• Қоғам
  • 27 Желтоқсан, 2023

БІРЕУГЕ МАЛ ҚАЙҒЫ, БІРЕУГЕ ЖАН ҚАЙҒЫ

  Түн. Астанадан шығып, Павлодар қаласын бетке алдық. Жол даңғыл. Тақтайдай тегіс. Аптаның ортасы болғандықтан шығар, оңды-солды ағылып жатқан көлік көп емес. Сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге мүмкіндік бар. Екі сағаттан асқан уақытта Павлодар мен Ақмола облыстарының шекарасына да жетіп қалдық. Шідерті кентіне бұрылыста қарсы беттегі жеңіл көліктің жүрісі баяулап, жүргізушісі жарығын екі-үш мәрте жағып-сөндіріп, белгі берді. Біз де жылдамдықты төмендетіп жақындай бергенімізде:
– Сақ болыңыздар, жақын маңда жол үстінде үйір жылқы жүр, – деді.
Біз рахметімізді айтып, ары қарай жүріп кеттік. Бірақ жол-жөнекей жылқыларды көзіміз шалған жоқ. Ертеңіне Екібастұз қаласының маңында түн ортасында жол-көлік оқиғасы болғанын естідік.
«КамАЗ»  жүк көлігінің жүргізушісі Екібастұз қаласының маңында түнгі бірден асқан уақытта  жылқыларды қаққан. Оның соңынан келе жатқан «Hyundai Accent» көлігінің отыз жасар жүргізушісі де жол үстіндегі жылқылардың кесірінен  жол-көлік оқиғасына тап болып, жарақат алып, Екібастұз қаласының ауруханасына жеткізілген.
Тексеру барысында  малдың иесі Қоянды ауылының тұрғыны  екені анықталып, оған он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылады.
Дәл осының алдында Теміртау қаласының маңында да жылқының кесірінен түн жарымда жол-көлік оқиғасы болды. «Мерседес-190» көлігіне жылқы соғылып, төбе тұсын  жапырып жіберген. Қапелімде не болғанын түсіне алмаған жүргізуші жігіт тежегішті басуға да шамасы жетпей күре жолдың бойындағы еңіспен екпіндеп барып бір шақырым шамасында тоқтаған. Жүргізуші мен оның қасындағы бозбала ауыр жарақат алып, Теміртаудың ауруханасына жеткізіледі. Көліктің артқы орындығында отырған бауырында емізулі баласы бар келіншек пен оның төрт-бес жасар ұлы жеңіл-желпі жарақат алады. Міне, бір жылқының залалы.
    Малдың кесірінен адам өлімі де орын алады.  Осыдан біраз бұрын   түн ортасында Түркістан облысы Шардара ауданында  «МАЗ» жүк көлігі жолға ытқып шыққан жылқыны қағып, қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Лексус» көлігіне соқтығысқан болатын. Соның салдарынан бес адам қайтыс болып, бір адам жансақтау бөліміне жеткізілген еді.
Мұндай жол-көлік оқиғасы еліміздің кез келген өңірінде жиі болып жатады. Қараусыз қалған мал жолдың жиегіне жақын жайылып жүреді де, апатқа себепкер болады. Полиция департаменттері қараусыз малдарды анықтап, айыптұраққа қамау мақсатында тұрақты рейд жүргізгенімен малдың кесірінен болатын жол-көлік апат азаяр емес.
Малдың кесірінен зардап шеккен көлік құралдарының иелері материалдық шығынды өтеу үшін мал иесін азаматтық тәртіппен сотқа беруге құқылы. Бірақ апатқа түсіп, жанымен қайғы  жандардың мұны ойлауға мұршасы келе бермейді. «Аман қалғанымызға шүкір, темір табылар» дейді де оқиғаны тезірек ұмытуға тырысады. Осындай жағдайдың бірінде үш-төрт жылқысынан айырылған біреу «Қып-қызыл ақшадан айырылдым-ау» деп терең күрсінген көрінеді. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» деген осы.
Малдың кесірінен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту үшін не істеген жөн?  Ең алдымен тұрғындар малды қараусыз қалдырмағаны жөн.  Күре жолдардың бойында мал өтпес үшін орнатылған қоршауларды тиісті мекемелер ұдайы қадағалауы тиіс. Мамандардың айтуына қарағанда, көбіне-көп жылқы жол-көлік оқиғасына себепкер болады екен. Себебі жылқы жарықты көрсе соған қарай ұмтылатын көрінеді. Мұндай сәтте жылқының көзі шағылысып, көрмей де  қалады екен. «Сол себепті жылқылардың үстіне көлік жарығына шағылысатын арнайы матадан жабынды тігіп, кигізу керек» деген ұсыныс та айтылып жатыр. Кім біледі, бұл да дұрыс шығар.
    Сіз қалай ойлайсыз?!.

Мерей Оспан
 

778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы