• Әдебиет әлемі
  • 30 Сәуір, 2022

ЕҢБЕК СҮЙГЕН ӨМІР

(«Тілше» мен «Күнделіктің» негізінде жазылған  эпистолярлық эссе)

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Орталық Мемлекеттік архивтегі Ә.Марғұланның жеке қорындағы «Еңбек сүйген өмір» атты естелігіндегі: «Р.Кулле 1926 жылы М.Әуезовпен бірге Шыңғыстауға барған. Ол туралы Ленинградтың «Вечерняя газетасына» көлемді мақала жариялаған» [3.502.10], – деген бір сөйлемнің астарында сол кездегі Қазақстан мен Шыңғыстау, Шәкәрім, Қошке Кемеңгеров туралы мағлұмат беретін құнды мағлұмат бар. Р.Куллэнің бұл экспедициясына ұсыныс жасап, жол көрсеткен М.Әуезов еді. Ол туралы В.Н.Әуезова да өзінің «Алғашқы жылдар» атты естелігінде:

«Ол жылдары Мұхтардың шын көңілдес болған тағы бір адамы болды –ол Роберт Куллэ еді. Бұлар 1922 жылы Ташкентте танысыпты да, достық қарым-қатынастары біз Ленинградтан кеткенше үзілген емес. Ол өзі профессор, орыс әдебиетінің маманы, өте өткір тілді, әзілқой адам болатын. Ол сол кезде қазақ даласының өмірімен қатты шұғылданып,1926 жылы Қазақстан туралы Ленинградтың кешкілік газетінде тұтас бір очерктер циклін жариялады. Ұлты француз еді. Өзін баяғы гугеноттардың басшысы Колиньидің ұрапағымын деп санайтын. Тіпті, әлгі очерктерін жеке кітап етіп шығарудан бас тартқанда, баспаға ол эпиграмма шығарғаны да бар» [28.378],– деп жазды.

Анықтай кететін мәселе, Ә.Марғұланның сеніммен себептерін көрсеткен естелігіне сүйенсек, Мұхтардың өзі ол жолы Семейге бармаған, Жетісу өңіріне бет бұрған. Роберт Куллэге аудармашы боп барған, өзі де Шыңғыстың елі мен жерін көргісі кеп құмартып жүрген адам – алаш ұранды қаламгер Қошке Кемеңгеров. Сол кезде Қ.Кемеңгеровтің де жолы Семейге түскен. М.Әуезов оған Куллэге көмектесу туралы хат жазып берген. Ол жөнінде жанама куәліктерді Қ.Кемеңгеровтің түрмеде тергеушілерге берген жауабынан аңғаруға болады. Дәл қазір аты-жөні ойға оралмай тұрған бір куәгердің дерегінде нақты көрсетілген  еді. Өкінішке орай, бұл біздің тарапымыздан кеткен мәтқапылық. Бұл өкініштің орынын толтырудың орайы бір келер деп үміттенеміз. Шәкірімнің саятқора мен тау ішінде түскен абыз бейнелі суреті де сол жолғы Куллэ басқарып барған экспедицияның  материалдары деп сеніммен айтуға болады. «Естеліктегі» бір сөйлемінің астарынан осындай маңызды да сирек мағлұматтардың сыры ашылады. Әрине, оның барлығын сараптаудан, талдаудан өткізіп, мағына-мазмұнын ашу – арнайы зерттеудің міндеті болып табылады. Сондықтан да, эпистолярлық мұралар сақталған жеке қорда қатталған хаттар мен тілшелердің, пікірлердің, академикке жолданған мақалалар мен шет ел ғалымдарының еңбектері туралы деректердің жалпы бағыт-бағдарын таныту үшін және өмірінің кейінгі толысқан жиырма бес жылында назарын аударған мәселелерден хабардар ету үшін әр мазмұнды қамтитын хаттардың ішінен  әр тақырып бойынша (әрине, шартты түрде) бір-бір дерекке қысқаша ғана түсінік берумен шектелеміз. Хаттар жазылған жылдары бойынша беріліп отыр.

Академикке келген хаттар мен хабар-лардың басым көпшілігі қазақ  даласындағы көне ескерткіштер мен археологиялық қазба заттарға тікелей байланысты. Онда жергілікті авторлар өздерінің кездейсоқ кездестірген көне ескерткіштер туралы хабарлап, сол саладағы ең беделді ғалымнан тиісті жауап күтеді. Мұндай маңызды мағлұматтарға Ә.Марғұлан жіті көңіл бөліп, дер кезінде жауап қайырып отырған. Соның бірі құрылысшы-инженер А.В.Сальниковтің хаты (Эпистолярлық мұраларды түпнұсқа беру туралы қалыптасқан дәстүр бойынша біз де хаттар қай тілде жазылса, сол қалпында ұсынып отырмыз).

Құрылысшы-инженер А.В.Сальниковтің қола дәуірінің қазаны табылғаны туралы Ә.Марғұланға жазған хаты. Қор – 2415, т-1, іс – 536, 2-бет.

Академику Академии наук Казахской ССР

Академику Алькей Хахановичу Марғулан

От жителя г.Текели Талды-курганской области

Сальникова  Андрея Владимировича

Прочитав заметку «Находка в горах» в «Ленинской смене» за 13-е июня 1957 года, я понял, что вы как ученый занимаетесь изучением жизни людей древности, делая выводы по хранивщимся  многие столетия в земле, я решил сообщить вам следующее:

8-го июля сего года эксковаторщики организаций, в которой я работаю, при отрывке котлована на стройтельстве ТЭУ на глубине 2-2,5 метра выкопали бронзовый котел, аналогичный котлу описанную ввыщеуказанной заметке, но правда горазде больших размеров и имеет  совершенно иной орнамент, на наружной стенке котла также ясно виден след сажи. Я очень сожалею, что описанный мною котел не сохранил своей  первоначальной формы, так-как был зацеплен зубами ковша экскаватора и почти 1/4часть стенки котла была вырвана, но все же я решил сохранить его хотя бы в таком виде. Если только эта находка представляет собою научный интерес, то пожалуйста, обратитесь вашими указаниями по адресу: Талды-курганская область, г.Текели, мех.-цех ТЭС. Сальников А.В., а если это непредставляет никакого интереса, то прошу извенить меня за беспокойство.

Сальников А.В. (Қолы)

16/07-58 г»

 Қарапайым құрылысшы-инженер жазған осы хаттан академик Әлкей Марғұланның есімі мұқым республика көлеміне танымал әрі сенімідеріне ие беделді ғалым болғанын танытады. Уәжді себептермен хатқа жауап кешіктіріліп қайтарылған.

Ә.Марғұланның   А.В.Сальниковке  қайтарған жауабы. Қор – 2415, т-1, іс – 536, 1 бет.

Дорогой Андрей Владимирович!

Я только вчера вернулся из командировки, а ваше письмо давно ждало моего возвращение. Я очень благодарен Вам за интересное сообщении о находках бронзового котла, который был обнаружен при рытии котлована на стройтельстве ТЭУ на глубине 2-2,5 метра. Очень жаль, что котел поврежден эксковатором, но даже при таком  разрушенным виде, судя по вашим описаниям, он представляет несомненный научный интерес.

Прошу вас, если не трудно, отправить его  в Академии, по адресу: Алма-Ата, ул. Шевченко, 28 АН КазССР. А.Х.Марулан.

Почтовые и другие расходы, связыннее с упаковкой и отправкой будут оплачены непременно по получении котла. Только пришлите счет на имя ИИАР Ан.КазССР.

Прошу также следить за подобными находкам, предупредить ваших товарищей по работе и жительству и сообщить о них нам.

С приветом А.Х.Маргулан».

Жауаптың төменгі жағында қарындашпен: «По Текелинскому бронз. Котлу» – деп жазылған ескертпе бар.

Өкінішке орай, ол қазан академияның мұражайына әкелінді ме, жоқ па, оны анықтаудың реті болмады. Алайда, 1973 жылы желтоқсанда «Лениншіл жас» газетінің тапсырмасы бойынша, Археология мұражайының қорымен танысқанымызда, тура осында көрсетілген, құрастырылып қалпына келтірілген қола қазанды көріп ек, фото-тілші С.Бәсібеков суретке түсіріп алып еді. Бұл сол қазан ба, жоқ, басқа ма, ол жағын сеніммен айта алмаймыз. Бірақ, мұражайдың картотекасынан қарап, анықтауға болады.

«Халыққа  сүйкімі  бар»,   «елдің   ықылысы-на бөленген» (хаттағы мәтіннен) ғалымға мұндай ақпараттық хабар, хаттар жан-жақтан жиі жолданып тұрған. Олардың бір парасы мыналар:  Серік Жақсыбаев, Екібастұздан, инженер, халық ауыз әдебиетін жинаушы– «Ямышев» атауының шығуын сұрайды; С.Жұмабаев – Түркістаннан, Шанышқылы руының шежіресін жолдай отырып, сондағы деректерді таратып беруді өтінеді; Жапар Мұхамеджанов – Семейден, Ақсуаттан 60 шақырым жердегі керегетаста таңбалар мен жазу барлығын хабарлайды. «Бөрітостағанның» аңызын баяндайды; Мұхтар Қожаев – 9 сынып оқушысы Сайрамның тарихын сұрап, түсіндіріп беруін өтінеді (1976 жылы жазған); Ерғали Күлбаев – Жаңатастан, Шоқай датқа мен тілік руының шежіресі туралы сұрайды; Кәкен Шұлғаубаев – Қарауылдан (Семей), тастағы таңбалар мен жазулар, суреттер туралы хабарлайды, оларды мұражайға өткізгісі келетінін айтып, оның жөн-жобасын айтуды өтінеді ; Оразхан Шоқбаев – Қарағандыдан, тілші, Баянауылдағы  Қызылтаудың ең қия жартасының  үстінде «Мәңгілік үй» –  «мықтың үйі» барлығын, ол «Қызыл әулие» мекендеген жер екендігін, бітеу үңгірдің ішінде ошақ барын, төбесінен су тамшылап тұратынын хабарлайды; Аманқұл Мұстафаев – Балқаштан, әйгілі Оразбайдың күйеу баласы, Ғазел Оразбайқызына үйленген, ұзақ жылдар бойы сеніскен, араласқан досының хаттары әр іске шашырай тіркелген;  Г.Потанин мен Белосюдовтың Томскідегі, Иркутскідегі ұрпақтарымен жазысқан хаттар;

Әрине, бұл хаттардың мазмұнын таратып, ондағы көрсетілген көне ескерткіштердің, әсәресе, тастағы жазулар мен мықтың үйі туралы деректердің зерттеліп-зерттелмегенін анықтау археология саласыныдағы ғалым-дардың міндеті. Хат жазушылар да, олардың ақпаратын жеткізуші біз де өз парызымызды атқардық деп есептейміз. Сөзімізге дәлел ретінде, сол көп жазбалардың ішінен Әлкей Мағұланның өзі жақсы көріп, үнемі байланыс жасап тұрған Ұлытау-Қарсақпай өңірінің тұрғыны Сембі Әшіровтың Ә. Марғұланға жазған көп хаттарының бірін назарға ұсынамыз.

2415-қор, т-1, 549-іс. 5,5а бет.

15/Х-72.

Әлеке! Сіздің тапсырмаңызды орындап, кеуілді бір демегендей болып отырмын. Мұным, өзімше, «нар жүгіндей».

Анадағы сурет, сол біз келіп басына тұрған шыңның Ақбай жағындағы шыңында екен. Артынан барып суретке түсіріп қайттым. Сонан соң,  кейбір жанында көп жүретін қойшылармен сөйлестім. Олардан көне парсы жазуларымен жазылған  эфитафиялық ескерткіштері көп жер бар екенін білдім. Соған да жаз тірлік болса, барып қайтамын.

Біздегі мешеуліктің ең қара басқыры, ол – жаяулық. Ертеде ғылым жиһанкездері де, тап қазір де жаяу жүріп жерді көріп өтті ғой. Ғылым үшін суретте өзіңіз айтқан: түйеге жеккен арбаны да көрдім. Ата-бабамыз егіншілікпен де кәсіп еткен-ау, сірә. Өйткені, көшкеннің (көшпелі елдің -Т.Ж.) жабдығынан, отырықшының жабдығына ұқсамайды. Бір суреттерінде жабайы түйелерді садақпен аулау бейнеленген.

Сіздегі орыс суретшіде жазда түскен естелік суреттер бар еді, соны жіберсе екен.

Сізден тағы бір өтіне сұрайтыным: ауыл шаруашылық академиясында Сабиров Мақсұт деген жекжатым бар еді. Соның адресін салып жіберсеңіз екен (Уа, шіркін, жұмсайтын адамды тапқаны-ай, ә –Т.Ж.).

Маған беретін тапсырмаңыз болса, мен орындауға дайынмын. Мені де бір «жасауылым»деп есептеңіз.

Әнәугі өзіңіз айтқан этнографиялық очеркке материал жинап жүрмін. Онда Есіргепті қазақ кедейлерінің алғашқы қосшыларының бір түрі деп көрсетсе, қалай болар еді?

Мектепте жұмыс көп, сол күйбең тіршілік шырмамаса, бітіруге шамам да бар.

Отбасыңызға алыстағы ауыл азаматынан дұғай сәлем! Сәлем жолдап хат жазушы – Байқоңырдағы ініңіз Сембі Әшіров.

Карагандинская обл., Жездинский р-н, совхоз «Байқоңыр». 15/Х-72 года».

Жеке қорда Сембі Әміровтің 4-5 хаты бар. Зады, экспедиция кезінде танысқан, жол көрсетуші, жөн сілтеуші серік болған адам. Әлекең ол кісіге сеніммен қараған. Өзі ауыл мұғалімі болса керек. Ал, біреудің адресін тауып беріңіз дегеніне қарағанда, ауылдың аңғал мінезі басым. Әлекеңнің жазуға тапсырма беруіне қарағанда, жазуға қабілеті бар адам, ғылымға да бейілді ауыл ұстазы болуы керек.

Ә.Марғұланның жеке қорындағы хаттардың екінші парасы – мекемелерден келген ресми жауаптар мен хабарламалар: мысалы, СССР ҒА Ленинградтағы архивінен келген жауата Абайдың хаттары мен қолжазбаларының табылмағандығын хабарлайды; 1965 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесінің жанындағы заң комиссиясына қазақтың салт-дәстүрі, соның ішінде үйлену тойы туралы («Қыз-Бөрі» рәсімі, ұрын келу, құдалық, қыз ұзату, жар-жар, беташар, тойбастар т.б.) түсіндіре келіп, мұның бүгінгі күнмен үйлесетіні, сондықтан оған тиым салмай, ресми рұқсат берілуі керектігін ұсынған хатының  мазмұны да ауқымды. Егерде, той атаулыны қазақ дәстүр-салтына сай өткізуге 1966 жылдан бастап заңдық рұқсат берілгенін ескерсек, онда бұл хаттың қазақ ұлтының рухын оятуда шешуші маңызы  атқарғанын көреміз.

Қордағы хаттардың үшінші парасын ғалымдармен жазысқан, не олар жазған қолжазбалар құрайды. Бұл бағыттағы корреспондентциялардың бір шамасы мыналар: Ә.Марғұланның тапсырмасымен 1945 түрікмен тілінде шыққан «Қорқыт» дастанын көшіріп берген өзбекстандық әдебиет тарихын зерттеуші-ғалым Қыдырәлі Саттаровтың 1972 жылғы  қолжазбасы; жазушы, ғалымдарӘ.Қоңыратбаевтің, К.Оразалиннің, А,Сатаевтің хаттары; әдебиет зерттеушісі Ермек Өтебаевтің: 1920 жылы Керекудегі мұғалімдер курсында оқыған 89 адамның тізімінде Ә.Марғұланның да бар екендігі туралы хабарлаған хаты; белгілі орыс жазушысы, шоқантанушы С.Марковтің 1949 жылы Ә.Марғұланға жолдаған хаттары; сол кездегі Қазақстан мұсылмандарының мүфтиі, ғұлама ғалым Сәдуақас Ғылманидің: Төлепберген Тоғаевтің шежірелері мен тарихи жазбаларымен, «Қалқаман-Мамыр» сияқты дастандардың көшірмелерімен танысуға мүмкіндік бергені үшін Ә.Марғұланға білдірген  «алла разы болсыны»; «Қазақ» атауының шығу тарихы туралы әр түрлі пікірлер білдірген ғалымдардың – Е.Қ.Байболовтың, С.Исаевтің т.б. оқуға берген мақалалары, 1970 жылы түп нұсқасын Түркия сапарынан алып келген Ахмет Заки Валидидің «Оғызнаме» дастаны туралы мақала және  Фадли Әлиев аударған қолжазбасы.  Васифидің тарихи еңбегінің аудармасы мен оған берген түсінікте бар. Біз осылардың арасынан академик  С.Мұқановтың Абайдың қолжазбасы туралы академик Ә.Марғұланға жазған хатының көшірмесін ұсынамыз.

Қор 2415. Т-1, 610-іс. 3-6- парақ

Құрметті Марғұлан жолдас!

Сіз: «Оқып бер» – деген «Жаңа закон» (1884-жылғы қолжазба, 3 парақ қағаз) есімді өлеңді оқып шықтым. Менімше де бұл – Абай Құнанбаевтың шығармасы болуға тиісті. Олай дейтінім:

1/ Абайдың қолынан жазылған қағазды көргенім бар. Мынаның да әріп шимайы соған ұқсайды.

2/ Өлең – ижәтінан толық мәліметі бар кісінің қолынан шыққан. Ол кездегі Тобықты елінде Абайдан басқа бұл сияқты адам жоқ сияқты еді ғой.

3/ Абайдың қазақ биі туралы жергілікті орыс әкімдері туралы, патша туралы пікірлері қандай болғанын, осы пікірлерді шығармаларынан қандай орын алғанын білеміз. Мынау өлең соларға қатты ұқсайды.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасының сіз маған берген қолжазбасы, хат білетін адамның редакциясынан өткенге ұқсайды. Ол редактор: Абай, иә (Абай) еместігін қәзір айыру қиындау сыяқты.

Академик С.Мұқанов

20-ІХ.1961»

Бұл мақала ғалымның суырмасында он жылдан аса жатып, тек 1971 жылы «Абайдың «Жаңа закон» деген өлеңі туралы» деген атпен «Жалын» альманағының №5 санының 91-92 беттерінде жарияланды.

Атақты жазушы-академикпен қатар қолына енді қалам ұстаған  талапкерлер де академикке хат жазып, өзінің сұрақтарына жауап күтіпті. Солардың бірі – сол кездегі он  сегіз жастағы бозбала, болашақтағы әйгілі жазушы, белгілі ғалым Ақселеу Сенйдімбек.  Екіншісі, сол кезде әскер қатарында жүрген білім құмар жас қаламгер Құрманғазы Мұстафин (Қараманұлы). Кейін бір курста оқыған екі талапкер де атақты ғалыммен тілдесуге құштар болыпты. Әрине, бұл – алабұртқан жас қалам иелерінің өз мақсаттары жолындағы ізденістерді ерте бастағандығын танытады.

Қасым Әбілдахановтың айтуымен көршісі Ақселеу Сыланұлының Ә.Марғұланға бірлесіп жазған хаты. Іс -2415, т-1, іс- 549, 1-2 б.

25/ХІІ-60 ж.

Алыстағы Арқадан Алматыға хабар

Сағына жазған хатыммен, құрметті Марғұлан, ұлықсат етсең, амандығыңды білгім келеді.

Денсаулықтың арқасында аман-есен жүріп жатсың ба? Үй-іші, бала-шағаң, жолдас-жораларыңның дені сау ма?

Ал енді, хат арқылы менен амандық білмек болсаң, денсаулықтың арқасында табиғат заңының бұйрығымен, аман-есен жүріп жатырмын.

Марғұлан, мұның қалай, неге хат жазбайсың, уақытында «сіз-сіз» деп, артынан күдер үзбек саған лайық па?

Хатымдағы ендігі хабар арқылы сізге қажет құпия сырларды білдіргім келеді.

Марғұлан, алыстағы Арқаның, оның ішінде, Саңғыру төңірегінің ашылмаған құпия сырлары сені асыға күтуде.

Маған тапсырғаның сәтімен орындалды, атап айтқанда, мыналар: Саңғыру етегіндегі Дарат бойынан үш кісінің кеудесінен келетін жоғары тастан қашалған адам бейнесі. Біреуі – Қушоқыда, екеуі – Желтауда, біреуі – Елшібайда. Бұлар да алғашқы үш кісі бейнелес.

Тағы да бір керекті бейне «Қызылтау» совхозының маңынан табылды. Ол қазақтың түйемен көшкен көшін бейнелейді және көш алдында керуенбасы адам бейнесі бар. Оның басында қазақтың ұлт киімі күләпара (шляпа тәріздес). Мұның маңында құпия сырлы тастар бар тәрізді. Уақытша тапқаным сол болды.

Марғұлан, менің осы еңбегімді аяқсыз қалдырмай, келіп кетуіңді, көптен көп өтінемін және сағына күтемін.

Ал, басқа не жазайын. Арқадағы кәрі шалды ұмытпасаң болады.

Хат жазушы – Қасым Әбілдаханов.

25/ХІІ-60 ж.

Осы хатты жазғызған кісім көрші Ақселеу Сланұлы» .

Иә, жасы үлкен адамның  еркіндігін, өзінің де еркін  болмасын танытатын нағыз қазақы мінез. Осындай қайсар мінезді қариялардың тәлімін алған Ақселеу де діттеген мақсатына жетті.  Кейіннен Ә.Марғұланмен етене танысып, шәкірті есепті болды. Мазалайтыны, осында көрсетілген көне ескерткіштер ғылыми есепке алынды ма екен, жоқ па?

Қарбаласы мол әскер сабында жүрсе де, туған халқының тарихын білуге құмартқан Құрманғазы Мұстафиннің көне түркі жазуларын өз бетінше танып, ол  туралы  сауал қоюы –тосын әрі ғибрат алатын үрдіс, әрине.

Жауынгер Құрманғазы Мұстафиннің Смолнескіден Ә.Марғұланға жазған хаты.

Іс -2415, т-1, іс- 615, 14 б.

Қадірлі Әлкей аға!

Сәлемет-саумысыз?

Әлкей аға, Сіздің уақытыңызды алып, өзімді қатты толғантып жүрген қазақтың көне мәдениетінің бір хабаршысы көне т.ркіз жазулары жөнінде Сіздің пікіріңізді білу мақсатымен көп толқудан кейін осы хатты жазып отырмын. Көне түркі жазуларының ашылу тарихымен «Білім және еңбек жураналының өткен жылғы бір санында жарияланған Ғ.Айдаровтың мақаласынан танысып, сонда берілген алфавитты бір келкі жақсы танысып алдым.

Әйтсе де: Орхон және Енисей жазуларынан Талас өзені бойынан табылған жазулардың бір-бірінен алшақтығы қандай? Тікелей қазақ халқы тарихына қатысты жазулар бар ма? Сондай-ақ, Ғ.Айдаров келтірген альфавитті ғылыми жетілген еңбек деп есептеуге бола ма? (Мәселен, «л» әрпінің бір-бірімен қарама-қайшы қос әрпі келтіріледі де, «» және «»,  негізгі әріп ретінде «» таңбасы ұсынылады, сондай-ақ «» және «» таңбаларынан «», «», «» таңбаларынан «», ал «», «», «» таңбаларынан «» бөлініп алыпты) – деген  сұрақтар жөнінде және жалпы осы жазбалар жөнінде қандай пікірдесіз, осыларды білу еді Сізге жазып отырған осы хатта мақсат еткенім.

Құрметпен Құрманғазы Мұстафин.

Менің адресім: Смоленск қаласы, 25. Әскери бөлім 54163 «Б».

09.03.66».

Осы корреспонденциялардың арасын-дағы бізді таңырқатқаны, өзінің туған жері мен оның адамдарына деген ерекше ілтипат танытып, ықыласы мен уақытын бөлген  өлкетанушы А.В.Черкашинің төменде келтіріген хаттары. Әсіресе, қазақтың өндіріс тарихына аты алтынмен ойылып жазылуға тиісті, қазір әлемге әйгілі Екібастұз көмір кенішін тапқан Қосым Пішенбаев туралы жүргізген табанды ізденістері. Шындығын айтқанда, алпысыншы жылдардың ортасына дейін Қосымның суреті түгілі, есімінің өзі біреуге таныс, біреуге таныс емес болатын. Соған қозғау салған баспасөз материалдарының дені осы өлкетанушы А.В.Черкашинге тиесілі екен. Ол өзінің осы ізденістерімен ғалымды таныстыра келіп, жәрдем қолын созады.

А.В.Черкашиннің Қосым Пішенбаев туралы Ә.Марғұланға жазған сұрау хаттары

Бірінші хат.Қор -2415, т-1. Іс -616, 10 бет.

Уважаемый тов. Маргуланов Алекей!

Не удевляйтесь. Обращаюсь к вам с просьбой, с сознанием, что мы родились на одном замечательной земле Баян-аула.

Я, Черкашин Александр Васильевич, коренной житель Баян-аула. Решил востановить  светлую память о Косуме Пишенбаеве, о нашем земляке, большом рудознатце. Кое-каие материалы мною собраны, даже из Павлодарского архива. Но польностью образ Косума еще не раскрыть.

Имею сведение, что он попав в лапы лордов, бывал за границей, Англий, Франций и Китае.

Каныш Сатпаевич, при живости не однократно поднимал вопрос о написании о нем, хотя бы монографию. Но большая его занятность, откладывал этот вопрос на будущее.

Я не знаю имеете ли вы  непосредственное отношение к геологии, но обращаюсь к вам и прошу помочь. Если в Академии имеются и хранятся документы говорящие о нем, что либо получить копии или в крайнем случае  их описание.

Очень жду вашего письма.С уважением к вам (Қолы).

С.Баян-аула, ул. Ленина, 2. 8-го декабря, 1966 года» .

Екінші бір сүйініс, Әлкей Марғұланның энциклопедиялық білімі. Оны А.Черкашинді толық қанағаттандырған жауабына қарап аңғаруға болады.

Екінші хат. Қор -2415, т-1. Іс -616, 12-12 а беттер.

Знали бы, как взволновало меня ваше письмо. Радость до сих пор плещется в моей груди. Громадное спасибо с нашу гору Акбет.

Спасибо за советы. Посланное воспоминание и фотография имеют для меня важное значение.

А разыскав его племянника и племяницу, к моему  сожалению они  существенного не рассказали, а вот один его современник сейчас живут в Алма-Ате, многое мне поведал о нем и отдал сохранивщиюся у него единственного фотографию Косума, снятая в 1923 году. Правда, она слишком выцвеле, сейчас и восстановливают специалисты.

Павел Николаевич большой друг Каныша Имантаевича, он навел меня на мысль занятся Косумом. Еще он говорил, в беседах с ним, часто сожалел Каныш Имантаевич, что у него просто недохоят руки взяться за Косума и его дело.

Этот рассказ наводит меня на мысль, нет ли в личном архиве покойного документов, а может и наброски. С кем можно связаться? Не будет ли вам тягость узнать об этом?

Мной розыскан материал в архиве музея, это воспоминание Д.П.Багаева,  первого директора музея, он описывает внешность Косума и кое-какие его дела связанные с открытием Экибастузского каменно-угольных копий. Немного о том, что Косум состоял на службе у известного миллионера-промышленника Дерова.

А вот, племянник Шакир Кенжебаев, он скончался в декабре прошлого года, рассказал мне, что Косум яко бы бывал за границей. Его возили с собой на родину англичанин. Первый путь их был через Китай, а возвращались через Францию.

Шакир Кенжебаевичу нельзя не верить и ввести в повесть этот эпизод заманчиво, но надо бы кое-что знать! А где такое узнаешь?

Дорогой Алькей Хаханович, Вы человек много занятый своей наукой и просить Вас просто не поварачиваються язык, но и у вас бывает встречи, и вы ведете разговор на разные темы. Не уадася-ли поведать у кого что-либо о нашим земляке Косуме. 

Коль уж два года уделяю внимание сбору фактов, воспоминаий, больно хочеться воскресить его на страницах. Дать образ его праведьным.

За помощь настоящую очень и очень благодарю. Дұғай сәлем Баян-Аула тауынан!

С дружеским, земляческим приветом!

Желаю Вам долгой жизни и большого творческоно труда.

Александр Черкашин (Қолы).

15 июля 1967 г.

С.Баян-аул, ул.Ленина, 2» .

Ә.Марғұланның   А.В.Черкашинге жауабы архивте сақталмапты. Дегенмен де, А.Черкашиннің жеке архивінен табылуы әбден мүмкін. Өзі архивпен айналысып жүрген адамның құжаттарға немкетті қарауы мүмкін емес.

Академиктер Әлкей Марғұлан мен Сайын Балмұқанов Түркияға Ғылыми конференцияға барып келгеннен кейін жазылған келесі хаттағы  тағдырдың тәлкегіне ұшырап, бір-бірінен тірідей айырылып, бір көруге зарыққан адамдардың жандүниесі, шынымен де, шымырқандырады. Түркия сапарында қос ғалымға сол елдегі қазақ диаспорасы ерекше ықылас танытып, ел-жұрттың аман-саулығын біліп, өздерінің де кешіп жатқан өмірінен хабардар еткен. Ол жайында С.Балмұқанов баспасөзде астарлап жеткізді. Ал, түрлі кездесулерде екеуі де ашық айтып жүрген. Сол әңгіме, туған ағасын бір көруге зарығып жүрген  Ғайныш Төлепбергенованың да құлағына жетсе керек. Бар сырын Әлекеңе айтып, ағасының тіршілік-қаракетін білгіісі келіп, қолына қалам алған.

Қарағанды қаласының тұрғыны Ғайныш Төлепбергенованың Әлкей Марғұланға Түркияда кездескен ағасы туралы жолдаған хаты. Қор – 616, т-1, 20-21 беттер.

Құрметті ел ағасы және Отанға сіңірген көптеген еңбектеріңіздің арқасына қазақ халқының мақтанышы болған Әлекеңе (Әлкей Хаханұлы Марғұланға) хат жазып, сәлем жолдаушы – Түркия мемлекетінде тұратын Мәжкен Аяпбергеновтің қарындасы Ғайныш Төлепбергенова (Тұратын жерім Қарағанды қаласы).

Сіздің сентябрь айында Түркияға барған сапарыңыз жөнінде ағайым Мәжкеннен хат арқылы естіген болатынмын.

Ағайым Мәжкенмен бірге туған туыстық ыстық сезімдерімізді 15 жыл бойы бір парақ қағаз арқылы хабарласып, жансыз суреттеріміз арқылы бір-бірімізді жұбатудамыз.

Сіз сияқты Мәжкенмен жүзбе-жүз кездесу,  пікір алысу, мен үшін қол жетпес қиял, бұлдыраған алыстағы сағым сияқты бір елес. Осы тұрған Алматыға   барып, сізден және Сайым ағайдан (Сайым Балмұқанов – Медицина ғылымының  академигі) ауыз ба ауыз сөйлесіп, дидарласу және Мәжкен жөнінде ақыл, кеңес, пікір алысу менің міндетім еді, бірақ өмірде болып жататын қым-қиғаш жағдайлардың салдарынан бара алмадым. Сондықтан да, Сіздерден хат арқылы ағайым Мәжкеннің жағдайын сұрауға тура келді, ол үшін Сіздерден кешірім сұраймын.

Мәжкеннің туған елінен, туыстарынан айырылып шет елде жүргеніне 30 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыттардың ішінде туған елі, туыстары жөнінде әр түрлі пікірде болуы мүмкін. Сондықтан да қазіргі уақытта туған Отаны, туған-туыстары жөнінде ойы, пікірі қандай, тұрмыс-жағдайлары, атқаратын қызметі қандай – деген сияқты жағдайларды білгім келеді. Уақытыңыз болса осы сауалдарыма жауап ретінде хат жазуыңызды өтінемін.

Сізге ұзақ өмір, еңбекте табыстан-табысқа жете беруіңізге тілек білдірушы қарындасыңыз Ғайныш.

Менің адресім: г.Караганда, 61. Ул.Гоголя, 47, кв.53. пол.Тулепбергеновой Кайныш.

20/І-1971жыл» .

Иә, сарғайған сағыныш! Өкініштісі, Әлекең–Ғайныш қарындасына жауап жазды ма, жоқ па, ол жағы бізге беймағлұм. Кезінде, М.Әуезовтің мұражай-үйінде болған кездесуде шет жағалатып қана мағлұмат бергені есімде.  Өзара немесе алқақотан әңгімеде ол сапар туралы барынша ашық пікір айтатын болған. Ал, Сайын Балмұқанов ол туралы баспасөз арқылы кеңінен  ашық пікір білдіріп еді. Сол үшін тиісті мекемелерден, Орталық комитеттен ескерту алғаны туралы әңгіме де қозғалған еді. Иә,ол бір тылмысға тұншыққан тұйық заман болатын.

Осымен академик Әлкей Марғұланның Орталық Мемлекеттік архивтегі жеке қорындағы эпистолярлық мұралар туралы тәфсірімізді тәмәмдаймыз. Әрине, мұның барлығы мол мұраның бір пұшпағы ғана. Сол мұралардың астарынан бұрылысы мол бұлтарыс жылдардың көлеңкесінде қалған өмір белестерінің қалтарысына сәуле түсіру – келер күндердегі келер ұрпақтың парызды бір міндеті болып табылады.

(Жалғасы. Басы 2021 жылғы  №8-12 және

2022 жылдың №1,2,3 сандарында)

 

1826 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы