• Әдебиет әлемі
  • 28 Қыркүйек, 2023

БІЗДІҢ ОРАҒАҢ

Жаңабек ШАҒАТАЙ, 
М.Мақатаев атындағы 
сыйлықтың иегері

 

Оралхан Бөкей! Біздің Орағаң. Ол кісіні жекешелендіріп алғанымның да үлкен себебі бар. Өткен ғасырдың 90-жылдары «Қазақ әдебиеті» редакциясында жұмыс істеген журналистер (көбі ақын-жазушылар) сөздің майын тамызған, әдейі іріктеліп алған жандар секілді болатын. Осындайда атын атап, түсін түстеп көрейінші: Бас редактор – Оралхан Бөкей; Бас редактордың орынбасары – Жүсіпбек Қорғасбек; Жауапты хатшы – Тұтқабай Иманбеков; бөлім меңгерушілері – Несіпбек Айтов, Сайымжан Еркебаев, Дидахмет Әшімханұлы, Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып), Жүрсін Ерман, Қайырбек Асанов, Әлия Бөпежанова; журналистер: Көлбай Адырбеков, Нұрғали Оразов, Коммунар Табеев (Қайым-Мұнар), Еркін Жаппасов, Зейнолла Абажанов, Дос Қапасов, Талаптан Ахметжанов, Әнуарбек Әуелбеков, Гүлбаһрам Жебесінова, Гүлзат Шойбекова және мен. Тіпті, фотограф ағамыз да айтқан сөздері табан асты аңызға айналып кететін. Сайлау Пернебаев. Бұл кісілердің үлкен-кішілерінің бәрі де сөз бастағанда ылғи да «Біздің Орағаң» деп ақтарыла жөнелетін. Әлі де солай. Ендеше менің де «Біздің Орағаң» деп айтатын жөнім бар.
Өліара уақытта газет шығару,  оның ішінде әдеби газетті шығару қиынның қиыны. «Алмағайып кезеңде алаяқтың бәрі әулие» демекші, қиналған кезеңдерде көптеген адамдар айтқан уәдесінде тұрмауды әдет қылып, оны айтасыз, өзіне заңдылық етіп қоятыны белгілі, кейбіреулердің қолынан келетін істі атқаруға құлығы жоқ.  Қоғамды жаппай парақорлық жайлаған кез. Журналистердің айлығы мардымсыз, жан-жақтан, облыстардан хабар алу қиямет қайым.
Орағаң осындай қиын кезеңде редактор болған еді. Ол кісінің адалдығы, адамдық демеуінің арқасында  ғана рухани жадап-жүдеген жоқпыз. Айрықша өршеленіп, жақсы жазуды мақсат еттік, тұрақты мұратымызға айналдырдық біз. Қатесіз жазу да күнделікті салтымыз болып кеткен еді. Оның да ерекше себебі бар. Орағаңның қолында бір жағы көк, екінші жағында қызыл сиясы бар жуантық қаламсап болатын. Тың материалдарыңды алып келу үшін Орағаң жұмысбасты кезін аңдап келер едік. Өйткені... өйткені ол кісі журналисті алдына отырғызып қойып: «Материалың жап-жақсы екен, бірақ мына сөз, сөйлемдерді былай ауыстырсақ қалай болады?» –  деп, өзіңе тіке сұрақ қояды. Еріксіз келісесің. Бас редактор ретінде емес, орынды пайдаланылған сөз-сөйлеміңді жарқырата ашқан мақалаға дау айта алмайсың. Ырза боласың. Тағы бір сөзіңді өзгертеді. Тағы бір... «Мен Оралхан емеспін ғой» деп іштей ыза болып, ыңғайсыз күйге түсесің. Өзіңмен келісіп отырып өзгерткен мақала қызыл-ала болып шыққанына ренжімейсің. Бірақ Бас редактор жұмысбасты отырғанда апарып беру... журналистер ойлап тапқан айла.  Ғажайып суреткер, сөздің құнын, қасиетін ерекше білетін, танитын ол кісінің алдында мойныңды салбыратып, үн-түнсіз бүгежектеп отырғанды кім жақсы көрсін?!
Расын айтқанда, Орағаң мақалаларды жылдам оқып, әп-сәтте қолыңа ұстататын. Ол кісінің алдында журналистердің, авторлардың материалдары жиналып қалғанын көрмеппін және шешімді бірден айтатын еді. Сырттай суық болғанмен, талабы қатал сияқтанғанмен жаны жұмсақ, іштей елжіреп тұратын. Ара-тұра редакция қызметкерлеріне алдағы жоспарын жайып салады. 8-наурыз – аналардың, әйелдердің күнін ерекше құрметтеп өтті, марқұм. Ондайда ағыл-тегіл әңгіме айтып, өзінің балалық шағын, қазақ әйелдерінің жанқияр ерліктерін айтуға жалықпайтын.
Бірде «Мен сені көп іздедім» дейтін әйгілі очеркі туралы айтып бергені есімде. Орағаң айтты: «Мен әлгі қызбен жөндеп таныса да алмаппын. «Лениншіл жаста» қызмет істеп жүрген кезім еді. «Оңтүстікте озық сауыншы бар екен, сол жайында жазыңдар» пәрмен келген. Оңтүстікті көргім келетін едім, «мен барайын» деп шештім. Шымкентте аялдап, әлгі қыздың өмірбаянына қанығып алдым.  Енді ауданға, аталмыш шаруашылыққа бару ғана қалып тұр. Бардық. Көліктен түсіп, қыздың қайда екенін сұрадық. Тұрған кісілер сиыр жақта жүргенін айтты.
Күн ақырындап батып бара жатқан мәуріт, шығыста шарбы бұлттар ақырындап жылжып, будақтала түскен, ал күнбатыста қызыл ұлғайып, бірсін-бірсін алтын шапаққа айналып бара жатты.  Көп сиыр аулақта тұтасып жайылып жүр. Көк аспан, батыстағы қызыл жалқын бұрын көз көрмеген айналаға ерекше өң беріп тұрған секілді.
Әлгі қыз қалың егістіктегі бидайдың масағын алақанымен аялап сипалап,  бері қарай келе жатты. Сірә, ән салып келе жатқан сияқты. Құдай-ау, қандай сурет, қайталанбас, ұмытылмас сыр жатыр ғой, ешкім біле алмайтын құдірет жатыр ғой.
Қызбен сөйлеспестен Шымкентке, одан әрі Алматыға қайтып кеттім».
Иә, Орағаң романтик болатын. Жазғаны да, өмірі де. Сірә, Орағаңның жазғанынан қуат алған көптеген жазушылар мен журналистер ол кісіге еліктегені сондықтан шығар. Тұтас бір қауым өсіп шыққан.
Бірде желтоқсан айының аяғына қарай әдемі хатшы келіншек  Алтын кабинетке кіріп келіп:
–    Сені біздің Орағаң шақырып жатыр, – деді ойда жоқта.
Тосылып қалдым. «Неге шақырды?» дедім іштей. Біраздан бері аяғым «мұздан» таймаған еді, сызды жерді айналып өтіп жүргенмін. Қалай болғанда да өзіме нық сенімдімін.
Бірақ Бас редактордың бөлмесіне именшіктеп кіруге мәжбүрмін: ол кісінің қиықтау өткір көзі бар қояңды аңдап қалатын сияқты.
–    Отыр, – деді Орағаң ақырын ғана күлімсіреп. – Саған бір тапсырма берейін деп отырмын.  Қиындау тапсырма!
–    Ләппай деген жақсы сөз бар ғой...
Орағаң креслосында отырған күйі сылқылдап күліп, сосын басын шайқады.
–    Жо-жоқ, шын келісімің керек. Қызылжарға ұшақпен баруға тиіссің. Облыстық қауіпсіздік комитетінің бастығы, полковник... «Қазақ әдебиетінен» бір журналисті жіберуімізді сұрап отыр. Барып қайтсайшы, – деді өтінішпен.
–    Барамын, – дедім нық сеніммен.
–    Бүгін үйде дайындал. Таңертең жұмысқа келген соң олар өздері алып кетеді. Билетіңді де дайындап қояды. Қалғанын өздері айтады.
... Қызылжар ешқашан көрмеген қалам болатын. Ұшақтың табаны жерге тигені сол, ұшақ ирелеңдеп барып қалт тоқтады. Траппен түскен сәтімде бір орыс келіншек, бір жастау қазақ жігіт қолымнан жетектегендей болып, қалған жолаушылардан бөліп алып, ақ түсті «Волгаға» отырғызып, зуылдай жөнелді. 
Қала шағын. Көп ұзамай-ақ жеке тұрған, әсем салынған ғимаратқа жетіп келдік: жан-жағын қалың орман қоршап, қалың жауған қардан ағаштар бастарын көтере алмай иіліп, тиіп кетсең ұшарлындағы қар сау етіп құлағалы тұр. 
Сыптай киінген сымбатты, ақ-сұр келген, самайын аздап ақ шалған қазақ полковник өзі қарсы алды. Сірә, бұл ғимарат құпия орын сияқты.
Полковник жағдайды тізбелеп, мұқияттап түсіндірген: Қызылжарда ұйымдасқан қылмыстық топ пайда болған көрінеді, әбден есіргендері соншалық, кәсіпкерлерден бопсалап ақша талап етіп, жазықсыз жандарды ұрып-соғып, бизнесін тартып алып, рэкетпен үздіксіз айналысуда. Тіпті, «Қой дейтін қожа, әй дейтін ажа» жоқ. Бір-екі рет істерін облыстық сотқа дайындап апарса, ондағылар дәлелденбеген істі кері қайтарып беретін көрінеді.
Іспен жақсылап танысып алдым. Екеуара сөйлесіп отырғанымызда әлгі ұйымдасқан қылмыстық топтың лидерінің қолында револьвер барын да айтты. Ескі револьвер, бірақ адамдардың үрейін ұшыруға жарап тұр және ол топ тек армян жігіттерден жасақталған екен. Енді қауіпсіздік комитетінің қолынан келетіні, газет арқылы жазып, ұйымдасқан топтың қылмысына бөгет болу.
Қонақ үйде отырған шағымда екі-үш армян жігіттері рұқсат сұрап келді. Ортасындағы жуантық келген, орта бойлы, мұрны қоңқиған қара сұр еркек тынымсыз сөйлейтін неме екен. Менің қай қонақ үйге тоқтағанымды қайдан біледі?!
Оның айтуынша, ешқандай қылмыс жасамаған адам екен. Бәрі де жалған, бұларға ҰҚК-і бәле салып отыр. Бұл әлгі револьверді көшеден тауып алған. Ол револьвер 1904 жылы шығарылған.
Мен ештеңе айта алмай қалдым. Не айтамын? Алматыға келген соң, мақаланы жылдамдап дайындап, Бас редактордың қолына бергенмін. Орағаң іштей риза болып:
–    Енді отпуска ал! Ештеңеге қарамай ауылға қайт, тіпті қойлы ауылға барып, жатып ал, – деді бұйрықты райда.
Орағаңның сондай бұйрық бергенін ешқашан есітегн емеспін, басқалар да естімеген шығар, сірә. Мақала «Қазақ әдебиеті» газетінің екі нөмірінде жарық көрді. Бұл – 1992 жылдың жаңа жылының қарсаңы еді.
Қазір ойлаймын: Орағаң мені әдейі демалысқа жіберді деп. Әлгі армяндар Алматыға әдейілеп келмейтұғынына кепіл жоқ еді. Өйткені Қазақстанда қылмыс өршіп жатқан кезең болатын. Қайран, біздің Орағаң! 
 

9128 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы