; 
Әзірге бұл ұсыныстар заңнамалық тұрғыда қабылданған жоқ. Дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде мұндай жаза түрлері қолданылып келеді. Мысалы, Ұлыбритания мен Францияда екпе егілмеген баланы мектепке және балабақшаға қабылдамайды екен, ал Италияда  бас тартқаныңыз үшін 7500 евро көлемінде айыппұл төлейсіз. Америка континенті екпені жаппай салудың арқасында қызылша ауруынан толығымен құтылған. Екпені жаппай салдыру әртүрлі жұқпалы аурулардың алдын алады. Қазақстан қызылшаны толық жеңбеген мемлекет болғанымен де, полиомиелит ауруынан толық құтылған мемлекеттер қатарына жатады.
P.S. Қазақстанда 16 жасқа дейін барлық екпе түрлері тегін салынады. Мемлекетіміз тарапынан жыл сайын екпе түрлеріне миллиардтаған қаржы бөлініп отыр. Балалар біздің болашағымыз екенін ұмытпағанымыз жөн. 

Несібелі Қиянбекова,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің студенті 

3451 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы