• Қоғам
  • 28 Ақпан, 2024

Тәртіп жоқ жерде «тәлтіреңдеу» көп

    Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жіберген ақпаратқа қарағанда, осы облыста күн сайын орташа есеппен алғанда екі-үш жол оқиғасы орын алады екен.  Апаттың зардабын айтсаңызшы, адам өліміне әкелетін оқиғалар да аз емес. Оның ішінде көктей солған жасөспірімдер де, бейкүнә жолаушылар да бар екенін ойлағанда жаның түршігеді. Олардың кінәсі не? Жол қозғалысы ережесін сақтамау мен көлікті басқара алмаудың, жылдамдықты шектен тыс асырып, құйындай жүйіткудің салдарынан жазықсыз жандар жапа шегіп жатыр. Осыдан сабақ алып жүрміз бе? Жоқ. Егер сабақ алсақ, жол-көлік оқиғалары азаяр еді ғой. Керісінше, жылдан-жылға көбейіп келеді.
Бұл ретте тәртіп сақшылары тұрғындар арасында сақтандыру шараларын ұдайы жүргізеді, тәртіп бұзғандарды жазалайды. Соның өзінде жол-көлік оқиғалары төмендейтін түрі жоқ.  Жол-көлік оқиғаларының көп орын алуының себеп-салдары неде? Кей жағдайда жол-көлік оқиғалары жолдың сапасыздығы мен ауа райының қолайсыздығынан, көліктердің техникалық ақауы болуына байланысты орын алып жатады ғой. Дегенмен қайғылы жағдайдың орын алуына көбіне-көп себепші – жүргізушілер. Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, көлік апаттарының 99 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алады екен. Көлік жүргізушілері көп жағдайда жылдамдықты асырады немесе рульде ұйықтап кетеді. Сондай-ақ, жолдың белгіленбеген бөлігінен немесе бағдаршамның тыйым салынған белгісінен кесіп өтетін жаяу жүргіншілер де ережені жиі бұзады, осылайша олар өз денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.
     Тәртіп сақшылары жол-көлік апаттарының алдын алу, жүргізуші тәртібінің деңгейін арттыру мақсатында тұрақты түрде «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізеді. Бірақ осындай іс-шараларға қарамастан жол-көлік оқиғаларының азаймай отырғаны өкінішті, әрине.
    Көлікті мас күйінде басқарған жүргізуші-лердің арасында  ауыл тұрғындары да кездеседі. Олар «Тәртіп сақшылары ауылға келе қоймайды, көлікті мас күйде басқара беруге болады» деп ойлайды-ау шамасы. Айталық, жамбылдық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері патрульдеу кезінде түнгі сағат 23:20 шамасында Меркі ауылында елу бес жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «Toyota-Camry» маркалы автокөлікті тоқтатқан кезде оның мас екенін анықтаған. Сәтін салғанда, жүргізуші жол апатын жасаған жоқ. Егер тәртіп сақшылары дер кезінде анықтамағанда, жаман айтпай жақсы жоқ, жол-көлік оқиғасын жасауы әбден мүмкін еді ғой. Полицейлер соның алдын алды. Кейбір жүргізушілердің «Өзім тұратын елдімекеннің жолы мен бұрылыстарын бес саусағымдай білемін, жол оқиғасын жасамайтыныма кепілдік беремін» деп, ащы суды ұрттап алып, көлікке отыратынын қайтерсіз? Оның соңы жақсылыққа апармайды. Ішкілік ішіп, рульге отыру батылдық та, батырлық та емес. Олар жазадан құтылып кете алмайды. 
    Тағы бір алаңдататын мәселе – жол-көлік оқиғасына кейде кәмелетке толмаған жасөспірімдер де себепкер болып жатады. Олар кейде ата-анасының рұқсатынсыз көлікті жүргізіп, жол апатына түседі. Кейде баласының жүргізушілік куәлігі жоқ екенін біле тұра ата-ансының өзі көлік жүргізуіне рұқсат береді. Оның соңы қайғылы оқиғаға әкелетінін аңдай бермейді. Ешкімге өлім тілегіміз келмейді, кейде  желігі басылмаған жасөспірімдер тамыр-таныстарының көлігіне мініп алып, бейсауыт құйындатып жүргенде ажал құшады. Мәселен, Жамбыл облысының Байзақ ауданында жол бойынан басы жоқ жасөспірімнің денесі табылғанын естігенде жұрт жағасын ұстаған жоқ па? Кейін белгілі болғандай, жантүршігерлік оқиғаға жол-көлік апаты себеп болып шықты. Полицейлер таратқан мәліметке сүйенсек, жүргізуші рөлге ие бола алмай, қатты екпінмен келіп жол жиегіндегі бағанаға соғылған.  Соққының қатты болғаны соншалықты, көліктегі он екі-он үш жастағы жасөспірімнің басы денесінен бөлініп қалған. «Сақтансаң – сақтайды» деген, әрдайым сақ болған жөн.
Жол-көлік оқиғаларына көбіне себепкер жүргізушілер деп отырмыз ғой, ал олардың арасында жалған куәлікпен жүргендер бар ма екен, жоқ па екен? Мұндай ойға жетелеп отырған себеп –  кейінгі кезде «Жүргізуші куәлігін сатамын» дегендер төбе көрсете бастады. Жүргізуші куәлігін сатып алғандардың, бетін аулақ қылсын, әрине, жол-көлік оқиғасын жасайтынына еш күмәніміз жоқ. Өйткені, көлік басқару жөнінде не теориялық білімі, не практикалық тәжірибесі жоқ қой. Оны айтпағанның өзінде, жалған жүргізуші куәлігін сатқан да, сатып алған да заң алдында жауапты екенін ұмытпаған жөн.
Жасыратыны жоқ, қазір «Жүргізуші куәлігін сатамын» деген  хабарландыруды кездестіру қиын емес. Оның үстіне жарнама орналастырушылардың  «Мұндай сатып алу заңды болады, куәлік екі-үш күнде жасалып, өзіміздің есебімізден тапсырыс берушіге жеткізіледі, тіпті көлік  жүргізу куәлігінен ресми түрде айырылған адамдар да оны сатып алуына  болады» деп адамды желпіндіріп қоятынын қайтерсіз? Бірақ, басын ашып айтқан жөн, мұндай арзан арбауға алданып қалмаған абзал. Оның соңы жақсылыққа апармайды. Егер жалған құжат жасап беруге уәде еткендердің сөзіне сеніп қалып, олармен байланыс жасасаңыз, зардабын тартуыңыз әбден мүмкін. Оның үстіне мұндай әрекет алаяқтық болуы да ғажап емес. Бір сөзбен айтқанда, «Жол ережесін бұзып, полицейлер жүргізуші куәлігімді алып қойса, жарнама бергендер арқылы жаңасын сатып алуыма болады екен ғой» деп «дәмелі» ойдың жетегіне ермеген жөн. Өйткені, бұл – заңсыз. Қазақстан Республикасында жүргізуші куәлігін сатып алу мүмкін емес. Ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, сондай-ақ оны пайдалану Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. 
   Жалпы, жүргізуші куәлігін алудың жалғыз ғана жолы  бар. Оны жұртшылық жақсы біледі деп ойлаймыз. Оның өзіндік тәртібі мен талабы бар. Жол ережелерін біліп, көлік жүргізуді үйрену үшін қажетті құжаттар пакетін жинап, тиісті емтихан-сынақты тапсыру қажет. Көшедегі көк аттының мұндай іспен айналысуына құқы да, мүмкіндігі де жоқ. Жүргізуші куәлігін алу  жұмысы 2019 жылғы  шілдеден бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының  «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы жүзеге асырыла бастады. Осы орталық жүргізуші куәлігін алуға ниетті адамдардан теориялық және тәжірибелік сынақтарды қабылдайды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүргізуші куәлігін алуға өтініш беру үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет: жеке басын куәландыратын құжат; №073/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама; жүргізуші куәлігі үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек. Екі сынақты сәтті тапсырғаннан кейін ғана тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі беріледі. 
     Ал осыны «Жүргізуші куәлігін сатамын» деп жарнама бергендер арқылы жасасаңыз,онда басыңыз бәлеге байланды дей беріңіз. Олар ақшаңызды алғаннан кейін байланысты күрт үзіп, ізім-қайым жоғалады. Оны былай қойғанда,  алдау жолымен қол жеткізген  жеке деректерді қылмыстық мақсатта пайдалануы  ғажап емес. Ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін 160 айлықтық есептік көрсеткішке дейін (490 080 теңге) айыппұл немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу көзделген. Сондықтан алаяқтардан аулақ болған абзал.
             

  Ғалым АСЫЛ

3485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы