• Айтарым бар...
  • 21 Мамыр, 2022

САРЫЖАЗДАҒЫ ЧЕРНЕНКО ТҰРҒАН ҮЙ

Жексен АЛПАРТЕГІ

Сарыжаз ауылын қақ жарып өтетін үлкен жолдың бойындағы   бөренеден салынған  екіқабатты  ескі ғимарат көптің назарын  бірден аударды. Өйткені  Нарынқол мен Кеген, тіптен Алматы облысында мұндай   үйдің  кездеспеуі  мүмкін.   Екі кіребесті еңселі  биік үй  біркелілі  бөренеден  қиюластырып тұрғызылған.  Бөренелердің   қиюласуы,  бөлмелер мен   терезелердің және екі кіреберістің жасалуы да ерекше. Үйдің сыртқы ағашына  қарап,  
оның ертеректе салынғанын   байқау қиын емес.   
Ауыл тұрғындары «Үй  біз ес білгеннен бар.   Жасымыз 70-тен асса да,   үйдің   қай жылдары салынғанын   білмейміз. Әкелеріміз бұрыннан бар деп айтатын.   Кеңес заманында салынған  болуы  мүмкін. Шамамен 100 жылдың арғы жақ, бері жағында» – дейді.

1960 жылдардың ортасында анаммен бірге Сарыжаздағы   нағашыларым Есмолдаевтардың үйіне  барғанмын. Онда мектепте оқитын кезім.  Есік алдынан ағатын судың арғы  жағында   сырық бойымен бірдей  жіңішке бөренелермен  тіктеп қоршалған  дуалды  көргенмін.  Тіктеліп қоршалған   бөренелердің   ұштары  үшкір. Дуалдан сыртқа шығатын  шағын есіктен  іштегілер аққан судан     шелекпен    су алып  жатқанда  нағашымның баласы  Төлеген: «Қоршаудың ішінде  жындыхана бар. Мына есік су алуға арналған.  Ал жындыхананың   үлкен есігі  көше жақта. Қақпасына    екі  қызыл    бес жұлдыз салынған. Ішке ешкімді кіргізбейді. Бірде апам екеуіміз   ішке  кіріп,  клубынан  кино көргендік.  Аурухан  мен    емдеу орындары, аурулардың жататын  үйлері де  бөлек-бөлек.  Іші жасыл желекті  саябақ.  Демалатын орындар мен  қыдыру жолдарында   орындықтар да жетерлік»,– деген.

Кейін Төлегеннің  «жындыхана» деген сөзі  шындық екеніне көзім жетті. Қоршау  ішінде жүйке ауруынының ауқауларын емдейтін Алматы облысына қарасты аурухана (психбольница) екенін,  атағы облыс емес,  тіптен республикаға  танымал мекеме дегенді   де естідім. Емделушілердің ішінде   белгілі адамдар да емделіпті. Дәрігерлері де мықты болған дейді білетіндер.   Уақыт өте бөренелі қоршаулардың  орнын бетон плиткалар басты.

  Ұлбүбі тәтеміз     де бір кездері  осы мекемеде медбике болып, еңбек жолын бастағанын айтады. «Мен медучилищені   бітіріп келгенде  зертханада істедім. Себебі, бөлімде істеуден  қорықтым.  Кейін біраз жыл өткеннен соң, 3 пен 5-бөлімшеде медбике болғанмын. Ауруханада  500-ге тарта аурулар емделіп, әр  науқасқа  бір-бір адам қарайтын. Науқастардың  диагнозына    байланысты бөлек-бөлек бөлімдер  болды.  Олар  ауыр, орташа, жеңіл болып бөлінетін.   Емделушілердің ішінде Мәскеуде жұмыс жасаған Суворва деген  және Украинадан  келген бір әйелдің емделгені де  есімде. Мұндағы  тәртіп қатал болды. Өйткені  жүйке ауруымен ауыратындардың ішінде түрлі жағдайлар болып  тұратын.  Қызмет жасайтын дәрігерлердің   көбі сырттан  келгендер еді. Олар көп науқасты емдеп жазды да. Ал басқа жұмыстарда  Сарыжаздың жерлікті орыстары да жұмыс жасады. Кейін  ауылдың  қазақтары жеңіл-желпі жұмыстарға араласты» – деп, 1970 жылдардың әңгімесін айтқан.  

Бұл ғимарат    ауруханадан бұрын,    1930 жылдардың алдында    әскери  командатура  болғанын әкемнен бала кезімде  естіген едім.   Ашаршылық жылдары   жағдайдың  қиындығынан  халық  шекара асып, Қытайға ауғанда әкем де екі-үш рет  отбасын алып өтіпті. Соның бірінде ұсталып,  Есекартқан заставынан Сарыжаздағы әскери комендатурасының абақтысына қамалыпты. Одан әрең  дегенде құтылғанмын  деген. Осындай оқиғаны Алтынбек Қонаев деген қария да  айтқан.   «Әкем Қонай  Байзақов кеңес өкіметі орнағаннан кейін әскерге шақырылып, Алматыда  борышын  өтейді. Кейін   Жаркент пен  Қалжат, Ойқарағай жақтағы  шекарада 1930 жылдары  отряд командирі болып қызмет атқарады. Елдегі   ашаршылықтың кесірінен шекара маңындағылардың көбі Қытайға бет алғандардың    жолдарын  бөгейді.  Неше бір оқиғаларды көзі көрген әкем   шекара асқандарды   тоқтауға мүмкін еместігін біліп, отрядты басқа жолға салып жүріпті.  Мұны байқаған біреулер   әкемнің үстінен шағым түсіріп, Қайнар ауылында  ұстайды. Сарыжаздың комендатурасына қаматады.  Абақтыдағы әкемді   түннің бір уағында тергеуге апарып тергенде, тергеуші  өзінің Алматыдағы  командирі болып шығады. Ол әкемді танып, болған жағдайды сұрап,  «менің тәрбиемнен шыққан әскер мұндай іске бармайды», – деп босатқан екен».

  Көп жыл Сарыбастау ауылын басқарған,  Кеңес Одағының Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев та  басынан да осындай  жағдайды өткеріпті. Қария өткен өмірін «Ғасырға ұласқан ғұмырым» деген  кітабында,  «Мен аздаған сауатымның арқасында  ауылкеңесте хатшы, одан кейін заставада «комотряд»  деген болушы еді, соны атқардым» деп,  1932 жылдары біреулердің жаласымен   «шекара бұзды» деген айыппен Сарыжаздың   абақтысына қамалған.  Одан кейін сұрақсыз Алматыға жөнелткен.  Айыбы шекара бұзды деген  58 бабпен сотталған.       Қарлагта жазасын   үш жыл  өтеп, 1936 жылы елге оралғанын жазады.   Мұндай  оқиғалар  ел ішінде  ол жылдары  аз болмаған.

 Сарыжаз     ауылының  үлкен қариялары  мұндағы жүйке ауруханасыннан бұрын осында  әсери комендатура болған растайды. 1930- 1938 жылар аралығында талай жазықсыз жандар тергеліп, атылғанын, мұнда  екі-үш рота тұрғанын, олардың  казармасы, арнайы   атқорлары және    абақты мен тергеу үйі  болғанын айтады. Дуалдың сыртын  бойлай аққан су да мол болған. Ауылдың жоғары жағында су диірмен жұмыс істеп, ұн тартылған. Таудың етегіндегі бір сайда казармадағы әскерлер мылтық ататын  жаттығу ойындарын өткізіп, нысана көздейтін  қарауылдары болыпты.   Кейін ол жер «Солдат сайы» деп аталып кетті.      

 Комендатура ауылда  50-жылдардың ортасына  дейін тұрыпты. Бұдан  кейін жүйке ауруларының ақауын емдейтін  облыстық аурухана келіп орналасқан. Мекеме  кеңес өкіметі құлағанға дейін  жұмыс істеп, кейін    Алматы жаққа көшкен. Бос қалған аурухананың    ағаш үйлері мен сарайларын ауыл  тұрғындары  бұзып алған.  Тек одан  бұзылмай   қалған   екіқабатты  ағаш үй  ғана.  Ол     өткен ғасырдағы әскери коментатурадан қалған жалғыз тарихи мұраның бірі болып қалғанын ел жасырмайды.   Қазір  үйдің  батыс жағында  жаңадан бой көтерген  мешіт пен оның қатымханасы орын тепсе, қалған ауқымды  жері әлі бос жатыр. Біз үйдің қай жылы салынғаны білмек оймен    тұрғындармен кездескен едік. Соның бірі   Несіпхан болды.

– Ауданымыздан шыққан белгілі жазушы-драматург Баққожа Мұқайдың «Жалғыз жаяу» деген кітабы бар. Сондағы бас кейіпкердің тағдыры Кеңес үкіметі орнаған  кейінгі жылдардың оқиғасын  суреттейді. Жаңа өкіметті мойындамай,  ол тауда тығылып жүргенде оған тамақ апарған адамнан «Елде не жаңалық бар?» дегенде, «Сарыжаздағы комендатура үйі бітті» деп айтқаныны бар.     Бұл 1926-27 жылдардан кейін  болған жағдай.    Соған қарап,  үй сол жылдары  салынған ба деп ойлаймын.  Екі кіреберісті үй сегіз отбасыға арналған. Әр кіреберістің қабатында   екі-екіден төрт пәтер. Әрқайсы   төрт бөлмелі.  Екі бөлме  бір контамаркалы пешпен жылиды.  Яғни   бір үйді  екі  кондамаркалы  пеш.  Пәтерлерде  комендатураның  офицерлері тұрған екен.   Кейін олар Шонжыға көшкенде  жүйе ауруын  емдейтін аурухана ашылып,  үй  мықты деген дәрігерлерге  берілген.   Аурухана  Кеңес үкіметі құлағанға дейін  жұмыс істеді. Бос қалған мекеме, осыдан кейін  сыртындағы қоршаулар алынып, ішіндегі үйлер де бұзылды. Тұрғындар  ағашқа  қарық болды. Солардан аман қалған    жалғыз  біздің үй. Айналасындағы қоршау алынғаннан    кейін  үйіміз жолдан ерекше  көрінеді.  Үйді көргендер  көліктерінен  түсіп, суретке түсіріп те жатады.  Үй   шегесіз салынған, – деді ол.

Ғимарат шығыстан батысқа қарап салынған.  Екі   кіреберіс   аулаға да шығатындай  етіп  жасалған.  Үйдің көшеге  қараған жағында сегіз терезе мен екі кіреберісі  сыртан әдемі көрінеді. Ал үйдің аула  жағында   он екі терезесі бар. Одан  Лабасының көркем келбетін тамашалауға болады.  Шатырдан сегіз мұржа көрініп тұр.

– Бұл үйде мен де тұрғанмын.  Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1926 жылдарда   осында әскери комендатура  орнапты. Үй  офицерлер үшін  салынған екен.   Бір жылдары  үйге  сыртан    су кіргізу үшін қабырғаның ірге тасынан  бір  жарым метр жер қазып, құбыр тартқым келді.  Сонда байқағаным, үйдің іргесі   таспен бір метрдей қаланыпты. Қаланған  тастарды  ақ балшыққа   отырғызған. Балшықтың беріктілігі тастан да қатты. Ірге тастың үстіне түскен бөренелерді шегесіз бірінің үстіне бірін ойып, араларына  жалбыз салып көтергенін байқадым.  Шеге орнына ағаш сына пайдаланған.  Үйдегі  контамаркалы пеш 1946 жылға дейін жөнделмей жұмыс жасапты.  Кейін  қайта жаңалапты. Үй жылы, – дейді  бір кездері осында  тұрған имам Нұрбақыт.

– Менің балалық шағым қиын жағдайда өтті. Шешем марқұм  «1926 жылы Сарыжазда әскери комендатура орнады. 1929 жылы  ондағы екі  қабатты үй салынып бітіпті. Оның ағашын  Лабасыдағы Қасанбай сайынан тасыған. Ол жылдары Сарыжаз «Красный пахарь» деп  аталып,  мұнда 40-50 орыс отбасы тұрған. 1956 жылы комендатура көшкеннен соң, бұл  жерде  республикада тұңғыш жүйке ауруын емдейтін аурухана ашылып, жұмыс істеді дейтін», – деді  ауылдың тұрғыны  Бекет Әбдіәкімов қария.

Сарыжазда  орта мектепті бітірген Досан Сембаев та бұл деректерді растайды. «Ауылға тиіп тұрған Ақбейіттің оңтүстік батыс жағында Алжан атаның балалары отырыпты. Ол бұрыңғы Калинин колхозының қырманы болған  жер.  Оны ертеде  орыстар  «Мертвый точка» деп атаған екен. Неге бұлай аталғанын  ешкім білмейді.   Шағын ғана ауыл болса керек. Ал  Сарыжазда көбінесе орыстар тұрды.   Кеңес өкіметі  орнағаннан кейін  әскери командатура жұмыс істепті. Екі-үш ротадай атты әскері  болғаны  да  шындық.  Бір айта кетерлік нәрсе, командатурада 30-жылдардың басында, кейін КСРО-ның Бас  хатшысы  болған Константин Черненко қызмет жасаған деген әңгімені Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері Елбай  Бәкеев қария айып, оған мұражай ашайық деген бастама да көтеріпті. Алайда Черненко қайтыс болғаннан кейін, ол іс аяқсыз қалды», – деп отыр ол. 

 Бұл сөз бізге де ой салды.  Деректің рас-шындығын  Чернеконың өмірбаянынан  іздедік. К. Черненко 1929-1930  жылдары өзі туып өскен Красноярск өлкесіндегі Новоселовскийдегі аудандық комсомол ұйымындағы үгіт-насихат бөлімінде меңгеруші болыпты.  1931-1933 жылдары КСРО-ның НКВД-сында Қазақ АССР Талдықорған облысында Қытай шекарасына жақын орналасқан  Жаркент ауданындағы Қорғас шекарасының заставында   қызметін бастаған. Өз ісіне адал, әрі белсенді көрінген ол  Талдықорған облысында  қазақ батыры   Бекмұратовтың отрядын жоюға қатысқаны айтылады.  Шекара қызметіне кірген кезде ВКП(б) қатарына өтіпті. Осыдан кейін 49-шекара отрядының заставасының партия ұйымының хатшысына сайланған. Қазіргі Панфилов пен Райымбек  (бұрынғы Нарынқол) аудандарындағы шекарада қызметте болған.   Демек, сарыжаздық Ұлы Отан соғысының ардагері Елбай қарияның К. Черненко әскери командатурада тұрғаны анық, КСРО-ның Бас хатшысы  болған адамға  мұражай жасайық деуі  осыдан болса керек. Черненко Қорғас заставасын келгенде мұндағы елдің жағдайы өте ауыр,  ашаршылықтан пен жоқшылықтан  азап көрген ауылдар тығырықтан шығар жол іздеп, шекара асқаны белгілі. Қытайды бетке алған көшті тоқтауға жерлікті өкімет барынша күш салғанымен, үркінге ұшыраған ел шекарадан өтуін тоқтатпаған.  Екі жақты атыс пен қырғын да аз болмаған. Бұл жөнінде мұндаға дейін әңгіме айтылмай келсе, кейін 30-жылдағы зобалаңдары  туралы зерттеулер мен ізденістер көп нәрсенің бетін ашқаны айдан анық.    Әсіресе, белгілі журналист-жазушы Серік Әбікеннің Жаркент  өңіріндегі жазбалары Черненконың қандай болғандығы жайлы жазған материалдары көп сырды ашады. НКВД-ның адамдары «банды» деген Құндақбай, Омар, Бектас, Құдиярхан секілді абзал жандардың көзін жоюға қатысы барын сөз етіледі. Бұдан басқа  тарихшы Молот Солтанаевтың зерттеулерінде тың дерек кездеседі.   Тарихшы,  ленинградтық орыс жазушысы  Кухаринның  «Кучер» деген повестісін аударғанын айта келіп, ондағы  Кучер деген  осы  Черненко екеніне тоқталады.Ол  сол жерде  жендеттің рөлін атқарған, яғни  ату жазасын  орындаған. Жендеттер өлім жазасына кесілгендерді  жер асты жол арқылы Өсек өзенінің  бойына апарып атқан. Өліктерді жардың топырағымен көмген дегенді айтады.

Осыда қарап, Черненко Кеген мен  Нарынқол өңірінен шыққан   атақты қолмерген атанған  Жақыпберді  Солтанбекұлы және Мергенбай Жаманкөзовпен де айқасуы да мүмкін. Себебі Ойқарай, Есекартқан, Сүмбе, Нарынқол заставтары  Сарыжаздағы әскери комендатураға қараған. Жақыпберді мен Мергенбай үріккен елді  Ойғарай, Айғайтас, Есекартқан жақпен алып жүрген.  Ең қиын жағдайда Мергенбай көшті Хантәңірдің Мұзтауы  арқылы өткізіп,  Байынқол заставасының әскерлерімен атысқаны жөніндегі әңгіме әлі айтылады. 

Негізінде, Мергенбай Жаманкөзов Кеңес өкіметі орнаған жылдары қызылдарға  қызмет жасап, «комотряд» бастығы болып та жұмыс істейді.  Тіптен, Сарыжаздағы әскери коментатурадағы   екіқабатты  үйде бір жыл тұрған  деген  дерек те кездеседі.  Демек, «комотрядтың» бастығы болып, кейін «банды» атанған Мергенбайды және Жақыпбердіні  Черненконың білмеуі   мүмкін емес.  Екеуі де 1932-1933 жылдары НКВД-ның жымысқы саясатының құрбаны болған. Мергенбай   Қытайдың Іле қазақ облысындағы Мұңғұлкүре ауданындағы Құрманжан көпіріне  жақын жерде көшті Текес өзенінен өткізіп жатқанда  әлдекімнің ту сыртынан атылған оғынан көз жұмады.   Ал Жақыпберді Қытайдың Сүйдің-күре түрмесінде 33 адаммен бірге  атылады.  Екеуі де «банды» аталып, Кеңес өкіметіне қарсы оқ атқан деген айыппен айыпталғанын біздер  бала кезде естіп өстік. Бірақ  шын мәнінде «банда» аталған Мергенбай мен Жақыпберді  елді ашаршылықтан алып шығуда көп еңбек еткенін көнекөз қариялар айтып отыратын.

Ауылдың  белгілі  қариясы   Серік Бертаев та жоғарыдағы дерекке қосылып,   екіқабатты үйдің   құрылысына ауылдан Ғазиз, Сәрсенбай және Шыңғысов  деген кісілер қатысқанына үлкендерден  естігенін айтады.   «Комендатураның  4  әскер казармасы,  атқоралары болыпты. Әскерлер таудың етегінде  мылтық  атудан жаттығу жасаған. Ол жер қазір «Солдат сайы» деп аталып кетті.  Бала кезімізде әскерлердің қарауыл көздейтін  тақтайлары тұратын. Талай рет қорғасын оқтарды алғанбыз. Казармадан шыққан әскерлер сап түзеп, ауыл сыртындағы Жолдықолатқа барып, суға түсетін.

Әскери комендатура 1958 жылды күзінде Шонжыға көшті. Қариялар КСРО-ның Бас хатшысы  Черненко қызмет жасағанында  да сөз етсе,   есімі  КСРО-ға танымал, Талдықорған облысы Панфилов ауданы,  Октябрь 40 жылдық атындағы колхоздың төрағасы,  екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Николай Головацкий де осы Сарыжаздағы әскери комендатурада болған деген әңгіме бар. Мұны бір білсе, ауылда ертеректе  тұрған  орыстар білуі мүмкін еді. Олардың қазір өздері емес, ұрпақтары  да жоқ. Себебі  ауылда орыстар қалмады», – деді ол.

Қарияның   бұл сөзінің  мәнін білу үшін біз Головацкийдің ғұмырнамасына үңілген едік, оның   Житомир қаласында 1912 жылы  дүниеге келгенін,   комсомол қатарында болып, ұйым хатшысы, одан 1931 партия қатарында өткенін білдік. 1932-1935 жылдар Қызыл Армия қатарында Жаркентке жақын шекара заставында  әскери борышын өтеген. Шекара күзетінде бандалармен күрескен деп жазылған. 1936 жылы әскер қатарынан босанып, Жаркентте қалып, Кеңес өкіметінің жұмысына араласқан. Бар ғұмырын осында өткізіп, екі мәрте Еңбек  Ері атанған.  Головацкийдің  қызыл әскер кезіндегі өмірі туралы не жаман, не жақсы сөздер кездеспейді. Бірақ шекарада үш жылдай болған. Демек,  Головацкийдің Черненконы білмеуі мүмкін емес. Екеуі де Жаркенттің Қытаймен шектесетін шекаралық заставаларда әскери борыштарын өтеген. Екеуі де  ашаршылық пен жоқшылықтан  Қытайға  көшкен  елді   көзімен көрген және оларды тоқтауға әрекет еткен. Яғни, Головацкий  партияның  тапсырмасымен Сарыжазға келуі де әбден мүмкін.

Міне, біз сөз еткен екіқабатты ағаш үйдің тарихы осындай. Үйде әлі де тұрғындар тұрып жатыр. Өзіндік сәулетімен  көз тартып  тұратын көне,  тарихи  үйге  ары-бері өткен тұрғындар  бір қарамай  өтпейді.  Расында , ғасырға  таяу  уақытты  бастан өткерсе де,  әлі де сыр алдырмай тұрған үйдің керегесінде қанша тарих сақталып жатыр. Бұл ғимаратты  мемлекет қорғауына  алып, музей ашпаса да, керегесіне бір  тақта  орнату керек-ақ. Егер біраз зерттесе, бұл үй туралы осы ауылдың өзі-ақ  көп нәрсені айтып беретіне көз жеткіздік. Оны  ары қарай  архив  құжаттарымен  салыстыра отырып дәлелдеп  шығуға болады. Бастысы, соншама  тарихты бүгіп жатқан үйдің бұзылып кетпеуін қадағалайық.

4193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы