• Айтарым бар...
  • 31 Наурыз, 2024

ӘКЕ ДЕГЕН АЛТЫН ТАҚ, АНА – БАҒЫҢ

      Рақымберді ТӘҢІРБЕРГЕНОВ,

 Түркістан қаласының Құрметті азаматы

 

Ұлттық тәрбиеде әйел-ананың орны орасан екенін барлығымыз да жақсы білеміз. Үй ішінің жарастығы, үй ішінің ұйытқысы болып табылатын әйелдің бала тәрбиесіндегі ролі мен еңбегі өте зор. Бала есейіп кетсе де анасына сәби. Тіпті отбасылы болып, ұрпақ өсіріп отырған уақытта да ананың ақылына, жөн сөзіне тоқтайды. Мұны өз басымнан өткерген соң айтып отырмын. Мен ғана емес, басқалар да ана алдында бас иетіні анық.
Ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе, қыз бала тәрбиесінде ананың ықпалы ерекше. Қыз бала – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшысы.  Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтқан ғой. Осы қылдай жолдың үзіліп қалмауын ойлаған. Мұның бәрі тәрбиеге байланысты. Бойжеткеннің бойына тәрбиеге қатысты сан ғасыр бойы қалыптасқан ұлттық рухани құндылықтарды, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді, ана тіліміз бен әдебиетімізді, бай мәдениетіміз бен тарихымызды терең сіңіре білген абзал. Сонда ғана ұлттық тәрбиеден тамыр алған инабатты да ибалы, білімді де білгір, салмақты да сабырлы, ақылына көркі сай, салт-дәстүрді сақтайтын қыздарымыз бен келіндеріміздің шоғыры көбейетіні сөзсіз.
Әкем Көлбай мен анам Сарықыз мені, мені ғана емес бүкіл балаларын «Елдің адамы бол!, «Бауырларың мен ағайындарың арқа сүйейтіндей қамқор бол!», «Адал еңбекпен тапқан байлығың артылып жатса сауапты іске жұмса», «Босбелбеу болмай, бала-шағаңды дұрыс тәрбиеле!», «Үлкенді сыйла, кішіге кішіпейіл бол!», «Ағайын-туыс, көрші-қолаң алдында абыройыңды түсіріп алма, қолыңнан келсе көмектес, ақыл қос!» деп жалықпай айтып отыратын. Сондай кезде «Апа-ау, оның бәрін неге қайталап айта бересіз, барлық өсиет сөздеріңізді әрдайым жадымызда сақтаймыз ғой» деп айтсам, анам «Рәнжан, адамның шалыс  қадам басуы әп-сәтте, ниеті бұзық адамдардың сені сүріндіруі оңай. Осының салдарынан отбасының берекесі кетеді, тіпті тағдырыңның тас-талқаны шығуы да мүмкін. Жастықтың аңғалдығымен ниеті бұзық адамдарды дос көріп, солардың ортасына түсіп қалсаң, одан шығудың өзі оңай болмайды. Әкең екеуміз сендердің болашақтарың жарқын, жолдарың ашық болғанын қалаймыз. Сондықтан ақыл артық болмайды, санаңа құйып ала бер!» деп, оң-солымызды танып, абыройлы қызмет етіп жүрген кездің өзінде,  осындай өсиет сөздерін айтудан шаршаған жоқ.
Бала тәрбиесінде мені қатты қапаландыратын бір жағдай – қазіргі отбасылардың басым көпшілігі балаларын ата-әжесінің тәрбиесіне беруден ат-тонын ала қашады. Мен түсінемін, қазіргі отбасыларда бала-шаға бұрынғыдай үбірлі-шүбірлі емес, әсіресе, қалалық жерде бір шаңырақта бір-екеу, ары кетсе үш бала бар. Уақыттың қиындығын, баспананың тарлығы мен  ақшаның аздығын, жағдайдың жоқтығы мен балабақшада орынның болмайтынын сылтауратады. Әйтеуір бала санын көбейтуге құлықты емес. Жарайды, бұл олардың өз еркі дейік. Ал көзге көрінген бір-екі түйір баласын олар ұлттық рухта, ұлттық салт-дәстүрге сай тәрбиелеп жүр ме? Бір ғана мысал айтайын.  Ертеректе ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала өте сирек болған. Тіпті тұңғыштарын ата-әжесінің тәрбиесіне толық бергенін де бәріміз жақсы білеміз. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, ата-әжесі баланы бауырына басады. Ал, сол балалар кейін жаман болды ма?  Жоқ, керісінше, олардың бәрі көргенді бала, тәрбиелі бала болды. Ата-әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, рухани тәрбиені ашық көруге болады. Осы ретте тағы бір мысал айтайын. Қаладағы қарадомалақтардың көбі, әсіресе, солтүстік облыстарда,  ана тіліне шорқақ. Тіпті қазақ тілін «қақпайтындары» да аз емес. Олардың ана тілінен жұрдай екенін көре отырып, ұлттық тәрбие туралы әңгіме айтудың өзі артық. Ал, сол балаларды, егер бар болса ауылдағы ата-әжесінің, ағайын-туысының қасына жіберсінші, бір айдың ішінде ана тілінде сайрайтыны анық. Сонымен бірге ұлттық салт-дәстүрге де қанығады. Осыдан қандай кемшілік, осалдық көріп тұрсыз? Меніңше, осындай қадам өте дұрыс. Кейбіреулер  «Бала жат боп кетеді, әке-шешесін тыңдамайтын болады» дегендей сыңаржақ, негізсіз пікір айтады. Мұның бәрі бос сөз. Ата-әжесі бауырына басып, олардың тәлімін алған баланың, жоғарыда айтқанымдай, жаман болғанын көргенім жоқ. Балаға  менің анам секілді күн сайын өсиет айтып отырмаса да, оған жаны жайсаң жақсыларды,  өнегелі істерді көргенінің өзі жетеді. Мәселен, менің үлкен немерем сабақтан бос уақытында қасымнан қалмайды. Асыл тұқымды сәйгүліктеріміз бар, соны айналшықтап, сол жерден кеткісі келмейді. Ер пырағы – ат екенін жақсы біледі. Атқа отырғанды жақсы көреді. Үлкен адамды көре қалса, «Ассалаумағалейкум» деп қос қолдап амандасады. Жасы үлкен кісілердің алдын кесіп өтпейді. Үйдің күнұзақ таусылмайтын тірлігі бар, соған араласады. Еңбектің, маңдай тердің не екенін біледі. Міне, осының бәрі тәрбие емес пе? Өнеге емес пе? Одан неге біз қашуымыз керек?
Ата  отбасының ақылшысы, қамқоршысы болса, ақжаулықты әжелер ағайын-туыстың, ел-жұрттың тату-тәтті болғанын, амандығын тілеп, халықтық салт-дәстүрімізді ұлдары мен қыздарына ұғындырып, үлгі-өнеге көрсететін жандар. Олар сыйлы, қадірлі адамдар. Тіпті халықтық дәстүр бойынша ақсақалы бар ауылға келген қонақтар  алдымен сол кісіге сәлем беріп, батасын алған. Бір қарағанда, бұл  ұсақ-түйек көрінуі мүмкін. Бірақ бұл да тәрбие, ұлағатты іс. Осыны көрген бала үлкенді сыйлап, қадірлеуді білетіні анық.
Қазақ халқы бірінші баланы тұңғышым, одан кейінгілерін ортаншым, кенжем дейді. Олар ержетіп өскенде тұңғыштары мен ортаншыларын үйлендіріп, енші беріп, бөлек шығарады да, кенжесі өз қолында, яғни қарашаңырақта қалады. Осыдан кейін ата-анасын бағып-күтуге осы кенже ұл міндетті болады.  Бірақ осы бір қалыптасқан қағида кейінгі жылдары қалып барады. Кенжелер келіндердің ықпалынан шыға алмай ма, жоқ әлде басқадай себебі бар ма, кім білсін, еншілерін алып кетеді де, керісінше тұңғышы немесе ортаншылары қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырады. «Үлкені бола ма, кішісі бола ма, әйтеуір әке-шешесіне қарайласатын баласы бар ғой қара шаңырақта» деп осыған да шүкіршілік етіп, әлгі қағиданың бұзылғанына мән бермейтін болдық. Ең сорақысы, үбірлі-шүбірлі балаларын асыраған ата-ананы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген балалары асырай алмай, қарттар үйіне тапсырып жатыр. Бұл бұрын-соңды қазақ халқының салтында болмаған қасіретті жағдай! Қарттар үйі біздің елде өткен ғасырдың алпысыншы жылдары  қарайласатын бала-шағасы жоқ қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатында ашылған мекеме екенін жұрттың бәрі жақсы біледі.  Енді соған қарайласатын бала-шағасы бола тұра әке-шешесін өткізіп жатқандарға не айтуға болады? Бұл ұлттың азғындауы емес пе? «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ!» деген қағиданы ұстанатын қазақ едік. Осыған пысқырып та қарамайтын қатыгез ұрпақты өсіргеніміз бе сонда? Бұған кім кінәлі? Мемлекет деп айта алмаймыз. Өйткені мемлекет қараусыз қарттарды қанатының астына алып, қолдан келер  қамқорлығын көрсетіп отыр. Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, қарттар үйінде тұрып жатқан жандар ондағы тұрмысқа риза. Бірақ, қанша дегенмен, қасиетті қара шаңырақтағы бала-шағамен шүйіркелесіп, ағайын-туысқанмен араласып жүрген тұрмыс-тіршілікке қайдан жетсін?!. 
Қазыналы қарттарымыздың қарттар үйінде қарасы көбейгеніне өзіміз кінәліміз-ау деген ой келеді маған. Неге дейсіз ғой? Өйткені,  ұрпағымыздың санасына ата-ананың қадір-қасиетін, мықтап дейміз бе, нықтап дейміз бе, сіңіре алмай келеміз. Туған ата-анасын қартайған шағында, бойынан әл-дәрмен кеткен уақытта қаңғыртып қоятындай не күн туды соншама?!.  «Заман солай, өмір сүру қиындап барады, зейнетақысы бар ата-ана түгілі балаларымыздың тамағын тауып бере алмаймыз»,  –  деп   уәж  айтатындардың да табылатынына таласымыз жоқ. Бұл – сыныққа сылтау. Оу, ағайын, қазақ  небір азапты күндер мен түндерді бастан өткерсе де, туған ата-анасын тағдырдың тәлкегіне тастап кеткен жоқ еді ғой. Оны айтасыз, солақай саясаттың салдарынан жер ауып, ел асып келген тілі басқа, түрі бөлек ұлттар мен ұлыстарды да жатсынбай, бауырына басып, айналып жүре алмайтын екі бөлмелі тоқал тамның бір бөлмесін соларға беріп, жарты нанды бөліп жеген қазақ емес пе едік? Енді не болды? Бұл тәрбиесіздік пе, көргенсіздік пе? Перзенттік парыз дейміз бе, перзенттік қарыз дейміз бе,  қайда қалды сонда? Оны өтемесе өтемей-ақ қойсын, бірақ ата-анасын құса қылып қоюға қалай дәті барады балаларының? Аялаудың орнына айуандық жасайтыны қалай? Мұндай қаныпезер ұрпақ елдің ертеңін, кемел келешекті ойлайды дейсіз бе? Ойламайды. Олар жамандыққа жақын тұрады. Ата-анасын аямағандар елін де, жерін де сатып жібереді. Олар ештеңеден тартынбайды. Жасқанбайды. 
Анамның денсаулығы сыр беріп, отырып-тұруы қиындаған кезде зайыбым – Баян  анамның жанынан бір елі ұзаған жоқ, суын берді, дәрі-дәрмегін берді, күн сайын жуындырып, киім-кешегі мен төсегін тап-таза етіп ұстады. Анам немересі Ерқанатты өте жақсы көретін, ерекше еміреніп, асты-үстіне түсіп отыратын еді. Ол да жұмысынан бір сәт қолы босай қалса, әжесінің жанынан табылып, қамқорлығын жасап жүрді. Анам демі үзілер шақта Баянға да, Ерқанатқа да, басқа да балалары мен келіндеріне алғысын айтып, батасын беріп кетті. Алланың жазуына не шара, анамызды арулап қара жердің қойнына тапсырдық. Ол кісі өмірден озса да пенделерінің күнделікті тірлігін жоғарыдан бақылап, жақсыға қуанып, жаманға қапаланатындай көрінеді маған. Әруағы риза болсын, анамыздың ақыл-өсиеттерін ұрпағы бір сәтке де естен шығармай, мүлтіксіз орындауға тырысады.
Енді ата-аналарын қара шаңырақта қалдырып, өздері қалаға қарай көшкен балаларға қатысты бір-екіауыз сөз айтайын. Олар «Қазір нарық заманы, ауылда күнкөріс көзі болатын жұмыс жоқ, сондықтан осылай болды» деп уәж айтатынын да білемін. Егер адам шындап кіріссе, ынта-жігер болса, ауылда да отбасын асырайтындай жұмыс бар. Кәсіптің көзін тапқан адамға ауылда да тұрмыс-тіршілікті түзейтіндей мүмкіндік жетеді. Мен талай кәсіпкерді білемін, тракторшы немесе малшы таба алмай, табанынан таусылып жүрді. Тапқан адамы жарытып жұмыс істемей, бір-екі айдан кейін оның орнына тағы  адам іздейді. Тіпті малшы болып істеуге арланатындарды да көрдім. Олардан «Оу, сонда атакәсіпті місе тұтпай, қалаға барып қарабазарда арба айдағанды артық көресің бе?» деп сұрағаным бар. Басын төмен салып, мардымды жауап бере алмайды. 
Менің әкем малшы болды, қара жұмыс істеді. Бірақ оны намыс көрген емес. Әкеміз жұмыстан шаршап келгенде анам: «Шулап мазасын алмаңдар, бір сәт тынығып алсын»  – деп  айтып отыратын еді. Қара жұмыс арқылы елге сыйлы, қадірлі болды, анам екеуі бізді ешкімнен кем қылмай өсірді, жеткізді. Рас, ол уақытта заман басқа болғанын білемін. Бірақ ол кезде де, қазір де еңбектің айырмасы жоқ, бірдей. Сылтау іздей бергеннен гөрі маңдай терді төгіп, еңбек етуге қам-қарекет жасаған адамның жерде қалғанын көргенім жоқ. Сол еңбектің арқасында отбасын ештеңеден тарықтырмай асырап, елге сыйлы болды.
Қазіргі Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде Алтынбеков деген кісі канал қаздырғанда, әкем біраз жігіттермен бірге сонда барып, кетпенші болады. Ол кезде  қазіргідей техника қайда, бәрі қол күшімен атқарылған. Канал қазғанда әкем алдына жан салмай еңбек еткен болса керек. Оған дәлел – 1937  жылы Мәскеуде Қазақстанның онкүндігі өткен кезде соған «стахановшы» болып қатысқан. «Стахановшы» дегенді тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген қыз-жігіттер біле бермеуі мүмкін. Сондықтан бұл туралы айта кетсем артық болмас. Кешегі кеңес одағы кезінде еңбек озаттарын анықтау мақсатында социалистік жарыс өткізілетін болған. Сол жарыста үздік шыққандар жаңашыл жұмысшылар деп саналған. Сталин «Стахановшылар – біздің өнеркәсібіміздің жаңашылдары» деген. Бұл жұмысшыларды ынталандырып, өнімді еңбек етуге жұмылдырудың бір әдісі болған ғой сол уақытта. «Стахановшы» деген атау социалистік еңбек бәсекесінде жоғары көрсеткішке жеткен Донбасстың Орталық Ирмино шахтасының бұрғылаушысы – Алексей  Стахановтың құрметіне аталған. Әкем де социалистік жарыстың жеңімпазы болып, Қазақстанның Мәскеудегі онкүндігіне қатысқан болып отыр ғой.
Әкем еңбектің торысы еді. Біздің де еңбекқор болғанымызды қалады. «Еңбектен қашпаңдар! Еңбек мұратқа жеткізеді» деп үнемі айтып отыратын.
Әкем отыз төрт жасқа дейін отау құрмаған. Неге? Бұл да қазақы тәрбие. Кейінгі кезде осыны елеп-ескеріп жатқандар шамалы. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Әкемнің кеш үйленуінің мәнісі – аға мен іні арасындағы сыйластықты сақтауға байланысты. Мұны әдеп немесе моральдық құндылық деп те бағалауға болады. Қазақ тәрбиесінде іні қашанда  ағасын сыйлап, ақылын тыңдап, оның алдында кішіпейіл, ілтипатты, ізетті болуы талап етілген. Өз кезегінде ағасы інісіне қамқор болып, көмектесіп жүрген. Іні жасы кіші болғандықтан, жолы да кіші деп саналған. Іні әр уақытта аға-әпкесінің алдында кішілік міндетін түсіне білген. Қазақ мынадай мақал-мәтелдерді бекер айтпаған-ау: «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «Аға – орман, іні – қорған», «Аға алдында пейіліңді, іні алдында мейіріміңді көрсет», «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без, аға тұрып іні сөйлегеннен без», «Ағаға қарап іні өсер», «Ағаның үйі ақжайлау», «Жеңім жаман болса да, жағам жақсы, өзім жаман болсам да ағам жақсы», «Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол!». Міне, мұның бәрі тегіннен-тегін айтылмаса керек. Бұл аға мен іні арасындағы шынайы сыйластық, тағылымды тәрбие.
Қазақ халқының тарихында ағасынан бұрын інісі үйленбеген. Осындай жазылмаған заң болған. Бұрын осыған ерекше мән берілген. Бірақ кейінгі жылдары, заман басқа, уақыт басқа деген желеумен, мұны елеп-ескермейтіндер көбейді. Осының салқыны тиіп, ағалы-інілі адамдардың бірін-бірі сыйлауы былай тұрсын, араз болып, керек десеңіз, түрлі себеппен  бет көріспей кететіндері де бар. Бұл атам заманнан келе жатқан қазақы тәрбиенің бұзылғаны.
Сонымен әкемнің кеш үйленген себебі – Қатпа деген ағасы қайта-қайта үйленгенімен, әйелдері көп тұрақтамай, кетіп қала берген көрінеді. Ағасына қарайлап, оның толыққанды отбасы болғанын күтіп, алдын кесіп кетпей, әкем отыз төрт жасына дейін некелеспеген ғой. Тек екінші дүниежүзілік соғыс тамам болып жатқанда ғана үйленеді. Бұл уақытта әкем ұжымдық шаруашылықта (колхоз) арбашы болып жұмыс істейді екен. Соғыстан кейінгі елдегі жағдай белгілі, техника деген атымен жоқ. Сондықтан арбаны қос өгізге жегіп, әкем сүт тасыған, шөп тасыған. Ең мықты көлік түрі осындай болған. Әкемнің шаруаға бекем екенін байқаған шаруашылық басшылары оған арбашының жұмысын сеніп тапсырған. Ол жұмысқа тындырымды болумен бірге тиянақты еді. Оны біздер де көрдік. Жұмысқа өте жауапкершілікпен қарап, басқаның бәрін ұмытатын. Осыны көріп өскен біз – балалары да осыған дағдыландық. Әкем жалқаулықты жаны жек көретін. Масыл адамдарды ұнатпайтын. Олардан аулақ болғанымызды қалайтын.
  «Соғыстан кейінгі жылдары елдің жағдайы түзеле қойған жоқ. Талғажу етер тамақ бірде бар, бірде жоқ. Біздің бағымыз бар екен, әкелерің балық аулауға да, аңшылыққа да бейім болды. Қақпан құруға да шебер еді. Соның арқасында аш болған кезіміз болған жоқ», –  деп  айтып отыратын анам.
Сұрапыл соғыс жылдары еркек кіндік майданға кеткендіктен, шешем әкеме тұрмысқа шыққанға дейін Шәуілдірде бригадир болған. Сол кездің өзінде, әлі кәмелетке толмаған болса да, өзінен үлкен апа-әпкелерін майдан үшін жан аямай жұмыс істеуге жұмылдыра білген. Анам кішкентай кезінен бауырмал болған. Ағасы Әбен майданға аттанғанда өзі кішкентай бауырларына бас-көз болған. Әкеме тұрмысқа шыққаннан кейін қартайған анасын жалғыз қалдырмай, уақыттың қиындығына қарамастан  қолына алып, бағып-қақты.
Шешем өте іскер еді. Шаршап-шалдығу дегенді білмейтін. Уәдесіне берік болатын. Айтты ма, сөзінде тұратын. Күш-қуаты тасып тұрған, жұрттың  бәріне жанашыр, қамқор болып жүретін анама жасы кіші болса да, ауылдағылар ерекше құрмет көрсетіп, Би апа дейтін. Іскерлігі мен ептілігі соншалық, ер азаматтар қаймығып, батылы бармай жүргеннің өзінде анам тоғайдың ішінде небәрі оншақты күнде ағаш пен қамыстан екі бөлмелі үй тұрғызғанда ауылдағылар аң-таң болған көрінеді.
Анам адуынды болса да өте мейірімді еді. Өз балалары ғана емес, көп адам оның шапағат-мейіріміне бөленді. Ауылдағылар оны ерекше құрметтеп, сыйлайтын. Ақылдасып, жөн-жоба сұрайтын. Адамдарды алалау, бөле-жару дегенге анамның жаны қас еді. Туралықтан еш уақытта тайған жоқ.
Анамның тағы бір қасиеті – тамақты бар ынта-шынтасымен дайындайтын. Сондықтан шығар, өте дәмді болатын. Біз 1958 жылға дейін Жаушықұмда (қазіргі Түркістан облысы Шардара ауданының аумағы) тұрдық. Осы жерде су-электр станциясы салына бастағанда, амал жоқ, құмға қарай қоныс аударуға мәжбүрледі. Сол уақытта ауылдың бір шеті шағыл құм, екінші жағы жазық дала болатын. Сол 1958 жылы, әлі есімде, Алланың рақымы түсіп, нөсер жауын мол болды. Малды ауылымыздан үш-төрт шақырымға дейін ұзатып жаямыз. Бір күні мал жайып жүргенде, бұрын-соңды көрмеген болатынмын, жер бетінде жыпырлаған, дөңгеленген өсімдіктерді көзім шалды. Әу баста білген жоқпын, кейін білдім ғой оның қозықарын мен қозықұйрық екенін. Көргенімді апама айтып бердім. Ол кісі бірден түсінді: «Наурыздың нәпақасы ғой, тез есекті ертте, төрт қап ал» деді. Айтқанын әп-сәтте орындадым. Анам өткір пышақ алды. Қозықұйрық көрген орынды тез-ақ таптым. Шешем маған: «Кесіп ал да, қаптай бер» деді. Қазір Түркістан топырағы мен Шаян жағында көктем кезінде пайда болатын қозықарын мен қозықұйрық сол кездегімен салыстырғанда әлдеқайда шағын.  Төрт қапты тез арада лық толтырып, үйге келгенде анам «Рән, айналайын, қазанға су құй да, астына тезекті молырақ салып, от жақ» – деді.  Менің жасым сол кезде онда, қарындасым Сара – жетіде. Анашым мені Рән дейтін. «Рән, нан жабатын табаның астына да от жақ» деді анам. Ол кездегі таба қазіргідей емес, өте үлкен. Сондай екі таба болатын. Оның да астына от жақтым.
Малдың күйіс қайырып, жамбас суытатын орынды біздің жақта шаңлақ дейді. Сонда тезек ырғын. Бір барғанда біраз күнге жететіндей етіп, арбаға сықита тиейміз. Сол уақыттағы тезектің қызуы деген сексеуілден кем емес болатын. Суы бұрқ-бұрқ етіп қайнаған үлкен қазанға анам екі қаптағы қозықарын мен қозықұйрықты салды. Онан кейін қойдың құйрығымен табаның ішін майлап жіберді де, қозықарынды кішірек кесіп алып, табаға салып, отқа қойды. Екінші табаны да дәл осылай жасады. Ыстық табада қозықарын лезде пісе қалды. Оншақты үй қаз-қатар орналасқан болатын. Айқайласаң дауысың жетеді. Әкем «Біздің кемпір қозықұйрық пісіріп жатыр, түгел келіңдер!» деп көрші-қолаңды бала-шағасымен түгел шақырып алды. Бәріміз жабыла табаққа қол салдық. Сол жолы өз буына піскен қозықарынның дәмі тіл үйіретініне көзім жетті. Бәріміз ашкөздене, тоя жедік-ау. Әлі күнге дейін аузымнан дәмі кетпейді. Сол күндерді қазір сағынамын.
Қазір де көктем айында қозықұйрықты арнайы барып сатып аламын, не болмаса балаларды әдейілеп апарып, тергіземін. Қазір қозықұйрықты көгілдір отынға пісіреді. Әйтсе де отқа піскенге жетпейді. Анамның аспаздығы ерен еді ғой. Шешем пісірген қозықұйрықтың дәмі ерекше болатын. Ол кісі бармағынан бал тамған жан еді ғой.
Бірде анам: «Балаларым, сексеуіл жинаңдар, мен сендерге тамаша тамақ пісіріп берейін» – деді.Ол уақытта ен далада сексеуіл ырғын болатын. Қазір де бар ғой, бірақ отауға рұқсат жоқ. Аманкелді ағам, Сара қарындасым бар, үшеуміз сексеуілді әп-сәтте жинадық. Әкем марқа қозыны сойып, анам таза етін тұтастай қарынға салды. Бір малдың еті өз қарнына түгел сиятынын сол жолы көрдік. Құмды бір жарым метрдей аршып, қарынды орналастырып, бетін құммен жаптық та, төбе тұсына темір түтік орнаттық. Сонан соң тоқтаусыз үш сағатқа жуық от жақтық. Құм қып-қызыл шоқ болып, бет күйдіретін ыстық етке жеткенде төбедегі темір түтіктен бу будақтап шыға бастады. Толық бір машина сексеуіл кеткен шығар сол жолы. Оның шоғы бет қариды, тіктеп қарай алмайсың. Кеш түскен соң, жатар орынға қайттық. Ертесіне барсақ, бет шарпыған ыстық сол күйінде. Түтіктен бу бұрқырап тұр. Түске таяу сексеуілдің шоғын жан-жағына сырып, қарынды алып, дәу кепсерге аудардық.
Не керек, марқаның жиырма килограмдай еті шамамен жарты тәулік бойы қарын ішінде, ыстық құмның астында, сексеуілдің қатты қызуымен бұқтырылды ғой. Балбыраған жұмсақ етті жеген де арманда, жемеген де арманда, тіл үйіретін дәмін айтып жеткізу мүмкін емес. Әке-шеше, бала-шаға жабыла жеп, бір жарым сағатта марқаның етін түгел тауыстық. Міне, анамның қолы алтын, бармағынан бал тамған жан еді дегенім осы.
Түркістанға қоныс аударған жылы анама: «Бір машина сексеуіл мен құм түсіріп берейін, баяғыдай марқа қозының сірнесін пісірсеңізші» – деп өтініш жасап едім, анам сәл-пәл ойланып отырды да, «Е, шырағым, менің күш-қуатым кеміді, қарттық жеңіп барады, жас әйелдер бел шешіп кіріссе, үй мен түз тамағының аражігін айқын ажыратар еді» дегені есімде қалыпты.
Анамыз бізді табан ақы, маңдай тердің қадірін түсінуге, адал еңбек етуге, біреуге қиянат жасап, ала жібін аттамауға тәрбиеледі. Анамның тәлімі менің өмірімнің бағдаршамы болды. Анам айтқан әңгімеден түйгенім, өмірде екі нәрсе қиын: бірінші, қасықтап жинаған бедел-абыройды шелектеп төгіп алудан  сақтасын Алла! Екінші, бала тәрбиелеу өте қиын. Оның жауапкершілігі зілбатпан. Анамның айтуынша, әсіресе, қыз бала тәрбиесінде қателік болмағаны жөн. Мұны асыл анам санама құйып кетті. Сол себепті де абырой-бедел мен тәлімді тәрбие мәселесін жастайымнан мықтап қолға алдым. Ұл-қызың көргенсіз, тәрбиесіз болса, елдің алдында бұлбұлдай сайрап, жұртқа ақыл айтқан жөн болмас. «Алдымен өз бала-шағаңды жөндеп ал» десе, не дейсің? Сондықтан бала тәрбиесін бесіктен белі шықпай жатып бастамасаң кейін кеш болады, бой бермей кетеді. Ең алдымен баланы еңбекке, тазалыққа, адалдыққа тәрбиелеген абзал.
Анам алғашында үлкен баласының қолында болды. Одан кейін біздің шаңыраққа келді. «Рақым мен Баян айтқанымды екі етпейді» деп мейірленіп отыратын. Баянмен өз қызындай сырласты, ақылын айтты. Бірде келініне былай дегені есімде қалыпты: «Терең түсінген адамға шаңырақтың шын бақыты мен ырысы отанасының қолында. Көңіл-күйі мен хал-ахуалы жақсы келіннің пісірген асы да, айтар сөзі де тәтті болады. Мұндай үйден қонақ үзілмейді. Қонақтар бұл босағаға қарны ашып емес, «Бұл ошақтың ханшайымының қабағы ашық» деп есігін еркін ашып, кең қолтық әңгіме-дүкен құрады. Берекелі үйдің кісіні үйіріп тұратын мол шуағы болады».
Келіндерін сөге жамандамайтын. Білмегенін үйрететін. Қандай сиқыры бар екенін қайдам, мүйізін бұлғаңдататын тарпау сиырдың өзі бар-жоғы бес минуттың ішінде жуаси қалатын. Менің зайыбым Баян келін болып түскенде сиыр саууды білген жоқ. Оған анам үйретті. «Қорықпа, қасыңда мен тұрамын» деп дауысын көтере сөйлеп, сиырдың жүрегінің түгін басатын. Жалпы, Баян ғана емес, үш-төрт келінінің барлығы да шешемнің ақыл-кеңесін, шапағатын алды. Олардың ең алдымен тату-тәтті болғанын қалады. «Жалған өмір біртұтам сәттей болады екен, қарақтарым! Болмашыға ұрысып-ренжіспеңдер, тату болыңдар!» – деп, Баянға қарап: «Балаларға, келіндерге еге бол, шырағым!» деп айтқаны бар. Бұл – абысындардың татулығын ойлағаны. Олар тату болса, ағайын адамдар тату болады. Содан болар, тіпті бауырлардың арасында «Сенің балаң», «Менің балам» деген болған жоқ. Барлығын бірдей көрдік. Керек десеңіз, ағамның үш баласы біздің қолымызда тұрды. Мінезі тік ағамызға балаларының кемшілігін айтып, шағымданған кезіміз болған жоқ. Өзіміздің туған баламыздай көріп, мәпелеп өсірдік. Ағамның үш баласына қамқор болу да анамның қалауы еді. Қасымызға көшіріп алып, бауырымызға басып, өнегелі тәрбие бердік. Олардың өздері қазір келін алып, қыз ұзатып, жеке-жеке үйлі-жайлы болып отыр. 
Ер мінезді еді ғой анам. Осы мінезіне байланысты бір жағдайды айтайын. Сара қарындасымды Арыс ауданынан Түркістанға көшіріп әкелген болатынмын.  Екінші баласы Ораза айы басталған кезде үйленіп, тойын өткізу үшін бір өзбек әйелдің тойханасына кезекке жазылдық. Ол кезде Түркістанда тойхана бірен-саран. Менің жаныма қатты батқаны – өзбек әйел біздің тойды жұма, сенбі, жексенбіге емес, дүйсенбі күнге қойыпты. Осыған ашуланып, тойхана салуға кірістім. 2000 жылы «Сарыарқа» тойханасын салдым. Оның құрылысына менің де, қарындасым Сараның да қыруар қаржысы кетті.
Бір күні үйге түскі тамаққа келсем, Сара қарындасым отыр. Амандасып, хал-жағдай сұрадым. Шешем: «Шырағым, шешініп, жаныма жайғас. Мен саған бата берейін» деді. Ойымда дәнеңе жоқ, анамның жанына тізе бүккенім сол еді: «Қарындасың  Сара төркіндеп келіп отыр. Бүгіннен бастап «Сарыарқа» тойханасы Саранікі болады, сенің алашағың да, берешегің де жоқ, той істесең ақшаңа істейсің. «Аға болсаң – ақыл айт, ақыл айтсаң – мақұл айт, әумин!» демесі бар ма?
Ләм-мим деп ауыз аша алмай отырып қалдым. Сөйтсем, Сара қарындасым төркіндеп келіп, жағдайының қиын екенін анама айтқан. Оны жақсы түсінген шешем: «Қазір Рән (анам мені осылай атайтын) түскі тамаққа келеді, мен саған «Сарыарқа» тойханасын алып беремін» демей ме?!. Анамның ақылдылығы ғой, маған қалай жеткізудің де жолын тапқан. Қазақтың ежелгі салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бойынша қыз бала төркіндеп келіп қалауын айтса, меселін қайтармаған. Анам  «Сара ағасына төркіндеп келді, қалауын бергенің жөн» деп осы жолды таңдаған ғой. Уәж айта алмайсың. Айтқан күнде де анамды ренжітіп алатынымды білдім. «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» деген, анамның кесімді сөзіне келіскенім бар.
Ол-ол ма, шешем: «Шырағым, Рәнжан, жеке басыңның байығаны болмайды, жан-жағыңдағы бауырларыңа да көмектес, қолғабыс жаса!» – деп тағы бір жауапкершілікті мойныма ілді. Сондағы айтқаны: «Мүмкіндігің бар болып тұрғанда, бауырларыңның бәріне үй салып бер!» – деді. Анамның сөзін жерге тастай алмадым, уәде бердім. Көп уақыт өтпей уәдемді орындадым.
Анам қарулы болатын.  Басына әкемнің бөркін киіп алып, малдың аяғынан байламай-ақ кеңірдегінен іреп, сойып жіберетін. Бір күні он шақты жігіт бір асау өгізді машинаның қорабына шығара алмай жаттық. Шешем үйден шықты да: «Әй, екеуің машинаның үстіне шығып, басын тартып  тұрыңдар!» деді де өгіздің құйрығын бұрап жібергенде, өгіз атқып, көліктің үстіне бір-ақ шықты.
Қырықтық кезінде анамның шеберлігіне ешкім ілесе алмайтын еді. Ұжымдық шаруашылықтың қойын қырқуға күніне оншақты адам келеді. Сол оншақты еркек пен анам күніне елу қой қырқуға жарысқа түседі  ғой. Еркектер бір қой қырыққанда шешем төрт-бес қойды тақырлап тастайтын болған. Елу қойды анам бірінші болып қырқып, бітірген. Ол – ол ма, анам әлгі оншақты кісінің таңертеңгі, түскі, кешкі тамақтарын әзірлеп, арасында айран-сүтін жасап үлгереді екен. Не деген, іскер десеңізші! Анамды сыйлағаным сонша, бөлмесіне ешқашан рұқсатсыз кірген емеспін. 
Міне, менің анам ел аузынан тастамайтын, құрметтеп, сыйлайтын, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын, бала-шағасы мен бауырлары үшін құрақ ұшып жүретін, кең жүректі, кең пейілді, керемет адам еді.
 

1726 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы