• Әдебиет әлемі
  • 30 Сәуір, 2022

Күн кешпедім бос қиялды малданып...

Мінуар ӘКІМХАНОВ

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі. Бірнеше жыр жинақтың авторы. Халықаралық «Алаш» сыйлығының

лауреаты.

Күрес

Тойға бардым әкеммен менде ілесіп,

Отыр екен аулада ел сіресіп.

Ортаға шыққан бала атымды атап,

Шақырды көрелік деп кел күресіп.

 

Алмаққа аты – жөнін танып ұлдың,

Ол тұрған жаққа мойын тағы бұрдым.

Сәлден соң намыстанып айқастым да,

Мен оны қара жерге алып ұрдым.

Дегендей әкең әбден баптап па еді?

Кейбіреу жатты сонда мақтап мені.

Жығылған сол баланың сезінбеппін,

Кеткенін кеудесіне қаптап кегі.

 

Қатысып тойларға өткен басқа алуан,

Атандым ауылыма жас балуан.

Бір демде мықты болып шыға келдім,

Атымды досым түгіл, қас таныған.

 

Өмірдің өлшемінен шығып шекті,

Демеңдер мақтап өзін, сырын шертті.

Сол бала соңғы рет белдескенде,

Жасырман басым күшпен жығып кетті.

 

Шындықтың жасырамын несін міне,

Қанықпын ол баланың есіміне.

Ұяттан жығылғанда кірсем дедім,

Бар болса қара жердің тесігіне.

 

Тас бассам табанымды тілдірмеймін,

Десем де ешкімге аяқ ілдірмеймін.

Өмір күрес екенін жауырыным,

Тигенде жерге барып білдім кейін.

 

***

Күншілдің тимей тұрып бір кеселі,

Жаныма жақын келші тілдеселі.

Сенімім сетінемес деген оймен,

Қасымнан көрсем деймін күнде сені.

 

Жұтсам да ашты ойлардың түтіндерін,

Өзіңнен жақсы жауап күтудемін.

Армандар бір бағытқа бет түзесе,

Білемін ер – тұрманды бүтіндерін.

 

***

Сұлбасын таппағандай көне өткелдің,

Басымнан қиындықты көп өткердім.

Жасырман жамағаттан қысылғанда,

Әкем боп Әбу ақын көмек бердің.

 

Талқыға салып тағдыр шынықтырдың,

Кімнің дос екенін де шын ұқтырдың.

Өзіме шақ келетін осы күні,

Мінеки, биігіме шығып тұрмын.

 

***

Жазбадым саған арнап тартымды өлең,

Сондықтан қиялыңда қалдым демен.

Әйткенмен әлі күнге жүр есімде,

Көрікті көз тұндырар балғын денең.

 

Сырымды жырға орадым құрбым түсін,

Ойлама жасалған деп бұл бір қысым.

Өзіңді қайта көрсем қандай жақсы,

Қалпыңда таңғы шықтай құлын мүсін.

 

***

Дедің бе тіл қатпалық үндемелі,

Үзілді үміт толы қат – хабарың.

Түске еніп оятпайсың түнде мені,

Белгісіз енді қайдан бақ табарын.

Қалайша тіл қатпадың қалдың үнсіз,

Әлде сен ұмыттың ба мүлде мені.

Десем де атыратын таңды мұңсыз,

Алаңмын жоғалтқандай бірдемені.

 

Кеудеме ой тұнғанда іріктеліп,

Самал боп саған қарай тарайды өлең.

Үйіме ескерусіз кіріп келіп,

Сен бе деп есік ашқан қарай берем.

 

***

Қабағын түйіп қар бүркіп,

Аспан тұр айтып қыс барын.

Тоғай біткен қалды үркіп,

Азайтып әнші құстарын.

 

Тізесін боран батырып,

Жапырағын жұлды теректің.

Тастардай тауды жапырып,

Екпіні қатты ерек тым.

 

Қурады бақтар қырдағы,

Көз салып әне қарағын.

Мезгілден ерте жылдағы,

Қар басты таудың балағын.

 

Жоғалтып алдық қыр көркін,

Көшіріп күз кеп малшыны.

Мұздан киіп тұр бөркін,

Көк тіреген тау шыңы.

 

Айғайтас

Жасырып кешегі ізін қанды айқастың,

Қапталын қар басады «Айғайтастың».

Жеткенде ашаршылық зобалаңы,

Көп қазақ бас сауғалап шалғайға астың.

 

Ой-қырын араласам «Айғайтастың»,

Көнерген көрем ізін қанды айқастың.

Кім білсін, тобылғылы шатқалдарда,

Жатқанын қаңсып қазір қандай бастың.

 

Баурыңнан бастау алған Сүмбе өзені,

Санайды сені биік қыр көсемі.

Суынан сол өзеннің сезіледі,

Аштықтың ащы дәмі сүр кезеңі.

 

***

Шаруалар баурайыңды қоныс қылды,

Дүниеге келген еді көп іс құнды.

Аштықтың салдарынан шекара асқан,

Қазақты қаруланған орыс қырды.

 

«Банды» деп басын кескен «кеңес» тақыр,

Кім сірә, Мергенбайды демес батыр?

Тарихтың қойнауына сіңіп кеткен,

Көп сырды толқынға орап Текес жатыр.

 

Демегін керегі не маған мұның?

Қашан да арзандатпас бағаңды ұлың.

Байқаймын басқан ізің Мергенбайдың,

Өзенін өрлей қалсам Қабандының.

 

Өжеттік өн бойына жақсы дарып,

Жататын атқан оғы тасты жарып,

Қызылдың қысымынан сол Мергенбай,

Қытайдың топырағын басты барып.

 

Кешегі қызылдардың заң кесімі,

Тимеді бұл қазаққа қай кесірі?

Бостандық жолында өлген Мергенбайдың,

Халықтың көкейінде қалды есімі.

 

***

Қайдасың, сен хабарсыз кеттің мүлдем,

Шынымен болғаны ма серттің бір кем?

Жас бейнең жарқыраған еске түссе,

Жарады көкіректі өткір бір дем.

 

Айналған жан болған соң қимасыма,

Қашанда жүрсе деуші ем кіл қасымда.

Әлде сен қаласың ба мәңгілікке,

Жетерлік сағыныш боп бір басыма.

 

Қайтемін сендік сырды бүгіп күшпен,

Сөзімнен не шығады күйіп-піскен?

Әлде бір жай отыма ең, жақын келіп,

Үкілі үмітімді қиып түскен.

 

Көнбейтін көрінсең де күшке құсым,

Кіреді жиі-жиі түске жүзің.

Әйтеуір бір білерім мен өлгенше,

Өшпейді жүрегіме түскен ізің.

 

***

Аялдамай аяқ-қолын жылжытып,

Бара жатыр үстімдегі жыл бітіп.

Алыс жатқан ауылдағы жан досым,

Отырсың ба, менен жаңа жыр күтіп.

 

Жеткенімде жетпіс деген жасқа әрең,

Саған арнап жаза алам ба жақсы өлең.

Өзің үшін өрнектесем өзгеше,

Мені танып қалар ма екен басқа әлем!

 

***

Тірліктің жуымаған қайғы-мұзы,

Сен едің ауылымның арлы қызы.

Сездірген сезімімнің жұмсақ үнмен,

Кеудеңнің түкпірінде қалды ма ізі?

 

Дегем жоқ үміт отын сөндірмегей,

Сол үшін жылдар өтіп сездің бе өгей?

Жеткізе алмадым ба ойымды анық?

Кезінде кеудемдегі сөздің кедей.

 

Бақ құсы болсаң да ұзап кеткен мейлің,

Тап келген тағдырыма кектенбеймін.

Анығы өмірімнің сапарына,

Бір сендік сағынышты ерткендеймін.

 

***

Үстімен жол шеккенде сағым қырдың,

Көз салмай өткенім жоқ жылғаларға.

Сен мені неге бұлай сағындырдың,

Зар қылып осыншалық бір хабарға.

 

Жоқсың ғой іздесем де көз талдырып,

Таусылып бара жатыр тағат - шыдам.

Жетсін деп құлағыңа сөз жаңғырып,

Сен басқан жолды кейде қарап шығам.

 

Жаралған тұла бойы тазалықтан,

Жан едің жанарына тұнған арың.

Кеткендей болар едім жасарып қан,

Жетсе егер құлағыма бір хабарың.

 

Білемін сұрғылт суық қалдың тауда,

Бола ма өзгермейтін сол тұрағың?

Бір сендік ойды келіп қайғы ұрлауда,

Орныңды немен енді толтырамын!

 

Дала дидары

Жаурайды қатты демек жер,

Дегендей жауған қар мына.

Жапырағын төкті теректер,

Қыс жақындап қалды ма?

 

Даланы кезіп, жел гулеп,

Қатая түсті түнгі ызғар.

Долы боран демде үрлеп,

Көмілді қарға сұр құздар.

 

Қос өкпеден мұз қысып,

Тарылтты өзен тынысын.

Тырнағы құстың түсті үсіп,

Шығармай қалды-ау, дыбысын.

 

Араласпайды көп жұртпен,

Қатал қыста шал-шабыр.

Жерде әжім жоқ тіптен,

Қарасаң да қанша бір.

 

Ерттеп мінді құла атын,

Дегендей інім көр бізді.

Танытпақ сөйтіп қуатын,

Өріске қойын өргізді.

 

***

Ақ жаңбыр ақтарылсын,құйсын, жаусын,

Тау суы жердің кірін жусын-барсын.

Көңіл де көтеріліп қалар деймін,

Естісек көк аспаннан құстың даусын.

 

Көп жауса жер гүлдейді жаңбыр аса,

Арналы бұлақ тасып, шапқыласа.

Көктемнің төрт түлікті көбейткені,

Қозы-лақ енесіне жамыраса.

 

Ақ жаңбыр өте шықса, қырға төгіп,

Алады қатпарларын құмда сөгіп.

Даланың етек жеңі, кең жайылып,

Кетеді керемет бір нұрға бөгіп.

 

***

 

Сен десем жазылмады жырым қашан,

Өкінбен ойлап уақыт шығындасам.

Өзіңді көріп көңілім алабұртқан,

Кезімде көз тоқтатар шымыр-жасаң.

 

Дегендей көңіліңнің сыйын ұқтыр,

Есімде қарағаның қиылып бір.

Сондағы айтылмаған арман-үміт,

Түбіне көкірегімнің жиылып тұр.

 

Тұрғанда сағынышым самсап өрттей,

Өзіңді жүру қиын аңсап өтпей.

Алайда өкінішім ұлғаяды-ау,

Бұл жырым назарыңа қалса жетпей.

 

Жанымды жалынға орап өпкен демің,

Шықпады көкейімнен көптен менің.

Жасырман жаулап алсаң бар ынтамды,

Сен бәлкім сағындырған көктем бе едің?

 

Жан едің көңілі таза, кең де керім,

Білемін мені өзгеден кем демедің.

Шаттықты шапағатты көктем болсаң,

Кеудемді нұрға толтыр кел де менің.

 

***

Ойыңды әкетпен дос бұра тартып,

Тастайтын мінез де жоқ, тура тарпып.

Сөздері немеремнің тілдескенде,

Көп міндет мойыныма тұрады артып.

 

Жасырман, жас ұлғайды, ақыл кемшін,

Демеймін әлде кімді шақыр сенсін.

Айтайық інілерге сәл өсиет,

Дос болсаң адал ниет жақын кел шын!

 

***

Күн кешпедім бос қиялды малданып,

Жастық шақты өткен жылдар қалды

алып.

Қарсы келген қиындықтан қаймықпай,

Биіктерге құлаш ұрдым қарманып.

 

Жолыма өмір кедергісін тосты ауыр,

Қаскөй жандар қойды қоса тосқауыл.

Сондай кезде шырғалаңға шырмалсам,

Қолын созды, көңілі таза дос-бауыр.

 

***

Жетпестей жырақ жүрсең де,

Тербейді сендік ой терең.

Ынты-зарым бір сенде,

Сағынып іштей өртенем.

 

Алыста жүрсің білемін,

Жіберем демен қат құстан.

Айқаспақ болса білегің,

Шығасың күліп қай тұстан?

***

Жеріме көктем келді тағы нұрлы

Тал егіп, егін салам бағы құнды.

Дүр етіп қызу тірлік  басталды әне,

Дүниенің жаңғырғанын таны құрбы.

 

Бұлақтар арнасына нұр тұндырып,

Әнеки, тасып ақты қырға ұмтылып.

Бір сәтке көз қадасаң айналаңа,

Гүлденіп орман-тоғай тұр құлпырып.

 

Көктем кеп, қуып шыңға қыстың қарын,

Байқатты бойында зор күштің барын.

Сыңғырлап төгілетін төбемізден,

Естідік сағындырған құстың да әнін.

 

Бойына нәр жинағыш алғыр ма еді,

Кеше еккен кіп-кішкентай тал бүрледі.

Самалы беттен сүйді бұл көктемнің,

Сағынып қалғандай-ақ, дәл бір мені.

2307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы