• Қоғам
  • 27 Желтоқсан, 2023

ЭЛЕКТРОНДЫ БІЛЕЗІК ОНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ ҚАНДАЙ?

   Қазір пробация қызметінің есебінде тұрғандарға арнайы электронды білезіктер тағу тәжірибеге енді. Өткен жылдан бастап бұл бастама еліміздің басқа аймақтарында жалғасын тапты. Тағы бір ақпарат – жазасы бас бостандығынан айырумен байланысты емес 28 мыңнан астам сотталғанның 300-ден астамы кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы баптар бойынша пробациялық есепте тұр.  Оларды бақылау мақсатында да «электронды білезік»  енгізілген болатын. 
Электронды білезіктер бас бостандығын шектеуге сотталғандарға қатысты және шартты түрде сотталғандарға да қолданылады, олар жазаны өтеу тәртібін бұзушылар болып табылады. Аталмыш білезіктер бірінші кезекте кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке байланысты қылмыс жасаған адамдарға  жазасын өтеудің бүкіл кезеңіне қолданылады. Қазіргі уақытта электронды білезік деп аталатын электронды бақылау құралдары 2 500-ден астам адамға қолданылады, бұл сотталғандардың жалпы санының тоғыз пайызын құрайды. 
   «Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, сотталғандарды қашықтықтан бақылау жүйесі нәтиже беріп жатыр. Электронды білезікті қолдану есепте тұрған адамға бас бостандығынан айыру орындарына түспеуге  мүмкіндік береді. Бірақ өкінішке қарай, аумақтық пробация қызметтері білезіктерді пайдалану тәртібіне қатысты жүзге жуық құқық бұзушылық дерегін анықтады. Оларға қатысты 30 материал сот органдарына жаза түрін бас бостандығынан айырумен ауыстыру үшін жіберілді. Оның ішінде алты  сотталған адам жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жатыр. Ал жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыс жасағаны 
үшін сотталған адамға білезік тағу шарасы қолданылды және осы кезеңде сотталғанның тұрғылықты жері бойынша болмау дерегі арнайы  платформаға  хабарлама келу арқылы тіркелді. Инспектор есепте тұрған  адамның орналасқан жеріне келгеннен кейін жазаны өтеу талаптарының  бұзылуы анықталды және тіркелді, содан кейін сотталған адамға қатысты бас  бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыруға материалдар дайындалып, сотқа жіберілді». Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте осындай деректер айтылған болатын.
Электронды білезіктің бауы мен бекіткіші өте сапалы  етіп жасалған. Егер сотталған адам білезікті шешуге, не бұзуға әрекеттенсе пробация қызметінің инспекторларына дереу дабыл тәрізді хабарлама түседі. Құрылғы есепке алынған адамдарда ыңғайсыздық туғызбауы және өзгелердің алдында қысылмауы үшін білезік аяқтың тобық бөлігіне бекітіледі. Есепке алынған адамдардың орын ауыстыруын тікелей бақылау пробация қызметінің инспекторларындағы планшеттер мен дербес компьютерлердің көмегімен нақты уақыт режимінде жүзеге асырылады, ал білезік оның «иесінің» орналасқан жері туралы ақпаратты көрсетеді. Білезік гиппоаллергенді материалдан жасалған. Оның қуаты да біршама уақытқа жетеді.  
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 69, 174-баптарына сәйкес, Пробация қызметі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тізімде бар электронды бақылау құралдарын пайдалануға құқылы. Сотталған азаматтың жүріп-тұруы, жүретін бағдары тәулік бойы толық қадағаланады. Ол түнгі сағат оннан кейін тұрғылықты мекенжайынан алыстайтын болса оған пробация қызметкерлері қоңырау шалып, үйге қайтуын ескертеді. Алайда бұл талап орындалмаған жағдайда тәртіп сақшылары оның тұрғылықты мекенжайына барып, үйіне қайтарады. Бұл шара оның қайта қылмысқа баруына тосқауыл болады. Бір сөзбен айтқанда, «білезік иелері» белгіленген шеңберде, белгіленген уақытта ғана жүре алады. Ал егер ол бұл талаптарға бағынбайтын болса онда темір торға тоғытылады. Мамандардың сөзіне сенсек, электронды білезіктерді қолдану сотталғандардың құқық бұзушылыққа жол беру фактілерінің алдын алу және жолын кесу ісінде оң нәтиже беріп келеді. Пробация қызметінде істейтін инспекторлардың айтуына қарағанда, электронды білезік салынған бас бостандығы шектеулі және қоғамға қауіп тудыруы мүмкін азаматтарды енді оңай бақылауда ұстауға болады екен. Әсіресе, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мұндай құрылғының септігі мол. екенін де пробация қызметкерлері тілге тиек етті,
    Тараздың да қалалық пробация бөлімінде сотталғандарға арналған электронды білезік  маусым айынан бастап 128  жазасын өтеушіге тағылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларға  сот үкімімен белгілі бір орындарға баруға тыйым салынған. Атап айтқанда, оқу орындарына жақындау, түнгі уақытта үйден шығу, пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты мекен-жайынан тыс жерге шығу сияқты шектеулер қойылуы мүмкін. Пробация қызметінің инспекторы сотталғандардың  белгіленген талаптарды сақтауын  қатаң қадағалай алады. Қажетті деректерді қызметкер компьютердің, планшеттің  немесе смартфонның көмегімен жеке кабинет арқылы тексере алады. Осының нәтижесінде бақылау құралдары түрлі құқық бұзушылықтың алдын алу мен әрбір сотталғанды үнемі бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп отыр.
    Пробация есебінде тұрған азаматтар электронды білезікті бір жыл бойы тағуға міндеттелген. Егер  осы уақыт аралығында заңға қайшы әрекетке бармаса, құрылғы алынады. Ал олай болмаған күнде материал сотқа жіберіледі. Мәселен, Таразда  білезіктерді қолдану басталғаннан бері оны тағудың тәртібі бұзылған 16 құқық бұзушылық анықталған. Ал, Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару  жүйесі департаментінің Жезқазған қаласындағы пробация қызметі де  тиісті пробациялық бақылауды қамтамасыз ету және бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталғандардың, сондай-ақ шартты түрде сотталған адамдардың орналасқан жері туралы ақпарат алу үшін  электронды бақылау құралдарын қолдана бастады. Бірінші кезекте кәмелетке толмағандарға  сексуалдық сипатта қылмыс жасағандар  осындай бақылау түріне алынды. 
    Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген  15.08.2014 жылғы №511 Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, сотталғанға электронды бақылау құралдарын қолдану арнайы қаулымен рәсімделеді. Сондай-ақ бұл шешім туралы сотталғанның өзіне және онымен бірге тұратын адамдарға хабарланады. Құрылғыларды пробация қызметінің өкілдері сотталғандарға өздері орнатады және оны тағып жүру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, құрылғыны бұзатын болса оған жауапты екені де ескертіледі.  Бұл халықаралық тәжірибеде бар. Соған сәйкес енгізіліп отыр.  Бұл қайталама қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жазасын өтеуден жалтару деректерін анықтауға көмектеседі. Мұндай профилактикалық шара оң нәтиже беріп отыр. 
    
 

Нұржайнат ХАМЗАЕВА
 

3470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы