- Шежіре
- 31 Наурыз, 2024
ӘЗ-ХАН БАТ
(Романның бірінші бөлімінен үзінді)
БЯМБАГИЙН САРАНТУЯА
Моңғолдың соңғы толқын жазушысы Б.Сарантуяа Ұлы Моңғол империясының әйгілі ханымдарының бірі туралы «Сорхугтани» атты тарихи романын 2012 жылы жарыққа шығарған еді. Сорхугтани (Сұрқақтан бегім) – Керей Тұғырыл (Уаң хан) ханның інісі Жахахамбу (Керейтай)-дың кіші қызы, Шыңғыс ханның кенже ұлы Тулуй (Толы)-дың үлкен ханымы, Құбылай хан, Мөңке хан, Хүлэгү (Күлік), Аригбөх (Арықбұқа)-лердің шешесі, әрі Жошының үлкен ханымы Керей тайпалық Бектеміштің жиен сіңлісі. Ал Сорхугтанидің туған әпекесі Ибаға бегім Шыңғыс қағанның кіші ханымы...
Осы тақырыптың заңды жалғасы іспетті «Сайн хан Бат» («Әз-хан Бат») атты романын 2014 жылы оқырмандарына тарту еткен. Романның бас кейіпкері – Қазақ хандығының негізі болған Алтын Орда ұлысын құрып, Сарай-Бату шаһарын салдырып ұлысының астанасы болдырған Шыңғыс қағанның үлкен ұлы Зүчи (Жошы) ханның баласы Бат хан. Біз тәржімалап назарларыңызға ұсынып отырған осы романның алғашқы бөлімі – Жошы ханның қайтыс болуы және ол қазаны Шыңғыс қағанға екі көзінен айрылған сәуегей-қобызшы Буханың естіруі, Баттың әке мұрагері болып хан тағына отыру кезеңін қамтиды. Мұндағы Жошының өліміне қатысты қазақ халқы арасындағы аңыз-ақи-қаттардың («Ақсақ құлан») бұл романда айна қатесіз дерлік көрініс табуы – ерекше назар аудартты. Тек қана Кетбұға – Бұқа (Буха), домбыра – морин хуур (атбасты қобыз) болып «өзгергені» болмаса аңыз желісінде айырмашылық жоқ. Жалпысы Жошы хан да, Алтын Орда Ұлысын 250 жылдай билеген ұлдары Бат, Бэрх (Берке. Сарай-Берке шаһарын салдырған) және оның ұрпақтарының өмірі – қазақ халқының тағдыр-талайымен тікелей байланысты екендігі тарихи шындық.
Сондықтан да «Жошы ұлысының 800 жылдығына» орайластыра аталмыш романнан шағын үзінді ұсынып отырмыз.
Тәржімашы
Шөкім бұлтсыз шалқар аспан астында, ұшы-қиырсыз созылған сайын даланың әр тұсынан шаң көтере құйын тұрып, лезімде көзден ғайып болуынан-ақ айналаның бос топырағы молдау атырап екені аңғарылғандай. Әр жерде топтаса өскен бұта-бүргендердің бәрі де қурап, кепкен боршадай бүрісіп қалған. Кенезесі кепкен кеңістіктің ортасында қарақұрым адамдар маздаған отты айнала қоршаған. Олардың тас төбесінен түскі күн манаурай төнеді. Әуелінде баяу естіліп тұрған бақсы даңғырасының үні өршелене күшейген сәтте онымен өзгеше мақамы үйлесіп, киіміне таққан салпыншақтарын шалдырлата жініккен бақсының сарыны басталды.
– Мәңгі бақи отымды жағып сарнайын, Ата-бабамның құдірет күшін мадақтап сарнайын, айбарлы аспан өзіңе табына тұрып сарнайын, кенезесі кепкен далаңның таңдайын тамшыңмен жібітіп ақ нөсеріңді жаудырып жарылқай гөр! – дегенде жанған оттың жалыны одан әрмен лаулап шоқ шаша биіктей берді. Отты айнала тұрған адамдар ақ тағамның түр-түрін жайып, кәрі-құртаңдар құнжыңдап қойдың төстігін сары майға шылап отқа салды. Қозданған оттың дыбысы, аласатқан бақсының сарыны, даңғыраның даңғаза үні үйлесіп, ерекше бір үндестік тапқан шақта ту-ту алыстан күннің күркірегені естіліп, шайдай ашық көкжиекте қоп-қою бұлт шоғыры пайда бола қалды. Кешікпей-ақ аспанның батыс жиегі тұтастай түнеріп, сан мың салт атты шаң боратып келе жатқандай бір сурет көз арбады. Аспанда шоғырланған бұлттар қара, сұр, ақ түстері астаса жөңкіліп, әралуан бейнеге енеді. Бұлттың арғы шеті жерге төгіле сүйретілгендей кейіп танытып мұнарлана таяп келеді. Бұлт екеш бұлт та алуан-алуан өңге құбылып өзінің болмыс-бітімін танытады екен. Сұры өң – түтіндей будақтағанда басқа өңдерге сіңісіп, алғашында тауешкінің мүйізі секілді бейне жасап, лезімде-ақ анда-мұнда басқа-басқа бейнелерді көз алдыңа тосады. Осылайша, бұлттар біртін-біртін ауқымданып, қоюланып сан алуан хайуанаттың, жыртқыштар мен қанаттылардың бейнесіне құбылып, қайтадан өзгеріп, ыдырап кетеді екен.
Отты қоршаған адамдар түгелдей тізе бүгіп мәңгі көк аспанға мүрит боп табынып қалған. Дәл қандай ғаламат құбылыс болып жатқанын ешкім де түсінген жоқ. Әйтеуір адамды қойып жанды жәндік, өсімдік атаулы құрғап құмға айналған далаға нәр тілеп, жаңбыр жауса деп жалбарынған еді.
Таяған сайын бұлттың бергі етегі одан әрмен төмендеп, үстіңе төне кеткісі келгендей еңкейгенде байлаулы аттар шылбырын жұлқи кісінеп, бір орнында тықыршып кимелей бастады. Расында да, мәңгі көк аспан адам тілімен емес табиғи бір тылсымдық арқылы адаммен тілдесетін сияқты. Әлгі баран бұлттар та төбеге әлдеқашан келіп, отты қоршаған көпшілікке үңіле қарап тұрғандай. Мұндай сәтте кім болса да мәңгі көк тәңірінің құдірет күшіне үнсіз құлдық ұрары сөзсіз.
Таңданыс пен қорқыныш қоса қабаттасқан қас қағым сәт өте бергенде кенеттен найзағай ойнап, аспан тұтасымен күңірене күркіреді. Мәңгі көк тәңірінің өзі тұп-тура төбесінен бақылап көріп, найзағайдың жаңғырығын жердің жеті қабатына жеткізіп тұрған сол сәтте кенет бір ер адам шыңғыра бақырып, бар шамасынша тырбанып тұрды да жерге етпетінен құлап түсті. Көпшілік ішінен екі-үш ер адам солай қарай жүгіріп барып, жерде сұлап жатқан азаматты көтеріп жоғары қаратса көз жанары үлкейіп, ауызы барынша ашылып қалыпты. Енді ғана күшті тыныс алғанымен демін қайта сыртқа шығара алмады. Арт-артынан демін ішіне тартса да, сыртқа шығара алмай кеудесі толып, екі көзі атып шығатындай алайып, қарашығы да үлкейіп, демде көз тамырлары қанға толып жуандап, екі көзі қып-қызыл боп алақтап, демін шығара алмай кешіккендіктен булығып, есінен танып денесі босап сылқ ете түсті.
Тас төбеде қонақтаған бұлт сұстана төніп тұрды да, нөсер жаңбыр шелектеп құя жөнелді. Қара суын аямай қайырым етсе де одан әрмен қоюлана буырқанып, батыс жиегінде атты адамның бейнесін бедерлеп, әудемде өзгеріп киініп-ішінген ханымның бейнесіне құбылып барып қайта ыдырағанда ұлы бұлтқа барып сіңіседі. Адамдар не істерін білмеді, ол тұрмақ өзара тіл қатысуға да дәрменсіз, бостан босқа көк тәңірінің құдіретіне мойынсұнған қалпында. Бұлт төбеде қозғалыссыз тұрақтап, нөсер жауын, жел-дауыл, құйындай ұйытқыған уақыт, бәр-бәрі де уақытша тоқтағандай, аспан көктен үңілген қою бұлттың астында мүрит болған көпшілік те қозғалыссыз қатып қалған. Олар тек жүректерінің қатты-қатты соққанын ғана сезінеді. Дәл осы сәтте әрбір жан иесі бар болмысымен тәңірінің әміріне бас ие бағынып, оның рақымшылығы болсын, жазасы болсын, қандай шешімін де құлдық ұра қабыл алуға әзір болған еді. Дәл қазір мәңгі көк тәңірі оларға өмір мен өлімнің қайбірін нұсқар болса, оны еш қарсылықсыз қабыл алудан басқа амалы құрыған адам мен табиғат екеуінің қай қайсысы да тастай қатып сіресіп қалған секілді. Сулы жаңбыр кеудесін суға малшынтқанда есінен танып қалған әлгі адам қайта сергіді. Көздері қызарып, былшықтанып, беті ісініпті. Ол орнынан тұрмақ болып еді, дәрмені жетпеді. Екі қолымен бетін басып, көзін уқалап әлде бірдемені қайта-қайта айта берді. Жақындап барғанда оның:
– Мен еш нәрсе көрмеймін. Мен түк те көрмей тұрмын, – деген сөзді қайталай бергені естілді.
Сайын сахарадан, алыстағы Алтай тауларының арғы бетінен Ертіс дарияның атырауына мәңгі көк тәңірі не хикметпен өзі денелей келіп, құдіретін білдіріп, ғаламатын көрсеткенде не себептен жазықсыз бір жас жігіттің жарық жанарын тартып алды? Тәңірі дәл нені ишаралап тұр екен?!
***
Айналасы дуал-қорғанмен қоршалған аумақты шаһар жазықтықта анық көрінеді. Дуалдың ортасындағы шошақ төбелі үлкен орданы айнала шағын балшық тамдар орналасып, араларын жалғаған жолдар пайда болыпты. Ортадағы үлкен ордада екі адам сөйлесіп отыр.
– Елші, сенің сөзіңнен мен ештеңе де түсінбедім. Сен қатты абыржыған екенсің. Бері жақында. Сабырға түс. Сонсоң басынан бастап қайтадан айтып шық, – деп бұйыра сөйлеген адамның даусынан жиырма шамасындағы жас жігіт екені аңғарылады. Ол төрдегі торғын-торқамен көмкерілген төсек үстінде жалғыз отыр. Көк түсті шапанын бір иығына іле салыпты. Сұңғақ бойлы, қиық көзді, қою қасты, шықшытты жігіт маңдайына түсіре кекіл қойып, басқа шашын екі құлағының артынан мұқияттап өріп, ұшын жоғары көтеріп қойыпты. Орда іші өте кең болғандықтан әлсіз шам жарығынан бұйрықкердің бет-жүзін одан артық көру мүмкін емес.
Сырттан кіріп келген болу керек, сауыт, дулыға киген отыз жас шамасындағы адам босаға тұстан көтеріліп аса зор ілтипатпен жас жігіттің алдына бірнеше қадам жақындады.
– Жақында! – деп қайталағанда әлгі адам тағы да бірер адымдады да отыра кетті. Орда іші дыр-дыбырсыз мүлгіп тұр. Алакөлеңке болса да елшінің жүзі анық көрінеді. Жалпақ маңдай, томпақтау шықшытынан моншақтап тер шыққан.
– Айт! – деген дауыс тағы естілгенде әлгі елші жеңімен маңдай терін сүртіп:
– Біраз күн жауын жаумаған соң біз тәңіріге жалбарынып тасаттық беріп жатқанымызда кенет қою қара бұлт шығып, төмендей ілгерілеп біздің төбемізге келіп қонақтады. Осы кезде күн қатты күркіреп, найзағай ойнағанда Буха (Бұқа – Кетбұға. (Ауд)) кенет байбалам салып ойбайлай бастады. Біз «Не болды екен?» деп оның артынан барып қарасақ, демін ішіне тартқанымен сыртқа шығара алмай, кеудесі бітеліп, көзі қызара алақтап тұрды да есінен танып құлады. Есін жинаған соң не болғанын сұрағанымызда ол бізге: «Түк те көрмей тұрмын» деп тіл қатты, – деді.
Бұл әңгімені тыңдап отырған жас жігіт елшіге сұқтана қарап:
– Сонда... Сонда, Буха соқыр болып қалғаны ма?! – деп сұрағанында тамағы сәл қарлыққандай болды.
– Дәл соқыр болмауы да мүмкін, енді...
– Түк те көрмейді дейсің де, соқыр болмауы да мүмкін дейсің. Оның қайткенің?!
– Буханың көзіне бір адам көрініп тұр деген...
– Кісі көрінеді дейді?
– Ол сізді көріп тұрмын деген...
Ордада тым-тырыстық орнаған. Ал, бағанадан бері айтайын дегенін екі рет қайталап айтқан елші сөзін ұқтыра алғанына шүкірлік еткендей кейіпте отыр.
– Не дегенмен де өзім барып сөйлесейін. Не болып жатқанын білуім керек. Сен шығып күте тұр, – деген жас жігіт киіне бастады.
Орданың сыртында қозғалыс саябыр. Тамдардың арасын жалғаған жолмен әлдебіреулер кетіп барады. Айнала тыныш, тымырсық. Мұндай тыныштық кейде көңілге күдік ұялататыны секілді тым-тырыстық та адам сезімінің талшықтарын бір-бірлеп шертіп, тынысыңды санай бастағандай сезіліп, біртүрлі қолайсыздық тудырады.
Биік дуалдың қақпасы (дарбаза) әуелінде ерепайсыз қатты шыңылдақ дыбыс шығарып барып жайлап ашылған соң жас қожайын, оның атқосшылары, әлгі елші бастаған көп салт атты шыға жөнелді. Күз маусымы әлдеқашан басталса да түскі күн тастөбеден қыздыра жаймашуақтанып табиғат ананы аялай түсіп, біртүрлі жылы да жайдары қалып танытады. Ат тұяғының тықырымен анадайдан үрке ұшқан құс, шегірткенің шырылынан басқа бөгде дыбыс жоқ. Жас жігіт ұзақ жолда болып өткен оқиғаны зерделеп ойға батып келе жатыр еді:
– Тақсыр, біз келіп те қалдық, әне тұр, – деген дауыс естілді. Осылай деген елшінің даусынан селт етіп ұшы-қиырсыз ойдан ажыраған жас жігіт нұсқаған жаққа қарағанда – аспан батыс-солтүстігінен тұтаса қарауытып, бір шоғыр қара бұлт ауыл үстіне төніп тұрғанын көзі шалды. Ордада елшінің айтқан: «Біздің төбемізге бір шоғыр баран бұлт келіп тоқтады» деген сөзі ойына оралды. Бұл оқиға тіпті кеше болса да әлгі бұлттың сол орнында әлі тұрғаны ғажап! Таңдана-таңдана қараумен ауылға да таяды. Таяған сайын екі әлемнің шектесер шегіндей, күн мен түннің беттесер шебіндей біртүрлі тылсым, аспанның бір бөлігіне кіріп кеткендей болды. Жалғыз қадам басып қана жарық күннен қараңғы түнге қарай еніп бара жатқандай сезілгенде өзінен еріксіз артына бұрылып қараса, келген жолы жарық, ашық қалпында болғанымен алдыңғы жағы көлеңкелі, аспан қара бұлтты екен. Мұндай таңғажайып құбылысты өмірі көрмеген адамдар таңданысы мен қызықтаушылығын астастыра ауылды бетке ала ілгеріледі.
***
Ауылдың ортасындағы киіз үйге көп адам жиналыпты. Бәрі де таңданысқа толы жанарларымен бір-біріне қарайды. Үй иесі сияқты бір адам төрде отырып, былшықтанып ісінген көзін сүртіп:
– Сендер аяқ дыбысын естідіңдер ме? Кісі келе жатыр. Бұл дәл Баттың (Жошының ұлы Бат ханзада. (Ауд)) өзі шығар, – дегенде адамдар сыртқа құлақ тігісті.
– Бат келе жатыр. Әне шабдар ат мініп, алтын өрнекті дулыға киіпті. Оң жақ қолында жақында алған жарасының орны бар. Ол келе жатыр, – деп жас жігіт тағы қайталағанда адамдар бір-біріне күмәндана қарасты. Үй иесінің жанында отырған қария босаға жақта отырған екі адамға:
– Сыртқа шығып қарап келіңдер, – деп еді, олар атып тұрып шыға жөнелді. Жақын-жуықта адамды қойып мал да көрінбейді. Тасаттық бергеннен соң күшті нөсер жауғанымен кешікпей басылып, сол күннен кейін бұлыңғырлана тұнжыраған аспанда күн шығары да, жауын жауары да беймәлім уақыт өтіп жатыр. Айналадағының бәрі де анық көрінбей, көңілсіздік құрсап алған.
– Анауың «көзіме Бат көрініп тұр» деп кеше айтқан еді. Андасын күтіп отырғаны шығар, байғұстың, – деп еді біреуі, келесісі:
– Солай болар. Көзге шалынар түк те жоқ қой, – деп үйге кірді де:
– Ештеңе де көрінбейді, – деді. Үй ішінде тағы да тұнжыраңқы әрі үрейлі жағдай жалғасты. Адамдар өзара ақырын, қысқа тіл қатысып, көрер көзі басырға айналған байғұс жігітке түңіле қарасып отырғанда үйдің киіз есігі серпіле ашылып бір адам кіріп келді. Ол адам алтын өрнекті дулыға киіпті. Тосыннан келген мейманды көрген адамдар не істерлерін білмей тұқырайысып отырғанда әлгінің артынан екі адам ілесе кірді. Адамдардың тым-тырыс бола қалуынан кім келгенін аңғарған үй иесінің:
– Бат, Батым менің... мен айтпап па едім, «Бат келе жатыр» деп... – деген қуанышты үні естілді. Бат үй ішіндегі адамдарды көзімен бір шолып, төрдегі Бухаға қарады да ақырын аяңдап қасына барып отырды. Жас қожайын келгендіктен үйдегі адамдардың біразы шығып, үй иесінен басқа бірнеше жасы үлкен кісілер қалды. Төрдегі адамның қабағы іскенімен көзін аша алатын сияқты, жанына отырған Батқа қарсы қарап:
– Андам, мен сені көріп отырмын, – деді. Бірақ, оның Батқа қарағаны рас болғанымен, жанары Баттың иығынан жоғары бағытта, басқа нәрсеге түсіп тұрғанын аңғарды. «Буха көзден айрылыпты!» деген ой туған сәтте көкірегіне бір суық нәрсе жылжып кіріп бара жатқандай, көңілін жабырқатып жіберді. Өмірге келген сәттерінен үйірлесіп өскен бала досы қазір өзіне қарап отырғанымен, осы көзімен жарық дүниені көрмейтін болған екен. Қапелімде тап болған осынау қайғылы халді қайтерін білмей үй ішіндегілерді барлай қараған сәтінде Буханың қасында отырған қария ақырын тамағын қырнап:
– Біз ауға шыққан Жошы ханның артынан шеріктермізді алып барып қосылуға тиіс едік. Жауын жаумай бірнеше күн өткендіктен, мал сусынсыз болып шөлдеп өлуге таяды. Амалымыз таусылған соң тәңіріге жалбарынып тасаттық беріп жатқанбыз. Кенеттен найзағай ойнап, күшті дыбыс шығып, барлығымыз тізе бүгіп, бас иіп отырғанымызда батыс-солтүстіктен бір шоғыр баран бұлт тұтасып келді. Сол кезде Буханың айғайлаған дауысы естіліп, артынан барсақ ол бізді итеріп шегіндіріп, жалғыз өзі жүгіріп кетті. Анандайтын жерге барып кеудесін ұрғылап, адамдікі деуге де, хайуандікі деуге де келмейтін жаман үн шығарып, қып-қызыл шоқтың үстінде жалаңаяқ шоршып жүргендей секіріп, өңірін жұлқылағаны – өз денесінен бір нәрсені жыртып алып жатқандай болып көрінді де әлсіреп барып жығылды. Біз оны жоғары көтергенімізде тыныс алғанымен, демін қайта шығара алмай булыққандықтан екі көзі қанталап, артынша есінен танып қалды да қайта сергігеннен кейін «Түк те көрмей тұрмын» деді. Осыдан артық сізге түсінік бере алмаймын. Біршама өзіне өзі келгенімен содан кейін көрмейтін болды. «Ештеңе де көрмейсің бе?» деп сұрасақ, сізді ғана көріп тұрмын дей береді, – деп шаршаңқы үн қатып, аң-таң қалған кейіппен Батқа қарады.
Сол сәт аспанның батыс солтүстігінен күннің қатты күркірегені естілгенде, адамдар қорыққанынан бастарын еңкейтіп отырысты. Төрде отырған Буха Баттың қолынан ұстап «Шығайық» деді де жауап күтпей-ақ орнынан тұрды. Бат Бухаға жол көрсете босағаға дейін жетектеп келіп киіз есікті серпи ашып далаға шықты. Аспан ашылатын рай жоқ, бұлт бұрынғыдан да қоюлай түсіпті. Буха Баттың қолын жіберіп батыс-солтүстік бағытқа бірер аттап еді, сүрініп жығыла жаздап барып еңсесін тіктеді. Қолтығынан демемек болған Батқа «Қажеті жоқ» дегенді қол сілтесімен білдіріп, ары қарай жалғыз өзі тағы да бірер аттап барып тоқтады. Буха аспанға аса бір зер сала қарап тұрғандай. Соқыр адамды қойып сау адам да дәл осылай зор құрметпен, ерекше назар салып қарамайтын шығар-ау дерліктей, аспан әлемін ұзақтау бақылап тұрды да:
– Ана-жұртымыз моңғолдың арғы шегінен күн шығып әлемді шарлағанда барша жаратылысты шұғыласына бөлейді. Бат, сен сол күн секілді күн шығыстан күн батысқа дейінгі барша жаратылысты шұғылаға бөле. Бірі жоқ болып жатса, бірі келіп жататын жалған дүние! – деді.
***
Аса кең шеңбер жасаған екі мың атты шерік біртін-біртін шеңберді кішірейтіп келеді. Әрбір екі атты орталарына киізді кере ұстап алған. Асықпай алға жылжып тарыла түскен шеңберден қандай жанды мақұлық та құтылып кете алмайды. Ұлы қаған Шыңғыс үлкен ұлы Жошыға еншілеткен Ертіс дариясының атырабы аң-құсқа өте бай болғанымен, бұл жолы олар құлан аулауға шыққан. Айналадағы нысаналы аңын қаумалап келе жатқан сарбаздардың ортасында Жошы ханның жанын қорғаушы бес жүз сайдауыт сақадай сай тұр. Иненің жасуындай да саңылауы жоқ қоршаудан қашқан жан иесі бәрібір ажал құшары заңдылық. Бес жүз қорғаушы сайдауыттың ішінде ұлы қағанның үлкен ұлы Жошы аулайтын аңын күтіп тұр. Ұзаққа созылған тыныштықтың біртіндеп шырқы бұзылып, біраз уақыт тамшы тамбаған аспаннан ақ жауын сіркірей бастағанда табиғаттың тандырын жібіткен жауын сырылы да тым ыңғайсыздау сезіледі. Алайда жауын иісі хайуанаттан адамның иісін жасыра алатындығы – аулайтын аңға секем алдырмайтындай жақсы жағы да бар. Жошының сыртқы пішіміне көз салсақ – ұзынша бойлы, тарамыс денелі, жағы үлкен, көзі кішілеу, елуді еңсере бастаған-ау дерліктей жасамыс тартқан адам... Кенет батыс-солтүстік жақтан бір топ құлан атып шығып, адам иісін сезген болуы керек, бағытын кілт өзгертіп шығысқа қарай жөңкілгенде бір құлан үйірінен бөлініп жалғыз кетті. Құлан үйірін көрген шеріктер аттарына қамшы басып қумақ болғанда Жошы: «Сендер үйірдің артынан қуыңдар» деп бұйырды да өзі бөлінген құланның соңына түсті. Жанын қорғайтын сайдауыттар үйірлі құланды аулауға ынтығып дүрліге жөнелгенде жалғыз жүйткіген құлан Жошыны артынан ертіп тым ұзаққа сілтеді. Жауын да күшейіп кетті. Ат шабысы үстінде дулығасынан аққан жауын суы көзіне құйылып айналасын буалдырландырып жібереді. Беталды қашқан құланды қуып жетуге таяған сәтте садағын сол қолына ала көтеріп, оң қолымен жауырынына таққан қорамсағынан бір жебе суырып алып, садағына салып барынша дәлдеп сығалап тартқан еді. Адырнадан шыққан жебе ысқыра ұшып алдындағы құланның оң жақ қабырғасын жанай өтіп барып алқымынан қадалғанда құстай ұшып бара жатқан тәңірінің күлігі табанда омақасты. Жошы аулаған аңына таяп барып атының басын тартты. Жерде тыпырлап жанталасып жатқан жануарға алыстан сақсына қарап біраз тұрды да, қыбырсыз қалғаннан соң атынан түсіп, жақындап барса, құланның байталы екен. Аңнан олжалы болдырған мәңгі көк тәңіріге ырзалығын білдіру үшін жерге етегін жая отырды. Осы сәтте үйірін қорғап жүрген құланның айғыры кенет үйірінен бөліне қашқан байталдың артынан тарғаяқтап жетіп келді. Байқаса құланның айғыры ақсақ екен. Құландарына қорғаныш болған үйірбасы осы секілді талай реткі шайқасқа кіріп, аяғынан ақсағанша күрескен хайуан секілді. Ханның жанын қорғаушылардың бір жарымы үйірін тастай сап шапқылаған айғырдың артынан тақымдай қуған еді. Тәңірінің несібесіне тәубашылық етіп отырған Жошы арт жағынан құтырына құйғытқан құланның айғырын байқамады. Кенет құлағына «Ай-ұй»-лаған дауыс естілгендей болған соң артына қарағанда ғана оқтай ұшып таяп кеп қалған жануарды көрді. Атып тұрып қылышын алмақ болып еді алыста қалыпты. Атына мінбек боп ұмтыла бергенше құланның айғыры зымыраған қалпы келіп Жошының оң қолынан тістеп жұлқылай бастағанда сол қолымен қонышындағы пышағын суырып алып өндіршегіне бойлата сұғып үлгерді. Құтырынған жандай сілкілеп жұлқылап жүрген құлан айғырының күш-қуаты біртіндеп сарқылып әлсірей берді. Онымен бірге Жошының да денесі ысынып, діңкесі құрып барып сұлап түсті. Кешікпей жанын қорғайтын сайдауыттары да жетіп, жерде тыпырлап жатқан құланның жаралы айғырын біржола өлтіріп, қожайынының жараланған қолын ауыртпау үшін сол жақ иығынан ақырын демеп басын көтертті. Жошының есі кіресілі-шығасылы. Шапанының қолтығынан көлкіп шыққан қан ұйып қалыпты.
***
Не себептен тәңірінің кәрі бір ауылдың басына түсіп, бала досы Буханың көрер көзін алып кеткенін түсінбей-ақ қойды. Үстімізден қарап айнадағыдай көріп тұратын тәңірінің қалауы сол шығар. Алайда ол көргенін айтқанда адамның тілімен емес, сәуегөйлік түйсік арқылы жалғастырып айтатындықтан оның бәрін де әрбір адам өзінің ойламымен саралап түсінуден басқа амал жоқ. Тәңірі дәл нені ишаралайды? Көрер көзінен айрылса да «Бат сен күншығыстан күнбатысқа дейін жарылқа» деген Буханың сөзі дәл нені меңзейді? «Буханың мына жағдайы егер ауру болса, емдейтін оташы керек. Басқа не болуы мүмкін?» деген ойды арқалап, мінген атын шылбырынан жетелеген Баттың жанында Буха және жас қожайынның жанын қорғаушы шеріктер ілесіп келеді. Не дегенмен де андасын «Тәңірім білсін» деп тастап кетуге дәті шыдамай жөн білетін емші-домшыларға көрсету үшін ертіп шыққаны осы. Буханың жүгі дейтіндей мардымды еш нәрсе жоқ. Жасынан ойнап өскен морин хуур-ын (Ат бас қобыз) алып шығыпты. Ойдан ой туындаған ұзақ жолда дыр-дыбырсыз құмайт дала созылып жатыр. Айналадан жанды жәндік көрінуі неғайбыл іш пыстырарлық ұзақ жол бұларды алға жетелейді. Бағанадан бері бараны көрініп тұрған дуал қоршаулы орда жақындап келеді. Қайырылып артына қарағанда ауылдың үстіне қонақтаған баран бұлттар бұларға ілесе көшіп келе жатқандай, аспан тұтастай мұнарланып кетіпті. Тым кешікпей дуалдың қақпасына жас қожайын келгенін хабарлағанда қақпа қақырай ашылды. Шаһар қақпасынан енер сәтте Буха Батқа:
– Болып жатқан жағдаяттың бәрі де тәңірінің қалауы, – деді. Батта Буханың не айтқанын түсінуге мұрша болмады. Ауға кеткен адамдар келген сыңайлы. Ақсүйек төрелердің алдынан тіке қарамайтын заңдылықты тұтынатын адамдар Бат жүретін жолды ашып, бәрі де төмен қарап иіліп тұрды да, ол өтіп кеткеннен кейін еңселерін көтеріп өз-өз бағытына кетісті. Нендей бір тым-тырыстық қойнына кіріп кеткендей сезінген Бат жедел жүріп орданың алдында аттан түсіп, кешіктін (хишигтэн) шерікке атының шылбырын беріп, орданың есігіне қараған қалпы ішке кірді. Орда іші бұрынғыдан гөрі жарық болыпты. Қабырғасына бүркемелі шамшырақ жаққандықтан айналадағы дүниеліктер анық көрініп тұр. Бат кіріп келгенде есік алдындағы адамдар тоңқаңдай иіліп, ақсүйек төресіне құрмет көрсетті. Төрге қарай бірер аттаған сәтінде ағасы Орд (Орда), інісі Бэрх (Берке) бастаған ұлдар, Жошының көп ханымдары қарсы алды. Солардың ішіндегі Уги үжин анасы үрейлі жүзбен Баттың алдынан келіп оң қолынан ұстап:
– Әкең... – деді де жасқа толы көзімен қарап тұрып қалды. Даңғарадай кең орданың оң жағын ала орналасқан ұзын әрі жалпақ төсекте Жошы хан жатыр. Байқаса кеудесі қанға боялыпты. Жошының оң қолын қайырып мойнынан байлағаны көрініп тұр. Жанында орда оташысы тұндырма ем қосқан суға салып сыққан орамалмен жарасын тазалап жатыр. Болып жатқан әрекеттің бәрі де өте жылдам, бірінен соң бірі дем алуға мұршасыз жалғаса өрбіп жатқаны таңғаларлықтай.
– Әке-ау, сізге не болған? – деп таяп барса, Жошы ес-түссіз жатыр екен. Жанындағы оташы Батқа иіліп тағзым етіп:
– Әкеңіз аң аулап жүріп құланның айғырына қолын шайнатыпты. Жарасы ауыр болғанымен жанды жерінен қашық болғандықтан жазылып кетер деп үміттенемін. Әйтсе де көп қан кеткендіктен есі кірген жоқ,һ – деді.
– Жанды жерінен аулақ дедіңіз. Есін жиғызатын нендей бір амал тапшы, – деп қожайынға тән зекіруі мен не істерін білмеген адамның сасқалақтауы атасқан үнмен тіл қатқанда:
– Тырмысып жатырмыз, жас ханзада, – деді, оташы. Кенет, сыртта дуалдың есігінен кірерде Буханың айтқан сөзі ойына оралды. «Болып жатқан жағдаяттың бәрі де тәңірінің қалауы». Бат анасын аздап сабырға келтірген соң сыртқа шықты. Буханы оташының ордасына қарай алып кеткен екен. Артынан келіп үйге кіргенінде ол:
– Бат, сен келдің бе? – деді. Селт ете түссе де оның өзінен басқа еш нәрсе көрмейтінін есіне түсірді. Бат Бухаға жақындап барып жанына отырды да, дулығасын алдына қойып:
– Сен мені көріп тұрсың ба? – деп тағы да сұрады. Буха Батқа қарай қарап отырғанымен жанары тағы да басқа нәрсеге түскен қалпынан айнымапты.
– Көріп тұрмын, – деп жауап қатты.
– Мен қандай дулыға киіппін?
– Алтын өрнекті дулыға киіпсің.
Бат алдындағы дулығасына қараған күйі біраз үнсіз қалды.
– Сен, әлгінде орданың есігінен кірерде «Болып жатқан жағдаяттың бәрі де тәңірінің қалауы» дедің ғой. Соның мәнісі не? – деп еді, Буха:
– Маған ол сөзді әлдебіреу сыбырлағандай болған. Мен өз басым ол сөзді саған айтқам жоқ, – деді. «Бұл адам еш нәрсе көре алмаса да соқыр түйсікпен мені көріп тұр екен. Бірақ, айтып отырған сөзінің нендей мәні бар екен? Ордада қандай да бір нәрсе болғанын бұл қалай біледі?».
***
Ай мен күн алмасумен күз, қыс, көктем, жаздың төрт мезгілі жылыстай алыстап бір жылды артта қалдырыпты. Моңғолдың байтақ даласында күзгі салқындық орныққан. Қай-қайда да керней-сырнайдың үні кернеп тұр. Туулдың (Толы өзені) қара шілікті тоғайында орын тепкен Шыңғыс қағанның ұлы ордасының айналасы абыр-сабыр қозғалысқа толы. Айлап-апталап алыс та алыс сапар, ұзақ жолдың шегіне жетіп осы далаға аялдаған ұлы көш ұлы қаған ордасының батыс жағына кеп ірге көтеріп жатыр. Ол – Жошы ұлысынан келген ханзадалардың орда сарайы, бағыныштылары, солардың жүк керуені еді. Адамдар жүктерін түсіріп, ат, түйелерін тынықтырып, балалар жүгіріп ойнап, әйелдер от жағып, ас-су әзірлеп жатқанына қарағанда көш келгелі көп болмаған сыңайлы. Ортадағы үлкен үйде Бат Бухамен бірге отыр. Бат бұлғынмен жұрындаған көк торғын шапан, қызыл түсті тері етік киіп, жиналған көпшілікке баруға әзірленіпті.
– Жарандардың барлығы Бөртө ханым (Бөрте – Шыңғыс қағанның бәйбішесі) әженің ордасына жиналды, – деген хабар келді. «Енді шықпасам кешігемін» деген Бат жүре беріп еді Буха артынан шақырып:
– Мен өткен түні бір нәрсе көрдім, – деді. Соқыр адамның «бір нәрсе көрдім» деуі қызық сезіліп, сөзін тыңдамаққа қалт тоқтады. Буха:
– Аспан түнеріп, бергі жағында түтін будақтап жатқан. Таңдана қарасам бір үлкен от жалындай жанып, жап-жасыл атырапты өртеп жатыр. Жанды біткен қорқыныштан сасқалақтап қайтерлерін білмей жүргенде Бат сен оны жалғыз өзің сөндірдің. Сонан ең ақырында аспан ашылып, жадырап кетті, – дегенде:
– Әй, Буха-ай. Ол түс емес пе, – деп еді, Буха:
– Түс дейді ғой, мен көрдім деп отырсам... – деп қайталады. Бат жиналған жарандарға асығып тұрғандықтан:
– Мынау қызық түсің хақында қайтып келген соң сөйлесетін мүмкіндік туар. Ал, қазір шықпасам кешіктім, – деп үйден шықпақ болғанында:
– Тоқтай тұр! – деген даусы естілді. Бат бұрылып қарап еді, Буха орнынан тұрып қолдарын бос қарманып бір-екі аттады да:
– Жошы иеміз мәңгі тәңіріге қайтқаннан кейін ұлы қағанның жаны жасып, үлкен қайғыны бастан кешіп, енді әкеңнің орнын басар адамды таңдағалы отыр. Таң азанда көрген сол қызық түсімді қайта ойласам, мәңгі көк тәңірі саған белгі бергені екен, – деді. Шешімі қиын жұмбақ дүниелер айтатын болған Буханың бұл сөзін сарапқа салып ойланатын уақыт Батта жоқ еді.
– Әкемнің орнын кім жалғаса да болды емес пе? Ханзадалар, аға-бауырлар бар. Әкемнің өмірлік мақсатын жалғастыратын кімді де болса мен риясыз қолдайтын болам. Дегенмен сенің түсің өте қызық көрінеді, – деп оның меселін қайтармай қосып айтты.
– Түс емес деп отырсам... – деп Буха күңкілдеді.
– Мен өзім түсімді есте сақтай бермеймін. Алайда, жолда бір көрген түсім ойымнан шығар емес. Тәңірілік болған әкем маған қарай келіп мінген атын берген еді. Жарықтық әкемді өте анық көрдім, – деді де есіктен шығып кетті.
Бат ордадан шыққанда Бөртө ханым ордасының алдына көп адам жиналған екен. Ол тура ханымның ордасына қарай беттегенде жолдан Баттың ағасы Орд, інісі Бэрх қосылып бірге жүрді. Орд Баттан бірнеше айлық үлкен. Далалықтар секілді орта бойлы болғанмен бақал денелі, кішілеу мұрынды, әкесіне тартқан томпақ бет. Ол Жошының көп ханымдарының бірі Ойраттық Сарт гуа ханымнан туған. Ал, Бат болса аға-інілерінен гөрі ұзын бойлы, талыс кеуделі, денелі, дөң мұрынды, қысық көзді. Қоңыраттық Уги үжин ханымнан туған. Бэрх де басқа әйелден. Бет әлпеті, сыртқы пішімі Ордқа ұқсас болғанымен ержетіп келе жатқан бозбала болғандықтан қозғалысты, тура сөзді, ойлағанын сыртқа еркін шығаратын мінезі бар. Жол-жөнекейде Бэрх ағаларына бағыттап:
– Біз көп болсақ та басқа бауырларды емес, үшеуімізді ғана шақыртыпты. Әкеміздің орнын сайлағанда біз үшеуміздің бірімізді нұсқары анық. Сіздер кім болса екен деп ойлайсыздар? – дегенде Бат інісіне күлімсірей қарап:
– Сені болса екен деп ойлап келемін, – деп Ордқа ымдап еді, Орд Батқа жақтырмай қарап:
– Он бес жаста ғана ғой, Бэрх. Тәлкектеуді доғар, – деді.
Үлкен ханым ордасына қарай адымдаған сайын Батқа аяқ алысы мүлде ауырлағандай сезіледі. Әкесі Жошы мәңгі тәңіріге қайтқаннан кейін аға-бауырларымен жүздеспегендіктен қалай, не деп тіл қатысарын біле алмай келеді. Әкесін кісі жерінде қорғап қарайласпай жоғалтқандай сезіліп, екі жанары жасқа толғанда адамдардан жасыра теріс қарап іркіп алды.
Ұлы орданың маңайына көп адам жиналыпты. Қаған ордасын айнала ханымдардың ордалары, бас қолбасшы, түменбасы нояндардың ордалары бой түзеген. Батыс-оңтүстік жақта жаңа үй тігіп жатқан тәрізді, адамдар үй, ағаш тасып, бүктелген киіз арқалап барады. Орд, Бат, Бэрхлер орданың сыртына келгенде қарауылдар олардың келгенін хабарласымен ішке кірді. Орда ішіне қағанның үйелмені жиылыпты. Оң қанатта ұлы қағанның Жошыдан кейінгі балалары Цагаадай (Шағатай), Өгөөдэй (Үгедей), Тулуй (Төле)-лар өз балаларымен бірге тұр. Ал, сол қанатта Бөртө ханым бастаған әйелдер келін-кепшектерімен бірге отыр. Бат ағасы Орд, інісі Бэрхмен бірге орда ішіндегі адамдармен аман-сәлем істеген соң оң жаққа таман отырған қағанның немерелеріне қарай өрледі. Жошы хан мәңгі тәңіріге қайтқаннен кейін олардың қай-қайсысы да бір-бірін алғаш көргендіктен арқа-жарқа қуанышпен қауышқан жоқ, үнсіз ғана отырысты. Орданың оң жағынан Бөртө ханым әжесі ғана олардың кіріп келгенін көргенде шыдамынан айрылған сияқты.
– Ұлдарым, менің, бері таяңдар! – деп, оларды қарсы алып кезек-кезек сүйгенде еріксіз төгілген ыстық көз жасы ұлдардың бетін шылады... Барлығы өз-өз орнына жайғасқан соң қағанның екінші ұлы Цагаадай:
– Хан әкей Өэлүн әжесінің басына барып ізет көрсетуге Аурагқа (Шыңғыстың бабалары астана еткен кент. (Ауд)) кеткен. Сонда бірнеше күн болып бері шыққан көрінеді. Ертең келіп қалар. Сендердің келгендеріңді естіген соң асығыс қайтқан болу керек, – деді. Орда ішіндегі адамдар біршама сабыр тапқан сыңайлы, өзара ақырын сөйлесіп отыр. Орданың оң жағынан қағанның кіші ұлы Тулуй:
– Ағамыз жарықтық өте жастай дүниеден озғанына көкірегіміз қайғыға толып, қатты қиналдық. Бауырларымыз келген соң ғана көңіл аздап жай тапқандай. Сонда қалған аға-інілеріміздің бәрі амандық-саулықта болар? – деп сұрағанда Орд:
– Байғұс әкеміз өмірден өтіп қайғы-мұңның мұхитын кешіп жүрсек те қалған үрім-бұтақ, ханымдардың бәрі де аманшылықта, – деді. Бөртө ханым біраз сабырға келгендей:
– Сендер жастайларыңнан әкеден айрылып, мен өлер шағымда аяулы ұлымнан айрылдым. Хан иеме де өте ауыр тиді. Не ойлағанын білмесем де хан ием Аурагқа аттанар алдында сендерге арнап жеке-жеке үй тігіп, тынықтыра беріңдер деп тапсырған еді. Біз... – деп батыс-оңтүстік бағытты меңзеп: – үш үй тіктіріп жатырмыз. Ертең хан ием келеді. Сонда сөйлесесіңдер ғой, – деді.
Алтынзадалар әулеті қаншалық кейісті жағдайда болса да бір-бірімен ұзақ уақыт жүздеспеген ағайындар әлден соң өзара әңгіме өрбітіп, Жошының иелігіндегі Ертіс дариясының атырабы, Цагаадайдың иелігіндегі Іле өзенінің аңғарындағы ел-жұрттың жаңалығы және моңғол даласының қилы оқиғалары туралы сөз қозғасты. Ерлер батыс қанат қосынының Сартуулмен арадағы соғыс және оңтүстіктен дұшпансыған Тангуудтың Бурхан ханы туралы айтысса, ханымдар мен әйелдер көптен көріспеген бір-бірлерін сағынысқан сыңайда ел-жер, бала-шағалары жөнінде сөз тиегін ағытып отырды. Олардың арасында көкірегін кернеген қайғы-мұңнан ажырай алмай отырған Бөртө ханым әже ғана. Ханымдар мен әйелдердің әңгімесіне араласпай жалғыз отырып, Жошының ұлдарынан мейірім мен өкініш толы жанарларын алмай қарай береді. Ордадағылардың әңгімесінің арасында сырттан кіріп келген хорчин шерік:
– Орда үйлер дайын болды, – деп хабарлады. Көптің ішінен Тулуй ноян Жошының балаларына:
– Әкемнің тапсырған ордалары тігіліпті. Бауырларым, енді сыртқа шығып, бүгін түнде өз-өз ордаларыңда демалыңдар, – деді.
Көшіріп келген орда үй қай-қайсысында да бар болса да неліктен дәл хан иенің дайындатқан ордаларында қонуға тиіс екендігін ешкім де оларға айтпады. Әйтсе де хан иенің бұйрығы солай болса орындамасқа орай жоқ. Адамдар тарасып әңгіме байыған кезде Бат да аға-інілерімен бірге сыртқа шықса, оң жақтағы дөңесте үш орда бой көтеріпті. Қатарласа тігілген үшеуінің өңі үш түрлі. Барлығын да алтын сары ою-өрнекпен әшекейлегенімен, сыртқы жамылтағы сары, көк, жасыл түсті бұлдан тысталыпты. Біртүрлі қызық көрінетін, басқа үйлерден оқшау тігілген үш түсті ордаларға қарай ұлдар таңданыса беттеді. Олардың артынан үлкен ордадағы адамдар да шұбыра шықты. Тулуй ханзада ұлдарға:
– Әрқайсың қай үйде демалатындарыңды өздерің біліңдер. Хан әкемнің бұйрығы болғандықтан осы түні сонда болуға тиіссіңдер, – деп тағы да қайталап айтқаны естілді. Үйлерге қарай кетіп бара жатқанда ұлдар өзара тіл қатысқан жоқ. Таңданыс пен қызығушылық сезім қоса қабаттасқан олар тезірек жүріп келіп үш түсті үйлердің жанына тоқтады. «Бір-бір үй таңдаңдар» дегенінің себебі неде? Үш түсті үйлерге әлі де таңдана қарасып тұрғанда Бэрх ағаларынан:
– Хан атам қалайша бізді мына үйлерге түнетіп отыр екен? – деп сұрап еді, Орд:
– Білер жоқ. Хан атамыз бұйырған соң болды, әйелімізді анда қалдырып осында қонатын болдық қой. – деді де көк түсті үйге қарай бірер аттай беріп қалт тоқтады. Сонсоң бір сәт екі ойлы болып тұрды да қайта айланып алтын сары түсті үйге кіріп кетті. Онан соң Бат та қай үйге кіретінін жақсылап ойлап алды да Буханың түсін есіне түсірді. Аспан шайдай ашылып жаймашуақ болғаны туралы ойланды, сонсоң мәңгі тәңірінің сипаты саналатын көк түсті үйге келіп енді. Бэрхге жасыл түсті үйден басқа таңдау қалған жоқ. Үй ішінде көшпенді ауылға тән барша дүниелік өз-өз орнында, төрге қызыл оюлы сырмақ төселіп, ұйықтап демалуға арналған төсек жабдықталыпты.
***
Аурагтан шыққан керуен Туулдың қара тоғайына таяп қалыпты. Көшпелі ордада Шыңғыс қаған Есүй ханымымен бірге жайғасқан. Күн батып іңір қараңғылығы түсіп келеді. Хан ие үнсіз, алыс-жуықты ойлап отырған сыңайлы. Есүй ханым ханның үнсіздігін әлгіден бері байқап, ойын үркітіп алмайын деп ары-бері ырғақтап келе жатса да, дыр-дыбыр шығармауға тырысып бағуда. Бірғауым уақыт ойға шомған Шыңғыс қаған кенет Есүйді шақырып қасына отырғызды да:
– Бұл жалғандағы ең қорқынышты нәрсе не? – деп сұрады. Әлемді шарлаған ұлы қағанның кенет қорқыныш туралы сұрағанын Есүй ханым тым жақтыра қоймаса да:
– Хан ием, сіз үшін қорқынышты нәрсе деген жоқ шығар-ау. Бұныңыз енді «кешумен шегіне жетпейтін нәрсе бар ма» дегеніңіз болар, – деді.
– «Кешумен шегіне жетпейтін нәрсе» деп нені айтып кеттің?
– «Кешумен шегіне жетпейтін нәрсе» дегеніміз – мәңгі көк тәңірінің жарлығы, қайтатын бір күн болар деп ойлаймын, хан ием.
– Өлімнен мен қорықпаймын. Онсыз да өлім мен өмірдің ортасында жүріп осы күнге жеттім. Алайда, ең бір қорқынышты нәрсе бар, ол – әкенің өзінен бұрын баласының өлімін көруі... – деді де үнсіз қалды. Жошының қайтыс болғаны туралы хабар бұл далаға жеткелі аз емес уақыт өтсе де, хан иенің жаны мүлде байыз таппағаны анық білініп тұр.
– Есүй, сенің сөзіңе еріп өзімнен кейін хан тағына отыратын адамды анықтағаным дұрыс шешім болса да, мен сол кезде қателік шығарғанымды сезініп отырмын. Егер сол бір күні хан мұрагерін тағайындау туралы айтқанымда дұрыс шешкен болсам, Жошы балам жүрегі жаралы қалпында пәниден көшпес еді...
Есүй ханым хан иесінің не хақында айтып отырғанын жақсы біледі. Хан мұрагерін сайлайтын құрылтай болғанда Цагаадай, Жошы екеуі жамандасып дөрекі қылық шығарғаны жайлы екеуі сөйлескен болатын.
– Мен қазір де сол қатемді қайталайын деп тұрмын. Жошы балам тәңіріге қайтса да, қалған үрім-бұтақтары арасында сол ыңғайсыз әңгімені қайта шығармау өте маңызды. Жошы ұлысын кімге мұралыққа қалдыру жайында ұзақ ойласам да, бұрынғы қатем қайталанатын сияқтанып, лажын табу үшін ішкі түйсігіме жүгінуге мәжбүр болдым. Қазір олар Туулдың тоғайына келген болуға тиіс, – дегенде Есүй ханым:
– Жошының тұңғыш ұлы Орд бар бола тұра неліктен үш баласын бірдей шақыртқаныңызды түсінбедім, – деп, шынын айтты.
– Орд Жошының тұңғышы болғанымен маған кейінірек келген. Ойраттың жерінен аты естілген Сарт гуа ханымды мен соңырақта көргем. Ал Бат, Бэрх екеуі менің жанымда туып-өсті. Жошыны шешесі меркіт жерінен келе жатқан жолда туғандықтан, мен «жолшы қонақ» деп ырымдап атын қойған едім. Бірақ күні бүгінге дейін алтынзадалар арасында сұрақ туындатып, кейінгі үлкен даудың басы болды. Сондықтан да мен ұлға Бат деп ат бергенмін. Бат адамдардың шүбәланып жүрген көп сауалдарына жауап беріп, өз қанымның тамшысы, өз етімнің бір жапырағы екенін білдіріп келгендіктен осы есімді берген едім. Бұл – мынау ұлы елдің іргесі мәңгі бекем болса деп ырымдағаным еді. Ал, Бэрх болса менің ең сүйікті немерем. Мен ана жолғыдай қателік жасап, әкесінің мұрагерін атап шешім шығарғанда оларды өз арасынан араздастырып, мына ғұмырлық бөлініп-жарылудың жолын салып беруді қаламаймын, – деп тағы да күрсінді. Есүй ханым өзінің қандай да бір дүдәмалданған нәрсесін сұрап барып көңілі көншитін әдетімен:
– Сіз үлкен орданың жанынан асыл қазынаның түсіндей үш үй тіктіргеніңізді өте құпиялағаныңыздың сырын біле алмадым, – деп еді, Шыңғыс қаған:
– Ертең дегенде мәнісі табылып қалар, – дегеннен басқа ештеңе айтпады.
***
Кеш түсіп айнала күңгірт тартқан мезетте адам аяғы саябырлай бастады. Бірден осында жайланып түнді өткізетін болғандықтан Бат, Орд, Бэрхнің қай-қайсысы да өз-өз ордаларында демалуға жатты. Көк түсті үйдегі Баттың ұйқысы қашып, алыс-жуықты ой елегінен өткізіп, Буха туралы да ойлады. Неге екені қайдам, Буханың әр айтқанында әлде бір түйсіктің нышаны бар екендігін еске түсірді. Ой жібі тарқатыла берді...
Көп ай бойы жаралы жатқан әкесі Жошының не болары беймәлім күндері атамекеннен қайта-қайта елші келіп Жошыны шақыртып, тұтас қосынын алып келуін ескертіп, Тангуудқа шабуыл жасауға Шыңғыс қаған асығып жатқан еді. Сол күндерде елші келген сайын тұңғыш ұлы сырқат екенін айтумен болған. Кешікпей Жошы хан тәңірінің қалауымен қайтып, атажұрттағы Шыңғыс елші келсін-келмесін әкеге тән түйсікпен қандай да бір жайсыз хабар келетінін болжалдап, ақырында осы ойынан сескеніп: «Менің ұлым туралы жаман хабар естірткен адамның басын аламын!» деп жарлық еткен болатын. Сондықтан бұл қайғылы хабарды Шыңғыс қағанға жеткізетін адам табылмай, Жошының ұлдары, нояндар мен әскер басылары не істерлерін біле алмай дал болған. Ешкім де өзі тіленіп баруға ниет білдірмеді. Өз ықтиярымен кім басын алдырсын-ау. Сол шақта Баттың досы Буха «Мен тіл жеткізейін» деп жүректілік танытқанда таңғалмаған адам жоқ. Дені сау, он екі мүшесі бүтін адам да баруға қаймығып отырғанда көрер көзсіз Бухадан мұндай үлкен батылдық шығады деп кім ойласын. Адамдар арасында әр алуан долбар айтылып жатты.
– Байғұс көзден айрылған жас жігіт өмірден түңілген соң солай айтқан болар. Онсыз да көрмейтін болған соң басымды алдырып тынайын деген шығар, – деп сәуегейлік танытса енді біреулері:
– Бухаға тәңірінің шарапаты тиді дейтін. Сол сиқыр күштің құдіретімен ханның қолынан сытылып шығудың амалын табады, – десті. Ақырында Бат амалсыздан Буха андасын атажұртқа ондаған шерікпен бірге аттандырған еді. Бухада алып жүретін дүние де болған жоқ. Аздап жол азық, қобыз аспабы, атажұрттағы ағайын туғандары аман-есен болса соларға беретін азын-аулақ базарлық, сәлемдемеден аспады. Шығыс түстіктің аспанын бетке алып жол шеккенде шеріктер қуаныштары қойнына симаушы еді, ал бұл жолы олай болмады. Ажарлары пәс. Хан иенің жарлығы болғандықтан ғана амалсыздан жолға шыққан сияқты. Алдарынан күткен атажұртында алаңсыз бейбіт өмір емес, хан иесі бұлардың басын алатын ащы тағдыр тосып тұрған соң амал нешік.
Көп күндік сапардың соңында ұзақ жол шеккен адамдар атажұртқа жетіп, Жошының ұлысынан тіл келгені туралы хабар қағанның құлағына жеткен бойда Буха ұлы қағанның құзырына келді. Қаған қолына қобыз ұстаған соқыр жігітке қарап таңданса да не айтарын күтіп үнсіз отыр.
– Баянда! – деген сәтте Буха қолындағы қобызын алдына алып сарнатып ойнай жөнелді. Қандай да бір тіл әкелгені туралы айтуға тиіс елші бас-аяқ жоқ тура қобызын алдына өңгеріп ойнай жөнелгеніне қаған басында таңданып қалған. Екі шекті қобыздың сарыны өте әдемі естілгенімен, астарында мұң бар еді. Әуелінде жеңіл мұң лебі ескен сарын біртіндеп жүрек түбінен әп-сәтте бір нәрсесін суырып алып кеткендей сезіліп, сонан соң әлгі ашық кеңістікке бір үлкен мұң тасқыны қотарыла кеп толғандай болды. Сөйткенше болмай мұңлы да жеңіл сазды әуен жұбатқандай бір ырғаққа түскенде бағанадан бері толқыған көңіл көпіршік ата елең қақты. Қобыз сарыны сап тапқан сәтте қағанның жанары ысып жүре берді. Бұл неғылған қияпатты сарын еді, көкірек сарайын тас-талқан етіп, жан-жүрегін жұлмалаған? Жошы ұлысынан келген мына соқыр қобызшы тіл қатуға тиіс болса да адамның тілімен емес, қобыздың сарынымен айтарын айтқан екен де... Күй әуені аяқталғанда ұлы қаған өте бір мұңлы үнмен:
– Балам ғайып болған екен... – десе де, «Жоқ» деп айтуын күткендей үміті үзілмеген жанарын Бухаға тіктеді. Буха қағанның бет жүзін қайдан көрсін.
– Солай, хан ием, – деп ақырын жауап қатқанда Шыңғыс қағанның жаңа тыңдаған қобыз сарынынан көбліккен көңіл-көлі одан әрі қобалжып астаң-кестен болып кетті.
– Мен Жошы туралы жаман хабар естірткен адамның басын аламын дегенімді сен естіп пе ең?! – деп сұрады.
– Солай, естіген едім, хан ием, – деді Буха бәсең үнмен.
– Мұны маған кім айтады, соның басы алынуға тиіс, – деп Шыңғыс хан қаһарланған сәтте Буха алдындағы қобызын көтеріп:
– Мына атбасты қобыз сізге естірткен еді. Хан ием осының басын алыңыз, – деді. Шынында да «Балаң тәңіріге ұшты» деп мына кісі адамның тілімен айтқан жоқ. Алдындағы күңіреген қобыздың мұңлы сарыны қағанға баласының өлімін ишаралап жеткізген соң не қайыл...
Осылайша Буха ілесе келген шеріктерімен бірге өлімнен құтылып, хан ие жүрек жарасын арқалап қала берген. Ойлап отырса Буха көрер көзі көр болғанымен, алысты болжайтын көкірек көзі сөнбеген, керісінше одан әрі өткірлене түскен сияқты. Бүгін ғана айтқан Буханың түсі және қаған тіктірген үш түсті үй дегендей жауабы қиын сұраулы дүниелер көп. Арғы-бергіні ойлап жатқан Баттың ұйқысы да келді. Ертең қаған атасы Аурагтан келеді. Бір шешімін тауып жатса да қайта жалғасып түскен жұмбағы көп жағдайлардың түйіні қашан толық шешілер екен?..
Таң атыпты. Туулдың тоғайы абыр-сабырға толы қалпында. Өткен түні бір керуен келген сыңайлы. Ол – Аурагқа кеткен ұлы қағанның қайтып келгенінен хабар бергендей. Ұлы қаған таңертең ертемен ханзадаларын шақыртыпты. Цагаадай, Өгөөдэй, Тулуй үшеуі ұлы қағанның ордасына келгенде:
– Жошының ұлдары менің әзірлеткен ордаларымда түнеді ме? – деп сұрады. Басқалардан бұрын Цагаадай тіл қатып:
– Иә, хан ием. Олар сіз дайындатқан үш үйде демалып жатыр, – деді.
– Кім-кім қандай үйге түсті?
– Әке, сіздің «Әуелі Орд таңдасын» деп тапсырғаныңыз бойынша Ордға үш түсті үйдің қай- біреуін таңдау мүмкіндігін бердік. Ол көк түсті үйге қарай беттей беріп кенет бағытын өзгертіп алтын сары түсті үйге барып кірді. Онан соң Бат көк түсті үйге кіріп, Бэрхге таңдау қалмағандықтан жасыл түсті үйде демалды, – десті. Қаған сәл ойланып барып:
– Бэрхге таңдау болмайтыны шындық. Ал Ордта таңдау болған еді ғой... – деді де ұлдарына: – Алтынзадаларды, игі жақсыларды, Жошының ұлдарын шақыр! – деп бұйырды. Кешікпей үлкен орданың есігінен Жошының ұлдары кіріп келді. Мұнда кеше Бөртө ханымның ордасындағыдан да көп адам жиналған екен. Бәрі де Орд, Бат, Бэрх үшеуіне байқастай көз тастайды. Олар төрлете жүріп орданың оң жағындағы ерлердің арасына барып отырған соң төрдегі ұлы қаған:
– Таяуда ғана сендерді Сартуул жерінде қалдырған сияқтанамын. Уақыт шіркін жүйрік-ақ. Ұлдар өсіп жетіліпті, – деп жайдарлана күліп, бурыл сақалын сауғаны қуанышты болып көрінгенімен, іштей қиналыста екені білініп тұрғандай. Хан иенің өң-ажарын бақылай қараған Баттың көкірегінде ұлы атасын көріп қуану, сүйсіну әрі аяу сезімдері тайталасып жатты. Ханға лайық айбарлылығы сол қалыбында болса да, жас ортасынан асқанда өлім-жітім көрген әке адамның жабырқаңқы жүзі көзге ұрып тұр. Көкірегінде қаншалықты ауыр мұң жатса да, онысын сыртқа ашық білдіргісі келмегендей Шыңғыс хаған:
– Ұлдарым, түнде жақсы тынықтыңдар ма? – деп сұрады. Ана өлкедегі тұрмыстарының жақсы-жамандығын емес, ұзақ жолда қалай жүріп келгендерін де емес, тек өткен түнде қалай демалғандарын сұрағанының өзі қызық. Алайда, бұл сауал – ұлдардың хан иенің өзі тіктірген үйлерінде тыныққанын еске салғаны да болар.
– Жошы қайтқаннан кейін әлденеше рет менің түсіме енді. Оның ұлысын ұлдарының қайсысына аманаттарымды шеше алмай қиналғанда түйсігімді оятып түсіме енген болар. Жошы ең соңғы түсіме енгенінде: «Тәңірімнің таланына жаққан балам – менің жалғасым» деді де жоғары көтеріліп, сағымға сіңіп жоқ болды. Мен баламның артынан шақырғаныммен көк аспаннан басқа нәрсе көзге ілінбесе де, таңдана қарап біраз уақыт күтіп тұрдым. Оянған соң осы ғажап түсімнің астарына үңіле ойланып, тәңірінің таланына жаққан ұлын табу үшін қайткенім жөн екенін шешкен едім. Мен баламмен сөйлескен түсімнен кейін ырымдап үш түсті үй тіктіру туралы жарлық түсіргем. Осы сәттен бастап алтын ордада түнеген Орд шаһарлы ұлысына әмір етіп, жасыл ордада түнеген Бэрх жамағат жұртын басқарып, көк ордада түнеген Бат менің ұлым Жошының ұлысын жалғастыратын болады, – деді.
Орда толы жарандар Батқа қарай жалт қарасты. Шыңғыс қаған сөзін жалғастырып:
– Күн үнемі батыс шепке батады. Сондықтан сол жақтағы барлық әлемді біз «Ымырт елдері» деп атаймыз. Мен Жошыға Сартуул елінің батыс бөлігін астанасы Үргеніш шаһарымен бірге қалдырғам. Сондай-ақ, Әмудария, Сырдария өзендерінен Қаспи теңізінің алдыңғы жағына дейін, Ертіс дариясынан Орал жотасына дейінгі жерді қалдырғам. Одан арғы күн бататын бағытқа дейінгі моңғол атының тұяғы жететін жердің бәрін менің ұлым жаулап алуға тиіс еді. Сондықтан да «Тәңірімнің таланына жаққан ұлым – менің жалғасым» деп ол маған түсімде айтып кеткен болар. Жошының ісін жалғастырушыға мен Батты сайладым, – деді. Сонан соң:
– Ал, Орд сен әкеңнің қосынының сол қанатын басқарған Улур, Тугтөмөр, Шингүн аға-бауырларыңмен бірге бір аумақта қоныстанып, шерігің мен ұлы орданы біріктіріп, сол қанатты қорға! Бэрх сен Баттың қасында қалып, көрер көзі, естір құлағы болып жүр! – деп бұйырды.
Әке ісін ұлдың үлкені жалғастыру заңдылық болса, ол адам – Орд екені растың расы. Хан иенің жаңағы айтқан сөзі көп адамның көкейінде шешуі жоқ жұмбақ болып қалды. Бат Ордқа қарап еді, қандай халде, не ойлап отырғаны белгісіз, жанарын төмен салып отыр екен. «Тәңірінің таланына жаққан ұл» дегені неліктен өзі болып шыққанына Бат зер салуға тырысқанында, Буханың көрген түсіндегі шайдай ашылған көк аспан, өткен түні қонған көк түсті үй, осының бәрі бір өңдес екенін аңғарды. Шындығында да Батқа әке тағының мұрагеріне тұңғыш ұлы Орд лайық екені даусыз шындық болып сезіледі. Алайда әлдебір тылсым әлемнен мынау адамдардың түйсігі арқылы келген шешім екеніне көзі жеткендей.
– Жошы менің балам болғанымен, менен бұрын өмірден қайтқаны – мен оған әкелік махаббатымды толық көрсете алмағанымнан болған тәрізденеді де тұрады. «Балам әкесіне ренжіп кеткен екен» деп ойлай беремін. Осы өмірде енді тілдесе алмасам да, алда келер бір уақытта мен Жошыны тауып баратын боламын. Күллі дүниені қолымда уыстасам да, көңілімде баршаның басын қоса алмағаным менің қатем екен. Бірақ, балаларым сендер бұл қателікті қайталамаңдар! Көңіл түпкірінде бәрін де жарастырып жүріңдер! – деп, ұлы қаған сөзін түйіндеді. Жошы ұлысының мұрагерін тағайындау мәселесі аяқталып, жиылған көпшілік сыртқа шыққаннан кейін Шыңғыс қаған Өгөөдэймен бірге үлкен ордасында қалды.
– Соңғы уақытта беймәңгілік жалған хақында ойлануым мүлде көбейіп барады. Мәңгілік емес бұл дүниеге келгеннің бәрі де қайтуы заңдылық. Бүгін мен ханзада ұлдарымның арасынан сені таңдап тағымның мұрагері болдырып тағайындадым. Келер күндері тәңірінің жарлығы кімге түсіп, не боларын білмесем де қалған үрім-бұтақтарым, немере-жиендерімнің ортасынан қайбіреуі тізгін ұстап, алтын ұрықтың арман-мүддесін бағыттап отыруға тиіс. Өгөөдэй, сен менен кейін Батты ханзадалардың үлкені болдырып, қандай да бір мәселені сөйлескенде, әрқилы ой-пікір, келіспеушіліктер туындағанда соңғы шешімді Батқа шығартып отырарсың – деп ескертті, қаған. Батты тек Жошы ұлысының мұрагері ғана емес, барлық ханзадалардың үлкені болдырған хан әкесінің бұл тосын шешімін Өгөөдэй бас изеп қабыл алғанымен, неліктен Батты ерекшелегенін соншалықты терең түсінген жоқ.
Жошының тақ мұрагерін тағайындау кеңесінен кейін адамдар тарап, өз-өздерінің ордаларына барған соң, Бат үшін хан ие тарапынан білдірілген сенім күтпеген жай болса да көп нәрсені ой елегінен өткізуіне тура келді. Туған ағасы бола тұра өзін әке ұлысының ісін жалғастырушы етіп тағайындап, соңынан көңіл төрінде баршаны біріктіріп жүруді тапсырғаны секілді жайлар ой-санасын тым-тым алыстарға жетектеп әкетті. Бұдан бұрын ұлы қағанның немересі, алдында ағасы, қасында әкесі бар, бәрі де жетік, көңілі тетік, ортаймас дән-дәулеттің ортасында өскен адамның иығына кенеттен артылған ауыр жүкті алда қалай арқалайтыны туралы ойланды. Көзіне көрінген дүниенің баршасына өз көзімен емес, көпшілік қауымның көзімен қарайтын, арқалап жүрген жүгін өз үйіне емес, жалпақ жұртқа жеткізетін ауыр міндет, межесі биік мақсат қойылды, алдына.
Күндіз қаған ордасында үн-түнсіз отырған Ордтың ордасына келіп бас сұқты. Ордтың қас-қабағын бақса оның көңіл күйі бірқалыпты жайбырақат секілденген. Әдеттегідей Батты ашық жарқын қарсы алғанымен көңіл түпкірінде нендей бір өкініш жасырынып жатқандай, жанары мұңлы көрінеді. Бат Ордмен аман сәлем істеген соң төрге шығып отырды. Орда ішінде Орд ханымы Жуухпен бірге екен. Жуух болса Қоңырат тайпасынан шыққан Ордның үлкен ханымы. Ұлы қағанның ханзадалары, немере-жиендерінде бір дәстүр бар. Ханзадалар ержетіп отбасын құрғанда Қоңырат тайпасынан жар таңдайтын жай көп кездеседі. Бұл – хан иенің үлкен ханымы Бөртө үжин Қоңырат қызы болғандықтан, сол жақтың қыздары ханға жар болуға лайықты деп көргендіктен болса керек.
Ордаға кіріп келген Батқа ас-тағам әзірлеуді ханымынан өтінген Орд оның бет-жүзіне барлай қарады. Бат ақ тағамнан ауыз тие отырып:
– Мен, аға сіздің ой толғамыңызды жақсы білемін. Әкеміздің ісін жалғастыратын адам сіз екеніңіз шындық. Хан иемнің жарлығы солай болғанымен ағамның алдын кескеніме өкінемін, – деді. Баттың көңілі түсіңкі екенін Орд барлап отыр. Алайда көңілдерін біріктіру хақындағы хан иенің айтқан сөзі жүрегінде қадаулы тұрғандықтан Батқа қандай да бір көңіліне қаяу түсіретін сөз айтпауға тырысты. Әйтсе де көкірек түпкірінде өкініш туындайды. Әкенің үлкен ұлы болса да ұлы даланың заңдылығы бойынша оның ісін жалғастыру мүмкіндігін хан иесі бұған бұйыртпады. Көптің көзінше бұл шешімді естіп бетіне ыстық шай шашып жібергендей күй кешіп амалы таусылғанда шарадағы қымызды аузына таятып ішіп отырған адамның кейпін танытқан еді. Неге екені белгісіз, Батты ойлағанда опыныс, хан иесін ойлағанда реніш сезімі қосақабаттасқан болатын. Өзін керегі жоқ адам дегенмен бірдей естілген хан иенің шешімі Ордға да көп нәрсені ойлатқан екен. Әкесі тәңіріге қайтып, қайғының ащы дәмін татып жүрсе де, Ертіс дария атырауынан шыққанда не үшін аттанып бара жатқандарын қай-қайсысы да жақсы білгендіктен өзін ауылдың үлкен ұлы, әке орнын басамын дегенге сенімді болып қана қоймай, қайтып келген соң не істеуге болатыны, күн батар шектегі «Ымырт елдерін» қайтіп жаулап иелену туралы да ойлаған болатын. Алайда бұл барша ойы, арман-тілегі, жоба-жоспары адыра қалды. Ішіне толып қапаландырған үлкен өкініш лебі, қайдан екені белгісіз, әйтеуір сыртқа аңқып шыға берген. Бат кіріп келгеннен кейін де қаншалықты жайдарылық танытқанымен, ар жағынан лықсып келген өкініш толқынын қалай жасырарын білмей қысылды. Сол сәт Бат алғашқы сөзін байыта қайталап:
– Әкемнен соң таққа отыратын адам, Орд аға, сіз екеніңіз еш талассыз ақиқат. Әйтсе де Қаған атамыздың жарлығын кімнің де бұзуға құқы жоқ. Сіз осы әулеттің үлкен ұлы болғандықтан мен сіздің есіміңізді ұлысымда мәңгілік қалдырмақ ойдамын, – деді.
– «Менің атымды ұлысымда мәңгі қалдырам» дейді? – деп Орд таңдана сұрап еді:
– Мен Орд ағамның есімін өз ұлысыма беретін боламын. «Ордның ұлысы» десек несі болмайды екен! Аға, сіз хан болмасаңыз да сіздің атыңыз ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге ұмытылмай жалғасатын болады, – деді. Орд біраз ойланып қалды. Інісінің шынында да ағасының алдына түскеніне жаны ауырып отырғаны анық. Әйтпесе, ағасының атын болашаққа қалтырмақ ойда екенін несіне айтады. Осы сөзді естіген Орд көңілі аз да болса жібігендей. Бағанадан бері өзінен еріксіз булығып отырғанына ұялғандай да болды. Бат шынында да алысты болжаған екен де...
– Менің атыммен ұлысыңды атаймын дегеніңді естіп, інімнің көңіліне қарап бас тартарым жоқ болғанымен, тек менің есіміммен атау қаншалықты үйлесімді боларын жақсылап ойла, бауырым. Сенің шынайы ниетіңді көріп, көңілім жадырағандай болды, – деп шындығын айта салды. Бат Ордның жүрегі жараланғанын сезді. Ордның ордасына келіп ой-сарайының есігін ашқаны дұрыс әрекет болғанын ойлап отырғанында Орд біршама сабыр тауып көңілі жайланған пішінде:
– Бауырым, сен әкеміздің ісін жалғастыратын болғаныңмен, шын мәнінде бұл қаған атамыздың ісі. Ол – ұлы далалықтардың, алтынзадалардың ісі болғандықтан, «Алтын орда ұлысы» деп атаса қалай болар еді?! – дегенде, бұл атау Баттың жанына жаққан сыңайлы күлімсірей бас изеді. Орд Баттың иығына қолын қойып:
– Бауырым, уайымдама. Хан иеміздің жарлығына қарсы тұратын біздің ішімізде кім бар еді?! Мен сенің ағаң болсам да бір үйдің емес, бір үлкен ұлысты алып жүретін міндетті ішіміздегі қай шыдайтынымыз ғана арқалауға тиіспіз. Көңілімізді біріктіру туралы қаған атамыз өсиеттеді. «Қателігін түзете білген адам ақылды болады» деп әкеміз де айтып отыратын. Біздің ұлы атамыз шындықты айтты. Сондықтан мен сенімен көңілімді біріктіріп жүретін боламын, – деді.
Күндердің бір күнінде ханзадалар арасына жік түсіріп араздастыруы ықтимал үлкен дау-шардың оты сөнген сыңайлы. Қай-қайсысының да көңілі жайланды. Алыстан келген ағалы-інілі екеуі түннің бір уағына дейін әңгімелесіп отырды. Бала кездері туралы, әкелері туралы, алыстағы арманындай келешектегі Алтын орда ұлыстары туралы дегендей оларда пікірлесер дүние, шешер мәселелер көп еді. Бүгінде бұлардың қай-қайсысы да ат жалын тартқан азамат болып, отбасын емес, ұланғайыр ұлысты ұйыстырар ұлы міндет жүктеген еді.
Олар әңгімелесіп отырғанда сырттан кірген түнгі күзет шерігі:
– Хан ием ханзадаларды шақыртты, – деп хабарлады.
Тәржімалаған Рысбек Зұрғанбайұлы
12050 рет
көрсетілді0
пікір