• Қоғам
  • 05 Ақпан, 2024

МЕМЛЕКЕТТІК, ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ САБАҚТАС САРАЛАҒАН СҰҚБАТ

Президентіміздің «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» атты сұқбаты ел өмірінің, қазақ қоғамы өмірінің көптеген толғақты, өзекті мәселелерін кең толғаған өте ауқымды, ашық, адалынан айтылған стратегиялық мәні зор әңгіме ретінде өзіме терең әсер етті. 
Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы ширегі адамзат қауымдастығына өте күрделі, өте шиеленісті тарихи кезеңді бұйыртып отыр. Жер шарының біресе ана тұсында, біресе мына тұсында қайта-қайта тұтанып жатқан соғыс өрті бүкіл әлемге қауіп төндіруде. Тектоникалық қопарылыстар халықаралық ахуалды күн сайын күрделендіре түсіп, адамзатты алапат дүнижүзілік соғысқа жылдан-жылға жақындата түсуде. Осының барлығын терең зерттеп, терең аңғарып, әрі өзінің дипломатиялық қызметіндегі бай тәжірибесіне сүйене отырып Президентіміз мемлекеттік мүддеміз бен ұлттық мүддемізді таразы басына тең қоя отырып, стратегиялық астары қалың ойларымен бөлісті. 
Егемендігіміз және елдің тұтастығы туралы айтқан ой-пікірлері ел болашағы үшін өте маңызды. Осы орайда Президенттің: «Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау. Мен он жыл Сыртқы істер министрі болғанда осы басымдықтарды айқындауға тікелей атсалыстым. Қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда бізге шетелдік серіктестеріміздің бәрімен, әсіресе, көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңызды» – деген сөзі бүгінгі күні өте өзекті болып отыр. 
Алысқа бармай-ақ мына көрші мемлекеттерде: Ресей мен Украинада екі жылдан асып бара жатқан қантөгіс соғыс, жазықсыз қаншама миллиондаған адамның туған елінен безіп, басқа мемлекеттерде жан сауғалап кеткендігі, қаншама жүз мыңдаған адамның жазықсыз құрбан болып, әсіресе жас боздақтардың майдан шебінде, окоптарда жан тапсырып жатқандарын көргенде жан түршігеді. 
Бөтен алпауыт мемлекеттердің геосаяси ойындарының ойыншығына айналып, солардың ұлттық мүдделерінің құрбаны болып жатқан қаншама ел бар. Мемлекет бар. Билікте отырған басшыларының кесірінен сол мемлекеттер қазір зардап шегуде. Бостан-босқа қырылуда. Осынау елдердің болашағы бар ма? Әрине жоқ. Ертеңгі күндері бұлыңғыр. 
Осындай тағдыр кешіп жатқан елдер бізге де сабақ беріп отыр. Болашақ тағдырыңды ұзақ ғасырларға алдын ала көрегендікпен болжап, стратегиялық мақсаттарды түбегейлі ойластырмасақ, қауіптің ауылы алыс емес екендігін сан қайтара есімізге салады. 
Мен Президент сұқбатынан алдымен осынау стратегиялық мақсаттардың анық, айқын көрсетілгенін аңғардым. Шығыстанушы ғалым, маман ретінде сұқбаттағы Қазақстанның көрші жатқан екі алпауыт мемлекеттер –Қытай мен Ресейге қатысты ел басшысының стратегиялық ұстанымдарын мұқият оқыдым. Көңілімнен шықты. 
Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін тұста тұрмыз. Сондықтан ядролық қаруы бар екі әлемдік державалармен халықаралық саясатымызды таразының екі басындай тең ұстамасақ болмайды. Оның экономикалық тиімділігін де сұқбат барысында Президент тиянақтап, тарқата айтып өтті. «Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені баршаға аян» – деді сұқбатында. Осыған оқырман ой көзімен үңіліп, оның мазмұнына үлкен жауапкершілікпен қарамасақ, опық жеп қаламыз. 
Салмақты саралау мен салиқалы көзқарасты талап ететін көп ой-пікірлер айтылды. Әсіресе ішкі ауызбіршілігіміз, ішкі тұрақтылық, елдің ішкі ынтымағы, қазақ ұлтының көшбасшылық миссиясы, т.б. қаншама өзекті, іргелі, тағдыршешті саяси, әлеуметтік, қоғамдық, рухани, мәдени мәселелердің сұқбат ауқымында түбегейлі сөз болғандығы көңілімнен шықты. 
Осы жолғы Президент сұқбатын тарихи әрі тағдырлы сөз болды деп есептеймін. Елмен тікелей ашық, адал, әділ сөйлесудің озық, тағылымды үлгісін көрсетті Президентіміз! 

 Ислам Жеменей,
Әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ-дың жанындағы
 Тұран-Иран орталығының директоры,
ф.ғ.д.,профессор

 

4911 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы