• Қоғам
  • 27 Желтоқсан, 2023

ҚАЙ КӨШЕДЕ ТҰРАСЫЗ?!

Журналист үшін айналаның бәрі тақырып. Жүресің, көресің, естисің. Тақырыпқа тамызық табасың.
   Қазақстанның елордасы – Астана күннен-күнге көркейіп, сәулетті болып келеді. Ғимараттары да, көшелері де көп. Құрылыс өте қарқынды. Тіпті қақаған қыс кезінде де жұмысын тоқтатпай, еселі жұмыс істеп жатқан компаниялар жеткілікті. Құрылыс ауқымы кеңейгеннен кейін жаңа көшелер қосылады. Әңгіме – осы көшелердің атауы жөнінде. 
    Атау бергенде абай болғанымыз абзал. Өйткені, Астанаға алғаш келген қонақтардың қала картасына көз жүгіртіп, одан өзіне керекті нысанды немесе көшені іздейтіні анық. Міне, осыған байланысты бас қату мен шатасу басталады.
 Негізі өркениетті елдердің үлкен қалаларында көшелерге адамдардың есімі берілмейді, «№1 көше», «107 көше», «209 көше» деп нөмірленеді. Астанада да бар, осындай сан бойынша белгіленген көшелер. Мәселен, №187, №188 көшелер... Бұл құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қойылған болуы керек. Дәл осы үрдісті жалғастыра берсек несі айып, несі сөкет? Керісінше, өте ыңғайлы. Басқа да көшелер осылай нөмірленсе дұрыс емес пе? 
 Көпшіліктің ішінен «Хандарымыз мен атақты адамдарды есте қалдыру үшін олардың есімдерін көшелерге беру керек» деп дау айтатындардың шығатыны сөзсіз. Бірақ, оларды есте қалдырудың басқа да жолдары мен мүмкіндіктері бар ғой. Ал, көшенің атауы күндердің күнінде өзгеріп кетуі мүмкін. Сонда не болады? Мәселен, оң жағалаудағы Мирзоян көшесі Қаныш Сәтбаев көшесі болды, №70 көше Күйші Дина көшесіне ауыстырылды. Орынбор көшесі қазір Мәңгілік Ел көшесі. Бұл – дұрыс. Жалпы көшенің атауын ауыстыра бергеннен ұтарымыз шамалы. Мұның бәрі қосымша шығын екені кез келген адамға түсінікті. Сондықтан көшеге уақытша атау бергеннен гөрі тиісті орындардың әу баста ойластырғаны дұрыс-ау. Оның үстіне, жасырып керегі не, кейбіреулер өздерінің аталары мен бабаларының атына көше беру үшін жанталасып, алашапқын болатынын көз көріп жүр. Елге еңбегі сіңбесе де, лайықты із қалдырмаса да көшеде аты-жөні жазылып тұрса болды деп ойлайды-ау, шамасы. Осы ойын жүзеге асыру үшін шенді-шекпенділер мен билік басындағы ағаларын жағалайды. Сөйтіп, белгісіз адамдардың атына көше беріліп кететіні де жасырын емес. Сондықтан мұны тоқтатудың бірден-бір жолы – нөмірлеу. 
 Жоғарыда айттық, Астанада Күйші Дина көшесі бар. Осы көшенің атауы соңғы жеті-сегіз жылда екі-үш рет өзгерді. Дәулескер күйшінің атында көше болғаны дұрыс-ақ дейік. Бірақ, «күйші» сөзіне байланысты шатасатындар көп. Әсіресе, қазақ тілін жете түсінбейтіндердің «Куюши» тегі ме, есімі ме?» дегенін де естідік. «Дина Нұрпейісова көшесі» деп түсінікті етіп жазуға болмай ма? Әлде «Нұрпейісова атақты күйшінің тегі емес» деген пікір айтылды ма екен?  Сұрастырып білгенімізде,  «Күйші Дина көшесі» деген атауды өткізген Ақселеу Сейдімбек ағамыз екен. Мәскеуде «Академик Королев» көшесі бар, біз де неге осындай тәртіпке көшпеске?» деп уәж айтқан көрінеді. Ақселеу ағамыздың да айтқаны қисынды шығар. Бірақ, мемлекеттік тілді түсінбейтіндер, тілін бұрап сөйлейтіндер «Күйші» сөзін келеке, мазақ қылмасына кім кепіл? «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының қойылымында осы мәселе көрсетілді. «Куши Дина» көшесін іздеп, тілін бұрап сөйлеп, шатысып жүрген кейіпкерді көрдік. Сондықтан көшеге атау бергенде осыны да ескергеніміз жөн-ау. «Ұшқыш Гагарин көшесі», «Ақын Абай көшесі», «Батыр Бауыржан көшесі» деп айтпаймыз ғой.
 Көше дегеннен шығады, Астанада атауы қайталанатын көшелер де аз емес. Абай даңғылы бар. Абай қысқа көшесі бар. Абайдың 150 жылдығына берілген көше бар. Ұлы Абайға қанша көше берсек те артық емес шығар, бәлкім. Бірақ, астаналықтар мен елорда қонақтарын шатастырғаннан басқа мұның қандай пайдасы бар?!. Александар Затаевич көшесі бар, Александр Затаевич қысқа көшесі бар. Атбасар көшесі бар, Атбасар қысқа көшесі бар. Мұндай мысалдар көп.
 Сондықтан тиісті мекемелер мен комиссиялар осының бәрін реттеуге мән берсе дұрыс болар еді. Өйткені, бұл ұсақ-түйек емес, бәрімізге ортақ, өте маңызды мәселе.
                                     

 Сырым Рысқұл

3476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы