• Айтарым бар...
  • 31 Наурыз, 2024

Уақыттың күрсінісі есейткен...

Жанар Рахатқызы

Ымырт басса ымдасады кеңістік,
Ойға орап естелікті ең ыстық.
Мен бірінші кеткім келген өзіңнен,
Ал арғысы ештеңе емес еміс түк...
Қайтар жолдар қалды солай күрмеліп,
Түсінісу түнге қандай күрделі...
Құбыласы түгел емес біздегі
Сезіміміз бола алмады іргелі.
Сүрмегендей қатар жүрген ғасырды,
Жүрегімнен есіміңді жасырдым.
Сүйіп тұрып ұмыттым да өзіңді,
Тағдырымның мойынына асылдым.

***
Жалғыздық төреші, ал есеп…
Теңесті!
Ойынның шарты жоқ!
Ол ойын еместі…
Менде жоқ, сіздегі бітпейтін ереже,
Есепті сезімдер, жəне де ой есті.
Жалғыздық – жын қонған ақиқат,
Маған жақ,
Кері оқылып тағдырым, оралды-ақ.
Керексіз күнделік өртеніп кеткендей,
Дерексіз естелік уақытқа тоналмақ…
Жалғыздық екеу боп, түндерде ол білсе,
Сыңары сіз болмас сезімің көзге ілсе,
Есептен жаңылып!
Ал менде шексіздік –
Басқаға, есепсіз, өлшеусіз, өзгеше…

***
Өз биігімде өзіммен таластым,
Өзіме өзім түрме де қаластым.
Тоңып үлгердім құшағыңда отырып,
Бәйшешек сынды қалған қар асты...
Қайтуға жол жоқ қалайша өткенде,
Барса келмеске аттанып кеткендей,
Байланып қалдым бауырмал ойларға,
Жарлық түскендей жасаған көктен де.
Өлшенеді немен тәкаппар биіктік,
Жарасатындай жабайы кісікиіктік.
Жарасады екен деп қалай жеримін,
Шықпаса да ештеңе... 
өлердей сүйіп түк!
Жалғыз күн келер желөкпе сеземін,
Ауырған сонша жүректе кеземін.
Есіл күндерді есінеп жүріп көп,
Несіне созамын?
Несіне еземін?!.
***
Тәңірден тілемес тереңімсің,
Қорқамын түсуге тереңдеп.
Тағдырдан сұрамас биігімсің,
Күтпеші келер деп елеңдеп.
Сыймайтын маңдайға берсе өмір,
Қимайтын тіршілік көзіне.
Аяулы адамдар болады,
Көнбейтін тірліктің тезіне...
Қосылу сезімнің шыңы емес,
Шыңы емес бір болу мәңгілік.
Кеудеме сыймайтын жүрекке,
Жүрсем де жалаңаш тәнді іліп.
Мен сені қызғыштай қоримын,
Пенделік ниеттен, сезімнен.
Сонан соң өлердей қорғаймын,
Ешкімге қимайтын өзімнен.   
***
Бөкен таудың бөтендігі есейткен,
Бекем болсын көп айтқандар есейткен.
Үрей үрген ішкі əлемнің бейнесін,
Көз алдымда көрсеткендер есейткен…
Кемсеңдеген күндер мені есейткен,
Күмілжіген түндер мені есейткен.
Біле тұра білмеуге де болатын,
Күнə барын үйреткендер есейткен!
Жалғыздығын үлгі еткендер есейткен,
Жауыздығын жыр еткендер есейткен.
Ақ ниеттен астар іздеп о тоба,
Көңілімді кір еткендер есейткен!
Қазан айы қазасымен есейткен,
Наласымен, жаласымен есейткен!
Ерте есейіп кеттің деумен кейіген,
Уақыттың күрсінісі есейткен…

***
Өткенімде өмір жоқ, жүрегі жоқ өткеннің,
Бəрін алып өзіме, жүрегіме  жеккенмін.
Уақыттан оздым ба, алды-артыма қарамай,
Осы шаққа əйтеуір өмір сүрмей жеткенмін...

Асығыппын құдірет, асқыныппын жасаған,
Тас атпайды сезімдей ешкім маған тасадан,
Екі өмірді арқалап жеткен жерім осы боп,
Сезім шалса аяқтан, кінəлі тек жас оған...

Түн жылаған сол күні, мен жылағам селт етіп,
Жыламауға сонан соң өз-өзіме серт етіп,
Серт еткеннен өзгерген ештеңе жоқ, ештеңе,
Кеудемдегі өмірім тұрып алды селдетіп!

Киесінен сескенді жұмыр еттің жас жаным,
Өзгеруі сезімнің болады екен қас қағым,
Байқамай да қалыппын, байқатпапты тəйірі,
Өзім болып барлығы өз бетіме басқанын...
***
Өкінудің, өтінудің кешігудің керегі,
Жүрегіңіз  шарасыздан иеді.
Кімге тағдыр сұрағанын береді,
Кім тағдырдың ұсынғанын сүйеді?

Кімге құдай бақ бергенде қадірлі,
Кімге құдай мұңсыз күнде жақын тым?
Өзімді емес, пендеміз ғой кəдімгі,
Жағдайын көп ойладым жақынның...

Ал сіздің бе, 
Мүсіркесін дегендей,
Сау басыңыз сақинаға сұранып,
Періштенің бар екені еленбей,
Айта салған сылтауыңыз тым анық...

Сіз дұғада болдыңыз ба, білсін кім,
Кешірімнің кегі қалды-ау деп менде.
Оралудың ойы бұзық түсіндім.
Кешірдім деп сыбырлаймын өткенге...

***
Бөкен таудың бөктерінде безгек мұң,
Қою түнмен жан қайғымды езбек кім?
Бөкендерің қайда ауып кетті екен,
Тастандысың сен де мендей сезбеппін... 

Қуанышы ауып кеткен ертеден,
Сенің бағың менікіндей келте де...
Жұбанышы бола алмаған жанымның,
Етегіңде ертеңімді өртегем. 

Ертең, ертең, ертең емес арғы күн,
Кінəлама мен де сендей арлымын!
Сендей суық, сендей тұйық болсам да,
Кешіргемін, кешіремін барлығын. 

Мен де сенің бөкеніңдей бір беткей,
Жанарымды, жастығымды кірлетпей,
Кеткім келген тым алысқа оралмай,
Көңілімді көгершінге күндетпей... 

Бірікпейтін ойлар, сезім, аңсарым,
Мен де бүгін арпалысып шаршадым.
Қасірет пен қасиеттің бастауы,
Туған елді,
Туған жерді аңсадым...

 


 

1629 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы