• Қоғам
  • 27 Желтоқсан, 2023

ЖАСТЫҚПЕН ЖАЗА БАСУ...

    Некесіз туған бала... Жастықпен жаза басу... Жалғызбасты аналар... Оң жақта отырып дүниеге бала әкелу – ХХІ ғасырдың қазақ қоғамына басқан таңбасы сияқты. Күн сайын «қоқыстан нәрестенің денесі табылды, жетімдер үйінің алдына біреу бала тастап кетіпті, әжетханадан жаңа туылған сәбидің мүрдесі шықты» дегенді естіп, жауапсыз жандардың ол әдетіне етіміз үйреніп кеткен сияқты. Бірақ бұл ел болашағына төнген үлкен қауіп.

 

Осы тақырыпты қозғауымызға «Ана үйінде» тұратын қыз-келіншектер себеп болды.  Бұл үйде тұрмысқа шықпай аяғы ауыр болып қалған, туыстары мен «ғашығы» теріс айналған әйелдер тұрады. Мүлде тұрмыс құрмаған қыздардан бөлек, тұрмыста болып, ажырасып, барар жер, басар тауы қалмаған әйелдер де осында пана іздеп келеді. Орталық олар үшін үшін уақытша болса да тұрақ. Сонымен бірге психологиялық, медициналық, қаржылық та көмек көрсетіледі. Онда тұратын келіншектер бір-бірінің баласын қарайлап, үй тірлігін бірге атқарып үйренеді. Олар бұл орталықта алты айдан бір жылға дейін тұра алады. Осы уақыт ішінде баласы ширап, өз бетінше өмір сүруге бейімделуі керек. 
– Елордамызда «Ана үйінің» екі филиалы бар. Мұнда жігітіне алданып қалған, қолдаушысы жоқ, тағдыры тәлкекке түскен әйелдер мекендейді. Олардың арасында полициядан көмек сұрап келгендер де бар. Олар бізге келіп, арызданады, мәселенің қайдан, қалай шыққанын баяндайды. Көбінде қыздарының аяғы ауыр екенін білген ата-ана мен туыстары олардан бас тартып,  қаңғыртып жібереді. Ел-жұртқа масқара қылдың деп, кейде ұрып-соғып та жатады.  Бұл жаққа жетіскеннен кім келеді дейсің? Барар жері болмаған соң, арқа сүйер азаматы алдаған соң амалсыздан  полициядан көмек сұрайды, – дейді полиция подполковнигі Гүлмира Шырахметова. 
    Елорда аумағында орналасқан  екі  «Аналар үйінің» әрқайсысында 8-10 келіншектен тұрады. Тағдыры әртүрлі болғанымен, оқиғалары бір-біріне тым ұқсас. Осында мекен еткендердің сексен пайызы «Жігітім үйленеміз деп айтқан, біз-бірімізді жақсы көріп қосылдық. Мен оған сендім. Егер бала көтере алсаң саған үйленемін» деп бастайды әңгімесін. Арасындағы бірен-сараны ғана ресми түрде тұрмыста болып, ажырасып осында келген екен. Қазір сіз бен бізге білінбегенімен, шын мәнінде бұл ұлт тағдырына төнген қара бұлт сияқты. Өйткені, әке қамқорлығын, тәрбиесін, оның отбасындағы маңызын түсініп өспеген бала, әсіресе ер балалар, болашақта өздері де мойындарына жауапкершілік алуды білмейді-ау деген қауіп бар. Ал әкесіз өскен қыздар әркімге жәутеңдемей, теріс қылық шығармай бой жететініне кім кепіл?
 Жастық шақта ағат басқан әр қадамды тәжірибесіздіктен, білместіктен жасалды деп ақтайтын жаман әдетіміз бар. Қыздарды қаралап, даттайтын ойымыз жоқ. Себебі бала бір адамның қатысуымен пайда болмайды. Сондықтан отбасындағы тәрбиеге аса мән беру керек. Өсіп келе жатқан ұл мен қызға ұяттың не екенін түсіндіріп, бала ресми некеде дүниеге келу керек екенін, некеге дейінгі кез-келген жақындықтың дұрыс болмайтынын үйдегі ата-ана түсіндіруге міндетті. Бала деген – жауапкершілік және ол жауапкершілікті екі адам бірдей арқалауы керек. Өкінішке қарай, біздің қоғам жүкті болып қалған қызды кінәлауға құмар да, оны осындай жағдайда тастап кеткен жігітке ләм-мим демейді.
Кездейсоқ төсек қатынастары мен тәрбиесіздік осындай «Ана үйі» мен жетімдер үйінің, сырқат балалардың көбеюіне себеп болып отыр. Бұл бізде жыныстық сауаттың, имандылықтың төмен екенін көрсетеді. Ал жылдар өте келе бұл үрдіс қарттар үйінің көбейіп, ішінде қазақтың ата-әжелерінің толуына әкеп соғады. Отбасы құндылығын түсінбеген, рухани тәрбие ақсаған қоғамда осындай жағдайдың орын алуы әбден мүмкін.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Әр адам екінші мүмкіндікке, түзелу жолына түсуге құқылы. Біз орталықтағы келіншектермен сырласып, олардың өмірі басқа қыздарға сабақ болсын деген ниетпен, екі қыздың оқиғасын жариялауды жөн көрдік. 
Дариға, 25 жаста:   Біздің қарым-қатынасымыз пандемия уақытына  тап болды. Жап-жақсы қыз-жігіт болып жүрдік. Карантин басталып, некелесіп үлгермей қалдық. Ол кезде бірге тұрып жатқанбыз. Былайша айтқанда, азаматтық некеде. Бәрі жабылған соң жағдайымыз қиындап кетті. Ол мені әке-шешемнің үйіне әкеп тастады. Ата-анаммен тұрып, сол үйде босандым. Баламның әкесі «Қорықпа, босана бер. Бәрі реттелген соң өзім сендерді алып кетемін, бірге тұрамыз», – деді.  Бірақ уақыт өте келе ол алыстап кетті. Ара-тұра хабарласып отырды, бірақ сол күйі қосылып, бірге тұрмадық. Баламды туған соң менде босанудан кейінгі күйзеліс болды, төсектен тұра алмай жатып қалдым. Оған бала туу процесі де, менің эмоционалдық жай-күйім де әсер еткені сөзсіз. Сондай қиын кезеңде мен жақындарымнан қолдау күттім.  Үйде ұрыс-керіс жиілеп кетті. Менің баламен үйде болғанымды жеңгем жақтырмады. Мен үшін үйдегі жағдай бұзылған соң баламды алдым да, кетіп қалдым. Баламен бір жатақханаға барып тұрдым, ол жақта баламен тұруға ешқандай жағдай жоқ еді. Әрине, 30 мың теңгеге астанадан жақсы баспана қайдан табайын? Балам ол кезде енді екі айға толып жатыр еді. Ол жер тым дымқыл, суық болғандықтан  қатты ауырып қалды. Екі рет ауруханаға түстік. Сонда жатқанымда қыздар кеңес берген болатын осы жер жөнінде. Бірақ басында қорықтым. Ол қандай жер? Кімдер болады? Қалай тұрамын? Дегенмен, баламның әкесінен үміт үзген жоқпын. Ең құрығанда,  бізге жағдайы сәл жақсы, жылы жер тауып беріп, төлеп тұрса ғой деп ойладым. Өйткені мен балам ауырмаса екен, ине салмаса екен деп армандадым. Ине салғанда, екі айлық балам шырылдап жылағанда есімнен адасып кете жаздайтынмын. Бірақ әкесі «Мен сендерге пәтер жалдап беретін жағдайым жоқ», – деп бір-ақ кесті. Одан соң мен осы жерге хабарластым, жағдайымды айттым. Осы ұйымның адамдары мені баламмен бірге ауруханадан шығарып алып, осында өздері алып келді. Жылы қарсы алды. Осы жерде мен үш ай тұрдым. Жеңгем ағаммен ренжісіп үйден кетіп қалды. Мен осы жерден шығып анама қарайласу үшін үйге қайтып бардым. Жеңгеммен осы уақытқа дейін әпке-сіңлі сияқты жақсы қарым-қатынаста едік. Менің жағдайымды білген соң өзгеріп шыға келді. Менің бар сырымды білетін. Қазір анаммен бірге тұрамын. Үйде бәліш, бауырсақ пісіріп, маңайдағы дүкендерге қойып, сатамын. Кішігірім кәсібім бар. Бәрі жақсы сияқты. Бірақ мен әлі де сол жігітті күтіп жүрмін. Жан-жағыңа қарасаң, бақытты отбасыларды көргенде өзің де балаңмен, жарыңмен солай жүргің келеді. Оның үстіне жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Оған «Бірге тұрайық, бәрін басынан бастайық», – деп талай айттым. Әлі шешім қабылдай алмай жүр. Баламның әкесімен араласқанын, жанында болғанын қаладым. Ер жеткенде әкесі туралы сұрайтыны сөзсіз ғой. Балаға да мейірімі жоқ. Ақшалай азын-аулақ көмектеседі, бірақ оны «Балама» деген мейіріммен емес, аяушылықтан жасайтын сияқты көрінеді. 
    Осы ұйымға келгенде психолог маманмен де жұмыс істедім. Бірақ ол маған көмек бере алды деп айта алмаймын. Өйткені менің өкпем, жеңгеме деген ренішім өте тереңде еді. Әлі күнге дейін мені жамандап отырады. Қазір мән бермеуге тырысамын. Жақында мешітке барып, Құран оқытып, балама дем салдырғам. Үйге келіп қатты ұйықтап кетіппін. Сол кезде  ұлым терезені ашып, далаға шығып кетіпті. Оны көршілер көріп, жетектеп үйге алып келген ғой. Есікті қатты тарсылдатқан уақытта ояндым. Жан-жағыма қараймын, балам жоқ. Есікті ашсам көрші әйел мен  балам тұр. Ұйқылы-ояу не болып жатқанын алғашында түсіне алмадым. Баламның терезеден құлап түскенін білгенде жүрегім жарылып кете жаздады. Оның үстіне біздің үй үлкен жолдың бойында орналасқан. Ал ол жолға шығып кетіп, көлік қағып кетсе ше? Онда мен өзімді ешқашан кешіре алмайтын едім. Сол күні баламның мен үшін қаншалықты қымбат екенін ұқтым, онсыз өмір жоқ маған.
    Мен сезімге еріп, жастық шақтың буымен қателестім. Мен адамдар бір-бірін жақсы көрсе кез-келген қиындыққа төтеп береді деп сендім. Түсік жасатпадым, баламды тастап кетпедім. Жауапкершілікті өз мойныма алдым. Өйткені қазір мен өзім үшін ғана емес, балам үшін де жауаптымын. Қыздарға да, жігіттерге де әр қадамды ойланып, саралап басуға кеңес етемін. Өйткені бір қателік қанша адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Қазір мен бұл үйге қонақ болып келіп отырмын. Осындағы абзал жандарға айтар алғысым шексіз. Олар менің өзіме деген сенімді қайтарып, өмірге құштарлығымды оятты.
    Арайлым, 19 жаста: Мен Тараз қаласының тумасымын. 16 жасымда тұрмыс құрып, 17 жасымда ана атандым. Біз екі жақ ата-ананың келісімімен бас қостық, бірақ кәмелетке толмағандықтан ресми некеде болған жоқпыз. Күйеуіммен колледжде таныстым, ортақ таныстарымыз болды, қыз-жігіт болып жүре бастадық. Бір күні бір баланың туған күніне бардық, сол түні тағдырымның күл-талқаны шықты. Маған «Ішімдік ішіп көрсеңші, рахаттанасың, саған ұнайды» деп қарсылық танытқаныма қарамастан, ішкізді. Мен мас болып қалдым. Содан кейін ол «Үйге мына түріңмен қалай барасың, жүр пәтерге барайық. Демалып, реттеліп ертең үйіңе қайтасың» деді. Мен жігітіме сендім, тиіспейді деп ойладым, ата-анама мас түріммен көрінуге қорықтым. Ертеңіне пәктігімнен айырылғанымды түсіндім.
Төрт ай өткенде екі қабат екенімді білдім. Әпкем мен анама айттым, олар «жассың ғой, ештеңе етпейді, баланы босанып ал» деді. Әкем естігенде ол да «сен әлі жассың, отбасылық өмір саған қиын болады. Кім қателеспейді?!», – деді. Ата-анам барынша қолдау білдірді. Бірақ өзім оң жақта отырып бала туудан қатты ұялдым, «оң босағада отырып бала тауыпты дегеннен, ажырасқан деген оңайырақ болар деп тұрмысқа шықтым. Бала көтеріп қойған соң сабағымды да тастап кеттім, жігітіме іштегі балаға бес ай болғанда айттым. «Үйленейік» дедім. Ол қатты қуанды. Сонда ол «Үйленемін, балам болады», – деп емес, анасының бақылауынан бостандық алам деп қуанған екен ғой.
Аяғым ауыр болып келген соң енем басынан жақтырмады. Соны әрдайым бетіме басып отырды. Тіпті «Бала біздікі емес, сен жүргішсің, оны басқадан көтеріп келдің» деген ауыр сөздерді де айтты. Мен «Баламды туған соң ДНҚ сараптамасын жасатамын, дәлелдеймін», – дегенде мені шапалақпен салып қалды. «Сен маған қарсы сөйледің, сыйламадың», – деді. Осылайша, уақыт өткен сайын күйеуіме мені жамандай түсті. Жұдырықтап, теуіп ұратын, тіпті оқтаумен де ұрған кездері болды. Аяғым ауыр болғанда 7-8 рет баланы сақтап қалу үшін емханаға түстім. Бала дүниеге келген соң енем тыныштық бермеді. Баласын қатты қызғанатын, күйеуімнің ақшасын алып алатын. Ақыры ұрыс-керістен шаршаған соң баламды алып кетіп қалдым. Күйеуім соңымнан келіп, менің ата-анаммен бірге тұрдық. Бір күні ата-анам елордаға қонаққа кеткенде, екеуміз жалғыз қалдық. Мен баланы алып, емханаға кеткенмін, шаруаларымды тез бітіріп, үйге қайтып келгенімде сорақылықтың куәсі болдым. Күйеуім деп жүрген адам менің ата-анамның үйінде құрбыммен маған сатқындық жасап жатқанының үстінен түстім. Сол күні арамызда бәрі бітті. Бала некесіз туылған соң ол алимент төлеуден де қашып жүр. Кейде маған хабарласып неше түрлі ауыр сөз айтады. «Тағы көтеріп қойыпсың ғой, сол балаңды бақ. Менің ұлымды өзіме қайтар», – деп шектен шығады.
Мен ата-анаммен елордаға қоныс аудардым. Осында бір жігітпен таныстым, үйленеміз деп жүрдік. Мен оған балам бар екенін, тұрмыста болғанымды айттым. Ол маған «Менен бала көтерсең бірден үйленеміз», – деді. Алайда екі қабат болғанымды білгенде ол жоғалып кетті, менен алты жас үлкен еді. Ол да ажырасқан екен. Жүкті екенімді анам мен әпкеме айтқанда түсік жасатуға кеш болды. Әкемнен қатты ұялдым. Екінші рет тағы сол қателікке ұрынғаным үшін өзімді жазғырдым. Әкемнің осы жолы кешірмейтінін білдім. Сондықтан әпкем де маған осы орталықтың бар екенін айтып, бала дүниеге келгенше осында тұруыма кеңес берді. Бала дүниеге келген соң әкеміз жұмсарады деді. Осында келген кезден бастап күнде маған біреу жасырын нөмір арқылы  хабарласады, үндемей тұрады. Күнде хабарласатындықтан, кім екенін білейін деп ақылы қызметке жүгініп, анықтадым. Әкем хабарласып жүр екен. Менің дауысымды есту үшін, сағынышын басу үшін хабарласатын сияқты. Үмітім қайта жанды. Небәрі 19 жасымда екінші рет ана атанайын деп отырмын. Ата-анамның абыройына дақ келтіргенім үшін қатты ұяламын. Жауапсыздығым, сенгіштігім үшін өзімді жазғырамын. 20 жасқа жетпей өмірімнің астан-кестені шықты. Осы жақтан шыққан соң қайда барарымды да білмеймін.

Бек Асыл,
Астана

 

4798 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы