• Әдебиет әлемі
  • 28 Ақпан, 2024

КӨКБАЙТАЛ (деректі әңгіме)

Рәтбек САҒИД-УАҺАС,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты

 

О, бұл жүйрік туралы ел ішінде әлі күнге дейін әңгіме бір толастаған емес!
«Елдің атын ер шығарады» дейді данышпан халқымыз. Ал енді, жылқыжады қазақтың атын жүйрігі шығаратын тұстар аз ба?!    Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың  Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубасы, Райымбектің Көкойнағы, Ақансерінің  Құлагері, айта берсек, осылай әлі біраз жалғастыруға ақ қағаздың бір парағы  аздық етері анық.
Қазақта «Байтал шауып бәйге алмас» деген де мәтел бар. Табиғатынан ұрпақ ұластыруға негізделген нәзік жаратылысты жан иесінің, күш-қуаты  әлдеқайда басым аталық тұқымдастан көп жағдайда қауқарсыз екендігін еске  салатын тәмсіл сөз бұл. Алайда, «табиғат та кейде қателеседі» дейді ғой, біздің өлкеде ХХ ғасырдың басында жылқы баласының ішінде алдына қара  салмаған жүйрік көк байтал өткені шындық.
***
«Тілшінің айтуына қарағанда, көк ала биеде адам таңғаларлық еш нәрсе  жоқ, бүлдіршіндей құлыны бар, сауса көнек толтыратын бір жануар көрінеді.
«Көк алалы, көк жылқы» деп ескі ақындар өлең қылушы еді.
Көк ала жылқы қасиетті келеді деп ырым қылып, жылқысын көбейтуді  мақсат қылғандар, бәлкім, көк ала биеге артықша баға беретін шығар. Оған біз таласпаймыз» дейді классик жазушымыз Бейімбет Майлин өзінің «Көк ала бие» атты әңгімесінде. («Жұлдыз», №1, 1995 ж.)
Және «Жұлдыздың» тура осы нөмірінде Қаржаубай Сартқожаұлы мен  Қадыл Айдаубайұлы-ның «Сәйгүліктер» атты этнографиялық зерттеу  мақаласы жарияланған. Онда авторлар: «...Қытайдың шаша-сәнгүнмен ең  алғашқы шайқаста «Күл-тегін ен Ілкі тадқын-чорын боз атығ бініп тегді» – Күл-тегін ең алғаш Тадқын шордың боз атын мініп шайқасты» (КТб. 32).
     ...Кули-чор ескерткішінде Кули-чордың «өзлүк боз ат» – өздік боз атын (КЧб. 4), «Кули-чор өзлүк ингрен ат бініп» – Кули-чор өздік жирен атын  мініп (КЧб. 15) деп, боз (бүгінгі түсінік бойынша буырыл)  және жирен атын  мініп жорыққа шыққаны туралы тас ескерткіш бетіне оның даңқын мәңгілікке қашап жазған екен.
     ...Мәселен, көне Түркілердің ішіндегі Ашина ұрпақтары – аталық әулет  немесе ұлы тәңірдің жердегі ұрпағы. Ал, ашиделер – аналық әулеттің ұрпағы. Шамандық сенім бойынша, көк тәңірісінің жердегі елшісі қанатты ат, жер  мен көктің арасын жалғастырушы әлем-ағаш (мировое  дерево). Көк тәңірінің  көктегі символы – күн, жердің символы – аспандағы ай. Хайуанат дүниесінің  тәңірдің жердегі рәмізі – құс, самұрық, жердің (аналық әулеттің) рәмізі – арыстан, жолбарыс. Жердегі тау, шың, құз, тәңірлік; су, өзен, көлдер аналық  болып есептеледі. Сөйтіп, шамандық дүниетаным бойынша ат (жылқы)  тәңірдің жердегі елшісі. Дәлірек айтсақ, аталық рухтың (әулеттің) рәмізі. 
Сондықтан да жылқыны (ат) ер адамға теңеп, аталық рухтың бір иесі (тотем) ретінде қолданған. Міне, осы ұғымның жұрнағы күні бүгінге дейін  халық жадында сақталып қалғандықтан халқымыз жылқы малын киелі  жануар деп көріп, жылқы малдың патшасы (тәңірі) деп құрметтеген» дейді.
Осыған қарағанда, жылқының қазақ үшін әуелден-ақ киелі екенін, оның  ішінде көк тәңіріне табынған бабаларымыздың көк түсті жылқыға ерекше мән бергенін аңғарамыз.
Үмбетәлі мен Нұриланың айтысында Үмбетәлі:

Байтал мінсе кейбіреу қылмыңдатып,
Шекесінен басады жылмыңдатып.
Арғымақпен, құдай-ау, жарысқанда,
Озып кете алар ма құнжыңдатып? – дейді. 
Сонда Нұрила:

Емес пе айтысқан соң жарысқаным,
 Көкбайтал көрдің бе аттан қалысқанын?
           Айғайлап әйелмін деп айта келдім,
          Осы ма білген сөзің, данышпаным? – деп бір түйреп  тастайды.
Кенен мен Ләтипаның 1921 жылы өткен айтысында Кенен:

Ләтипа, келтірмеші шайтанымды,
Біліп ем осы сөзді айтарыңды.
Талассыз тар кезеңге мен шығармын,
Тыртаңдап шауып көрші байталыңды, – деді.

Сондағы Ләтипаның жауабы:

Ей, Кенен, жүйрік емес, жүріскерсің,
Өлеңді әнге қосқан мініскерсің.
Көкбайтал күнде озып бәйге алып жүр,
К...ді анда-санда бір иіскерсің.

Осы екі айтыстан келтірілген мысалдар Көкбайталдың сол тұста абыройы  озып тұрғанына дәлелді уәж болады.
2003 жылғы «Жұлдыз» журналының 
№ 1-2 санында жарияланған Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен – апамның баласымын» атты романын оқып отырып, өзіміз ес білгелі бері  естіп келе жатқан Шапыраштының Көкбайталы туралы дерекке тағы жолықтық. Жануар жоғарыда саңлақ ақындардың сөз сайысына  арқау болса, енді әдеби романның бір тұсында бәйгетөрден бұлдырықтай зу  ете түскен кескін-келбеті суреттей бейнеленіпті. Жазушы былай дейді:
«Біздің жақтың адамдарына көкбайтал деген сөз ыстық болушы еді. Жетісу, Шу, тіптен Құланға дейінгі жерде бәйгенің алдын бермеген  шапыраштының көкбайталы деген өрен жүйрік болыпты.
Жездем айтып отырады: 
 – Шапыраштының бір кедей жігіті орыс көпесіне жалданыпты. Көпестен  ақысына арбаға жегіп жүрген биесінің көк құлынын сұрапты. Келесі жылы  бие еркек торы құлын туыпты. Жігіт тағы жалданып, торы құлынды да  алыпты. Кейін бұл екеуі керемет жүйрік болыпты. Ертоқымы жоқ кедей  жігіт торыны тайынан жайдақ мінеді екен. Бұған әбден үйренген жануар  кейін үстіне ер салғызбайтын болып, жайдақ торы атаныпты. Міне, осы апалы-інілі екі тұлпар алдына ат салмаған деседі. Алдымен әпкесі – көкбайтал, іле інісі – жайдақ торы өтеді екен сөреден. Қайсысынан қайсысы жүйрік, ешкім білмепті. Ал, екеуі бәйгенің алдын бермепті.
Жездем көкбайтал мен жайдақ торыны көргенін былайша мақтан қылады.  
Пішпекте ұста болып тұрғанда жазында ат сатып мініп, Үңгірлідегі қайын  жұртқа келетінмін. Сондай бір жазда осы Жайсаңда үлкен бір той өтті. Бәйгеге қосуға жайдақ торы мен көкбайталды да әкеліпті. Көкбайталды иесі  тіл-көзден қорқып, бір өзіне арнап тігілген киіз үйде ұстайды екен. Қызығып  көрмек болған елмен бірге саңылаудан мен де сығаладым, тұмшалап тастаған  жабу көкбайталдың төрт қара тұяғы мен едірейген екі құлағынан басқа түкті  көрсетпеді. Көкбайтал астауға салынған  дарбызды қарш-қарш шайнап тұр.
Ат, құдай біледі, Шудың кемерінен қоя берілді. Сөре Қадірдің қыры  болды. Жұрт көкбайталды көреміз деп, бәйге аттарымен бірге қозыкөш жерге  дейін барды. Иесі «Көз тиеді», – деп көкбайталдың жабуын алмай қойды. Содан желіккен топқа әрі қарай ілесе берсек, сөреге бәйге аттарынан кейін  жететін қауіп төнді. Бәріміз аттың басын кері бұрдық. Сөреге келіп біраз  тұрдық білем, бір кезде Теректінің қырынан бергі жазыққа екі қарайған ағып  түсті. Жұрт шу ете қалды. «Жайдақ  торы! Көкбайтал!» айтқандай-ақ, екеуі  демде заулап келіп, сөреден көз қызықтырып өте шықты».
Әлдихан ағамыздың жездесі Көкбайтал туралы осылай тамсанады. Ал  енді, біздің жездеміз – кешегі Екейдегі Мақыш Райымбекұлының өкшелес  інісі Ыбырайым Бейсенбекұлының зерделі көкірегіне жазылып, өз нұсқасымен кейінгі құймақұлақ ұрпаққа ұласқан әңгімелердің желісін желпініп отырып, майын тамыза айтатын, әрі Көкбайталды соңғы төрт-бес  жылда өзі жүгірткен Естемес Аба баласының аузынан жүйріктің тағдыры  туралы тікелей естіген, бүгінде жер басып жүрсе, ел ішіндегі әпсаналардың  бірталайын бағын жандыра байыппен баяндай алатын, қайран да қайран  айбозым азамат Тұрлыақын Құтпанқұлұлы не деген екен, соған назар  бұрыңыздаршы:
 – Көкбайтал туралы әңгіме көп. Елдің атын шығарған мұндай ерен  жүйрікті, міне, жүз жылға жуықтаған шығар, жылқы қадірін білетін қазақ  жадынан еш шығарған емес. Бір ғасырдың аралығында бұл жерден кімдер  өтпеді, небір уақыттар алмасты, ауыздығын қарш-қарш шайнаған қаншама  жүйріктер жүйткіді, бірақ солардың басым көпшілігінен Көкбайталдың  даңқы үстем тұр-ау десем, артық бола қоймас.
Екейдің Қамаушы деген атасынан тарайтын Оспанның иелігінде болған  Көкбайтал шын мәнінде Шапырашты тайпасының атағын алыс-жақынға  мәлім еткен аса қасиетті жануар болыпты. Оны біз бала кезімізден  жылқыжады аталарымыз бен әкелеріміздің әңгімесінен естіп өстік.   
Оспанның әкесі Қаржау ауқатты адам болған деседі. Қазір осы Көктөбеде  Қаржау жайлауы деген жер бар. Оспанның өзі Орыс баласы Бейсеннің әкесі  Елгезермен жасты еді, 1957 жылы, менің шамалауымша, 85-87 жасында  қайтты. 
Жарықтықтың Босқұйрық деген қарагер аты болыпты. Құйрығын кезек-кезек екі жағына салып, иттің құйрығы құсатып қисайтып алады екен. Бәстесіп шапса, алдына бір ат салмайтын ұшқыр көрінеді. 
Ол кезде, осы Ұзынағашқа ішкі Ресейден алғашқы переселендермен бірге  қоныс аударған Брянцев деген орыс жылдан-жылға байып, көпес атанады. Жеке өзінің тері илейтін, ағаш ұсталығымен айналысатын шеберханасы, басқа да малшылық, егіншілік өнімдерін ұқсататын тіршілігі бар екен. Адам  жалдап жұмыс істететін хәлге жеткен ғой, қысқасы. Өзі және ерекше  атқұмар, жайсаң мінезді адам еді десетін көзін көрген сол кездің  қариялары.
Ішкері Ресейден алдырған екі жүйрік қара аты асыл тұқымды жылқы санатынан көрінеді. Базар сайын соларын төңіректегі қазақтың ат баптаған  алғыр жігіттерінің саңлақтарымен жарыстырып, тамашасын жұртқа үлгі  етіпті. Әр жүйрігіне жүз рубль жүлде тігіп, тіпті асқақтапты. Алайда, Оспанның Босқұйрығы Брянцевтің екі қара атын да шаң қаптырып, бірнеше  рет бәйгені ұтып алыпты. Қашанғы жеңіле берсін, ақыры, Оспанның сәйгүлігіне екі атының да жетпейтінін ұққан орыс көпесі, босқа жем болмайын деп, бәс тігуін доғарыпты.
Содан арада уақыт өтеді, күндердің күндерінде, шалғайдан келе жатқан бір казак-жасауылының астындағы көк биесі әбден болдырып, бір жағы ауырса керек, жүріске жарамай қалыпты. Әлгі пақыр Ұзынағашқа (ол кезде орыс қоныстанған Казанско-Богородское станицасы. Р.С.) әрең жетіп, Брянцев көпестен көмек сұрайды. Көпес оған арбаға жегіп жүрген бір белді атын беріп, үмітсіз болса да орнына көк биені алып қалады.  
Ерекше жаратылған жануарға да адам сияқты Алладан тағдыр жазуы  бұйыратын болар сірә, көк биенің көрер жарығы таусылмапты. Қайта бірте-бірте оңалып, қунай бастайды. Өзі және буаз екен, көктем шыға құлындайды. Сөйтіп, ә дегенде төрт асыл тұяғы Ұзынағаштың сазына түскен ұрғашы көк  құлынның кейін Көкбайтал атанып, жер апшысын қуырар әйгілі жүйрік боларын әуелде кім болжады дейсіз.  

***
Көк биені Брянцевтің бір бақташысы ертелі-кеш малға ерттеп мініп  кеткенде, көк құлын қаз-үйректің ортасында бірге жайылып, жетімсіреп  жүретін көрінеді. Жаз шыға көпестің шөбін шауып, егінін оруға Жауырдағы  Жаныстың ішінен ағайынды екі жігіт жалданады. Көпес күзде екеуіне  еңбегінің ақысы деп көк құлынды беріп құтылыпты.
Қанында қазақтық рух атой салып тұр емес пе, бір күні жалшы бақташы  сиырды айдап келе салысымен, астындағы көк биесін сабалап, көкпарға кіріп кетеді. Қалың топтың арасынан саңылау тауып, қолы көкпарға да ілігеді әйтеуір. Содан апыр-топырдың ішінен сытылып шыға салысымен тізгінді  қоя беріпті дейді әлгі бақташы. Бірте-бірте қиқулаған көкпаршылардан қара  үзіп, Тікендінің жалымен Кішісазға шығып кетіпті. Соншама жарау аттарға, оның ішінде Брянцевтің үстіне шыбын қондырмай мәпелеп жүретін екі қара  атына да жеткізбей, жалғыз өзі дара тартқан сиыршының көк биесі сол күні  дүйім жұртты айран-асыр таңғалдырады. Күнде бақташының тақымынан   босамайтын жаман мәстекке баланған бұл биенің күйсіз күлік екенін ол кезде кім білген.  
Көкейін көптен бері мазалап жүрген түйінді шешкендей тәтті күйге  бөленген Брянцев кәнігі атбегі емес пе, Оспанда кеткен есесінің енді қайтарына еш күмәнданбайды. Ертесінде көк биені бақташыдан алып қалып, ерекше күтімге қояды. Бірнеше күннен кейін екі қара атымен әдейі жарыстырып сынайды. Қараса, көк бие екі қараға мүлдем дес берер емес. Енді тіпті масаттанған көпес, көп ұзамай Оспанға өзі қолқа салыпты.
 – Әй, Оспан тамыр, давай, мен үш ат қосып, үш жүз рубль бәс тігейін. Сен   Босқұйрығыңды баптап әкел. Не де болса, осылай бір жарыстырып көрейік, –  дейді.
«Ойпырмай, мұның бұл желігуі тегін емес-ау» деген ішкі күдігі қылп  еткенімен, бәстің аты бәс, Оспан айтқан күні атын жарысқа қосады. Көпестің  көк биесі үш атты да жерге қаратып, бәріне шаң қаптырады. Брянцев  ұтылған Оспанның жүз сомын алады. Оспан болса қарташы Қожабек деген  атамыз екеуі күйініштен арақ ішіп, сол күні Ұзынағаштан кештетіп қайтыпты.

 
***
Намысқа қанша өртенгенмен, әр атар таңның өз несібесі бар. Бір аптадай күйзеліп, жан-жағын әбден ойланған Оспан Брянцевке келіп, былай дейді:
– Тамыр, екеуміз ат жарыстырғалы біраз болды. Сырдескілі достардай бір-бірімізге деген көңіліміз қашан да адал. Оны өзің жақсы білесің. Мен  саған бір өтініш айтайын деп келдім. Мына көк биеңді маған сат. Екеуміз   қол алысып, Құдай алдында шынайы тамыр болайық, алдағы уақытта ат  жарыстырмауға уәделесейік. 
– Әй, Оспан-ай! – дейді, көпес күліп: – Бес жыл бойы бәсекелесіп бәйге тіктік. Мен сенен қанша рет ұтылдым, бірақ атыңды сат деп алдыңа бір  бардым ба? Сенің мұның қалай? Жігіттікке жататын қылық па осы? Бұл  биенің бір тайы бар, сен одан да соны тауып ал, – дейді. Бірақ кімге бергенін  айтпапты. Сірә, өзі де жалшы жігіттердің қайдан келгенін жарытып білмесе  керек.
Арада бір жыл өтіпті. Әркімдерден тынбай сұрастыра жүріп, Оспан Жауырдағы жаныстардың арасынан көк құлынды алған ағайынды жігіттерді табады. Табады да, жата жабысып, мына көк тайды сат дейді.
Қаз-үйректің арасында жүрген жерінен алып кеткен ұрғашы көк құлыннан әлгілер қайбір үміт күтсін, дегенмен жабысып тұрған адамнан көбірек дәметіп:
– Ой, оны сатып не қарық боламыз. Қайта сиырға мінетін бір жуан атқа   айырбастасақ деп жүрміз, – депті жақауратып.
Оспан дереу келесі базарда келісті екі бесті ат сатып алады да, Жауырға  жетеді. Екі жігітке екі атты көлденең тартып, қалай-қалай емес, ертеңгі күні   тағы айнып кете ме деген ішкі есеппен әлгілерді сол елдің болысына апарып, «көк тай сатылды» деген қолхатты да заңдастырып алыпты. 
Бұл – суық күз болып қалған кез екен дейді.

***
Байтал кезінен Оспанның баптауымен алғашқы бәйгеге ілінген осы  қасиетті қылқұйрық Көкбайтал атанып, жиырмаға жуықтағанша ешбір  жүйрікке дес бермепті. 

***
Оспан Есқожа руынан шыққан аса білгір атбегі Омаржан екеуі көктем  шыға салысымен бәйге қуып, ел аралап кетеді екен де, ел соғым сойып  жатқан қара күздің аяғында үйіне әзер дегенде жететін көрінеді. Омаржанның да торы айғыр деген атағы шыққан жүйрігі болыпты. Екеуі бір жылы өзбекке дейін өтіп, Әндіжаннан қайтыпты деседі.
Бір-бірінің қыр-сырына әбден қанығып, небір қысылтаяң сәттерде, алыс  сапарларда шыңдалған Оспан мен Омаржан төс қағысып, құда болуға уәде  байласады. Омаржанның бойжетіп отырған қызы бар екен. Екі атбегінің  арадағы өзара баталасқан уағдасы да қызық. Омаржан: 
 – Қызымның қалың малына мына Көкбайталды бересің. Мен жасауымен бірге торы айғырды мінгізіп шығарамын, – деп, қол алысады.
Ауылға келген соң он күннен кейін Үшбұлақта бір бәйге болады. «Осы  бәйгені ең соңғы рет өзім алайын, содан кейін Көкбайтал сенікі болсын»  дейді Оспан. Омаржан келіседі.
Түнегүні жолдағы уәделерін де, кейінгі әңгімелерін де қаршадай кезінен  бәйгеге шауып, Көкбайталдың үстінен түспей жүрген шабандоз бала  Жауынбай әкесі Байжүніске айтып қояды. «Көкбайтал біздің Екейден кететін  болды. Оспан Әлімбекке Омаржанның қызын әперіп, қалың малына жүйрігін  беруге уәде байласты. Үшбұлақтағы бәйгеден кейін Көкбайталды Омаржан  алмақшы» дейді бала.
Мұны естіген Байжүніс рас сөз екеніне көзін жеткізген соң, ауылдың  сөзұстар бір топ қарияларын ұйымдастырып, бір үйір жылқы, жүз қой, бір түйе, бір атқа бағалап, Көкбайталды Қарасудағы қарамерген Аба дегенге  сатып жібереді. Ол кезде қандай! Елдің намысы деген бәрінен жоғары. Үлкеннің шешімі кішіге заң. Өзі тай кезінен меншіктеп, баптап бәйгеге  қосып жүрсе де, Оспанның құзыры Көкбайталға жүрмей қалады. Өйткені ол  тек Оспанның ғана емес, бүкіл исі Екейдің, тіпті түгел Шапыраштының  жүйрігі саналатын жылқы. Мұндай жүйріктің тағдыры бір Оспанның  қолында емес, елдің иелігінде. Сондықтан, қанша күйінсе де, ел жақсыларының айтқанына көнбеуге Оспанның еш қақысы жоқ. Осыны түсініп, ішінен тынған ол Үшбұлақта бәйгесін алуға да шықпай қояды. Аба келіп, атты жетектеп әкеткенде, ләм-мим дей алмайды. Досының уәде бұзғанына қарадай қорланған Омаржан да жер шұқылап отырып қалыпты.
Арада он күн өткеннен кейін Аба Көкбайталды жетектеп әкеліп, шылбырын Оспанға ұстатады да:
 – Қарағым, мына жүйрігіңді өзің баптап жүгірте бер. Басы – менікі, атағы – бүкіл Екейдікі, бәйгесі – өзіңдікі. Қолыңнан қақпаймын. Біздікі жақсыны  жатқа жібермейік деген елдік намыс болатын. Әйтпесе, сені тұлпарыңнан  ажыратайық деген ой жоқ. Алаңдамай, бәйгеңді жалғастыра бер, айналайын, – деп, батасын беріп қайтып кетіпті. Оспан не сенерін, не сенбесін білмей, Көкбайталының мойнынан құшақтаған күйі тұрып қалыпты. Бірақ, Омаржан  екеуінің арасы осыдан кейін қатты суысып кетті дейді ел әңгімесінде.

***
Шәбденнің асы болады деген хабар жетеді. Осының алдында ғана Оспан  жоңышқалық алқабын бір шаптырып алып, суарып қойған екен, жүйрігіне  жүрегі елжіреп: «Жануарым-ай, жастайыңнан жүгіртемін деп саған тіпті обал жасадым ба, тұла бойыңды түгелдей серпіп, бауырыңды жазшы» дейді де, Көкбайталды жоңышқалыққа бір жұма еркін жібереді. Бәйгеге дейін алда әлі екі ай бар  деп, өзінше арқаны кеңге салғаны болса керек.
Асқа бір ай қалғанда Оспан Шәбденнің ауылының іргесіне барып, үй тігіп жатыпты. Әсілі, атақты жүйрік иелері даңқы мен дақпыртын асыру үшін  осылай ерте келіп, елдің назарын аулайтын көрінеді. Әркімнің ат баптап, қарсыласын мұқату тәсілдері де әртүрлі болып келетін салты емес пе, бақталастарынан ерекшеленуге бейім тұрады екен.
Бір күні аты аңызға айналған әйгілі көріпкел, аттың сынын ә дегеннен  анықтайтын қазақтың Күреңбайы секілді, айтқаны ағат кетпейтін қырғыздың  атақты сыншысы келіп, Көкбайталдың жабуын ашып қарайды. Жиырма-отыз  қадамдай ұзап барып, қайта бұрылады. Тағы бір бажайлап, үндемеген күйі  кете барады. Мұны бақылап тұрған Оспан Жауынбайды шақырып алып:
– Бүгін кешке сен елеусіздеу киін де, ауыл арасындағы көп баланың бірі  құсап барып, қырғыздар жиын құрып, әңгімелесетін үйдің есігін аңды. Есебін  тауып, ішке кіруге ұмтыл. Тіпті болмаса, үй сыртынан-ақ құлағыңды түрік  ұстап, барлық айтқандарын түк қалдырмай көкейіңе тоқы. Не дер екен. Соның  бәрін ұғып алып, маған айтып келесің, – дейді.
Расында, кешке мәслихат құрған қырғыздар әлгі сыншыны ортаға алып:
 – Оу, бәйке, Шабданның асында кімнің аты келед? – деп, жан-жағынан  анталай сұрақ қойыпты. 
 – Атаң гөрі, қазақтың аты ылғи бәйге ала береді деймісің, осы жолы  Көкбайталға баяғы абырой жоқ. Ішінде бұлт қазы қалып қапты, сөреге  жақындағанда тоқтайды. Біздің кер айғыр арындап келіп озады, – дейді.
 Топ ішінде әуестік жеңген біреуі:
 – Айналайын бәйке, шынын айтыңызшы, өзіңіз болсаңыз сол қазыдан  қалай құтылар едіңіз? – деп сұрап қалады.
 – Оның не қиындығы бар дейсің, қайнардың мұздай суы тұр емес пе, –  деп, күмілжіп барып, арғы жағын басқа әңгімеге бұрып жіберіпті сыншы.
Жауынбай осының бәрін қалт жібермей қағып алып, бір сөзін қалдырмай Оспанға айтып келеді.
 – Е-е, оның білетінін өзіміз де білеміз. Дегенмен мұның дұрыс болды, – деп, Оспан риза кейіппен Жауынбайдың арқасынан қағыпты.
 Ертесінде-ақ Көкбайталды таудың бір сімірсең шекені шытынататын  шыңдағы бұлағына апарып, шалқасынан жығады да, төрт аяғын төрт жақтан  қарулы төрт жігітке қыл арқанмен кергізіп, екі жігітке екі жағынан қарнына шелектетіп тастай су құйғызады. Тура жүз шелек су құйылғанда жүйріктің денесі солқылдап, діріл қағыпты. Сонда дереу тұрғызып алып, әдеттегі беріп жүргенінен бір уыс артық жем салып, жақсылап жабулап тастапты.
Айналасындағы жүйріктердің өзгеріс-ерекше-ліктерінің бәрін күн  құрғатпай жіті қадағалап жүрген қырғыздың әлгі әулиелік дарыған сыншысы  Көкбайталды көріп, басын  шайқапты.
 – Қап, атаңның гөрі қазақ-ай, мұндай саяпкер тұрбай бұ, Көкбайталының  көтіне қолын салып, қазысын қармап алып тастапты, әттегене! Енді жеткізбейді. Әуре болмаңдар, бәйге қазақтікі, – депті зор өкінішпен.  

***
Адам деген пенде емес пе, арада біраз уақыт өтіп, Көкбайталы бәйгеден  кенде етпей жүрген күндердің бірінде Оспанның көкейіне шайтан тосын ой  салады. «Бұл Көкбайталды мен жүгіртіп жүрмін демесем, атағы Абанікі. Қашанғы біреу үшін жантер бола бермекпін. Осыны неге екінші, не үшінші  келтіріп, Абаның ықыласын суытпаймын. Сонда аттан айнитын шығар. Айныса, өзім қайыра сатып алып, басы бүтін меншіктесем қайтеді» деп, қиғай тартады Оспан. Бір жағынан өзі иелік еткендей күн туса, үйірге қосып, тұқымын алмаққа ниеттенеді.
     Сөйтіп, әрі-сәрі ой кешіп жүргенінде, Ақадырда тұратын Әжіке Асқар  дәубас дегеннің ауылында үлкен ас беріліп, ұлы бәйге болады. Оспан  Көкбайталды өзі діттегендей шамада баптап апарады. Бәйгеден Жаныс  Сәбит дегеннің бірі күрең, бірі жирен қасқа екі айғыры құйрық тістесіп, бірінші-екінші келеді де, Көкбайтал сөре сызығын үшінші болып кеседі. Ел  шу ете түседі. «Болды, Көкбайталдың да басынан бақ тайды» дейді  мысықтілеу дұшпанның біразы. Екі айғырдың иесі Сәбит тіпті алкеуде адам  екен, бүкіл елдің көзінше:
     – Әй, Оспанды Көкбайталымен қосып ұрып жібермедім бе?! – деп, екілене лепіріп, асылық айтады. Өзі сайысқа түсіп жүрген керемет қайратты, дәу жігіт деседі. Бір жағы соның да буы әкетіп бара жатыр ғой.
 – Не дейсің? – дейді Оспан қатты шамданып: – Осы айтқаның рас болса, үш күннен кейін екі айғырыңның біреуін жолға қой, қай жерге қойсаң еркіңде. Біреуін Көкбайталмен бірге айдайсың. Егер менің атым озса, екі айғырыңнан да күдер үз, бәйгесіне соларды аламын. Сенікі озса, Көкбайталды басы бүтін  бердім! – дейді, шарт кетіп. Ашу үстінде айтылғанмен, бәстің нарқы қиын. Мұндай нартәуекелге қазақ намысы таразы басына тартылып, ең бір шамырқанған сәтінде баратынын жұрттың бәрі жақсы біледі. «Айтылған сөз – атылған оқ», енді кері шегінер жол жоқ. Сәбит те екі айғырына сенімді. Бәстен бас тартса, оның да беделінің бес төгілгені. Сөйтіп, екі ержүрек сайыпқыран осылайша дүйім елдің көзінше жекпе-жек, бәсеке-бәйгеде бақ сынамаққа бел байлайды.
Дегеніндей-ақ, үш күннен кейін әдеттегіден өзгеше, жедел бапталып,  суытылған жүйріктерді Ақадырдан Құмға айдап, Еркебай жалынан  қайтарады. Сөре – Ақадыр. Сәбит Қара адырдың қара шоқысына қасқа жирен  айғырын қалдырады. Шарт солай. Ә деп тізгін қаққанда-ақ суырылып шыққан Көкбайтал күрең айғыр Қақпақтыға келгенде, оқ бойы озып кетіпті. Арғы жағында тағы отыз шақырымдай қашықтықта жирен қасқа айғырмен  жарысып, оны да шаңына көміп өте шықты дейді жануар. 
Қанша айтқанмен, атқұмар қазақ жүйрік туралы аңшының әңгімесіндей  әсірелеп сөйлейді ғой, әйтсе де бұл кәдімгі тарихи шындық, Шапырашты – Дулат түгелдей куә болған, естен кетпес оқиғаның бірі еді дейді білетіндер. Ептеп есіп айтылғаны болмаса, жарыс көрінісінің нобайы түгел сақталған.
Содан Оспан Сәбиттің екі айғырын қалың елдің көзінше «бәйгелік үлесім» деп, жетектеп алып кетіпті. Айнала тамсанған таңдай, гулеген сөз, мақтангершілік, көпе-көрнеу табалау, қойшы әйтеуір, әбден жер болып  жеңілген Сәбит екі айдан кейін екі үйір жылқы, екі жүз қой айдап әкеліп, Оспанның алдына тартыпты. Сөйтіп, екі жүйрігін қайтарып алыпты. Азаматым-ай, десеңізші! Жеңілгенін мойындай білген де ерлік қой. Әне, қандай жақсылар өткен бұл өлкеде!        
***
Осы оқиғадан кейін Көкбайталдың иесі Абаға әркім-әркім сөз  сумаңдатып, Оспанның бәйгеге адал еместігін, жүйрікті қасақана үшінші  келтіріп, артынан өзінің намысы үшін бәсекелесіп, малдың жанын қинағанын  айта беріпті дейді. «Тамшы тама берсе, тас жарады», жаласы басым жел сөз  де солай, адамның бірте-бірте пікірін өзгертеді. Аба бір күні Оспанға бір ат  жетектеп келіпті де: – Қарағым, Оспан! Естемес болса да жүйрік ұстауға  жарап қалды, енді ренжіме, малды иесіне табыстайын. Құр қол келгенім  жараспайды, мына жылқы ырымы болсын, – дейді де, әкелген атын мама  ағашқа байлап, Көкбайталды алып кетеді. 
Естемес Көкбайталды төрт-бес жыл баптап, бәйгеге қосып жүрді дейді  білетіндер. Бірақ, «байтал түгіл бас қайғы» заманда не қылған бәйге болсын, ауыл арасындағы тай жарысындай ғана бірдеңе шығар деп топшылаймын өзім. Өйткені, байлар кәмпескеге ілініп, Аба ұсталып кеткенде Көкбайтал «Ерназар» колхозындағы бір кедейдің үлесіне тиіпті. «Кейін әбден азып-тозып, қыршаңқы болып өлді, жасы жиырмадан асқан еді, –  дейді көргендер. Атап айтқанда, бұл әңгімені руы Екей ішіндегі Ізбасар – Ноғайбайдың өз  аузынан естідім. Ноғайбай бала кезінде Көкбайталды бәйгеге мініп шапқан  ең соңғы шабандоз болатын. «Қайран, Көкбайтал! Қор болып өлген жерінен  басын кесіп алып, қорымдағы бейітке апарып өзім көмдім», – дейтін  Ноғайбай. Оның ұрпақтары қазір Қарасуда тұрады.
Оспаннан Айдар, Айдархан, Кенжехан тарайды. Әлімбек жеңгелей алған  әйелінен туған баласы.
Көкбайталды жүгірткен Оспан дүниеден қайтқанда Естемес алпыстар  шамасында еді. Өмір бойы мына Мыңбаев ауылында тұрып, мал бақты. Ата  салтына сай жүйрік баптады. Торы аты мен шабдар атын жүгіртіп, бірталай  бәйгелі де болды. Әрине, кейінгі кеңес заманындағы ас-тойлардың бәйгесі  Көкбайталдың кезіндегі бәйгелермен салыстыруға келе ме, тәйірі!
Жездем осылай деді де, терең бір күрсінді.  

***
Иә, таланттының тағдыры қашан да қиын. Сонымен, байлар тәркіге  ұшырағанда, қадірін білмес қара кедейдің қолына қараған Көкбайталдай ерен  жүйрік қыршаңқы болып, қорлықта көз жұмыпты. «Жібекті түте алмаған  жүн етеді». Енді не дейсіз, бұған?! Кімді жылатпаған заман еді ол. Қайта  Батыраштың сойылынан бәйгеде мерт болған Құлагердің тәлейі биік екен. Ер  азаматы сүргінде дәм тауысып, түрмеде атылған қазақтың жүйрігінің де басы қорлықта қалғаны өзінше бір  тәлкекті заңдылық шығар. 
Жоғарыда, жазушы ағамыз Әлдихан Қалдыбаевтың романында  Көкбайталды ертоқымы жоқ, тақыр кедей жігіт баптаған делінеді. Енді, әрине, Ұзынағаш пен Шудың арасындағы елге даңқ-дақпырты қатар жеткен жүйрікті әркім әртүрлі айта береді ғой. Оның үстіне, Қазан төңкерісіне  дейінгі кезеңде «ертоқымы жоқ кедей жігіттің» ұлы бәйгеге ат қосатындай  қисыны бар ма? Бір ойланатын жері осы.
Біздің пайымдауымызша, егер Көкбайтал байлар тәркіге ұшыраған  жылдары жиырмадан асып барып өлді деген дерекке ден қойсақ, онда, 
1907-1908 жылдары туған құлын деп шамалаған дұрыс. Шәбден манаптың асы  1912 жылы берілген ғой, яғни Көкбайтал қазақ-қырғыз түгел мойындаған  бәйгесіне нағыз деген, бес жасар кезінде шапқан болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, одан кейінгі Қазан төңкерісі, 1921 жылдардағы  ашаршылық, жаңа заманның қалыптасуы сияқты тарихи оқиғалардың, өз  болмысынан мүлдем тосын қоғамға ұйысқан адам мен ол баптайтын жүйрік  жылқы тағдырына тигізген әсерін тағы жоққа шығара алмаймыз. Демек, Көкбайталдың ең дәуірлеген тұсы 1916 жылға дейінгі уақыт. Одан кейін  «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен өмірде қазақ пен қырғыздың  бәйге тігіп, ат жарыстыратындай қайбір жағдайы келді дейсіз. Ауыл  арасындағы тыз етпе тұстар болмаса, ұлы бәйгелерде қиқулайтындай күн  қайда? Қайран, Көкбайтал! – дейміз тағы осы арада.

***
Жазушы Сапарғали Бегалиннің 1996 жылы «Жалын» баспасынан жарық  көрген «Жамбыл» атты өмірбаяндық хикаятының 87-бетінде мынадай  дерекке ұшырастық: «Бұйдалы руының ішінде Аба деген үлкен бай болған, сол Абаның Естемес деген баласының үйі бір жылы соғымға қазысы қарыс  түскен бие сойды деп естіп, Жамбыл әдейі келіп қонады. Сөйтсе, Естеместің  әйелі жөнді ет аспайды. Асқа бата істегенде:
«Естемес бастас болдың Көсемменен,
Сөйлейді мына келін аузын ашып әсемменен.
(тұтықпа қатын болса керек)
Бар екен деп асыңды барпыратпай,
Бұдан былай асып жүр бәсеңменен, – депті. Естемес жаман  ұялып, қатынына қайта ет асқызып, Жамбылдың аяғына жығылып, шапан  жауып әрең құтылыпты».
 Міне, жоғарыда менің жездем әңгімелеген Аба мен Естемес Жамбыл  туралы хикаятқа да кейіпкер болыпты. Тек бір толықтыра кететін жері, руы  туралы Бұйдалы дейтіні. Негізінде, қазір Қызыләскер, Қарасу ауылындағы Екейлердің Бәйімбет тармағынан өрбитін ұрпақтарын кейде осылай атайды. Қарамерген мен Алдабергеннің шешелері Сіргелінің қызы екен. Сәндік үшін  үндінің сұлулары сияқты мұрнына сақина салатын көрінеді. Содан қайнылары «бұйдалы жеңешеміз» деп қалжыңдап жүріп, кейіннен 
өсіп-өнген  бір рулы елдің атына осындай қосымша лақап ат таңылған дейді.  

***
 Үшқоңыр мен Майтөбе, Суықтөбе мен Қоңыртөбе аралығындағы арда  өскен Дулат-Шапыраштының арасында ағайын елдің ортақ мақтанышына  айналған қаншама жүйріктер болды. Көкбайталдың нәркес жанары  жұмылғаннан кейін де қасиетті атамекенімізде «ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған» алмауыт айғырлардан, саба қарын мама  биелерден туған небір тайпалған жорға, ағынды арғымақтар ауызға ілінді. Киелі өлкенің кіндігінен жаралған осы жүйріктердің басын құрап, кеңес  өкіметінің елең-алаңында-ақ ұйымдастырылған «Дегерес» асыл тұқымды  жылқы зауытының  кезінде тасы өрге домалағанын ел ұмытқан жоқ. Олардың  дені Екейдегі ең іргелі бай Жылқыбайдан, Тайторы руының аса дәулетті бір тұлғасы Сейіттен тәркіленген қылқұйрықтар екенін кешегіден хабары бар кемел ерлердің біразы әңгіме қылатын.
Екінші жаһан соғысы жылдарында қызыл маршал С.М.Буденныйдың өзі келіп, осы зауыттан атты әскерге 1500-ден астам жылқыны іріктеп алғаны   туралы тарихи деректер бар. Одан кейінгі кезеңдерде де Майтөбенің баурайын мекендеген біздің жүйрікқұмар жұртымыз небір сәйгүліктердің  бағын жандырған. Ол туралы айту енді басқа әңгіменің еншісі шығар.
Көкбайтал жайындағы осы жазбамыздың қағазға түсуіне сара көкіректі сары шал – жездеміз Тұрлыақын Құтпанқұлұлы себепкер болғанын жоғарыда жазғанбыз. Сол алтындай азаматты кенеттен келген ажал арамыздан ертерек алып кетті. Әңгімелері еске түссе, жарқын бейнесін әлі сағынамыз. Сағыныштан туған мына жыр асыл ердің артынан бағыштаған бір дұғамызға балансын.

3146 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы