• Айтарым бар...
  • 28 Ақпан, 2024

ЕКІ ЖҮЙРІК

1. Қайран Әз аға
1975 жылдың сары күзі. Байжансай кеніші – Шымкент облысының Жамбыл облысымен кәрі Қаратау арқылы шектесетін Мыңшабыр өзенінің бастау алатын жағасына  орналасқан кен орны. Осы кеніш атымен аталатын қала типтес Байжансай поселкесінде 6 – 7  мыңдай халық тұрады. Бұлар: кеншілер, мұғалімдер, дәрігерлер, және т.б. поселкелік ұжымдарға тиесілі  қызметкерлер.
    Бірде, Байжансайға  Халық жазушысы, «Махаббат қызық мол жылдар» романының авторы Әзілхан Нұршайықов келетін болыпты деген хабар халықтың құлағын елең еткізді.
    Мен ол кезде «Байжансай» шахтасының бастығы қызметінде едім. Мұндай аты ел құрметіне бөленген жазушының біздің жерге аяқ басуы біз үшін үлкен қуаныш болды. Әзаға шахта, байыту фабрикасы сияқты ірі цехтарды аралап, жұмысшылармен кездесті. Естен кетпес естеліктер айтты. Халық бір көтеріліп қалды.
    Әлі есімде, кешкі астың үстінде сұрақтар беріліп, жауап қайтарылып жатты. Осы  келісінде «Ақиқат пен аңыз» кітабының бірнеше данасын ала келіп, қолтаңба беріп таратты. Батыр Бауыржан туралы сұрақтар қардай жауды. «Махаббат қызық мол жылдар» романы да соғыс жылдарына байланысты ғой. Осы кітаптың екі-үш бетін сөзбе-сөз, үтір-нүктесіне дейін жатқа айтып бергенде, өлең емес қара сөзді де адам  айнытпай есте ұстай алады екен-ау  деп таңғалыстық. 
    Міне, Әзағамен осы жылдан бері таныстығымыз отыз жылдай үзіліп барып, біз Алматыға көшіп келгеннен кейін қайта жалғасты. Ағаның үйін тауып, рұқсат алып, қайта кездесуге мүмкіндік алдым. Сәлем беріп отырғаннан кейін (мені танымағанын сездім) өзімді таныстырып, алып барған екі кітабымды ұсындым. Бірінші кітаптың ішінде Әзағаның «Қырандар мекені» атты очеркі бар болатын. Міне, осыдан кейін әңгімеміз басқаша қалыпқа түсіп, ағыл-тегіл шер тарқастық.
    Әзағаның өз қолымен жазылған екі хатын көпшілікке ұсынып отырмын.
    «Қымбатты Ілеке (Ілесбай інім), 
қадірлі Өсеке (Өскенбай бауырым)!
    Сіздерге, сіздер арқылы бүркіттің ұясы іспетті қиядағы қала бүкіл Байжансай еліне, ондағы өзім жүздескен тамаша азаматтарға шын жүректен шыққан сәлемімді жолдаймын.
    Әрине, сіздер мені ұмытып та қалған боларсыздар. Қалаға қонақ болып сан адам келеді, олардың бәрін есте сақтай беру де мүмкін емес қой. Ал мен сіздерді ұмыта алмадым. Сіздердің адамгершілік, азаматтық  бейнелеріңіз, халық үшін жасап жатқан тамаша еңбектеріңіз үнемі менің есімде жүрді. Әрине, сіздер жайында жеке кітап жазса да жақсы болар еді. Бірақ  бір ғана барып кеткен адамның қолынан ондай үлкен еңбек жасау келмейді ғой. Ол үшін өздеріңізбен қол ұстасып, бірсыпыра уақыт бірге жүру керек. Бірге тұрып, сіздер тартқан тауқымет, қуанышты бастан бірге кешу  қажет. Дегенмен, «Ат  аунаған жерде түк қалады» деген емес пе?  Мен сол Байжансайда қалған «түгім»  болсын деген ниетпен, сіздерге арнап осынау «Қырандар мекені» деген шағын очеркті жарияладым. Осыны сіздерге жолдап отырмын. Аз да болса, көптей көріп қабылдауларыңызды сұраймын».
          

Баршаларыңызға тілектестік, ағалық, достық
          сәлеммен Әзілхан Нұршайықов
        3 март, 1976 жыл. Алматы.

       Ескі танысқа хат

(Бұрынғы инженер, қазіргі зейнеткерӨскенбай Құлатайұлына)

Қымбатты Өсеке!
Сіз маған биылғы  қазанның 25-і күні келіп сәлем  бердіңіз. Шынымды айтайын: тақырбастау келген кең иықты, егде азаматты жыға тани алмадым.
Танымаған себебім: Сіз бен біз... отыз жылдан аса бұрын кездескен екенбіз. Онда сіз отызға жаңа ілінген, көмірдей көл қара шашты, ұршықша иірілген жас жігіт едіңіз. Содан бері Сіздің өзіңізге де, өміріңізге де көп өзгерістер келіпті.  Оны әңгімелесе келе білдім ғой.
Сіз алдымен маған Өзіңізге хат жазғанымды айттыңыз. Ол не қылған хат, не себептен жазылған? Есімде жоқ.  Сонда Сіз  портфеліңізден «Өмір өрнектері» деген кітабыңызды шығарып, соның 54-бетіндегі менің хатымды көрсеттіңіз. Оқып шықтым. Одан кейінгі беттерде менің «Қырандар мекені»  деген очеркім басылыпты. Оны да оқып бітірдім.  Ол очерк  «Социалистік Қазақстан»  газетінің (қазір «Егемен Қазақстан») 1976 жылғы 13-наурыз күнгі санында шығыпты.
Сізге жазған хатымды және Сіздер туралы осыдан 30 жыл бұрын жазған очеркімді оқып, қуанып қалдым. Сіз маған өзіңіз жазған «Өмір өрнектері» (2001) мен «Сағым жылдар» (2006) атты  екі  кітабыңызды сыйладыңыз. Екеуін де оқып шықтым. Бірінші кітаптағы «Өмір өрнектері» повесіңізді бас алмастан оқыдым. Соғыс кезіндегі елдегі ауыл өмірін көзіме елестетіп, өзіме ғибрат алдым.  Бар ғұмыры шопандық еңбекпен өткен Құлатай ақсақалдың адамгершілік асыл қасиеттеріне сусындадым.
Сол сияқты Дақмырза  аталарыңыз айтқан әңгімелер де әрі  қызықты, әрі ғибаратты екен. Бұлардан басқа шахтерлер өмірінен жазылған этюдтар.
Ал екінші кітаптан ерекше сүйсініп, тебіреніп  оқығаным «Клараның  күнделігі» болды. Қазіргі жастарға, жас  жұбайларға  тәлім- ғибраты мол тамаша дүние. Клараның жаңа қосылған жас жарын 5 жылға оқуға жіберуі – бір ерлік. Қолында қалған ата-енесін  әлпештеп бағу – екінші ерлік. Отыны жоқ, суы жоқ, тұрмыс қиыншылығы бастан асатын  артта қалған колхозды ауылда  тапжылмастан 5 жыл бойы ұстаздық етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуі – үшінші ерлік. Сондай ауыр жағдайда жүріп, қалада оқуда жүрген сүйген жарына егіз бала сыйлап, оларды ауру-сырқаудан аман алып шығуы – төртінші ерліктің түбі – махаббат. Махаббаттан туған ерен ерлік! Одан кейін тағы үш баланы өмірге әкеледі.
Бұл кішкентай мазмұнды  жазбаларда жас отбасының  жұптықты сақтай білуінің  үлгісі жатыр. Әттең, бойжеткен қыздардың бәрі осы  күнделікті оқыса, шіркін! Берік семья  құрудың өнегесін үйренер еді. Осындай тұрақты семьялар көп болса, мемлекетіміздің іргетасы нығаяр еді!
Кітаптан Сіздің сол адал жарыңыздан айрылып қалғаныңызды білгенде қатты қиналдым. Бірақ, Клараның орнына Сәнім сияқты тамаша жар тапқаныңызға  қуандым. Бір еркекке бірінен соң бірі екі жақсы жар кездесуі  өмірде сирек кездесетін оқиға. Оны бірінші кітаптың 
141-бетіндегі «Сәнімге» деген өлеңнен  оқып білдім. Сәнімнің тамаша қасиеттері  айтылыпты.
Немерелер улап-шулап келгенде
 Асыр салып, олар үйге енгенде,
Қабақ шытпай, айналып та, толғанып,
Аймалайсың, жылы ұшырай бергенде.
Құда-жекжат, нағашылар, қайындар,
Жора-жолдас, бажалардай – жайым бар.
Ағайынның тілін тауып табысқан,
 Жарқыраған он жыл бойы айым бар.
Осылай депсіз.  Тамаша!
 «Тымауратсам емделетін дәрім – сен» дейсіз.
Ол да рас. Сіз бақыттысыз. Сіздің әйелдеріңізді ардақтай білген тамаша қасиеттеріңізге тәнтімін.
Екі кітаптың да жартысын өлеңмен толтырыпты.
Бұрын баспасөз бетінде жарияланбаған, өз  дәптеріңізде сақталған өлеңдер екен. Олар туралы көп айтып жатпайын. Бір сөзбен  айтсам Сіз – ақын  екенсіз. Бар өлеңдеріңіздің тәрбиелік мәні бар. Біздің атақты ақындарымыздың ішінде мерейтой өлеңдерін көп жазған қаламгерлер бар. Сіздің арнау өлеңдеріңіз солардың кейбіреулерімен  таласа алады деп ойлаймын.
Екі кітапта да тұнып тұрған өмір бар. Біздің  замандастарымыздың өмірі. Және ұлағатты өмір! Сол өмірдің детальдарын ерінбей-жалықпай, тиянақты, жинап  жүргеніңізге және оларды оқырманға керекті кітап етіп шығарғаныңыза рақмет.
 Сәнім келін және барлық бала-шаға-ларыңызбен, осы  кітаптардағы құда-құдағи, 
дос-туыстарыңызбен тегіс аман болыңыздар. Олардың аттарын кітапқа кіргізіп көп мақтануыңызға болады. Өмірден өтіп, аттары атаусыз қалатын адамдар көп қой.
 

Сау болыңыз, бауырым!
    Зор құрметпен, Сіздің бұрынғы авторыңыз

                     

Ә.Нұршайықов 
                                                01.11.2006 жыл
                                                        Алматы

 

              ***

2011 жылы 28 қаңтар  күні Әз ағамен хабарласып, кездесуге келісімін сұрадым. «Өскен айналайын, бір сағаттай қыдыруға сыртқа шығып едім, сағат 12-лерде келе ғой», – деп келісім берді. Тура 12-де Құрманғазы көшесі, 90-шы үйдің қасына ағамен кездестік. Сол жерде суретке түстік. Содан 28-пәтерге – үйіне  кіріп жайғасқаннан кейін, баспадан жаңа шыққан «Замандастар» атты кітабымды ұсындым. 62-бетінде ағаның суреті беріліп, өмірбаяны жазылған еді.
«Ардақты аға, ұстаз аға! Сіздің өмір жолыңыз келешек ұрпаққа өнеге!
Тек сізден үйрене  білсін, сізді оқып-тоқып білсін жас ұрпақ.
Сізге зор денсаулық тілеймін.
Құрметпен,  ініңіз Өскенбай», – деп Қолтаңба жазып едім.
Оқып көріп, кітапты екі қолымен ұстап, жүрегіне басты. Бұл  ағалы-інілі  екеуміздің соңғы кездесуіміз, соңғы сұқбатымыз еді. Ой шіркін, жалған дүние-ай, десеңші?
Кім ойлапты 15 күннен кейін, Әз ағаның марқұм боларын. Топырағың торқа, иманың саламат болсын, Әз аға.
     

2. Қадірменді ағам еді

Қадыр Байбақты  – Сырым  батырдың ұрпағы. Қазақстан Халық жазушысы. Қазақ десе қалай жақсылық жасаймын деп,  ағалық қамқорлығын аямайтындай азамат ретінде білеміз. Өткен жылдардың бірінде аз ғана  уақыт жолымыз түсіп, Оңтүстік  облысының Түркістан, Кентау, Шардара қалаларында  бірге болдық. Бұл кісінің  әңгімесін  тыңдай бергің, тыңдай бергің келеді.
      Әңгімесіне сөз араластыра алмайсын.  Әзілге жүйрік. Түркістанда Қазақ-Түрік университетінде ақын Қасымхан Бегмановтың 50 жылдық тойына қатыстық. Кітап жайма  базары болды. Менің кішкене өлеңге жақын екенімді көріп, жасымның жетпіске жақындағанын ескеріп: «Өсеке, кешігіп қалыпсың-ау», – дегені бар. Сонда мен:

«Қолымды мезгілінен  кеш сермедім»,
  О, Алла, кеш болса да дем бергенің.
 Қалған ғұмыр арналса жыр жолына,
Болармын уа халқым, бір ермегің , – деп жауап  бердім.
Қадыр аға менің «Игілік» атты өлеңдер жинағыма алғысөз жазып, ақ жол тілеп еді:
«Менің бүгінгі кітабына алғысөз жазып отырған ақыным, өлеңді қысқа етіп жазғанды
ұнатады екен. Мұнысы маған ұнады. Менің де шұбалаңқы өлеңдерім аз ғой.

Біз пендеміз,
Жақсылыққа кендеміз.
Бұл жалғанның, 
Бір тұтам екендігін
Ұмытамыз кейде біз.

Немесе:
Қарап тұрсаң көңіл жас, 

Жас кезеңде көңіл мас. 

Қартайып шал болғанда –
Көңіліңе тәнің қас.

Осы шумақтардан өз басым пәлендей мін таба алғаным жоқ. Бәрі өмірден ойып  алғандай, өз орнында тұрған сияқты. Әрі шындық. Қайсыбір ақындар осы  шумақтағы ойды  айтып жеткізу үшін ұзақ жазар еді. Оның қажеті қанша. Осы  тұрғыдан алғанда  Өскенбайдың өлеңдері  көңілімнен шықты. Сосын қолыма қалам алып, алғысөз жазуға, тілегімді білдіруге ниет еттім», –деп ақ жүрегінен ақтарылып еді Қадыр аға. 

***

 

Қаңтардың 5-сі күні Қадыр ағамен хабарласып, туған күнімен құттықтап, аға жағдайыңыз қалай, бақуаттысыз ба?  – деп сәлемдесіп едім, телефонмен.
Өскенбай, айналайын, рақмет хабарлас-қаныңа – баяғыда бір кәрі қыз «ол жағынан ұяттымыз» деген екен, сол сияқты диванда жатырмын көрпе жамылып, аздап  жаураңқырап жатырмын, – деп әзілмен жауап беріп еді.  Өзі күліп алды.
– Ой, аға, жаурамаңыз, осындай әзіліңізді  сағынамыз ғой, жасыңызға жас қосыла берсін, – деп телефонмен біраз сұқбаттасқан едік. Ой шіркін заман-ай! Қадыр аға қайтыс болды дегенде төбеме мұздай су құйғандай сезіндім.
«Замандастар» деген кітабымды  жазарда: «Аға, өз өмірбаяныңызды толықтырып бересіз бе», – деп қолқа салып едім, аға күлді де, «Баяғыда Мұқаң, Сәбең, Ғабеңдер бір мәселелермен алдына барғанымда, өзің жаза салшы деуші еді, сол сияқты Өсеке, өзің жаза сал», – деп және күлді. Апарып көрсеткен қысқаша ағаның  өмірбаянын көзімен жүгіртіп өтіп, «осы жетеді, білесің ғой, мен көп созғанды жақтырмаймын ғой, – деп  ырзашылығын  беріп еді. Міне, бүгін осы кітапты көзінің тірісінде бере алмай, өкініште отырмын. Қайран  Қадыр аға, бақұл бол, топырағың торқа, жатқан жерің жарық болсын.

Өскенбай Құлатайұлы
  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

1180 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы