• Қоғам
  • 27 Желтоқсан, 2023

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙМАҒЫ - АУЫЛ

Солтүстік өңірдің шалғай ауылындағы жалғыз бастауыш мектеп жабылды. Себеп – бір ғана оқушы қалған. 
Мемлекеттің қаржысын шығарып, мектептің әрі директоры, әрі мұғалімі болып отырған бесаспап маманды ұстау да қисынсыз. Сол себепті мектептегі жалғыз маманды білім бөлімінің басшылары басқа оқу мекемесіне ауыстырудан басқа амал жоқ деп шешкен. Ал жалғыз оқушының әке-шешесі баласының білім алуы үшін кіндік қаны тамған ауылдан көшуді қош көрмеген. Олардың қаусаған қарт ата-аналары да атақоныстан көшуді қаламаған көрінеді. Оның үстіне жан сақтап, күнкөріс көзі болып отырған азын-аулақ малды да көзі қимаған ғой. Ауылды жағалап, болар-болмас қаражат ұсынып жүрген алыпсатарлар жоқ емес, бар. Бірақ олардың ұсынып отырған азын-аулақ ақшасына басқа жерге барып қоныстанғаннан кейін күнкөріске жететіндей мал-мүлікті сатып алудың қисыны келмейтінін ұғынған ауылдың байырғы тұрғындары алыпсатарлардан аулақ жүруін өтінген. Ал мектеп табалдырығын аттауға тиісті екінші және үшінші балаларға әлі үш-төрт жыл бар. Бірі – төрт жаста, екіншісі – әлі екіге де толмаған. Үлкен ұлды мектебі бар ауылдардың біріне жіберіп оқытатындай ағайыны жоқ, барлық аға-бауыры осы ауылдың айналасында. Сөйтіп мектеп жасындағы бір баласын қалай оқытсақ екен деп, жас ата-ананың шақшадай басы шарадай болғаны анық. 
Мұндай жағдай көпке таңсық емес. Әсіресе, республиканың солтүстік облыстарында мектептердің жабылып жатқаны былай тұрсын, ауылдардың қаңырап қалғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатқалы қашан. Бәрі де сол тіршілік пен күнкөрістің қамы. Егін егіп, төрт түлік өсіріп, күнкөрістің қам-қарекетін жасауға болар еді-ау, бірақ балаларының болашағын ойлаған ата-аналар амалдың жоқтығынан мектебі бар ауылдарға қарай қоныс аударуға мәжбүр. Кейбір ата-ана ағайын-туысын жағалап, балалары солардың үйінде жатып оқып жүр. Бұл да көкейкесті мәселені түпкілікті шешудің жолы емес. Сонда осы өзекті мәселені оңтайлы шешудің жолы қандай? Осы туралы ойымызды ортаға салайық. 
Алдымен айтарымыз, ауыл – қазақтың қаймағы, баға жетпес байлығы, тіліміз бен дініміздің, салт-санамыздың қайнар көзі. Мұны ұлт зиялылары бұрын да айтқан, қазір де жағы талмай айтып жүр. Бірақ соған жеткілікті мән беріп жатқанымыз шамалы. 
Қазақ ауылдарын сақтап қалу үшін жастар мен жас отбасылардың сонда барып қоныстанатындай патриоттық сана-сезімдерін оятып, ынта-жігерлері мен қызығушылығын қайрау қажет. «Жастар ауылға бармайды, қалада өмір сүргенді қалайды» дейтіндер да табылатынына таласымыз жоқ. Бірақ бәрі емес. Ауылды қалайтындар, ауылға барып жұмыс істеуге көңіл хошы бар жастар да жүр олардың арасында. Биліктегілер және жастармен жұмыс істейтін ұйымдар осы бағытта белсенді жұмыс істеуі тиіс. Олар ауылдарға барса, болашағы жоқ деп саналған қазақы елді мекенде бала саны мен оқушылардың қатары артатыны айдан анық. Мектептер де жабылмас еді. Бұл – айтуға оңай, әрине. Бірақ ұлтымыздың болашағын ойласақ осы мақсатта белсенді, табанды жұмыс жүргізу қажет. 
Оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан қандастарымыздың арасындағы жас отбасыларды келешегі жоқ деп саналған ауылдарға қоныстандыруды ойластырған жөн. Тіпті оңтүстіктің тұтас ауылын солтүстіктегі ауылдарға қоныстандырудың картасы жасалса да артық болмас. Сонда олар жаңа елді мекенге тез бейімделіп, тұрмыс-тіршіліктерінің тез арада түзеліп кетуіне мүмкіндік туар еді. Ең бастысы, қазақы ауылдар мен мектептер сақталып қалады. 
Кешегі кеңестік кезеңде ауылдарда мал баққан ағайынның балалары орталықтағы мектеп-интернаттарда жатып оқитын еді ғой. Ата-ана баласы үшін алаңдамайтын. Осы оң тәжірибені де жандандыру қажет-ау. Осындай жағдайда әке-шеше балаларының білім алуы үшін туған ауылдарынан амалсыздан қоныс аудармас еді. 
 

Ғалым АСЫЛ

4606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы