• Айтарым бар...
  • 31 Наурыз, 2024

ОҚЫҒАНДА КІМ БОЛАМ?!

 (Құлагер ақын Ілияс Жансүгірұлын қайта оқығандағы толғаныс) 

 

Білім алу, оқу –  қашан да маңызды, өзекті мәселе. Ізденген, талаптанған жұрт білімнің теңіз-мұхитына еркін түсіп, ғылым арқылы өсіп-өніп, көктеп, дамып барады. Ғылымы өскен, дамыған елдің тұрмысы түзеліп, әлеуеті жақсарып, экономикасы күн сайын қарыштайды. Осы күні АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, Израиль сынды алпауыт мемлекеттер қалай ылдым-жылдым дамыса, соғұрлым өркениет орталығына айналып барады. Соның бәрі білімге ден қойып, ізденіп, уақытты тиімді пайдаланып, озық идея, жаңа өнім ойлап тапқаннан болған олжа, мерей. Ізденген, талпынған жұрт мұратына жетіп, білімнің игілігін көріп, екі ұрты майланып, мейманасы тасып жатыр. Ал ізденбеген, білім-ғылымға ден қоймаған жұрт қараңғылықтың құшағына мықтап маталып, көштің соңында қалып барады. Сәт сайын дамыған жаңа технология көзді ашып-жұмғанша өзгеріп, жаңашаланып, түрленеді. Ал санасы оянбаған жұрт әлі де сол табалдырықтан төрге оза алмай жатқаны жатқан... 
ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік ахуал баршамызға белгілі. Отарланған Орталық Азия мешеуліктің зардабын тартудай-ақ тартты. Отарлаған Ресейдің де сиқы нашар-тын. Сол кезеңде өзге жұрт телефон, радио, теледидар, көлік ойлап тауып, әлемді таңдай қақтырып жатқан-ды. Өткен ғасыр басындағы қазақтың шөкімдей оқығандарының санасы сергек, қиялы ұшқыр, білім-ғылымға деген махаббат, сүйіспеншілігі тым ерекше еді. Олар шетінен алғыр, ізденімпаз, сұңғыла болатын. Мыңдаған жыл сақараны кезіп, кенезесі кеуіп, сусаған жолаушыдай ілім-білімге мейірімі қанбай, ізденгеннің үстіне ізденіп, оқығанның үстіне оқып, бір емес, әлденеше оқу орнын тауысып, уақытпен жарысып, бодандық құрсауындағы алаңсыз, қамсыз жұртын оятуға күш қосып, беймаза шақта халқына азаттықтың жолын нұсқаған сол ерлердің шығармаларына зер салсаң, бүгінгі қазақтың басындағы мәселені қозғап, жырлап тұрғандай күй кешесің. Мәселен, ақын, жазушы Ілияс Жансүгірұлын алайық:
Аяулым анам, аман бол!
Ұлықсат қыл, оқимын.
Оқығанда кім болам?
Жанарыңа нұр болам, –  дейді.  Иә-иә, бұл бала күнінен тәртіпті, жүйелі білім алуды армандаған ақынның ойы, арманы мен мұраты. Ілияс төрт жасында анасынан айырылып, әкесінің тәрбиесінде өседі. Әкесі Жансүгір ескіше сауаты бар, қазақтың ескі қисса дастандарын, ән-жырын жатқа білетін кісі. Шеберлігі бар ұста. Шаруа адамы еді. Ілиястың сауатын ашып, Құран әліппесін жаттатып, арабшаға тілін сындыртқан. Ақын өзінің білім алуы турасында: «Шүу дегенде әліпбиден әкем өзі оқытты. Иман шарт, Әптиектің ежік сүресінде сүйретіп жүріп, Құранға түсірді. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге салушы еді», деп жазады. Әкесінің ойынша білім деген «Қой серкештік хаты болса, о дүниеде аузында иманы болып, бес мезгіл намазы болу» еді. Ал талапты Ілиястың іздегені – дін ілімі емес, дүние ғылымы тұғын. Аңсары ауып, сағына іздегені өркениетті елдердің әдебиеті мен мәдениеті. 
Ілиястың қалыптасуына оң ықпалын тигізген екі нәрсе бар. Бірі – «Қазақ» газеті, екіншісі – Абай хакімнің тұңғыш өлеңдер жинағы. Міне, осы «Қазақ» пен «Абай» өлең-жырға әуес бозбаланың азамат ретінде қалыптасуына айрықша әсер етті. Әсіресе, Абай өлеңі өнерге таласы бар талаптының ой-санасына өшпестей із қалдырады. Ендігіде Ілияс өлең сөзге жеңіл-желпі қарамайды. Өлең жанрының табиғатын терең түсініп, Абай биігіндегі өреге жетуді мұрат қылады. Жалпы Ілиястың шығармашылық жолын екі кезеңге бөлсек, Абайға дейінгі және Абайды танып, оқығаннан кейінгі деп бөлуге болады. Және бұлай бөліп, қарастыруымыз заңды әрі әділ баға болмақ. 
Ілияс ақынның 1915-1916  жылдары жазған «Оқу» деген өлеңіне назар аударсақ:
Қарайыңқы көңілді аппақ қылған бұл оқу,
Түк білмейтін мақауды тақ-тақ қылған бұл оқу.
«Тұтқасы» деп тұрмыстың мектеп құрған бұл оқу...
Жаратқанның бірлігін сақтап тұрған бұл оқу.

Ынтымақтың тірлігін жақтап тұрған бұл оқу,
Адалдық пен анықты мақтап тұрған бұл оқу.
Күннен күнге молайып, аттап тұрған бұл оқу,
Аспан да жерге көрік боп, ат боп тұрған бұл оқу.
Алысқа да тіл болып, хат боп тұрған бұл оқу, – дейді. Оқудағы мұрат – адамның тек физиологиялық тұрғыда ғана өсуі емес, керісінше, рухани тұрғыда өсіп, парасат-пайымының кеңеюіне жол ашу. 
Абайды оқығаннан кейін Ілияс мүлде өзгерді. Өлеңге, өнерге Абай өлшемімен қарап, Абайды ұстаз тұтты. Өз естелігінде: «Абай  артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-қайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды», дейді. Демек, ақынның алғашқы қадамы Абай шығармашылығына еліктеуден басталды. Ілиястың «Балдырған» деген алғашқы кітапшасындағы өлеңдердің дені Абай үлгісінде жазылған. Абай ақындық мектебіне өлеңі арқылы шәкірт болған жас ақын ізденіске түсіп, өз жолын, сүрлеуін тауып, Абай түрлеген қазақ өлеңсөзін жаңа биікке көтеріп, эпикалық кең тынысты өреге көтеріп, өз қолтаңбасын қалдырған Ілиястың «Құлагері» мен «Күй», «Күйшісі» оның шығармашылығының шыңына айналды. 
«Оқығанда кім боламын?!» деп өзіне сауал қойған шайыр әр жылдары Алматы мұғалімдер семинариясы, Ташкент педагогикалық институты, Мәскеу Журналистика институты оқу орындарында оқып, кәсіби журналист ретінде қазақ руханиятына айрықша қызмет қылды. Қысқа ғұмырында бар талант-қабілетін елінің игілігіне жұмсады. 
 Ілияс ақын табиғатынан өнерлі жігіт болған. Оның өскен, өнген ортасының өнерлі, дарынды болуына зор ықпалын тигізгенін алдыңғы тараушада айтқан болатынбыз. Иә, шындығында Ілияс ұста әкесі Жансүгірден, өкіл әкесі Молықбайдан, шешен әрі ақынжанды атасы Берсүгірден қазақтың небір ұлағатты сөзін, тарих шежіресін естіді,  ән-күй, жыр тыңдады. Өзі де құймақұлақ болып өскен соң, бала жасынан өнердің қыр-сырын тануға, білуге ұмтылды. 
Ілияс әр жылдары педагог, журналист қызметінде жүрді. Сол жылдары барған жерінен қазақтың ескі сөзін жинап, білмегенін сұрап, түртіп алып жүретін. 
Ілияс – ән-күй тарихын зерттеген, ұлттық музыкалық мұраны хатқа түсірген үлкен өнер зерттеушісі.  Ақын қазақ ән-күйін нотаға түсірген әйгілі композитор, музыка зерттеушісі, «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағын алғаш болып иеленген Александр Затаевичпен өте жақын шығармашылық қарым-қатынаста болған. Ақын А.Затаевичке Жетісу ән-күйін орындап, нотаға түсіруіне көмектескен. Сонымен қатар, Ілияс музыкатанушының «Қазақтың әні» кітабына өз қалауымен қазақтың мықты тұлғаларының әнін орындап, жаздырттырады. Осы оқиға туралы журналист-зерттеуші Тілекқабыл Боранғалиұлы «Еңбекші қазақ» әндері» деген кітабында: «Жетісу губерниясының ән мұрасынан бөлек жинақ дайындап жүрген этнограф Ілияс орындаған үш үкілі шығарманы болашақтағы «Қазақтың ән күйіне» енгізбек. Үшеуі де басқа өлкенің әндері. Шығармашылыққа ұқыпты әнші айтқанының сөзін нота арасына сыналай жазғызып, соңына аудармасын қоса тіркетіп, жинақтаушының жұмысын жеңілдетіп беретін», депті. 
Ілияс ұлттық музыка өнерінің жанашыры ретінде  «Нотаға алынған күй шығыс күйлері», «Ән, әншілер жайында», «Қазақ күйлері жиналсын» деген проблематикалық көлемді мақала жазған. Аталған мақалаларында жоғалып бара жатқан қазақ ән-күйін хатқа түсірудің маңыздылығын айтып, өзі бұрыннан естіген кейбір ән-күйдің тарихын айтып, қазақ өнерпаздарының тағдыры турасында келелі ойларын ортаға салған. 
Ілияс – қазақ театр өнерінің дамуы мен өркендеуіне бір кісідей үлес қосқан театртанушы. Ол –  тек драмалық шығармалар жазып қана қоймай, театр өнерінің болашағына алаңдап, сын жазып, классикалық өнер мәдениетін жетілдіруге өз пікірін тұрақты білдіріп отырған сыншы. Мысалы, «Еңбекші қазақ» газетіне (1929, 30 қыркүйек) жазған «Театр туралы» мақаласында актерлердің ойынынан бастап, декорация мәселесіне дейін түгел талдап, мінін көрсетіп және оны қалай түзеп, жақсартуға болатынына дейін саралайды. «Ойын туралы кітаптарымыз» мақаласында пьесалардың тілі, оның драматургия теориясы мен қағидаларына қарай қалай жазылғандығын тілге тиек етсе, «Сахнадағы әйелдер», «Театрдың ойнауы: Жалпы кемшіліктер. Құрманбек. Қалыбек. Серке. Жамбике» мақалаларында театр әртістерінің ойнау шеберліктерін және актерге қойылатын талаптар, жаңа репертуар қандай болуы керектігі турасында өзінің батыл ойларын ашып жазған. Сонымен қатар, ақын «Театр мамандарын дайындау» деген мақала жазып, кадр даярлаудың мәселесін көтеріп, Қазақстанда театр мамандарын дайындайтын арнайы оқу орны болуы керектігін талқылайды. 
1933 жылы Қазақ көркем әдебиет баспасынан Ілиястың белгілі әдебиет сыншысы Ғаббас Тоғжановпен бірігіп жазған «Қазақтың театр өнері туралы» кітабы басылып шығады. Бұл кітапта қазақ ұлттық театр өнерінің тыныс-тіршілігі жан жақты талқыланып, актерлік құрамның өнері бағаланып, кемшіліктері де көрсетілген.  
1930-1932 жылдары Ілияс Алматыдағы Қазақ театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры)  әдебиет бөлімін басқарған. 
Ілияс Мәскеуде оқыған жылдарында Үлкен және Кіші театрға жиі барған. Орыстың атақты ақындарының поэзия кештеріне қатысқан. Сондықтан ол енді-енді жетіліп, қадамын қаз-қаз басып келе жатқан қазақ театрына үлкен талаппен шарт қойып, эстетикалық тұрғыдан сынауы да заңдылық. Мәселен, Ілияс былай деп жазады: «Қанша шешен, қанша ділмар болғанмен, көп сөз, ұзақ сөз театрда әсер бере алмайды. Сахна – сөздікі емес, көздікі. Театрда құлақтың қызметі екінші кезеңде. Сөзді халық түгел естімейді, қимылды түгел көреді. Халық ойнаушыдан қимыл күтеді». Расымен де, драматургияның ең негізгі элементі – сөз емес, іс-қимыл, қарекет. Спектакль кілті  – қозғалыс. Пьесаны қызыл сөзбен мың жерден көркемдесең де, іс-қимыл, қозғалыс болмаса, спектакль нашар, әлсіз шығады. Бұл тек Ілияс жазған заманның ғана емес, бүгінде театр өнеріне қойылатын талап шарт. Ендеше, Ілиястың осы сын сөзі өзінің мәнін жоймады. 
Ілияс Жансүгірұлы – қазақ кино өнерінің қалыптасу тарихының бастауында тұрған азамат. 1928 жылы советтік билік шығыс халықтары туралы көркем фильм түсіру жұмысын қолға алады. РСФСР Халық комиссариаты жанынан Бүкілодақтық «Востоккино» компаниясы (1928-1935) құрылады. Кинокомпанияның құрылуына себепкер Б.Котиев, Т.Рысқұлов, В.Атарбеков сынды совет билігінің белгілі қайраткерлері болатын. 1929 жылы Алматыда аталған компанияның өндірістік бөлімшесі ашылып, Ілияс Жансүгіров «Қазақстан Востоккино» тресінің бөлімше жетекшісі болып тағайындалады. Осы жауапты қызметке бекітілген соң, қазақ киносын дамытуға кіріседі. Киносценарий жазады. Басқа да жазушыларды киносценарий жазуға шақырады.
1930 жылы кинорежиссер Ефим Арон «Дала әні» кинокартинасына сценарий жазғанда Ілияс қазақтың әдет-ғұрпы, салт-санасы, мәдениеті жөнінде кеңес берген. Аталған кино Баянауылда түсіріледі. Ілияс кино түсірілген уақытта сонда болып, шығармашылық ұжымға жетекшілік жасаған. Ілияс сол фильмде қазақ атқамінерінің рөлін сомдаған. Дәл осы кездегі ақынның фотосуреті сақталған. Архивтегі фотоны алып қарағанымызда, суреттің артқы жағына: «Атқамінер. Кереку округінде, 1930 жыл» деп жазылған. 
Ілияс 1930 жылы түсірілген «Қазақстанға жол» фильмінің консультанты болған. Картина Қазақстанның Алматы, Семей, Риддер, Өскемен, Ақмола, Кереку сынды бірқатар көрікті жерлерінде түсірілген. Ілиястың осы фильмге бас кеңесші болып бекітілгенін және фильмнің түсірілу барысын растайтын архив құжаты мен фотосуреті барын айта кетейік.
Ақын 1931-1932 жылдары Қазақстан үкіметінің тапсырмасына сәйкес кино саласында өнімді еңбек етеді. Ілияс алғаш рет  қазақ киносы туралы мақала жазады. «Мың мылқауға тіл бітті» («Еңбекші қазақ» газеті,  4.11.1930) деген осы мақаласы қазақ кинотану ғылымының бастауында тұрған жолашар материал. Автор аталған мақаласында кино өнерінің табысы мен жетістігін, шешілмеген түйткілдерін көтерген. 
1921 жылы Ілияс танымал түркітанушы фольклорист Әбубәкір Диваевпен бірге Жетісу, Сырдария экспедициясына қатысқан. Осы экспедиция аясында Ілияс Лепсі, Қапал, Көксу елдімекендерін аралап, Бақтыбай Жолбарысұлы, Сүйінбай Аронұлы, Түбек ақын, Құл ақын, Орынбай ақын, Әсет Найманбайұлы сынды ақындардың сөзін жинап, ел қорғаған батырлар туралы деректерді жазып алады. 
Ілияс әр жылдары тарихта ұмыт қалған ақындарды түгендеп, ел аузынан естіген, жиғанын жазып тұрған. Мысалы, «Бөлтірік сөзінен» («Жаңа мектеп» журналы, 1926, 9-10 нөмірлері) деген мақаласында әйгілі Бөлтірік шешеннің сөзін жазып, ел есінен шығып бара жатқан тұлғаны насихаттайды. Сонымен қатар, халық ауыз әдебиетін жинаушы Ілияс Біржан салдың, Жетіру Шаманың, Әсет пен Кемпірбайдың, Ақан сері мен әнші Қалидың өлеңін, сөзін жазып алады. Әйгілі ақын Сүйінбай Аронұлының «Сүйінбай ақын» (1935) деген кітабын шығарған. Сүйінбай сөзін жинап, алғысөзін жазып, атын ардақтайды.  
1933 жылы Абай Құнанбайұлының 90 жылдық мерейтойының қарсаңында бас ақынның шығармалар жинағын құрастырып, Абай туралы көлемді кіріспе мақала жазып шығарады. 
1934 жылы Ілияс Албан Асан ақынның «Ақырзаман» деген кітабын шығарады. Ә.Диваев экспедициясымен жүргенде Нарынқол барып, Асан ақын туралы, оның өлеңдері туралы мәлімет жинаған. Кейін соның басын құрап, «Албан Асан сөздері» деп алғысөз жазып, мұрасы жиналмаған ақынды ұмыт қалмасын деп халыққа танытқан. 
1935 жылы Ілияс Қазақ СССР Халық Ағарту Комиссариатының (министр Темірбек Жүргенов) жолдамасымен тарихи фольклорлық мұра жинау мақсатында Мәскеу, Ленинград, Орынбор, Қазан, Самара, Астрахан, Батыс Қазақстан облыстарына іссапарға барады. Атырау мен Оралдан, Еділ бойындағы Самара, Орынбор, Астраханнан мол мұра жинап, Исатай мен Махамбет көтерілісі туралы біршама дерек қамтып, қазына қарттардың әңгімесін жазып алады. Осы сапардағы жиналған материалдарының нәтижесінде «Көбік шашқан», «Исатай» поэмаларын жазады. 
Ілияс әр жылдары «Жаркент оязында», «Лепсі оязында», «Жыл деректері», «Ұзынағаш соғысы» сынды тарихи мақалалар жариялаған. Осы тарихи деректер негізінде ақын «Мақпал», «Рүстем қырғыны» поэмаларын, «Жолдастар» романын, «Сатан» хикаясын жазды. 
Әрине, тағдыр дауылы кері айналып соққанда, Ілияс Құлагердің күйін кешіп, қатарлас Батыраштардың көрсетуімен мерт болды. Арманына жетті деп айту – қиын. Десе де «Оқығанда кім боламын?!» деп оқыған соң, білімнен бақытын тауып, мұқым қазақтың арда ұлына айналды. Меніңше, ол арманына жетті. Ел алдындағы қаламгерлік-перзенттік парызын, қарызын адал өтеді. 
Бүгінгі қазақтың баласы да «Оқығанда кім болам?!» деген сұрақты өзіне ерте жастан қойғаны абзал. Бұл – риторикалық сауал. Сұрақты өзің қойып, жауабын да өзің бересің. Алаш заманындағы қазақтың ірілері осындай зілбатпан сауалды өзіне қоя отырып, мешеу қалған халқының тағдырына, баянсыз ғұмырына көз тастай отырып, әрі ашынып әрі намысқа тырысып, өзін ғана емес, бүкіл ұлысын бақытқа кенелтемін, ауылымның тұрмысын жақсартамын деп аса керекті, аса қажетті мамандықты таңдап, «Ай мен күн болуға» ұмтылып-ақ бақты... 
«Оқығанда кім болам?!» деген сауал тек бүгіннің сұрағы емес. Бұл иірілген белгі ертең де, арғы күні де, болашақта да қойыла береді. Бұл – адамның кемелдікке ұмтылмайынша өз-өзіне қайта-қайта қоя беретін басты сұрағы болмақ. «Жақсылық көрсем де, жамандық көрсем де – өзімнен» (Сұлтанмахмұт Торайғыр) демекші, тайғанақ өмірде құлап, сүрініп жатсаң, өзгені емес, өзіңді кінәла! Тағдырың өз қолыңда емес пе еді! 
Иә, замандас, сонымен, оқығанда кім болмақсың?!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
балалар жазушысы, әдебиеттанушы,
 «Дарын» мемлекеттік жастар 
сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

1798 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы