• Қоғам
  • 27 Желтоқсан, 2023

ЗАҢСЫЗДЫҚ БАССЫЗДЫҚҚА ЖОЛ АШАДЫ

Қазіргі жол қозғалысына қатысушылар саны күн сайын артып келе жатыр. Ілгеріде қозғалыс қатысушылары көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер болды, ал енді олардың қатарына скутер, электросамокат, мопед, велосипедтер қосылды. Олардың кесірінен орын алатын жол-көлік оқиғалары көбейді.     

 

Осы күні еліміздің ірі қалаларында мотоциклден бөлек шағын қос дөңгелекті қозғалыс құралдары жиі кездеседі. Әсіресе, курьерлік қызметтер осындай көлік түрлерін көп пайдаланады. Скутер, электросамокат пен мопедтегілердің жаяу жүргіншілер жолымен де, автокөлік жолдарымен жүре беретінін қала тұрғындары жақсы біледі. Мұндай құралдарды басқаратындардың басым бөлігі жастар. 
    Өздеріңіз жақсы білесіздер, пандемия уақытында қала ішінде артық жүріп-тұруға тыйым салынды. Сол уақытта түрлі тамақ және азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу қызметтері пайда болды. Оның қатарында «Яндекс.Еда», Chocofood, Glovo, Wоlt сияқты курьерлік қызмет көрсету желілері бар. Сол уақытта танымалдылыққа ие болған олардың тасы өрге домалап, қызметтеріне сұраныс төмендеген емес. Көшеде кетіп бара жатып арқасында сары, көк, қызыл жәшік тәрізді сөмке асынған жеткізушілерді байқаған боларсыздар. Ал осы «тамақ тасушылардың» қанша жол-көлік оқиғасына себепкер болғанын білесіз бе? Осындай оқиғалар Алматы қаласында жиі орын алады. Тіпті қайсыбір жылы  наурыз айының соңында Алматы қаласында «Яндекс.Еда» желісінің курьері апатқа ұшырап, ауруханада көз жұмған болатын. Қайтыс болғанның құрметіне алматылық мопед мінген әріптестері қала көшелерінде аза тұту шеруімен жүріп өтті. Еске сала кетейік, мопедтегі курьер бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, Toyota-мен соқтығысқан болатын. ЖКО салдарының бейнежазбасы әлеуметтік желілерде таралды. Апат салдарынан мопедтің жүргізушісі мен жолаушысы жарақат алды. Артынан жолаушының ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды.
Осы оқиғадан кейін желі қолданушылары арасында пікірталас туды. Басым бөлігі және білікті сарапшылар мопедтердегі курьерлерге қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды. Бұл мәселе тек мопедтерге емес, велосипед, скутер, электросамокат жүргізетін азаматтарға да қатысты. Осылайша жылдың соңына қарай Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілдері осыған ұқсас жағдайлардың жиі орын алатынын айтып, курьерлік қызметпен айналысатын компанияларға ұсыныс жасағандарын да айтты. Компания өкілдерімен бірнеше мәрте жұмыс кездесудері жасалып, қауіпсіздік ережелері талқыланды. Департамент өкілдері курьерлік қызмет көрсетушілерге курьерлік жәшіктерді нөмірлеуді ұсынған болатын. 
– «Яндекс» пен Chocofood өкілдері алғашқылардың бірі болып кез келген заң бұзушылыққа жол бермеу үшін курьерлерді тәртіпке шақырды. Шешімдердің бірі – курьерлердің жұмыс жәшіктерін міндетті түрде нөмірлеу болды. Оның үстіне, келісім бойынша, бұл сан әр қырынан анық байқалып, қараңғыда да көрінуі керек. Өкінішке қарай, біздің тәжірибемізде оқиға орнынан жасырынған жеткізушілердің қатысуымен болған оқиғалар көп. Енді куәгерлер жәшікте көрсетілген нөмірді айту арқылы бізге нақты хабар бере алады – бұл маңызды бастапқы деректер, – деген болатын сол кезде Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары. Оның айтуынша, сол кезде-ақ бірнеше курьерлік компания меморандумға қол қойған болатын.  
– Соңғы жылдары қаламыздың жолдарында мопедтер, мотоциклдер мен скутерлер көптеп пайда болды, сондықтан олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюі байқалады. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – көлікті дұрыс жүргізбеу, арнайы қорғаныс құралдарының болмауы, көлік жүргізу қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Көліктің бұл түрін пайдаланатын курьерлер көбейіп кетті, олар табысын көбейту мақсатында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, күндіз-түні қала жолдарымен жүреді, – деген еді.
    Алайда жасалған екіжақты келісімдерге қарамастан, бұл шаралардың шығыны көп екенін алға тартып курьерлік компаниялар жәшіктерді нөмірлеуді толық жүзеге асырған жоқ. Меморандум жасалған соң қала тұрғындары сары-қызыл жәшіктерде бес таңбалы саннан тұратын тіркеу нөмірлерін байқап жүретін болса, қазір бұл бастама аяқсыз қалғанын департамент өкілдерінен білдік. Енді сізде «Ол нөмір не үшін қажет?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Нөмірленген жәшіктер әр жеткізушіге байланыстыру арқылы, жеке нөмір әр курьерге бекітілу керек еді. Сонда бейнежазба, не фотосуреттерден курьерлердің қатысуымен болған ЖКО жәшіктегі нөмір арқылы курьердің де жеке басын анықтауға оңай болар еді. Алайда осы жолы Полиция департаментіне хабарласқанымызда «Курьерлер арасында жәшік-сөмкелерді бір-бірімен ауыстыру, лақтырып кету деректері жиі кездеседі. Одан бөлек, қайғылы оқиғалардан соң жеткізу компаниялары ұсынысымызды қолдаса да, қазіргі уақытта олар біздің тапсырмаларымызды жылы жауып қойды. Егер оларға қатысты заң күшейтілмесе жабулы қазан жабулы күйінде қала береді»  деді олар. 
    Осы тұста департамент өкілімен келіспеске болмас. Шынында да заңсыздық бассыздыққа жол ашады. Бұл жөнінде тиісті органдарға ұсыныс та жасалған. Айта кету керек, «жеткізуші» жүргізушілер өздеріне керек болғанда жүргінші жолдарымен де жылдамдықпен айдап, жүргіншілер зардап шеккен деректер  аз емес. Оларға ондай жағдайда жол қозғалыс ережесін бұзғаны үшін жүргіншіге салынатын айыппұл көлемінде ғана жаза тағайындалады екен. 
    Оқырманға түсінікті болуы үшін анықтама бере кетсек. «Жол қозғалысы туралы» Заңға сәйкес мопедтерге жану қозғалтқышы 50 текше сантиметрден аспайтын көлік құралдары немесе сағатына 50 км жылдамдықты болатын электр қозғалтқыштары жатады. Жоғарыда көрсетілген шектерден асатын көлік құралдары тіркеу есебіне қойылады және басқаруға тиісті санаты бар жүргізушілерге рұқсат етіледі. Мысалы мотоциклдің жану қозғалтқышының мөлшері орташа 400 текше сантиметрді құрайды. Скутер – бұл қалалық мотоциклдердің бір түрі. Олар сапалы жол бар орында қозғалуға арналған. Техникалық ерекшеліктердің бірі – аспалы қозғалтқыш жүргізуші орындығының астында орналасқан.
    Ал, мопед жүргізушілеріне жаяу жүргіншілер өткелімен жүруге тыйым салынады. Сондай-ақ, аталған қатысушыларға ең болмағанда рульді бір қолмен ұстамай жүруге, жолаушыларды тасымалдауға; ұзындығы немесе ені бойынша габаритінен елу сантиметрден астам шығып тұратын жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауға, жанында велосипед жолы болған кезде жолда жүруге, трамвай қозғалысы бар жолдарда немесе осы бағытта жүруге арналған біреуден артық жолағы бар жолдарда солға бұрылуға немесе кері бұрылуға, велосипедтер мен мопедтерді тіркеп сүйреп жүруге тыйым салынады. Мопед жүргізушілеріне тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынған. 
    Жергілікті полиция қызметі арнайы талдау жүргізіп, Алматы жолдарында күн сайын екі мыңнан  екі жарым мыңға дейін электросамокатшылар, мопедшілер мен велосипедшілер жүретінін анықтады. Көліктің үш  түрі де мақсатты аудиторияны тапты. Негізінен, бұл қала ішінде жылдам қозғалғысы келетін, бірақ көлік сатып ала алмайтын жастар және жасөспірімдер. Көлік жүргізу тәжірибесінің болмауы, батылдық және жол қозғалысы ережелерін білмеу кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған апаттар статистикасы күрт көтерілуіне әкелді. Көбінесе бұл жол-көлік оқиғалары ауыр жарақатпен және өліммен аяқталды.
    Сөз соңында біз оқырмандарымызға жоғарыда аталған көлік құралдарын пайдалану кезінде аса сақ болу, қауіпсіздік ережелерін сақтауды (шлем кию, жылдамдықты асырмау), жол жүру кезінде әр ісіңізге жауапкершілікпен қарау қажет екенін ескертеміз. 

Айгүл ЕСІМБЕК
Алматы қаласы

 

33 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы