• Айтарым бар...
  • 31 Наурыз, 2024

Мемлекет – халықшыл, халық – мемлекетшіл болса игі...

Жаңабек Тойбазаров,

журналист
 

Бүкіл әлемдердің раббысы, бәрімізді жоқтан бар етіп жаратқан Алланың атымен бастаймын...Осындай тамаша заманға, тәуелсіздікке жеткізген, «мың өліп, мың тірілген қазақтың» мәртебесін жалпы адамзат алдында көтерген Аллаға мың да бір шүкіршілік айтудан ешқашан да шаршамаймыз.Ендеше Алты Алашыма мен де бір тұнық ойлардан туған ойтолғауымды ұсынуды жөн көрдім. Әлқисса, бүгінгі қазақ – кешегі қазақ емес. Ғасырлар бойғы империялық құлдықтан арылды, шаңырағын түзеп, керегесін қадады, іргесін қымтады. Әлем қауымдастығында ойып тұрып орнын белгілеп алды, туған тілімізге де мемлекеттік мәртебе беріп, дінімізді діңгегіне бекіттік. Жастарымызды білімге бағыттап, спорт әлемінде де айтарлықтай жетістіктерге жетіппіз. Салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлттық арнасына бұрдық. Хандарымызды тағына, батырларымызды тұғырына қондырып, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған, елім, жерім деп жандарын құрбандыққа шалған ұлт көсемдерін, алаш арыстарын төл тарихымызға қайтарып алдық. Айта берсек, жалпылай алғанда қазақтың өткен-кеткен олқылықтарын орнына келтіріп, әлемге бейбітшілік сүйгіш халық ретінде де жақсы танылдық. Хош, бәрі де орынды, бәрі де жарасымды! «Біткен іске – сыншы көп» демекші, тәуелсіздіктің бесігінде тербелген мамыражай жылдарда ел басқару тізгінін мығым ұстаған билік өкілдері тарапынан қасақана, сондай-ақ білместікпен жіберілген қателіктерге талдау жасауды саясаткерлер мен тарихшылардың еншісіне қалдырайық та, негізгі мәселеге көшелік. Уақыт ұршығы зыр-зыр етіп айналып, заман көшінің керуені тоқтаусыз алға қарай жылжып бара жатыр. Тәуелсіздік таңы атып, іргедегі  алып  Ресейдің құрсауынан босап шығып, бас киімімізді аспанға атып, батырлар жырын, тәуелсіздік жырын жырлап жүрген ұлтымыздың негізгі моральдық, материалдық жағдайлары заман талабына неге сай емес, ата-бабадан мұра болып қалған ұлттық байлығымызды ат төбеліндей аз ғана топ өкілдері қашанға дейін құзғындарша бауырларына басып, азат халқымызға ертегі айтуды қашан қояды   деген сауал мені жиі-жиі мазалайды. Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз дейміз. Сонда ескі Қазақстанның, ескі жүйенің жемқор басшылары ешқандай жауапқа тартылмай ма? Әрине, жаңа сайланған үкімет басшысы бұл мәселеге байланысты Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан нақты тапсырмалар алған сияқты. Ең бастысы сең қозғалды.Отыз жыл бойы ел байлығын опырып жеп, жең ұшынан жалғасып, шетел асырған жүйенің бетпердесі қасіретті қаңтар оқиғасынан бері біртіндеп ашылып жатыр. Жемқорлардың аттары аталып, ұсталып жатыр, қолды болған халық қазынасы мемлекетке қайтарылып жатыр деген сансыз ақпараттардан көзің сүрінеді. Былай қарасаңыз, бәрі рет-ретімен жасалып жатқан сияқты. Өкінішке қарай халық қазынасын жекеменшікке айналдырып, бауырына басып алған алпауыттар саяси сахнадан кеткенімен, алыстан билікке араласпаса да, кері әсерін тигізіп тұрғаны белгілі жағдай. Мұны қазіргі билік те жақсы білгенімен, бірден батыл қадам жасамауында саяси сыр бар сияқты. Нақтылап айтар болсақ, тамыры тереңге кеткен жемқор жүйені құрту үшін жаңа Қазақстанға талай жылдар керек. Қарапайым халық бәрін біліп те, көріп те отыр. Бірақ халық белсенді емес, саясаттан тым алшақ. Себебі, қоғамда азаматтарға арналған жариялылық қарастырылмаған. Саясаттың шебер актерлары қатаң  жауапқа тартылып, халқымыздың қазынасы сақталатын  тайқазанның қақпағы сенімді қолға тапсырылуы шарт! Сонда ғана ұлттық мүдде, ұлттық мұраттар, ұлттық құндылықтар туралы сөз қозғап, болашақ ұрпақ алдындағы парызымызды адал атқаратын боламыз. Арысы қаһарлы хандарымыз бен айбатты батырларымыздан,  берісі ұлттық мемлекетіміздің іргетасын қалаған Алаш көсемдерінен бізге аманат болып жеткен Қазақ Республикасының негізгі қожайыны – қазақ ұлтының моральдық, материалдық жағдайын жасап, өркениетті елдер қатарына көтеру – бүгінгі ел тізгінін ұстаған көшбасшы азаматтарға тікелей байланысты екенін қайталап айтқым келеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мемлекет – халықшыл, халық – мемлекетшіл болғанда ғана ұлтымыздың болашағы жарқын  болары сөзсіз. Яғни, менің мемлекетім, менің ұлтым, «әр қазақ – менің жалғызым»... Ұлттық мүдде бәрінен де жоғары болуы керек. Келешек үшін бәріміз жауаптымыз!

1716 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы