• Әдебиет әлемі
  • 28 Қыркүйек, 2023

БАСЫМ БАҒЫТТЫҢ БІРІ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  дәстүр бойынша 2023 жылғы бірінші қыркүйекте «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауын ел халқына жолдады. Бұл бағдарламалық құжат – қазақстандықтардың өмірі мен әл-ауқатын жақсартуға негізделген жаңа экономикалық модель. Мемлекет басшысы өз Жолдауында белгіленген мақсатқа қарай ілгерілемелі қозғалысты  іске асырудың жолдары мен мүмкіндіктеріне жан-жақты тоқталды. 
     Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз ететін ел болуға тиіс. Бұл үшін қажеттінің бәрі бар – еңбек, капитал, ресурс, технология. Жаңа өнеркәсіптік саясат  ел экономикасын түбегейлі жаңғыртуға жол ашпақ. Елдің экономикалық дамуы бойынша ұсынылған барлық жобалар мен бастамалар егжей-тегжейлі есептеулер мен зерттеулерге негізделген. Сондықтан оның ойдағыдай жүзеге асатынына сенім бар. Ол үшін тез арада бірқатар маңызды мәселелерді шешу қажет. Соның ең бастысы – ауыл шаруашылық саласын жаңа деңгейге көтеру. Бұл үшін қандай маңызды мәселелерді тез арада шешу қажет екенін Мемлекет басшысы осы Жолдауында жан-жақты жеткізді. 
     Енді экономикалық  саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап беретін болады. Бұл ретте жергілікті билік өкілдері бюрократияға және сөзбұйдаға салынбауы тиіс. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күнге дейін жоғарыға жалтақтап, жұмысты тиімді жүргізудің жолын білмей, дербес басқарудың жөн-жосығын бағамдай алмайтын басшылар әлі де бар. Осының салдарынан істің көзін, жұмыстың жай-жапсарын жақсы білетін шаруашылық иелерінің қолы байлаулы, қадамы шектеулі болып отыр. Олардың қолға алған істері алға баспай, бюрократиялық кедергілерге тап болып, тауы шағылып жүргені жасырын емес.
Ел экономикасын жоғары деңгейге көтеруге жол ашатын  ең негізгі сала ауыл шаруашылығы екені айдан анық. Бірақ, өкінішке қарай, әр жылдары осы саланы дамытуға деген талпыныс болғанымен, айтарлықтай нәтиже көріне қойған жоқ. Ауылдардың сиқы қашты.  Оны көріп, көңілің құлазиды. Сол ауылдардың орнында кезінде дәулеті шалқыған, мыңғырған малы бар, тұрмыс-тіршілігі түзу елдімекендер болды дегенге сену қиын. Осыны әкім-қаралар көрмей-білмей отырған жоқ. Амал қанша, олар ауылдардағы жағдайды жақсартудың көзін таппай, жалтақтап отыр. Сол бұрынғысынша Астанаға қарайлайды. Мұндай басшылармен алысқа бара алмасымыз анық. Ондай кадрлардан түбегейлі арылу қажет. Олар «Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Ауыл-аймақты дамыту үшін корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру қажет. Мұны Мемлекет басшысы осыған дейін де бірнеше мәрте айтып, тиісті тапсырма да берген болатын. Соған сай атқарылған жұмыстардың  оң нәтижесі көріне бастады. Енді соны ары қарай түбегейлі түрде жалғастыру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы Жолдауында  бұл мәселені қалыс қалдырған жоқ.  Сонымен бірге әкімдерді сайлау мәселесін тағы да бір қозғады. «Аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік реформа қолға алынды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек. Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті. Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты», – деді Президент. 
Бұл ретте аудан әкімдеріне жүктелетін міндеттің  жоғары екеніне тоқталды. Жергілікті жердің қаражатын дұрыс ұйымдастыру мен пайдалану әкімдердің біліктілігі мен іскерлігіне байланысты екені сөзсіз. «Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл – ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті, барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек», –  деп ұсыныс білдірді Президент.
Ауыл шаруашылығындағы олқылығымыздың бірі – агроғылым. Жасыратыны жоқ, бұған шаруашылық құрылымдары жеткілікті мән беріп отыр деп айту қиын. Бұрынғыдай ескі сүрлеумен жұмыс істеп жатқандары көп. Сондықтан да өнім көлемі мен сапасына көңіл толмайды. Инновацияға назар аударып жатқан шаруалар да шамалы. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осыған да баса назар аударды. Агроғылымды дамыту жөнінде тапсырмалар берді: «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет», – деді Мемлекет басшысы. Президент ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керегін жеткізді: «Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз».
Басқа салалар секілді ауыл шаруашылығы үшін де тіршілік көзі – судың қажеттілігі өте зор. Әсіресе, диқаншылықпен айналысатын шаруа адамдары соңғы жылдары су тапшылығының зардабын тартып келеді. Судың тапшылығы салдарынан бау-бақша мен егістік алқаптары қурап, шығынға белшесінен батқан диқандардың дабылы Мемлекет басшысының да құлағына жеткен болуы керек, Жолдауда осы күрделі мәселе де кеңінен қамтылды. Президент еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес екенін, бұл тұрғыда қордаланған мәселелер көп болғандықтан  Су ресурстары және ирригация министрлігі  құрылғанын айтты. Енді су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. Президент атап айтқандай, Су ресурстары және ирригация министрлігінің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгерістер жүзеге асатын түрі бар. «Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Сонымен бірге шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек екенін де айтып қалды. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. «Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр», – деді Мемлекет басшысы. 
– Биыл осы судың жеткіліксіздігі және құрғақшылық салдарынан Павлодар облысының диқандары айтарлықтай шығынға батты. Жаздың аптап ыстығы егінді күйдіріп жіберді. Суармалы алқаптардан да мал азығы жиналған жоқ. Өйткені қурап кетті. Оның үстіне, «жығылғанға жұдырық» дегендей, қазір шөптің бағасы өте қымбат. Қолында азын-аулақ малы бар шаруалар «Қыстан қалай шығамыз?» деп алаңдап отыр. Тек Павлодар облысы ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарында осындай жағдай орын алғанын көріп-біліп отырмыз. Алдағы уақытта осындай проблеманы болдырмау мақсатында Мемлекет басшысының су шаруашылығын түбегейлі реформалау қажет деген байламын толық қолдаймын, – дейді ауыл шаруашылық саласында қырық жылдан астам еңбек еткен ардагер, «Ақсу» қаласының Құрметті азаматы Жамбыл Түсіпбеков.
Президенттің пайымынша, су шаруашылығындағы олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек: «Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3 500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек».
Сонымен бірге су үнемдеу бойынша бірқатар бастама көтерді: «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн». 
«Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған».
Мемлекет басшысы су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігіне айрықша назар аударды: «Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады».
Елдегі ауыл шаруашылығы техникасының да жағдайы мәз емес екені жұртшылыққа жақсы мәлім. Әбден тозған техникамен алысқа бара алмасымыз анық. Оны да жаңарту қажет. Бұл туралы да Президент өз Жолдауында айтты: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс». 
Президент машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғанын да  жеткізді: «Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал. Бүгінде жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жос-парлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн».
Бұған дейін Президент алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін жетпіс пайызға жеткізу керектігін айтқан болатын. Ол үшін ауқымды жұмыс жүргізу қажет екені түсінікті. Сондықтан Президент Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керектігін қадап айтты: «Алдымызда  өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы».
Президент Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу екенін айтты: «Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек».
 Сонымен бірге, Президент ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты келешегі зор бағыттарға басымдық беру керегін жеткізді. Атап айтқанда: «Өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек».  
Міне, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ірі корпорациялармен қатар бәсекеге қабілетті орта және шағын бизнес өкілдерінің де қатарын көбейту қажет. Ол үшін оларға тиімді және тұрақты мемлекеттік қолдау қажет екені айтпаса да түсінікті. Осы мақсаттағы қолдаудың бірі – «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бірігіп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарлама әзірленіп отыр: «Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы».
Президент Үкіметтің шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керегін де  жеткізді. «Ел нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғалым АСЫЛ
 

9118 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы