• Қоғам
  • 28 Мамыр, 2023

МЕН ЕЛІМНІҢ ЕРТЕҢІМІН

     Менің Отаным – Қазақстан. Ол пейілі кең қазақ халқының атамекені. Батыр ата-бабаларымнан мұра болып қалған жер көлемінің батыс жағы – Каспийге, солтүстігі – Сібір, шығысы – Алтай тауларына, оңтүстігі – Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан республикаларымен шектеседі. Көлемі жағынан бес Франция, он екі Бельгияға пара-пар. Қазақстан қазба байлығы өте көп, табиғаты сұлу, түрлі жан-жануарлар мекендейтін ел. Біздің елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Сол ұлттар мен ұлыстарға лайықты түрде құрмет көрсетудің шоқтығын да біздің ел бүкіл әлемге көрсетіп берді. Бұған дәлел Қазақстан Халқы Ассамблеясының қанат жаюы, өзге ұлттардың диаспоралары, сондай-ақ, оларға өз салттарын сақтап, әдет-ғұрыптарын дәріптеулеріне шектеу қоймағандық деп білемін. Тағы бір дәлел, елімізде өзге ұлт өкілдері өз тілдерінде емін-еркін сөйлеп, онысын болашақ ұрпақтарына еш қиналмай-ақ үйрете алуы. Мысалы, өзбектердің 97 пайызы  ана тілінде, 80 пайызы қазақ, ұйғырлардың 81,3 пайызы  ұйғыр, 80,5 пайызы қазақ тілдерінде сөйлей алады. Осы көрсеткіштердің өзі-ақ Қазақстанда өзге ұлттарға, олардың тілдеріне жасалынып жатқан жағдайлардың өз дәрежесінде екендігін аңғартса керек.
     Отан. Ел. Тіл. Болашақ. Бұлар бір-бірінсіз қисынға келмейтін, дүниеде өзара тығыз байланысқа ие ұғымдар. Отаныңда дүниеге келесің, еліңмен өсесің, өнесің, өркендейсің, ал тілің арқылы өткен тарих пен кемел келешекті дәріптейсің. Бұларды айыруға, бөле қарауға болмайды. Әсіресе, тілге деген құрмет Отанға деген құрметпен тең тұрады.
     Қазіргі таңда өсіп келе жатқан жас буындардың бойында ұлттық патриоттық сана-сезімді қалыптастыруға зиянын тигізіп отырған, оларға рухани жұтаңдық әкеліп отырған ақпарат құралдары өте көп. Сондай-ақ, көптеген жасөспірімдердің нашақорлыққа, маскүнемдікке, қаңғыбастыққа берілуінің сырын экономикалық жайттардан гөрі рухани босаңдықтан іздеген жөн. Жастардың бойында мәдениетімізге, қазақи құндылықтарымызға, иманымызға деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, оларды құрметтеуге тәрбиелесек, еліміздің рухани байлығын сақтап қала аламыз.
     Сондықтан да жастар бірімізді біріміз бауыр тұтып, егеменді елімізді, отбасымызды сүйіп, жүрегімізді мейірімге суарып, көңілімізді адалдықпен ақтап, салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді, теңдесі жоқ Тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстан патриоттары болайық! Осынау байтақ даланы, бабалар аманатын келешек ұрпаққа сақтап, онымен қоса қазақы бейнемізді жоғалтпай, тілімізге, дәстүріміз бен ғұрпымызға адалдық танытып, оларды ұмытпай елдігімізді, елімізді берік етейік. Қазақстандай кең далада туып өскенімізді мақтан тұтуымыз керек, себебі әлемде бейбітшілік пен қатар жер көлемі де жеткілікті, онымен қоса тылсым табиғат пен терең тарихтың мекені аз-ақ.
     Мен – қазақпын! Мен Тәуелсіз Қазақстанда туып өстім және қазақ екендігімді мақтан тұтамын! Мен қасиетті топырағым – туған жерімнің перзентімін. Маңдайдан ескен самалын өбіп, топырағына аунап, суына түсіп, нанын жеп өскен құт мекенімнің бөлшегімін. Суының тамшысымын, нуының шалғынымын, топырағының түйірімін, жерінің ұсақ тасымын.
     Туған жерімде қашан да қанатымнан демейтұғын бір ел бар. Сол елімнің ерке қызымын. Абай, Мұхтар сынды жалындардың бір шоғымын, Қасымдардың сынығымын, Қыз Жібек, Баяндардың бүгінімін, Зере, Ұлжандардың ертеңімін.

Әдемі САБИТОВА
 

2879 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы