• Қоғам
  • 28 Шілде, 2022

ШЕКАРА

Серік БАЙХОНОВ

Өткен жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең озық үлгілері негізінен тарихи көркем туындылардан тұратынына ешкімнің дауы жоқ шығар деймін. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап көпшілік назары тарихи деректі шығармаларға  ауғаны тағы белгілі.

Сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қолыма «Түркі әлемі» («Тюркская вселенная») деп аталар кітаптың түсе қалғаны. Менің қызығушылығымды тудырған онсыз да әлем-жәлем, әсем безендірілген кітаптың айғайлап тұрған тақырыбы емес, авторы еді. Кітап авторы – Марат аға Барманқұлов бізге журналис-тика факультетінде теледидар мен радио саласынан дәріс оқыған ұстазымыз болатын. Қазақ теледидарында жүрген кезімде жұмыс бабымен қоян-қолтық араласқаным да бар. Өн бойынан зерделілік лебі есіп тұратын аса мәдениетті кісі еді. Көбіне-көп техникамен байланысты телерадио саласының маманы, оның үстіне орыстілді ұстазымыздың  өзіміз түсіне алмай жүрген қыртыс-қатпары  мол түркі әлемі жайлы ой-толғаныстарын білуге асығамын ғой баяғы...

Кітаптың ең сүйекті үшінші тарауы «Түркілердің Темір қақпалары» деп аталады. Жер бетіне тарыдай шашырап кеткен түркілердің «темір қақпалары» қайда екен деп ойлаймын ғой баяғы...      

«...Бұл Александр (Македонский) батысқа бара жатып өте алмаған ел; өйткені мұндағы өткел тар да қауіпті: бір жағы теңіз, екінші жағы тау, аттылы адам өте алмайды. Тау мен теңіздің арасында тар қысталаң төрт  лье жерге созылып жатыр, мұнда бірнеше адам тұтас қауымға қарсылық көрсете алады; Александрдың өте алмағаны да сондықтан. Артынан Александр арт жағынан келген жау өте алмауы үшін мұнара тұрғызып, қорған орнатты, жерді «Темір қақпа» деп атады.  (Марат Барманқұлов. «Тюркская Вселенная», Алматы. «Білім» 1996)

«...Босфордан Қара теңізге шығар жерде, түрік және грек жағалауында шынжырлап тастаған Темір қақпалар болды. Бұл жөнінде испан елшісі Де Клавихо өзінің «Самарқандтағы Темір сарайына саяхат күнделігі (1403-1406 жылдар)» атты еңбегінде айтады. «Біраздан соң  теңіз жағасындағы екі төбенің басына орналасқан қорғандарды жанай өттік, бірі – Гироль Греческий, екіншісі – Гироль Турецкий деп аталады. Грек жағалауындағы қорған қирап қалған да, түрік жағалауындағы қорғанда ел бар екен. Екі қорғанның арасында су үстінде де, түрік қорғанының етегіндегі жартас үстінде де мұнара тұр. Қорған мен мұнараның арасына қабырға тұрғызылып, екі қорғанның арасына бір кездері шынжыр тартылыпты. Осы грек пен түрік жері гректерге қараған кезде қала мен мойнаққа кірер тұсты қорғау үшін тартылған. Егер қандай да бір корабль немесе кеме Ұлы теңізден Парсы мен Константинопольге кіргісі келсе, жаңағы шынжырдан өту үшін баж салығын төлеуге мәжбүр болған.

Басқа да Темір қақпаларды тұрғызған түріктер емес. Бірақ оларды шекараны қорғау мен баж салығын алу үшін пайдаланған. Олар, яғни Темір қақпалар құрғақта да, суда да олардың жерлерінің шекара сызығы ретінде қызмет етеді».  (Бұл да сонда.)

Марат ағамыздың жазбаларын оқып отырып менің ойыма ұстаз арманының аздап та болса жүзеге аса бастағаны оралып еді...

Ұстазымыздың монографиялық деңгейде жазылған ғылыми еңбегінің (өз басым ғылыми деп ойлаймын)  ішінен бөліп алған осы жолдарды оқып отырып, «шынжыр тартылған» деген жолдарға назар аударған едім. Иә, «шынжыр тартылған»... Сонда біз әңгімелеп отырған шынжырлы бөгеттерді бүгінде мемлекетаралық шекара белгісі ретінде қабылданған ала бағандар іспеттес шартты белгі деп қабылдауымыз қажет шығар...

Шекара... Көпшілігіміз шекара ұғымын карта бетіндегі үзбе сызықтар немесе ай дала, жапан түзде жетімсіреп тұрған алабажақ бағандар арқылы көз алдымызға елестететініміз өтірік емес. Ала бағандар шартты белгі ғана емес, жеме-жемге келгенде ұлттық  рәміз деңгейіне көтерілген жәдігер де екенін білеміз ғой. Кәдімгі тарих сабағы, елдік пен тәуелсіздік нышаны дерлік жәдігерлер...

Күндер өте біздің санамызға сіңіп қалған шекара ұғымы өзгере бастады. Бүгінде сол шекаралар айқара ашылып жатыр, әлемдік жаһандану үрдісі жалғаса берсе, болашақта да ашыла беретін секілді. Сондықтан біздің айтпағымыз – кәдімгі шекара, шекара болғанда табиғи шекара жайлы болмақ.  Өйткені тұтас ұлттар мен ұлыстардың пайда болуына, ұлт болып қалыптасуына табиғи бөгет – табиғаттың өзі сызған шекаралардың – таулар мен шөлдердің, теңіздер мен өзендердің ықпалы болғанын, бола да беретінін жоққа шығара алмаймыз ғой.

Осындайда түптеп келгенде шекарадағы табиғи бөгеттердің өзі де шартты екенін қалай ұмытайық. Жер бетінде ештеңенің де мәңгілік еместігінің дәлеліндей, таулар да өсіп немесе өшіп жатады; мұхиттар мен теңіздерде жаңа аралдар пайда болады немесе жойылып кетеді; ал мың бұратылып ағатын өзендердің ертеңіне ешкімнің де сенімі жоқ. КСРО мен Қытай арасындағы Даманс қырғыны осы өзен ортасындағы кішкентай аралдан бастау алған жоқ па еді. 1999 жылы Қытай мен Қазақстан шекарадағы жерлерін алмастырған кезде Тарбағатай мен Зайсан аудандарына қарасты өзен арналарының өзгеріп кеткенін көзіміз көрді.

Адамзат тарихына ой жіберсек, сол табиғи бөгет – табиғи шекараларын бекітіп ұстай алмаған елдердің трагедиялық тағдыры көңілге оралады. Адамзат тарихы тағдырдың тәлкегімен екіге, тіптен үшке бөлініп қалған ұлттар мен ұлыстар тағдырын ұмыта қойған жоқ шығар.

 Әлем картасына көз салып қарасаңыз, ел мен елдің арасындағы саяси шекаралардың көбіне-көп табиғи шекара – табиғи бөгеттерге байланысты қалыптасқанын көрер едіңіз. Алысқа бармай-ақ, Қап тауының асу бермес қарлы шыңдары талайлы тағдырын екіге айырған өзіміздің аландар тағдырын алайық. Сонда деймін-ау, талай ғасыр асау Теректің қос қапталын қатар жайлаған ұңғыштар мен аландарды бір-біріне өштестіріп қойған қандай күш!?. Селенганың екі бетін мекендеген ағайын алты ғасырдан бері алты ауыз... Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң, біртұтас неміс халқының тағдыры Эльба өзенінің, тілі мен ділі бір, діні бір  молдавандар мен румындар тағдыры Висла өзенінің бойында шешілмеп пе еді?..  Ғасырлар бойы үлкенді-кішілі мұхиттар мен Жерорта, Қара теңіз төңірегінде өрбіген талас-тартыстарды былай қойғанда, өзіміздің Каспий тағдыры да сол шекара мәселесіне келіп тіреліп тұрғанын  көзбен көріп, көңілмен сезіп отырмыз ғой. Тарих сабағы осы. Сабақ болғанда – қиындау да қатігездеу сабақ емес пе?..

Кеңестік цензураның күйіп тұрған кезінде айтарын  айта алмай, жазғанын  жарыққа шығара алмай кеткен ұстазымыздың кітабын одан ары парақтаймын ғой баяғы...

«...Де Клавихо екі Темір қақпаны еске салады. Олардың бірі Марко Полодағы секілді Кас-пий жағалауындағы Дербенттің маңында. Ал қалғандарын шартты түрде  Темірланның темір қақпалары деп атауға болады. Испан елшісі айтқандай, олар орталығы Самарқандағы түрік билеушісінің еншісінде болды.  Мұндағы әр сөз, әр штрих ерекше маңыздылықтан, әр оқырман өзіндік тәуелсіз пікір қалыптастыруы үшін қақпалардың суреттелуін сөзбе-сөз келтіруді жөн көрдік. «Ал мына таудағы тар қуыс «Темір қақпалар» деп аталады, бұл төңіректе одан басқа өткел жоқ. Ол Самарқан патшалығын Кіші Индия беттен қорғап тұр.  Самарқан жеріне өтетін бұдан басқа өткел жоқ, сондай-ақ Самарқан империясының тұрғындары да Индия жеріне (тек) осы жермен ғана өте алады. Бұл Темір қақпаларға сеньор Тамурбек иелік етеді. Кіші Индиядан Самарқан патшалығы мен оның солтүстік бетіндегі жерлерге  саудагерлер осы жермен өтетін болғандықтан, қақпалар патшаға үлкен пайда әкеледі». Қақпалар, көріп отырғанымыздай, тек қана қорғаныс мақсатында емес, саудагерлерден баж салығын алатын сауда мақсатында пайдаланылады, «Тамурбек бұдан басқа да Темір қақпаларды иеленеді, олар Дербент маңында, Тарталия провинциясының шетіндегі қақпалар Кафе қаласына апарады – олар Баку теңізі немесе Персияға барар жолдағы Тарталия провинциясы мен Дарбант жерінің ортасындағы биік таулар арқылы өтеді. Егер Тарталия провинциясының тұрғындары Персия мен Самарқан жеріне өткісі келсе, бұдан басқа өткел жоқ». «Бұл Темір қақпалар Персия мен Кафоны, Самарқан мен Қырымды бөліп қана емес, жалғап та тұр».

Міне, бұл жерде назар аударатын бір мәселе, біздің ұстазымыз тау қысталаңдары арқылы өтетін Темір қақпалардың ел мен елдің арасын бөліп қана емес, жалғап  та тұрған маңызды нысандар екенін айтады емес пе?

Осы  жолдарды  оқи  отырып   Қызыл-құмдағы қазақ-өзбек шекарасы өтетін Мыңқаптың, қазақ-қытай шекарасындағы Қорғас пен Арқанкергеннің, Таулы Алтайдағы қазақтар мекендейтін Қосағаш пен Моңғолиядағы Байөлкеге апаратын Шындықатай асуының жағдайы ойыма оралып еді. Бұған Іле Алатауын кесіп өтіп,  өзіміздің Қарақыстақ пен Ыстықкөл арасын жалғап тұруға тиісті небәрі жүз жиырма шақырымдық жол жобасының соңғы оншақты жыл бойы туысқан екі елдің арасындағы бас ауруға айналғанын қосыңыз...

...Алматының ортасынан тағы бір жәдігер бой көтерді. Иә, бой көтерді. Қазақ баласы үшін аса ауыр болған екі мың он екінші жылдың қысын артқа тастаған қамкөңіл халықтың жартыкеш көңіліне жұбаныш ұялатқысы келгендей көк сүңгісін көкке бұлғап, солтүстік бетке асқақтай қараған Райымбек баба ескерткіші. «Неге солтүстік бетке қарайды?» деп ойладым алғаш көргенде. Апырмау, Райымбек батырдың бет-жүзін құбылаға емес, солтүстікке қаратып қойған азаматтар не ойлады екен?..

Ойыма Райымбек бабаға қатысты ертеректе болған екі оқиға оралып еді...

...Өткен ғасырдың жетпісінші жылы ел астанасы Алматыға келдім. Жатақхана алғанша осы күнгі Райымбек даңғылының бойындағы «Монша» деп аталатын жерде бір ұйғыр шалдың үйінде пәтерде тұрдым. Жас кезімнен көне бейіттерді жағалайтын ауруым бар, келген бойда үйден сәл жоғары жерде орналасқан Орталық бейітке барып, Қасым мен Жұмағали ақынның бейітіне тәу етіп шыққанмын. Екеуі де күтімсіз қалған екен. Күндердің күнінде біздің үйден сәл төменде атақты Райымбек батырдың зираты бар екенін естідім. Нарынқолдық Рысбек досым екеуміз іздеп жүріп таптық-ау ақыры. Шөп басып кеткен кішкентай ғана төмпешік. «Райымбек бабаның түйесі осында келіп шөгіпті. Әулие баба өз түйесі шөккен жердің ел ордасы болатынын білсе керек» деді Рысбек.

Ата-баба моласын қараусыз қалдырмайтын елдің баласы емеспін бе, көңілім қоңылтақсып-ақ қалған. Оның үстіне Алматы қазақтың астанасы атанғанмен, орысы мен ұйғыры молдау кезі. Сол жылдары Райымбек ата бейіті күндердің күнінде түбі қазақ баласының тәу етер орнына айналатынына сенбеген де болуым керек... Бірақ жаңылысқан екенмін. Бүгінгі қазақ жалғыз Райымбек баба емес, ата-баба бейіттерін белгілеп қана қоймай, жаңартып, жаңғыртып та жатыр. Өйткені шекара шындығын тарихи жәдігерлерден іздеу дәстүрі атам қазақта әлмисақтан бар.

 «Көшпелі қазақ өзіне үй салмаған, өлгенге зират тұрғызған» деп жазады академик ағамыз Тілеуберді Сайдуллин, «Тіл, дін, дәстүр – рухани құндылықтар болса, ұлттың басты материалдық құндылығы, тіршілігінің тірегі – жер. Жан алысып, жан берісіп жүріп иеленген жердің сол заманда шекара бағандары қызметін ата-бабасының зираты атқарды. Қазақ өлген адамының денесін басқа халықтар сияқты өртемей, күлін шашпай, ит-құсқа жегізбей, суға ағызбай, топырақпен бетін жасыра салмай, немесе жылқыға таптатып, ізін жоймай, аса қастерлеп, арулап жерлеген. «Жерлеу» деген сөздің өзі осы арада жердің иесі жатыр дегенді білдіреді». («Дат» газеті. №36(212) 24.10.2013 ж.)

Тілеуберді ағамыздың пікірімен келісемін, әрине. Бұған қосарым қазақ баласы ата-баба бейітін ғана емес, оның аруағын да қастерлеп, қиналған шақта қорғаныш тұтқанын неге ұмытайық.

2

... Бұл оқиға осыдан небәрі жиырма жыл бұрын болған еді.

Нарынқолдың Қарасазынан төменге қарай құлдилап келіп, Сарыжаздағы шекара бекетінен аса бергенде көлігіміз сыр берді. Қара халықтың жүйкесін жеген «жабайы нарықтың» жемісі – жанармайдың күйіп тұрған шағы, амал жоқ, үміт дүниесі деп жол бойындағы жанармай стансасына бұрылдық.

Станса қожайыны, қылдырықтай қара жігіттің бетіме жылыұшырай қарағанына ішім жылып, қалтаның түбіне қол жүгірте бергенмін.

– Рахмет, аға... – дегені, жоқ жерден бәйек бола қалған жаңа танысым ақшамды қайтарып беріп жатып. – Елім-жерім дейтін бір ағамызға қызмет көрсете алмасақ, несіне жер басып жүрміз...

Бір мен емес, қашаннан ел үстінен күн көретін қаламгер атаулының «баспақ түгіл – бас қайғы», халықтың жылы ықыласына зар болып жүрген кезі, аңтарылып қалыппын. Бейтаныс жігіттің жоқ жерден жік-жапар болып дастарханға шақырғанына да таңырқап тұрмын. Тегін жанармаймен бензин багына, тегін тамақпен қарынға «ел» қондырған соң, әңгімеміз де жүйесін тапты.

– Райымбек атаның тойынан түсірген деректі фильміңіз бар ғой, аға... Екі    аудан бөлінер кезде сол фильмді аудан халқына күн сайын көрсеттік... Нарынқолды аудан орталығы ретінде сақтап қаламыз ба деген үміт еді біздікі... Амал не, ел-жұрттан безіп, Кегенге көшіп келгенімізге жылдан асты... Сол фильміңіздегі өлеңді оқып берсеңіз қайтеді?.. «Кетпеңдер» деуші ме еді?

– Өлеңді жатқа айтпақ түгілі, соңғы рет қашан өлең жазғаным есімде жоқ – деп, ақталып жатырмын. – Мен ақын емеспін ғой, бауырым...

Елгезек жігіттің сөзінен кейін көз алдыма Еренқабырға етегіндегі сол бір дүбірлі той келді. Ұмытып не болыпты... Түгін тартсаң – майы шығатын жерұйық жер... Шашыратқы шөбі шешек атқан көк майса жазық... Жазықтың төсін жалғыз иемденген алып асудың төбесінен сонау көз ұшындағы Еренқабырғаға асқақтай қараған Райымбек батыр... Сол күні елі мен жұрты әулие-абызға балаған батырдың тойын қызықтағандай жалғыз бүркіт көк жүзінде қалықтап тұрып алған... Сосын... Сол жылы Кеген мен Нарынқолдың екі арасындағы күре тамыр жолдың бойында ақтылы қойдан көз тұнып еді-ау...

Сол сол екен, Алматыға жеткенше елгезек жігіттің мұңлы да өкпелі жүзі көз алдымнан кетпей қойғаны... Басқаларды қайдам, тұрмысты, қалталы екені сөзінен де, ісінен де көрініп тұрған азаматтың айдың-күннің аманында соншама таусылғаны несі?.. Ел асып, жер асып кеткен адамдай соншама күйзелгені несі?..

Сол Нарынқол сапарында өзім жатқа айталмаған бір шумақ өлең мынау:

 

Жылаған көзден тас тамбай,

Көктемнің күні жабырқау.

Жұдырық түйіп аспанға,

Түтігіп жатыр Тәңір тау.              

Жіліктің майын тауысып,

Көктемге әрең жеткендер.

Көктемі күзге ауысып,

Көзінің жасын төккендер,

Тазарып қайта асулар,

Ашылар түбі өткелдер.

Шашылып қайта шашулар,

Оралар қайта көктемдер.

Кетпеңдер!

 

«Кетпеңдер!». «Шекараны жайлаған қазақ ата баласы тау-тасты сағалап, өзен суды жағалап үдере көшкен жиырмасыншы-отызыншы жылдар болса бір сәрі... Нарынқолдық жігітті қайдам, ел аман, жұрт тынышта сонша таусылатындай мына маған не көрінді?» деп ойлағанмын сол жолы.

Ойлағанмын... Ойымнан Тәңір таудың етегінде өткен батыр тойы кетпей-ақ қойғаны. Кең байтақ мына далаға өкпелеген адамдай сыртын беріп, сонау бір шығыс беттегі Ерен қабырғаға қарай ұмсынған Райымбек батырдың жүзі соншалық сұсты еді-ау... Күңгей Алатаудың етегіндегі алпар алып қалада мәңгі тыныстап жатқан батырға қойылған мына ескерткішті шалғай шетке, шекара шебіндегі Еренқабырғаға әкеліп қойған азаматтар не ойлады екен деп ойлағаным есімде..

Еренқабырға... Қазақ сахарасының желдің өтінде, жаудың шетінде тұрған оңтүстік шығыстағы табиғи шекарасы. Қазақ ұлтының тарих сахнасына шығуында мыңдаған шақырымға созылып жатқан Ерен қабырға – Тянь-Шаньнің тікелей әсері болғаны анық. Тянь-Шань Баркөлден басталып Алтай тауларына дейін созылып жаткан, Ұлы даланы солтүстік-шығыстан оңтүстік батысқа дейін қорғап, қоршап тұрған осынау тау жүйелерін аталарымыз Хантау деп, Аспантау деп еркелеткен, Тәңіртау деп, Ерен қабырға деп қасиет тұтқан ғой. Мен бірдеңе білсем, сол ескерткіш авторы елі-жұрты әулиедей әспеттеген Батырды елдің шығыстағы шекарасына күзетке, мәңгілік күзетке қойып кеткендей екен-ау...

Сол оқиғаның арада он бес жыл өткен соң Алматыда  қайталанғанын көрмеймісің...

(Соңы келесі санда)

2710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы