• Айтарым бар...
  • 31 Наурыз, 2024

Жеткен кезде жеңіске болсын тәубаң

Дүйсенбай Жаңғазыұлы 1951 жылы дүниеге келген. Ол Шынжаң тіл әдебиеті институтын әдебиет мамандығы бойынша тамамдап, еңбек жолын оқытушылық қызметпен бастаған.
«Өсер ұрпаққа», «Арман айғақтары»,  «Маржан сөздер»  атты жинақтары және «Сапар естеліктері» атты кітабы жарық көрген. 

 

Тіл өнері – інжу-маржан

Шешендерден сөз қалады інжу-маржан қанатты,
Ұлы толқын көк айдыннан шартарапқа таратты.
Жүйелі сөз, ұтқыр ойдың кемесінен әлемге,
Сұм ажалда, тар кешуден алып шықты қазақты. 
Өмір өтті, шешендердің сөзі қалды ұрпаққа,
Жөнге салып, тезбен басып талай жалқау-салақты.
Байыдым деп ісіп-кеуіп, тәкаппарлық еткенді,
Шешен тілдер, бір қадалса өзіне жалт қаратты.
Мақтаменен бауыздаған секілді от тілдері,
Жай отындай, түскен жерін, шашыратып таратты.
 Надандықтан арылуға нағыз адал болуға,
Тіл өнері, өткір тілмен жанған шоқпен таласты.
«Жақсы сөзді – жарым ырыс» деп ырымға санады,
Бірлік қылу берекенің айғағына байлапты.
Мың ойланып сан түйіннің дәл үстінен дөп басып,
Көркем тіл мен ана тілді бай мазмұнды жаратты.
Дами берсін шешендік тіл мұра болып халыққа,
Екшеп алар біздің қазақ оған өзі сарапшы. 

Туған жерге махаббат

Кең Текес адыр-қырқа шоқыларың,
Құнарлы қарақоңыр топырағың.
Меруерттей сыңғырлаған бұлақтарың,
Орманың бауларындай тоқыманың.
Астықтың қамбасындай кең салынған,
Жайлауда киіз үймен отырамын.
Әңгіме, қалжың айтып сейілдейтін,
Астаудай төңкерілген жоталарың.
Көк жайлау жаз жәннаты секілденіп,
Сары қымыз піскен сайын бұрқырауын,
Таза ауа жанға шипа сыйлағандай
Құлпырып түрленеді төксе жауын.
Малшылар алыс жерге атын тастап,
Гулетіп тау-таста жүр моталарын.
Текесім бүкіл елге атың шықты,
Қаласы қайталанбас  айланбаның,
Сап түзеп сегіз жаққа сегіз көшең,
Ортасы кіндігіндей Орбитаның.
Салынған қабат үйлер сәулетімен,
Көркімен асырғандай қала сәнін.
Жаның шипа іздесең бір барып қайт,
Ұлытау, Көксудағы арасанын.
Жаз болса саяхатты жерлер қандай,
Бүркеген қайың-талмен шатқалдарын.
Әйгілі Қаражонмен Тегеректе,
Көдек пен Таңжарықтар салған әнін.
Алтын дән ақтарылып диқанымда,
Тонналап толтырады қамбаларын.
Малшының кіріс артып, малы өсіп,
Егізден өргізіп жүр шаруаларын.
Халықтың әл-ауқаты өскен сайын,
Адамдар кәсіп ашып – шағын-шағын.
Бұрынғы отбасынан шықпайтындар,
Шынайы түсініпті өмір заңын.
Ендігі туған жерге тілейтінім –
Бұдан да арайлансын атқан таңың!

Өсер ұрпаққа

Көңілге қонып, үмітін елдің ақтаған,
Жаңалық болса жамырай халық мақтаған.
Даналар сөзін, асылдың өзін іріктеп,
Жауһарын теріп, жүректе мәңгі сақтаған.

Өседі ұрпақ ұстанып жолын бабаның,
Ақылы кеніш, үлгісін алып дананың.
Ол үшін Отан, отбасы мейір-сезімі,
Намысын шыңдар тәрбие көрген баланың.

Дүние мынау құбылып мың сан түрленді,
Жанашыр болсаң ұрпаққа үйрет білгенді.
Зымырап өмір керуені кетіп барады,
Артына тастап ұйқылы-ояу жүргенді.

Отбасы сыны – ұрпақтың қалай болуы,
Мұғалім, мектеп, тәрбие-тәлім қонуы.
Баланы бассыз өсірсең, соңғы мысалы,
Баптаусыз өскен гүлдердей оңай солуы.

Ұрпақтар негіз дәуірдің дәстүр-салтына,
Қалдырған мұра, тарих болар артыңда.
Негізі жақсы көргенді жердің баласы,
Қызмет қылар аянбай туған халқына.

Алдамшы

Талайға сеніп, шайылып жүрек қалыпты,
Маңайлап келіп, ішкенде бірақ  антты.
Апиын тектес әдемі сөзі суайттың,
Білдірмей бірақ жүректі жаулап алыпты.

Алдайды шіркін алдына оның барасың,
Елжіреп тұрса ешқашан болмас таласың.
Айтқанын беріп, тоңмайша еріп бір демде-ақ,
Бұрқ етіп торға түскенін сезбей қаласың.

Алданып қалып, күндер де өтіп барады,
Алдамшы қудың сиқырлы екен амалы.
Мансабын бұлдап, көзімен ымдап құбылып,
Суайттық екен әр минут басқан қадамы.

Өтірік сөзден талайдан көңіл қалыпты,
Қорқытып алған момындау жүрген халықты.
Өзінің ойын заңына балап мансаптың,
Қит етсе болды қылтитар алым салықты.

Біреуге сендім айтқанын бердім табанда,
Құжаттар үшін шапқылау қиын маған да.
Жетпеді шіркін жеті рет берген ақшамыз,
– Қиналма! – дейді азырақ жұмыс қалғанда.

Алдамшы арсыз қол жеткен жерде жүреді,
Парақор жегіш байланып алған тірегі.
Сыбайлас, сырлас олжаны қолдан жібермей,
Немене қажет бір-бірін жақсы біледі.

Алданып қалдық айтатын сөздің барысы,
Көңілге қылау түсірді қудың әр ісі.
Кәсібі осы, нәсібі түзден жаралған,
Жойылған екен алдамшы қудың намысы.

Парақор жегіш бар жердің бәрі алдайды,
Жоқ сылтау айтып қиындатар жағдайды.
Қатайсын заңың алмастан соққан қақпаны,
Парақор өлсе, алдамшы мәңгі болмайды.

Сырласайық ағайын

Мынау дәурен жылжып жүріп өтеді,
Жалған дүние кең ойласаң жетеді.
Ашық-жарқын, сырды бүкпей сырлассаң,
Көңіл кірі өздігінен кетеді.

Өзің ойлан, түсінісіп алайық,
Алды-артқа сабырменен қарайық.
Бәлкім сенен, мүмкін менен болды ма?
Ақыл сынды куәгерге барайық.

Сырласайық бүккен сырды ақтарып,
Мұқалттым деп, кеуіп-піспе мақтанып.
Досты жау деп шатастырма, тантыма,
Аңдып басқын аяғыңды сақтанып.

Кімдер бізге сырын айтып жолдаған,
Жақсы адам ғой, жақсы бол деп қолдаған.
Байқап көрсең кейбіреулер шыжылдап,
Бастарына ақырзаман орнаған.

Мүмкін тағдыр айналдырар басыңды,
Дойбы тектес қозғай берме тасыңды.
Ең дұрысы қалай өмір сүрсең де,
Әбден таны досың менен қасыңды.

Дос көргенді дұшпаныңа балама,
Өсек-өтірік, еліктеме қараға.
Түсінісіп кешіре алмай кектеніп,
Достан безіп қалып жүрме  табаға.

Сырласайық ашық жарқын ағайын,
Бұлыңғырлау өтпесе екен маңайың.
Сен жадырап жаз көңілмен келер деп,
Күтіп жүрмін ақ түскенше самайым.
Сырласайық, ағайын!

Өмір сапарында

Сіздермен ойнап күліп сау жүргенде,
Шет жүріп туған жерге мен келгенде.
Жаутаңдатып, жабырқатпай құшақ жайсаң,
Осы да ұзақ бақыт жөн білгенге.
«Әркімнің туған жері өзіне ыстық»,
Сағынып ойға аласың кей кездерде.
Дүние қарап тұрсаң көрген түстей,
Сағымдай өтіп жатыр өзгергенде.
Құдайым өзі жазған ырзығы бар,
Аллаға шүкір дерсің кез келгенде!
Қай жерде, қайда болсаң көңілді бол,
Дандайсып мақтанбағын сөз бергенде.
Біреуге ақыл айтсаң абайлап айт,
Кейбіреу сынап тұрар көз көргенде.
Өзің айт, айтпасаң да қолдау жаса,
Өнерлі ән-күйменен тербелгенде.
Ол сенің рухани жан дүниеңе,
Азық боп әсер етер меңгергенде.
Денің сау, басың аман жүрген тұста,
Досың көп көңілашар серуендеуге.
Бұл жалған көзін жұмып өте шығар,
Пендеміз сапардағы сен де, мен де.
Басыңа өмірге сай кәсіп болсын,
Бақытың баяндады төккен терге.
Өнерлі өнегелі ісің болсын,
Тарихта қалатындай елден-елге!
Мен – ақынмын
Мен ақынмын, көрікті көзге түспеген,
Балалық кезде еңбекті қатты істеген.
Өмірге құштар, сезіммен жазып өлеңдер,
Тұңғиық терең ойларға шомып түскен ем.

Мен ақынмын, Таңжарықша талпындым,
Сөздердің маржан сұрыптап алған алтынын.
Көдекше жазып шұбыртып ұйқас сарынын,
Өлеңнің сырлы, жақұтын тердім, қалқыдым.

Мен ақынмын, құлашын көкке сермеген,
Өлең – тұлпарым, бұл жолда талай терлеген.
Мөлдір бұлаққа жылқыдай құлар шұрқырап,
Арғымақтардай көрінер әлі көмбеден.

Мен ақынмын, асқар тау көрем Абайды,
Абай болам деп аптыққан көрдім талайды.
Ойқы да шойқы, қиуын таппай әр сөзі,
Сылдыр сөзімен бүлдіріп жүр ғой маңайды.

Ақынмын десең орынсыз мыжып тантыма,
Мөлдір жырыңмен бұлақ бол туған халқыңа.
Ғаламның сырлы, адамның түрлі мінін жаз,
Өлмес жырыңды мұра қып қалдыр артыңда.

Мен ақынмын, әлі де сынға түсемін,
Бал шырынды жемістей болып пісермін.
Мұқағалидай өмірдің мәнін өрнектеп,
Ашамын түбі, ақындық жырдың кісенін!

Сауысқан
Жан-жағына алақтаған,
Ала шапан – сауысқан. 
Құстардай қылып жаратпаған,
Шықылықтап алысқан.

Қатты аязға төсін қақтап,
Түнді күнге жалғаған.
Жемтік іздеп, үзіп-жұлқып,
Құз-қиядан самғаған.

Әрбір жерде жылмың қағып,
Ұшып-қонып тынбаған.
Өлексе көрсе аңдып барып,
Деп қуанар сыбағам.

Айуандардың арқасына,
Қансоқта үшін қонады.
Айуан қатты батқасын ба?
Мөңкісе мәз болады.

Тамақ үшін озбырлықтан,
Түбі зиян көреді.
Сақ болғанмен қу сауысқан,
Сұқтығынан өледі.

Көңілденсең...

Көңілім шалқып кетер жаза берсем,
Және де ақтарамын, таза көрсең.
Талабым ызыңдамай – айғай-шудан,
Азырақ тыныстауға маза берсең.

Дегенмен арман биік көңілденсең,
Асудан аса аласың ерінбесең.
Мұратқа жету үшін ең бастысы,
Тәуекел белді буып, өзіңе сен.

Жоғары ұста рухты басқалардан,
Жігер беріп жебейді асқақ арман.
Көңілденсең қызығып бір нәрсеге,
Жеткен кезде жеңіске болсын тәубаң.


Өмірдің өгей
күндері-ай!


Қайсар болып өмірдің көрсеткенін,
Жеңе білем тозса да тон шекпенім.
Қалам алып, шабытты жани берем,
Жаза берем өмірдің өрнектерін.

Жылт көрінсең күндесің күңкілдейді,
Аузын бассаң арт жағы бүлкілдейді.
Бабын тапсаң бас ұрып, қорықты деп,
Қожайындай қойқаңдап дүңкілдейді.

Жолдан тайсаң «шоқ-шоқ» деп  жала жабар,
Үйден-үйге қыдырып айтып хабар.
Қашан  оның анығын ел ұққанша,
Шыбын жаның шырқырап әрең қалар.

Мынау бақыт күндерім тылсым сурет,
Тұйықсыздан жабылды өсек гулеп.
Өгей өмір секілді бұл күндер,
Ақиқатқа тапсырдым өзің біл деп.


Бір сәтсіздік, бір сабақ


Өмірдің мына күйбеңі,
Бұрылыс соқпақ жол екен.
«Жығылған тоймас күреске» –
Дегені қазақ жөн екен.

Қалыпты жұмыс болғанмен,
Дүние болу, жоқ екен.
Бір сәтсіздік – бір сабақ,
Үйренер істер көп екен.

Сондықтан оған өкінбе,
Өмірдің заңы осылай.
Жеңілсең одан сабақ ал,
Күдерді үзбе шошымай.

Айдан аппақ ешкім жоқ,
Жүзімен күнді бүркеген.
Жеңіспенен жеңіліс,
Өмірге енші тіркелген.

Қыс болса жаз да шығады,
Көктемнің күні күлімдеп.
Жан-жануар жанданып,
Көк майса шығар дүрілдеп.

Күндегі мынау тіршілік,
Қайшылықпен жанасқан.
Жақсылық пен жамандық,
Өмірде егіз таласқан.

Сәтсіздік болса жасыма,
Табысқа жетсең тасыма.
«Ақырын жүріп анық бас»,
Шығарсың заңғар басына.

Өмірден жинап сабақ ал,
Жол ортада тосылма.
Дәрменсіз болып көрінбе,
Ағайын туған досыңа.

Сәтсіздік болса жасыма,
Алладан күдер үзбегін.
Шықсаңыз шыңның басына,
Үздіксіз үйрен, ізденгін!

2011 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы