• Әдебиет әлемі
  • 01 Наурыз, 2023

Мен сәби боп барамын

Арай Түзелбаева  

Кеудемді жылы леп қытықтап,

құбылыстап қандай біртүрлі.

Жүректі жапқан ем құлыптап,

«Жібер» деп қамақтан бұлқынды.

 

Ол сәтті санамда ұмытпақ,

Жастықта қалдырғам бұл күнді.

Мұздатқан, қалайша жылытпақ,

Ысырып сұрапыл бұлтымды.

 

Сезім бе ойнайын деп тұрған,

Ақылым «сабыр ет» дегейсің.

Ол жолда көп құлап, көп тұрғам,

Қалармын тағы да өгейсіп.

 

***

Мен сені түскендей жұмақтан,

«Бағым» деп көгіме ұшырғам.

Періште кейпінде ұнатқам,

Жүрегін мәңгіге ұсынған.

Жаралы жанымды жұбатқан,

Мезгілсіз адастым құсымнан.

 

Жан едің келбеті келіскен,

Жанарың жасырған жұмбақты.

Алдамас деген ем,

Періштем,

Түс көрген екенмін тым тәтті.

Шер-мұңым жегідей жеді іштен,

Шындық па?

Шымбайға шын батты.

Сор ма әлде,

Алдамшы бақыт па?

Адасып, ес-түссіз қалған ем.

Тәуелді болған бір уақытқа,

Сезім де дәулеттей жалған ең.

Ұстай сап

сусыған  жақұт па?

Елеске айналған арман ең...

Арман ең, түс едің, жалған ең.

 

***

Шөлмекті қайғыға толтырып ішкім келді,

Құлап...

Сарғайған уайымның түбіне түскім

келді. 

Жылап..

У дың да дәмін татқым келді,

Сұрап...

Тып-тыныш барып жатқым келді,

Шыдап.

 

Сайтандығымнан арылғым келді,

Түнсіз...

Періштеліктен жаңылғым келді,

Тілсіз....

Ақ мамық көрпе жамылғым келді,

Мінсіз...

Бесікке барып таңылғым келді,

Үнсіз.

 

Құшағыңда анам, тербелгім келді,

Тәтті ең...

Арғымақ мініп емделгім келді,

Баппен...

Сағынышыммен сенделгім келді,

Сәтте,

Тағдырға сабақ мен бергім келді, 

Әттең!..

 

***

Түс көрдім,

Тамаша түс....

Көкшалғын...

Бала шабыс,

Көгімде

қалықтап құс,

Қос қолды

жая түсіп,

Жинадым

даладан күш.

 

Түсіндім

тілдеріңді,

Сезіндім

үндеріңді,

Күн-дағы

Бірге күлді,

Самал жел

аймалады,

Сипадым

гүлдеріңді.

 

Жүгірдім,

Тоқтамадым,

Жанымды

отқа  орадым.

Ешкімді

жоқтамадым,

Ешкімді

іздемедім,

Мен сәби

боп барамын.

 

***

Ештеңе екі рет қайталанбайды,

Өткенің, жастығың, жалын да.

Бүгінді ертең де қайтара алмайды,

Ашуды жеңдіріп сабырға,

Жүрегім, өмірде жаңылма!

 

Санаңда өкініш жай таба  алмайды,

Айналсын  мұңың да сағымға.

Қай кезде ұшарын айта да алмайды,

Уақытша байланған бағыңда,

Жүрегім, сондықтан жаңылма!

 

***

Сағыныш,

Сезім бе екен,

Себепсіз сүю ме әлде?

Сынаптай төзім бе екен,

Жалында күю ме әлде?

 

Еліту,

Еркелік пе,

Кейпім бе көбелектей?

От кешіп өртеніп те,

жүргенім өле кетпей?

 

Періште,

бала сынды,

Білмейтін таласуды.

Сүрініп,

Құлай сүю,

Жүрекке жарасымды!

 

 ***

«Аялдама» деп едің,

Аялдадым,

Желісімнен жаңылдым,

баяуладым.

Махаббаттың түстім де

көлігінен,

Мекеніне білместің

жаяуладым.

Сыртқа шашып сырымды

жая алмадым.

Кімге шертем мұңымды,

қаяу жаным,

Жалғыздықты бетке алып,

аяңдадым.

«Аялдама» деп едің

аялдадым,

Бал күндердің өзгертпей

бояуларын,

Қалса болды жадыңда

аяулы әнім...

 

***

Сағынғанымда,

Сары уайымға салынғанымда,

Сұрықсыз түске малынғанымда,

Сені іздеп кейде сарылғанымда,

Селдір сейсепті жамылғанымда,

Сексеуіл сынды жағылғанымда,

Сынаптай сынып шағылғанымда,

Сүзектен өтіп тарылғанымда,

Соқпаққа түсіп жаңылғанымда,

Сын сағаттарға таңылғанымда,

Сары ала күз боп келсең де мейлі,

Әттең қасымнан абылғаныңда...

Сезер ем,

Сәуледей үміт барын жанымда,

Сағынышымды сымдай үзілген,

Саған жетті ме,

Қабылдадың ба?..

Соқпайтын жүрек,

Сынақтан өтіп,дамылдадың ба?..

 

***

Бал ұсындың,

у ұсындың

кезекпен,

Шәрбат та өтті,

кермек те өтті

өзектен.

Қайғым ұзақ,

қуанышым

тез өткен.

Көмір үйіп,

от көседім

тезектен.

 

Шаттығыңмен,

Мұң-мұқтажым

арбасқан,

Күнім түнге,

Түнім күнге

алмасқан.

Балағыма,

Шанағыма

жармасқан.

Бақыт іздеп

жүрді ме екен,

тар бастан.

 

Қырқасында,

кіртасында

қырықтың,

Тартуы ауыр,

Артуы ауыр

құрықтың.

Асау мінез,

Жасан мінез-

құлықтың,

Айдауында,

Байлауында

жүріппін.

 

Отын жақтың,

Өшірдің де

үміттің,

Есірдім де,

кешірдім де,

ұмыттым,

Ыстығыңа,

Суығыңа

шынықтым.

Өмір сенің

қадіріңді

шын ұқтым.

 

***

Анам,

саған мың алғыс өмірім үшін,

Маған деген ақ-адал көңілің үшін,

Алаулаған кіршіксіз сезімің менен,

Әркез артқан мың алғыс сенімің үшін!

 

Анам,

Саған мың алғыс кештерім үшін,

Алақанда аялы өскенім үшін!

Кілті тұрған жер басқан табаныңмен,

Қатар өмір өзіңмен кешкенім үшін.

Анам,

Саған мың алғыс сүйгенің үшін,

Мұздай тоңып, от болып күйгенің үшін.

Қаншасына қөзіңді қайшыласа да,

Балаңды ойлап басыңды игенің үшін!

 

Анам,

Саған мың алғыс көктемім үшін,

Болашағым, қазірім, өткенім үшін.

Барым да сен, нарым да білесің бе,

Рақмет Анам,бүгінге жеткенің үшін!

 

Анам,

Саған мың алғыс арманым үшін,

Бірге атқызған алаңсыз таңдарым үшін!

Мейіріңмен санама жеміс егіп,

Тура жолға балаңды салғаның үшін!

Рақмет, Анам, қасымда болғаның үшін!!!

 

***

Жанартау менің от денем,

Отына түссең күйдірер.

Лауламай жатып кет дегем,

Қалғансың сонда өкпелеп.

 

Білмеймін сорың, бағың ба?

Бұл сезім басты идірер.

Шыдағын соңғы жалынға,

Айналмай тұрып сағымға.

 

Еріксіз кейде өртедім,

Жүрегің солай сүйдірер.

Жанымның күйін шертемін.

Аяқталмасын ертегім,

Аяқталмасын ертегің.

 

2938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы