• Қоғам
  • 27 Желтоқсан, 2023

Қастерлі құндылық

Фарида Рашит, студент

 

Бірнеше ғасыр бойы өзге елге бодан болып, күні өзгеге қараған байтақ елімнің жарық жұлдызы 1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатқанда жанды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Өзге елдердің шешімі мен тәуелсіздік алғаннан кейінгі жағдайын сырттан бақылауға айналған еліміз КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақтың елдігін нығайта түсті. Жарқын болашаққа деген сенім, өшкен үміт оттары осы сәттерде қайта тұтанып, елімізге қуаныш сыйлады.
Биыл тәуелсзіздік алғанымызға 32 жыл. Еліміздің баға жетпес байлығы әлем сахнасына шығып, өзімізді танытуға, жаһандануға өз үлесімізді қосып, өз бетімізбен маңызды шешімдерді қабылдауға мүмкіндік берді. Отыз жыл біз ешкімге қарамай, еліміздің тыныштығын ойлайтын жандардың арқасында сыртқы жаудан аман, соғыс көрмей, көк аспанымыздың астында бейбіт өмір сүріп келеміз. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз ел күні бүгінге дейін өзінің тәуелсіздігі мен құдіретін танытып келеді.Ең бастысы, «Тәуелсіздік – ең қасиетті, қастерлі құндылығымыз, ең басты байлығымыз. Халқымыз егемендіктің қадір-қасиетін  жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені, біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз», – дейді.

Қазақстан Республикасының Президенті  

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәуелсіз – әлемдегі ең құдіретті сөз. Ел еркіндігі ата-бабаларымыз бен халқымыз үшін бұрыннан қымбат. Біреуге бағынышты болып өмір сүріп келе жатқан қаншама халық аман қалсақ екен деген тілеумен ұйқысыз түндерін өткізіп жатыр. Қазіргі тыныштығымыз қанша ғасырдан бері армандап келе жатқан бұрынғы ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, аналарымыздың көз жасы, ерлеріміздің қасық қаны. Бейбіт елдің ұрпағы, еркін елдің ұландары ретінде әлі біз атқаратын іс өте көп. Бізге осынау ұлан-байтақ жерді, елді аманаттаған батырлар мен ұлы тұлғалардың төккен тері өз алдында бір төбе.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік күні мерекесі әр жылдың 16 желтоқсанында аталып өтеді. Елдің еркіндігін жан-тәнімен аңсау, оған халқыңмен бірге жұмыла жету бар және оны ұстап қалу деген жауапкершілік бар. Үш түрлі кезеңнің үш түрлі тарихы, өз қиыншылықтары мен міндеті бар. Яғни, ата-бабаларымыз аңсап, қаны мен жанын бере жеткен тәуелсіздікті сақтап қалуға міндеттіміз. Қолда бар алтынның қадірін білу, оны келесі бір дәуірге аманаттау және жеткізу –  біздің мойнымыздағы парыз.Осы жауапкершілікті сезініп, егемен елдің ұрпағы деген атқа лайық болуға тырысуымыз керек. Білім алып, еңбек етіп, бәсекеге қабілетті және дамыған елдің бірі ретінде қосылуымыз қажет. Бұл – біздің міндетіміз, бұл – бізге артылған жүк.   Жұртымызбен қуана отырып мұңаятын, мұңая отырып қуанатын ұлы мейрам – Тәуелсіздік күні құтты болсын! Еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп, жан аямай күресетін ұрпақтың мерекесі, ұтымыздың ұлы мейрамы құтты болсын! 
 

4597 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы