• Қоғам
  • 27 Желтоқсан, 2023

ЕСТІ АЛҒАН ЕСІРТКІ

Есірткі нарығы жыл сайын өзгеріп тұрады. Психотроптық заттардың жаңа түрлерін өндірушілер де көбейді. Естен айыратын бұл зат героиннен де қауіпті. Себебі ол қолжетімді бағада болған соң жастар мен кәмелетке толмағандар арасында кең көлемде тарап жүр. Оның үстіне синтетикалық есірткі героиннен де тез тәуелділік тудырады. Сондықтан психотроптық заттың бұл түрін өндірушілермен де, таратушылармен де күрес қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Ішкі істер министрілігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов мәлімдеді.

Қазіргі таңда сандық технологиялардың дамуына және синтетикалық есірткілерге сұраныстың артуына байланысты есірткі саудасы түрлене түсті. Бұрынғыдай белгілі бір адаммен кездесіп қолма қол ақша арқылы кезекті дозаны сатып алу әдісі келмеске кетті десек те болады. Бұл, бір жағынан, есірткінің заңсыз айналымында жаңа психобелсенді заттардың пайда болуымен де тығыз байланысты. Сауданың басым бөлігі интернет-дүкендер, әлеуметтік желілер, Qiwi–әмиян сияқты қосымшалар арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы айтып та жүрміз. Соңғы жылдары есірткі өндіретін жасырын зертханалардың да көбейгені байқаймыз. Бірін жапсақ, екіншісін ашады. Қазіргі уақытта синтетикалық препараттар, атап айтқанда «мефедрон», дайын күйінде біздің республикамыздың аумағына әкелінбейді. Есірткінің бұл түрін дайындау үшін қажетті жабдықтар мен шикізаттарды көрші мемлекеттерден көлік-логистикалық компаниялардың құралдарымен әкеліп, заңсыз ұйымдастырылған есірткі зертханаларында жасалады, – дейді полиция полковнигі.
Оның айтуынша, синтетикалық есірткі айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылғаннан кейін қылмыскерлер ұсталып қалмау үшін елге тек химиялық заттар мен оларды синтездеуге арналған зертханалық жабдықтарды әкеле бастаған. Оның үстіне технологиялардың дамуына қарай, қылмыстық әлемде де есірткі тасымалдау, тарату амалдары түрленіп, жаңарып келеді. Пошта жөнелтілімдері, такси қызметтері арқылы тасымалдау әдістері де кездеседі. Осыған орай, пошта арқылы жіберілетін есірткілерді анықтау мақсатында Ішкі істер министрлігі мен «Қазпочта» Акционерлік қоғамы арасында бекітілген меморандумның шеңберінде жұмыс жүріп жатыр. Бұл ретте, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері кинологтарымен бірге пошта бөлімшелерінде тексеру шараларын да қатаң жүргізеді.
– Халықаралық ынтымақтастық аясында күдікті сәлемдемелерді өз аумағынан біздің елге жіберу фактілері бойынша басқа мемлекеттермен жедел ақпарат алмасу жүзеге асырылады. Көп жағдайда есірткі сатушылар өзінің заңсыз әрекетін жасыруға тырысып, есірткіні жеткізу үшін әртүрлі такси және жеткізу қызметтерін пайдаланады. Себебі, олар тасымалдайтын жүктер мұқият оралып, басқа тауарлар түрінде жасырылады. Осыған қарамастан, жедел-тергеу іс-шараларымен жүк жөнелтушілер анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деді басқарма бастығы Бақытжан Кәдірбекұлы.
    Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылмен қатар, «дәстүрлі» есірткі түрлеріне тосқауыл қою бойынша да іс-шаралар өз өзектілігін жойған емес. Мәселен, жыл сайын маусым-қазан аралығында ел аумағында кең ауқымды «Қарасора» операциясы жүргізіледі. Жету қиын аудандарда жасанды түрде отырғызылған есірткі плантацияларын анықтау және есірткіні тарату арналарының жолын кесу бойынша барлау-іздестіру іс-шаралары жүзеге асырылады. Осындай операция барысында Түркістан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында барлығы 20 плантация жойылды. Бұдан басқа тоқсан сайын «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіледі. Бұл операцияның негізгі міндеті – есірткі құралдарымен, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу ережелерін, фармацевтикалық қызмет ережелерін және есірткі айналымы саласындағы үй-жайларға қойылатын талаптарды бұзушылықтарды анықтау. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері өз қызметінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдарды тексереді. 
    Есірткі саудасымен айналысатындар өте әккі. Сатып алушы тасымалдаушыны көрмейді. Делдал сатушыны да мүлдем көрмеуі  мүмкін. Барлығы желідегі келісім бойынша жүзеге асырылады. 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген толықтыруларға сәйкес есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз өткізу бабына (297-бап) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы деген тармақ қосылды. Аталған қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 
    Ішкі істер органдары интернет желісіндегі құқыққа қайшы контентті бұғаттау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістіктің мониторингін жүргізеді. Олар бұғатталып, ағытылады. Осылайша, жүйе қолданушылары интернет-ресурстарға қол жеткізе алмайды. Онлайн-режимде қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік беретін күмәнді интернет-ресурстарға, оның ішінде есірткіні жарнамалайтын және өткізетін ресурстарға «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі енгізілді және нәтижелі пайдаланылуда. Есірткі құралдарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын контенттері бар аккаунттар мен басқа да ресурстарды бұғаттау бойынша жұмыс жалғаса береді. Тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларының ұялы телефондары мен компьютерлерін бақылауда ұстау қажеттігін ескертіп отыр. Себебі есірткіге тәуелділер қатары жыл сайын жасарып келеді.

Арман Асылбек
 

4791 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы