• Айтарым бар...
  • 31 Тамыз, 2022

ЕГІЗ ЕМЕС ЕКІ ӘЛЕМ

Төлен ТІЛЕУБАЙ,

журналист-публицист, әлеуметтік ғылымдар магистрі

 

Классикалық журналистика және блогосфера

Қазіргі ақпарат заманында блогтар классикалық БАҚ-тың барлық түрлерімен қатар бұқаралық ақпарат құралы немесе коммуникация құралы рөлін атқарады. Қарапайым тілмен айтсақ, блогосфера дегеніміз – цифрлық замандағы бұқаралық коммуникация құралы. Блогтардың дәстүрлі БАҚ-тан негізгі айырмашылығы – ол жерде аудиторияның өзі ақпарат дайындап, өзі таратады. Автор мен оқырман, көрермен мен тыңдарман бір-бірімен бірігіп кеткен. Блогтар дәстүрлі БАҚ үшін де, қоғам үшін де кең ауқымдағы ақпараттық дереккөзі болып қалыптасты. Ақпараттық цифрлық технологиялар журналистикада жаңа формалардың пайда болуына ықпал етті. Бұрын тек дәстүрлі БАҚ ғана болса, қазір желілік басылымдар, онлайн порталдар, мамандандырылған қызмет жүйелері, блогтар пайда болды. Соның ішінде азаматтық журналистиканың бір тармағы – блогинг жаңа медиадағы танымал жанр болып қалыптасты. 

 Біз жоғарыда сөз еткен жаңа медиаға: әлеуметтік желілер, онлайнбасылымдар, блогтар, подкасттар, фото және бейне хостингтер, ғаламтордағы ойындар және т.б. жатады. Соның ішіндегі блог, блогинг, блогосфера деген ұғымдарды тарқатып көрейік. Блог ағылш. тіл. blog, web blog – ғаламтор-журнал, онлайн-күнделік, яғни, мазмұны негізінен күнделікті жазылатын мәтін, сурет, мультимедиядан тұратын веб-ресурс деген мағынаны білдіреді. Мұның кәдімгі күнделіктен айырмашылығы, өткір, ашық жазылады, оны  кез келген адам оқып, ой-пікірін қоса алады. О.Соловьев блогтар типологиясын: авторы, тақырыбы, мультимедиялық құрамы, контентінің ерекшелігі, техникалық мазмұнына қарай деп 5 түрге бөледі.

Мысалы, жеке, ұжымдық, корпоративтік блогтар бар. Мультимедиялық құрамына қарай: мәтіндік, фотоблог, артблог, бейнеблог, музыкалық блог, подкаст деп бөлінеді. Блогтың қызметіне: коммуникативтік, психотерапевтік, ойын-сауық, өзін-өзі насихаттау, әлеуметтік байланыс орнату, өзін-өзі дамыту, мемуарлық және т.б. жатады. Жаһандық желіде блогингті «журналистік коммуникация құралы», «азаматтық журналистика», «келшектің журналистикасы», «баламалы журналистика», «партизандық журналистика» ретінде қарастырады. Алайда заманауи ақпараттық кеңістікте блогинг деген не және оның журналистикамен байланысы қандай деген сауал көптен бері зерттеуші-мамандарды ойландырып келеді.   Кәсіби журналист, блогер Наталья Стриж «Блогинг дегеніміз жаңа журналистика емес. Блогерлер тәуелсіз журналистер емес. Кез келген блогер журналист бола алмайды. Келешекте блогтар БАҚ-тарды ауыстыра алмайды» деп пайымдайды . 

 Бұл пікірді қоштаған CNN-нің шолушысы, жазушы Эндрю Кин бірнеше желілік мультимиллиардерлер мен миллиондаған әуесқой жазушылардан құралған «ғажайып жаңа әлемді» эгоизм, ақымақтық, тобырдың заңы салтанат құратын орын деп атады. «Культ дилетанта, или как блоги, MySpace, YouTube и другие так называемын «народные СМИ» уничтожают нашу экономику, культуру и наши ценности» деп аталатын кітап жазған  Э. Кин өзінің мансабы мен басылымның беделіне нұқсан келтірмей шындықты ғана жақтайтын кәсіби журналистер сияқты блогерлерден шындық күту ақымақтық екенін ашық айтты. Ал қоғамдық медиа орталығының (Гарвард және Беркли университетінің білескен жобасы) директоры, әлеуметтік медиа бойынша сарапшы, журналист және жазушы Дэн Гиллмор блогерлерді веб-парақшаларды құрушы, жаңа форматпен ақпарат таратушылар ғана емес, жоғары жауапкершілігі бар адамдар, олар көп жағдайда кәсіби журналистерге айналады деп есептейді. 

Профессор Сәуле Барлыбаева соңғы кездері блогосфераның қарқынды дамып, блогтардың пайда болуы жаңа медианың бір бөлігі болып саналатын цифрлық медианың дамуының жаңа кезеңге көшкенімен байланыстырады. «Современные медиа технологии» атты монографиясында автор блогингтің феноменіне кеңірек тоқталып, блог деген ұғым мен жаңа жанрдың болмысын қарапайым тілмен түсіндіреді.

«Біреу үшін бұл хобби, ал екінші бір адам үшін өзін толғандырған мәселе туралы жазу, актуальды әлеуметтік тақырыптарды көтеру, өзіне жарнама жасау, табыстары мен жетістіктерін жариялап, басқа адамдардың қолпаштауына ие болудан тұратын өмірінің маңызды бір бөлігі. Біреулер үшін жамандыққа тап болған адамдарға көмектесу мақсатымен мәселесіне қоғамның назарын аудару аса маңызды. Бұл салада қайталанбас стилімен танылған Әлішер Елікбаев, Ержан Рашев сияқты бірегей контент қалыптастырып, бірнеше мыңдаған жазылушыларының қолдауына ие болған блогерлер бар. Мысалы, Ә. Елікбаевтың танымалдығының дәлелі – 50 мың жазылушысы бар. Блогерлер журналистерге жаңалықтарды дайындау үдерісінде үнемі көмектеседі, өйткені олар қызықты оқиғаларға тап болып, соны смартфонына түсіріп алу арқылы бейнематериалдар бере алады. Бұл орайда блогосфера журналистік ынтымақтастықты ынталандырып, БАҚ-тарға қоғамдық пікірді қалыптастыруда өлшеусіз көмек  береді. Қазір танымал блогер қоғамдық пікірдің көшбасшыларына айналды. Ал блогтар жаңалық тарататын сайттарда, интерактивті порталдарда шыға бастады. Медициналық және гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері өз блогтары арқылы табиғи апаттардан, жол-көлік оқиғаларынан тікелей шынайы ақпарат таратады. Жаңа Орлеандағы «Катрина» дауылы (2005), Тайландтағы су тасқыны (2004), Алматыдағы полицейлерге жасалған шабуыл (2016), Индонезиядағы цунами (2004) осыған мысал бола алады. Индонезиядағы цунами кезінде үш күннің ішінде 55 мыңнан астам блогтар шыққан» деп жазады автор аталған монографияда.

 Блог тарихы туралы: «Блогингтің феномені көпқырлы: оны желілік журналис-тика жанры, мәдени қауымдастық, жаңа медиа, «халықтық», «азаматтық» журналистика, онлайн бұқаралық сфера құратын коммуникация, әлеуметтік желілерді құратын құрал ретінде де қарастыруға болады. Блог дегеніміз белгілі бір мерзімде жаңа жазбалар шығарып тұратын және аудиториямен кері байланыс орнататын жаңа медиа форма. 1999 жылы барлық блогтардың жиынтығы «блогосфера» деп атала бастады. Блогерлер алғаш рет 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін дәстүрлі БАҚ-та дереккөзі ретінде танылды. Сол уақыттан кейін көптеген медиа редакциялары аудиториямен байланыс формасын өзгертті, оларды баспа, теледидар, электронды медиа өнімдерді дайындауға пайдаланды. Бірқатар авторлардың онлайн-күнделіктері оқылуы жөнінен көптеген дәстүрлі БАҚ-тан асып түседі. Алайда, оларды ешкім тексермегендіктен сапалық мазмұны төмен болып шығады» дейді ол.

С.Барлыбаева блогосфераны мынадай түрлері бойынша жіктейді: 

1. Ғаламтордағы сайттарда, кәсіби БАҚ-тың порталдарында жарияланатын кәсіби журналистердің блогтары; 

2. Кәсіби журналистер мен әуесқойлар жасайтын (экономика, саясат, мәдениет, білім беру, спорт және т.б. арналған) тақырыптық блогтар; 

3. Сайлау науқаны алдында қызметі жанданатын қоғамдық-саяси блогтар тобы; 

4. Халықпен, қоғаммен байланыс орнату үшін жүргізілетін ұйым, фирма, компаниялардың корпоративтік блогтары; 

5. Әуесқойлық, жеке блогтар. 

Сонымен қатар мультимедиялық өнім бойынша блогтар: тақырыптық, фотоблог, музыкалық блог, блогкастинг, бейнеблог деп бөлінеді. Контентінің ерекшеліктеріне қарай контенттік, мониторингтік, цитаталық, тамблолог (блогтағы жазба мәтін, сурет, сілтеме, әңгіме, аудио және бейне жазбадан құралады), спамблог деп жіктеледі.

 

Материалдар мен ғылыми тәсілдер

Қазіргі кезде классикалық журналистика мен блогосфераның өзара қарым-қатынасының екі түрі бар: белсенді және баяу. Өйткені жаңа медиа модель ретінде блогтар жаңа медианың тармақталған инфрақұрылымының бір бөлшегіне айналды. Бұл үдеріс медиа эволюциясын жеделдетуде. Уақыт өткен сайын классикалық журналистиканы блогерлер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің белсенділері ақпарат кеңістігінен ығыстырып барады. Тіпті блогерлер мен әлеуметтік медиа белсенділері қоғамдық пікір қалыптастыруда айқын басымдыққа ие болуда деген пікірді жақтайтындар да көп. Бұл жерде мынадай заңды сауал туындайды: блогингті журналистикамен салыстыруға бола ма? Олай болса, дәстүрлі БАҚ неге өзін сарапшымын деп жариялаған еркін ой иелерінің экспансиясынан үркеді? Блогерлер мен журналистердің арасында қандай айырмашылық бар?

Жоғарыдағы сауалдарға жауап іздеп көрейік. Шын мәнісінде ақпарат ғасырында күн сайын жаңа бір ақпарат көзі пайда болады. Қоғамда қатты әрі еркін естілген дауыстар аудиторияның назарын өзіне тез аударады. Мұндай кезде газет, журнал, теледидар деген қалыпты дерек көздері тасада қалатыны анық. Себебі әлеуметтік желілер мен блогтардан әр адам өзіне қажетті кез келген ақпаратты (саясат, экономика, мәдениет, спорт, дін, тұрмыс, жеке адамның өмірі және т.б.) тез, оңай таба алады. Сонда классикалық БАҚ-тар күтпеген бәсекелестікке қалайша төтеп беруі керек деген сауал туындайды. Блогер жариялаған қандай да бір оқиғаға қатысты ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, тексерілмесе не болмақ? 

Блогерлер алдағы уақытта дәстүрлі БАҚ-ты ақпарат алаңынан ығыстыра ала ма  деген пікір талас соңғы жылдары күн  тәртібінен  түскен жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім дағдарысы бүкіл әлемдегі журналистикаға төнген сынақ десек қателеспейміз. Аудитория дәстүрлі медиадан гөрі тәуелсіз блогерлер мен әлеуметтік желілердегі қауымдастықтар тарататын ақпаратты тұтынатынын көріп жүрміз.

Осы  жерде         классикалық  БАҚ-пен  цифрлық        медианың  артықшылықтары мен кемшіліктеріне қатысты сарапшы-мамандардың ой-тұжырымдарын салыстырып көрейік. Белгілі блогер Максим Шевченко Ресейде соңғы жылдары YouTube-тің кейбір параметрлері бойынша дәстүрлі теледидарды басып озғанын айтады. «Яғни бір-біріне мүлдем ұқсамайтын аудитория пайда болды деген сөз. Қазір теледидарды бұрынғы өмір сүру салтымен жүретін адамдар ғана көреді. Ал заманауи коммуникативтік желіде – интернетте өмір сүретіндер көрмейді. Мысалы, менің үйімде теледидар көрмегенімізге 6-7 жыл болды. Apple-ТВ бар кезде алтын уақытыңды желілік теледидар көруге жұмсаудың не керегі бар? Өйткені өзіңе не керек, қандай көлемде көретін нәрсеңді қолыңдағы смартфон не айпадтан көресің. Мұны дәстүрлі журналистиканың жойылуына әкелетін қауіп деп айтуға бола ма? Блогерлер мен әлеуметтік медиа қоғамдық пікірді қалыптастыруда жетекші рөл ойнай береді» деп ой түйіндейді ол.

Қазіргі кезде «Теледидардың күні бітті, ол енді өткен ғасырдың белгісі болып қалады» деген ой-пікірлер батыл айтылып жүр. Мәселен, Ресей халқының жартысына жуығы теледидар көруден бас тартуға дайын. Ресейліктердің көпшілігі күнделікті өзіне қажетті ақпаратты классикалық БАҚ-тан ғана (теледидар, радио, газеттер) емес, интернеттен, әлеуметтік желілерден алғанды ыңғайлы көреді екен. Ресей Федерациясындағы «Қоғамдық пікір» атты қордың социолог-мамандары әлеуметтік зерттеудің қорытындыларын жариялап, ел тұрғындарының 60 пайызға жуығы ғана теледидар көретінін, БАҚ-тың бұл түрі қартайған адамдардың ермегіне айналып бара жатқанына көз жеткізген. Бұл туралы ng.ru («Независимая газета») сайтында көлемді мақала жарық көрді. 

Ресейлік телекөрермендердің көпшілігі үшін теледидар – ақпарат алу көзі. Сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы жаңалықтарды теледидардан көретінін айтқан, бірақ ресейліктердің дені қажеттілік болған жағдайда өзге ақпарат көздеріне (әлеуметтік желілер, блогтар, сайттар) ауысуға дайын.

Қазір ел тұрғындарының 38 пайызы жаңа медиаға сенетінін айтса, соның ішінде 18-30 жас аралығындағы азаматтардың 78 пайызы толық сенеді. Ал 31-45 жастағылардың 49 пайызы осындай пікірде. Тек 60 жастан асқан азаматтардың 81 пайызы теледидарға, газеттерге ғана сенетінін жеткізген.

Қазақстандық сарапшы, Atameken Business Channel-дің бас директоры Қанат Сахарияновтың 2020 жылғы Astana Media Week-тегі: «Теледидар – өткен ғасырдың белгісі» деген батыл пікірі жұрттың назарын аударды. «Шын мәнісінде интернет телевизияға өте мықты қарсылас болып табылады. Мен Deloitte компаниясының алдағы уақытты теледидар контент өндіруші фабрикаға айналады, бірақ аудиторияның басым бөлігі тұтынатын арна болмайды деген ұстанымымен толық келісемін. Сондықтан біздің әріптестеріміз қабырғаға ілінген теледидарды көру – бұл өткен ғасырдың көрінісі дегенді жақсы түсіне білуі тиіс. Сол себептен біздің компанияларды өркендетудегі барлық іс-әрекеттеріміз ақпаратты тұтынудың коммуникативтік мүмкіндіктерін дамытуға бағытталуы керек» деді ол.

Шетелдік сарапшы, ЕҚЫҰ-ның БАҚ мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезирдің пікірінше, кәсіби журналистика мен блог саласының айырмашылығы айқын аңғарылып тұрады. «Жұрт қазір қолында смартфоны бар әрбір адамның әлемге ақпарат тарата алатынын алға тартады. Бұл қызмет пен кәсіби журналистиканың арасында айырмашылық бар. Өйткені ақпарат жинаудың, өңдеудің және таратудың кәсіби этикасы, стандарттары бар. Ақпараттың шынайылығын тексеру бәрінен маңызды.  Блогерлер де қандай да бір кәсіби этиканы, қалыптасқан ережелерді сақтауы керек. Олардың қоғам мен заң алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. «Нені көрсем, соны әнге қосамын» деген қағида аталған индустрия өкілдерінің табысының кепілі болғаны рас. Бұл бағыттағы мәселені реттеп, шешетін кез келді. Біз қазір интернет ғасырында өмір сүреміз. Онда жалған, жағымсыз, зиянды ақпараттар көп. Кейде жалған ақпараттан бір адамға ғана емес, тұтас қоғамға, мемлекетке үлкен зиян келеді. Медиасауаттылыққа қатысты жағымсыз аспектілер бар. Адамдарға шынайы ақпарат пен жалған ақпараттың ара-жігін ажырата білуді үйретуіміз керек. Яғни ол блогерлерді шектеу деген сөз емес. Көптеген блогерлер өзінің жаңашылдығы, техникалық машығының арқасында кәсіби деңгейге жетті. Біз қазір блогерлердің арқасында пайда болған жаңа медиаларды көріп отырмыз. Олар дәстүрлі БАҚ-та болмаған жаңашылдықты, шығармашылық сыни ойлауды журналистикаға енгізді. Блогтық журналистиканың қызықты, жағымды жақтары көп. Ең бастысы, БАҚ-та сөз бостандығы, жаңашылдық еркіндігі бірінші орында тұруы тиіс» дейді А.Дезир. 

HBO тележелісінің «VICE News Tonight» арнасының шетелдік жаңалықтар бөлімінің басшысы Норин Жамиль дәстүрлі журналистика мен блогингтің арасындағы жер мен көктей айырмашылық барына нақты мысалдар келтіреді. «Қазір ақпарат алу оңай әрі тегін деп ойлаймыз. Бірақ сапалы ақпарат өте қымбат. Соның нәтижесінде жаңалық тарататын БАҚ-та репортаждар да қымбатқа түседі. Сол себептен біз кейбір елдерде блогерлермен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Көп аудандарда мемлекеттік, дәстүрлі БАҚ-тан ақпарат алу қиынға соғады. Ондай кезде қандай да бір мәлімет алу үшін блогерлердің көмегіне жүгінеміз. Шығыс Африканың кейбір  мемлекеттерінде, Индонезияда жергілікті үкімет органдары блогерлердің күшін мойындап, заң арқылы қыспаққа алды. Мысалы, Индонезияда, Угандада Твиттерге, Фейсбукке немесе WhatsApp-қа кіргің келсе, екі ай бұрын белгілі бір ақша төлеуге міңдеттісің. Мұны жұрттың бәрінің қалтасы көтере бермейді. Кения үкіметі де жалған ақпарат таратуға тыйым салатын заң қабылдады. Мен үшін блогинг аса маңызды баламалы ақпарат. Назар аударатын жайттың бірі, блогерлерге барлық тараптардың сеніміне ие болу міндетті емес. Бұл жерде барлығы нақты ақпарат тұтынушыға байланысты. Мысалы, АҚШ-та соңғы бес жылда жалған ақпараттардың өсуі белең алды. Тіпті фейк жаңалықты шындық ретінде қабылдайтын қоғамда блогерлер де, журналистер де тұзаққа түсіп қалуы мүмкін» дейді шетелдік журналист.

Британдық-пәкістандық журналист, қоғам қайраткері Рехам Хан блогерлердің дәстүрлі БАҚ-пен салыстырғанда тағы бір ерекшілігі – ақпаратты беру форматында жатқанын айтады. «Журналистика белгілі бір оқиғалар жөнінде әңгімелейді, ал блогерлер осы шақта нені көзбен көріп тұрғанын айтады. Қазіргі таңда BBC сияқты арналардың өзі ақпарат беру форматын қайта қарастыруда. Өйткені блогерлердің бәрін санап шығу мүмкін емес. Бұдан бөлек, BBC блогерлермен бәсекеге түсу үшін барынша «тірі» форматтарға көшуде. Ауқымды талдаудан бас тартып, негізінен қысқа стримдер мен бейнежазбаларға, жаңалықтардың шағын форматына таңдау жасауда» дейді ол. 

Норин Жамиль күн сайын қарқынды дамыған блогосфераның қатарын кәсіби журналистер толықтырып жатқанын айтады. «Бүкіл әлемде танымал журналистер өздері жұмыс істейтін классикалық БАҚ-тан кетіп, жеке блогтарын ашуда. БАҚ-та қызмет еткен жылдары жинаған атақ-абыройы оларға көптеп аудитория қалыптастырып, өз блогымен табыс табуға көмектеседі. Меніңше, бұл тренд алдағы уақытта жақсы дамиды. Себебі, күнделікті дәстүрлі БАҚ-та шығатын тақырыптардың көпшілігін журналист емес, әлгі БАҚ-ты бақылап отырған қожайыны немесе мемлекет-тік орган бекітеді. Ал блог жазуда мұндай шектеу жоқ, бәрі қарапайым. Кей жағдайда кәсіби журналистер БАҚ-тан кетпей-ақ, жеке блогтарын жүргізеді. Мұндай шешімнің жағымды жақтары көп. Журналистің онлайн-кеңістікте жариялаған ақпараты өте тез таралады, жеке бренді қаржыландыру үшін алуан түрлі форматтарды пайдалануға мүмкіндік мол. Осы себептен блогержурналистер кәсіби стандарттарды ұстана отырып, аудиторияның сеніміне ие болады» деп тұжырымдайды Н.Жамиль.

Осы жерден тақырыпты талқылауды тоқтатып, нақты бірер қорытындылар жасайық. Ғаламтордағы, соның ішіндегі әсіресе әлеуметтік желілердегі дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың бәсекесіне баға беру үшін, талдау нәтижесінде жинақталған барлық мәліметтерді жүйелейік. 

Біріншіден, жоғарыдағы тақырыпты талқылау барысында пікірталасқа қатысушылар блогосфера бүгінгі таңдағы өзінің артықшылықтарына қарамастан дәстүрлі БАҚ-ты ақпарат кеңістігінен ығыстырып шыға алмайтынын бірауыздан растады. Мысалы, әлеуметтік желідегі қысқа стримдер газеттегі немесе телеарнадағы журналистің оқиға орнынан жүргізген жедел тікелей репортажын ауыстыра алмайды. Бұған бір себеп, ресми тіркелген классикалық БАҚ журналистеріне қарағанда блогерлер оқиға болған жерге бара алмайтыны анық. 

Екіншіден, блогерлердің заңдық тұрғыдағы мәртебесі айқындалмағандықтан, көптеген елдер әлі күнге дейін нақты заң қабылдамаған. Сол себептен блогерлер бұрынғыша блогер болып қала береді. Мысалы, блогердің ақпаратты тексеруге жауапкершілігінің жоқтығы өзінің беделін түсіреді. Бірақ бұл қоғам, мемлекет үшін қауіп туғызатын фактор. 

Үшіншіден, «блогерлер – бұл болашақтың журналистері» деген тезис те даулы. Көпшілігінде олар белгілі бір жас шамасындағы шектеулі аудиторияға арналған ойын-сауық, демалыс сипатындағы контентті шығарып, таратады. Ол контенттің сапасы көңіл көншітпейтін кездері көп. Яғни блогерлердің кәсіби журналистикамен ортақ белгісі жоқ. Журналистің міндеті бөлек, ол кәсіби міндеттерін атқару үшін өзге тәсілдерді қолданады. Өйткені оның жазған, дайындаған материалы құнды болып, оқырман мен көрерменге ой салуы, белгілі бір мәселеге қатысты ұстанымын қалыптастыруға жетелеуі тиіс. 

Төртіншіден, блогинг пен блогосферадағы эволюциялық үдерістің қарқыны күн сайын күшеюде. Бұқаралық коммуникация блогерлерге аудиторияның назарын өзіне аударуға мол мүмкіндік беріп отыр. Цифрлық заманда сауатты блогерді эволюциялық жолмен жүріп келе жатқан оқырман деуге де негіз бар. Біраз уақыт оқырман ретінде ой-пікірін қалыптастырған соң, оның қоғамға ашық ұстанымын жеткізуге, белсенді автор болуға деген ынтасы артады. Осыдан келіп, кейбір блогерлердің азаматтық журналистиканың форматын табысты игеріп, блогер-журналиске айналғанын көреміз. Әсіресе, Қазақстан қоғамында блогерлер өзінің принципшілдігімен, қоғамшылдығымен әлеуметтік қолдауына ие болып, кәсіби журналистика көтере алмаған ең өткір, маңызды, түйткілді мәселелерді ешкімнен тайсалмай ашық жазып, әлеуметтік желілерге жариялап жүр. Олардың арасында журналистикадан хабары жоқ, бірақ басқа мамандық иесі бола тұра, халықтың көкейіндегі нәрсені дәл тауып, қоғамдық пікірді қалыптастыруға зор үлес қосып жүргендер де бар. Шындығына келсек, қазір бізде қоғамдық пікірдің туын газеттер емес, жекелеген блогерлер биік көтеріп жүр. 

Бесіншіден, ақпарат тұтынушы үшін болатын бәсеке классикалық БАҚ пен блогосфераның ашық текетіресіне алып келді. Көбінесе дәстүрлі медиа блогерлермен аудиторияның назарын өзіне аудару мақсатымен күреспейді. Бүгінгі таңдағы күрестің бір себебі – екі тарап жарнама берушілерді өзіне тартуда бәсекеге түсуде. Бейресми дерек бойынша, Қазақстандағы жарнама берушілердің бюджетінің 80 пайызы – блогерлерге, 20 пайызы – дәстүрлі БАҚ-қа бөлінеді. Демек, бұқаралық ақпарат құралдары жаңа формат, жаңашыл қадамдары арқылы ғана жарнама берушілердің назарын аудара алады. 

11905 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы