• Қоғам
  • 28 Ақпан, 2024

Тұз туралы ертегі

Ерте замандарда Шығыс елдерінің бірінде ақылды да, зерек жігіт өмір сүріпті. Ата-анасынан ерте айырылған жігіт сіңірі шыққан кедей екен. Өмірдің көп тауқыметін көрсе де бойындағы мейірімділігі еш азаймапты. Жолында көргеннің бәріне өзінің мейірімін төгіп, көмек көрсетіп жүреді екен. Бірақ сол елдің патшасы ақымақ әрі сараң екен. Бір күні залым патша Аббас: «Кімде-кім маған әлемдегі ең дәмді тағамды дайындап берсе, мен оны  жалғыз қызыма үйлендіріп, күйеу бала етемін және менің мұрагерім болады. Егер тамағы маған ұнамаса жендеттерім дереу басын алады» – деп  жарлық шығарыпты. Жаңалық бүкіл елге тарайды. Атағы шыққан аспаздардың да дайындаған асы патшаның көңілінен шықпапты. Бір күні мейірімді бала орманда келе жатып бір құстың қанатын жаралап,  ұша алмай жатқанын көреді. Құстың қорқып кеткенін көріп абайлап алақанына салып, үйіне апарады. Оған жем-су беріп, қанатының жазылғанын күтеді. Құстың қанаты жазылып, үйдің ішінде емін-еркін ұшып, әндетеді. Жігіт оған балаша қуанады. Сонда құс оған тіл қатады: «Ей, адам баласы, маған жасаған жақсылығың үшін рақмет. Менің бір қауырсынымды ал. Қауырсынымды отқа жақсаң бір ғажайып болады, сен одан қорықпа, оған бір тілегіңді айт. Ол сенің тілегіңді орындайды.» – деп, құс терезеден сыртқа ұшып кетеді. Қатты таңғалған жігіт орнында отырып қалады.  Есін жиып, орнынан тұрған жігіт терезе алдынан қауырсынды байқайды. Жігіт те көптен бері патша алдында өзінің бағын сынап көргісі келіп жүрген. Себебі, ол сырттай ханшайымның сұлулығы мен ақылдылығы туралы көп естіген еді. Жігіт көп ойлана келе қауырсынды өртейді. Қауырсын өртенген сәтте өте  әдемі қыз пайда болады. Қыз өзінің аспан елінен келгенін, әкесінің аспан елінің әміршісі екенін айтады. Құс кейпіне еніп, серуен құрып жүрген әкесінің қиындыққа тап болғанда құтқарған жігітке айтар алғысы көп екенін жеткізеді. Қыз жігіттен қандай тілегің бар деп сұрайды. Жігіт «Ең дәмді тағамды дайындағым келеді», – дейді. Қыз сонда кішкентай ыдыстағы шым-шым  ұнтақты береді. Қандай тағам істесең де, осыны қос дейді де, көзден ғайып болады. Жігіт мүлде басқа нәрсе күткен еді.  Ұнжырғасы түсіп, тәуекел етіп, патша сарайына келеді. Патшаға күріш дайындамақшы болады. Күрішті суға қайнатып жатқанын көріп, оны бүкіл сарай қызметшілері мазақтайды. Бірақ жігіт күріш пісіп қалғанда оған ақ ұнтақты араластырып жібереді.  Патша жігіттің тамағын көріп, оған ашуланғанымен шарт бойынша тағамның дәмін татады. Күріштің дәмінің тіл үйіретіні сонша, патша қайта-қайта жейді. Патша риза болып есімін сұрайды, жігіт менің атым – «Тұз» деп жауап береді. Патша өз уәдесінде тұрып, Тұзды патша етіп, айдай сұлу қызын әйелдікке береді. Тұз өзі патша болған соң қол астындағы адамдармен  тау-тасты, даланы, өзен-суды аралап, ақ ұнтақты іздеп табады. Солайша қап-қап етіп еліне әкеледі. Содан бері тағамның барлық түріне ақ ұнтақты қосатын болыпты. Онсыз тіпті ас ішілмепті. Жылдар өте келе ең бірінші ұнтақты тапқан Тұз патша болған соң, ұнтақтың аты тұз аталып кеткен екен.

Несібелі Қиянбекова,
Абай атындағы  ҚазҰПУ-дің студенті

3391 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы