• Қоғам
  • 27 Шілде, 2022

Бүлдіршінді құтқару – адамзатты құтқару

Динара  Мыңжасарқызы

Ата-аналар неге бейқам? 

Елордада 8-қабаттан құлағалы тұрған үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлігі көпке үлгі болды. Оның көзсіз батырлығы туралы шетелдік ақпарат құралдары да жарыса жазды. Кішкентай бүлдіршінді құтқару үшін өз өмірін қауіп-қатерге тіккен азаматты қалай құрметтесек те жараспай ма?! 

Әуелі Төтенше жағдайлар министрлігі «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында да болып, алғысқа бөленді.

«Өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлікке пара-пар қадамына куә болдық. Ол елордаға осы жылдың мамыр айының басында Қызылордадан келген. Сәбитке осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айттым! Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар. Сол сияқты бүкіл отбасын елордамызға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз. Қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырамын», – деген әкім Алтай Көлгінов.

Жаңалықтың төресі – елордада пәтер жалдап, жұмыс істеп жүрген Сәбит Шонтақбаевқа «G-парк» құрылыс компаниясы үш бөлмелі пәтер табыстады. «Бұлай болады деп ешкім ойламаған. G-Park компаниясының директоры Ғабит мырзаға алғысым шексіз.   3 бөлмелі пәтер сыйлап жатыр. Рахмет!», –  деді ол. 

Осындай ержүрек, батыл азамат тәрбиелеген Сәбиттің ата-анасы да ескерусіз қалмады. Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында тұратын Сәбиттің әкесі Серік Шонтақбаев пен анасы Гүлбаршын Пірімбетоваға аудан әкімі Асқарбек Есжанов ризашылық білдіріп, өңір басшысының Алғыс хатын табыстады. «Оқыс оқиғаның алдын алып, 3 жасар бүлдіршінді аман сақтап қалуы – нағыз батырлық пен батылдықтың шынайы үлгісі. Сәбиттің бұл әрекеті Сыр жұртшылығының ғана емес, еліміздің барлық азаматтарының жүрегіне әсер етті. Осындай ержүрек, елжанды ұл өсіріп, тәлім-тәрбие бергендеріңізге Алғысымды жеткіземін», – деп жазылған мәтінде.

Астаналық 3 жасар бүлдіршінге екінші рет өмір сыйлаған қызылордалық Сәбит Шонтақбаев бұған дейін де бір жасөспірімді ажалдан арашалап қалған екен. Оқиға осыдан үш жыл бұрын болған. 2009 жылы Сәбит қалалық жағажайда суға батып бара жатқан 15 жастағы қызды көріп, дереу суға секіріп, оны құтқаруға тырысқан. Ол өз басына төнген қауіпті де елемеген. Тек бар ойы қызды жағаға алып шығу болған. Абырой болғанда, жасөспірім аман қалған. Сәбиттің бұл ерлігін көпшілік білмейді, өзі де ол әрекетін батырлық деп санамағанын айтады. Ал елордадағы ерлігі дүйім жұрттың әлі аузында жүр. Сәбит өзі де басында түс көргендей болғанын  жасырмайды. Алайда бүлдіршінді құтқаруға ұмтылған сәтте сый-құрмет, атақ-даңқты емес, баланың амандығын тіледім дейді ол. Себебі, терезеге ілініп тұрған қыз балаға қарағанда, өзінің кенже ұлы есіне түскен. Тіпті, Сәбит 7 қабаттың биіктігін де байқамағанын жеткізді.

«Мен ол сәтте төменге қарамағанмын, қолды жіберіп қоймай ма екен, ұстап үлгерейін деп тек балаға қарай бергенмін. Кейін өзім сырт көз ретінде көргенде ғана жетінші қабаттың қаншалықты биікте тұрғанын байқадым», – дейді Сәбит Шонтақбаев. 

 Сонымен қатар Сәбитке бүлдіршінді құтқаруға көмектескен тағы бір азаматтың есімі белгілі болды. Ол – Сағи Жылқышиев. Желі қолданушылары Сағидың да ерлігін назардан тыс қалдырмауды сұраған соң, ол да мараптталып, астанадан екі бөлмелі пәтерлі болды. 

Бұдан бөлек ерлігі қоғамда қызу талқыланған Сәбиттің ерлігін таспаға түсіріп алған елордалық келіншек Бақыт Четенова да өз еңбегінің ескерусіз қалғанын жеткізді. «Мен қазір декреттік демалыста отырған анамын. Сол күні күн ыстық болғандықтан терезені ашып қойғанмын. Кенет сырттан көп адамның айқайлаған дауысын естідім. Мен алғаш көргенімде, Сәбит терезеге ұмтылып жатыр екен. Дереу телефоныма жүгіріп, таспаға түсірдім. Себебі, абайсызда бала мерт болса, Сәбиттің кінәсіздігін тек видеомен дәлелдеуге болады деп ойладым. Абырой болғанда, бүлдіршін аман қалды. Видеоны лезде, көршілердің әлеуметтік желідегі парақшасына жібердім. Сосын барлығымыз сыртқа шықтық. Сүт пісірім уақытта мен түсірген видео қоғамдық резонанстың тууына себепкер болды. Сәбит пен Сағидың үйлі болуына сол видеоның септігі тиді деп ойлаймын.

Олар көптің қолынан келе бермейтін нағыз ерлік істеді. Сәбит үшін де, Сағи үшін де өте қуаныштымын. Сәбиттің үйлі болғанынан хабардар болған соң, құттықтайын деп хабарластым. Тұтқасын көтермеді. Ватсабына хабарлама жазған едім. Оқыды, бірақ жауап қайтармады. «Видеоға түсіргеніңіз үшін рақмет!» десе болды ғой. Бірақ   кейін хабарласып, алғысын білдірді», – деген елордалық келіншек.

Қалай десек те, әлемді мейірімділік ғана құтқарады. Әр адамның мейірімді де қайырымды болуы оның отбасындағы тәрбиесіне, өскен ортасына да  тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Сәбиттей қайсар, батыл азамат нағыз мейірімді жүректің иесі екенін көрсетті. 
Бірақ кейінгі жылдарда жер-жерде оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Ата-аналар балалардың өміріне немқұрайлы қарайды. Ержүрек жандар 
табылар, аяулы балаң табыла ма?

2557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы