• Қоғам
  • 14 Желтоқсан, 2021

ҚАЗАҚСТАН ПАРЛАМЕНТАРИЗМІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ?

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Шекарасы бекіп, мемлекет болып қалыптасқалы бері заманауи дамушы ел ретінде Қазақстан өзін президенттік басқару формасы бар, демократиялы, құқықтық, унитарлы (біртұтас), зайырлы (дінге еркіндік берілген) мемлекет ретінде орнықтырды. Оның тәуелсіз үш билік тармағы бар: атқарушы, заң шығарушы және сот биліктері. Атқарушы билікті президент басқарады. Заң шығарушы билікті қос палаталы парламент атқарады,  ол екі палатадан тұрады — Сенат және Мәжіліс. Сот билігін Конституциялық сот пен жергілікті соттар жүйесі атқарады.

ҚР Конституциясының 3 бабында: «Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар» делінген. Демек, республикалық басқару нысанында билік  үш кілт бойынша: халық, президент және парламент арқылы іске асырылады.

 «Парламент» сөзі ағылшын тілінен енген. «Сөйлеу, айту» деген мағына береді. Тарихи тұрғыдан парламент үкімет пен қоғам арасындағы «амортизатор» рөлін атқарған, ол қоғамның биліктегі өкілдігінің бір түрі болды. Бірте-бірте көп мемлекеттерде үкімет пен халық арасындағы қайшылықтарды реттеуге арналған қосалқы органнан ең жоғары мемлекеттік органға айналды.

   Ал Қазақстандағы парламентаризмнің орнығуы Тәуелсіздік алып, Ата Заң бекітілген кезден бастау алады.  1991 жылғы желтоқсандағы оқиға КСРО тарихының соңғы нүктесін қойып, сол жылы 16 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті. Парламентке дейін, елде Жоғарғы Кеңес жұмыс жасап, барлығы – он үш рет сайланған. Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстан парламентаризмінің қалыптасу тарихында ерекше рөл атқарды. 1993 жылы Республика егемендігінің қалыптасуын заң жүзінде аяқтап, Қазақстан кеңестен кейінгі алғашқы Конституциясын қабылдады. Соның негізінде республикада ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық бостандықтың нақты кепілдігін, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудың жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды.

Сонымен бірге, он үшінші сайлан-ған Жоғарғы Кеңестің Қазақстанда парла-ментаризмнің одан әрі дамуына алғы шарттар негізін салғанын да айтқан жөн.  Он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Ә.Кекілбаев: «Кәсіби Парламенттің құрылуын, абзалы, ешбір қиналыссыз биылғы жылдың қоғамдық-саяси өміріндегі ең бір ірі оқиға деп атауға болатын шығар. Оның жұмысының бас-талуы жаңа мемлекеттілік пен демократияның қаз тұруындағы елеулі кезеңдердің бірі ретінде Қазақстанның тарихи күнтізбесіне кіретіні шүбәсіз. Кәсіби Парламент бізде ешқашан болған емес және біз сынап көрулер және қателіктер әдісімен жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Жаңа мәртебе иеленген Жоғарғы Кеңес өкілеттіктерінің айқындалуы біртіндеп жүріп жатыр», – деп жазады.

Расында, Кеңес құрамынан енді шыққан одақтас мемлекеттердің барлығы оң-солын жаңа танып, демократиялық, құқықтық мемлекет құруда біраз қиындық көрді. Десе де, дамыған батыс мемлекеттерінің демократиялық саясатын басты ұстанымға ала отырып, өзге елдермен ынтымақтастық құра, бейбіт жолмен дамуды көздеген жаңа қазақ елі қажетті қадамдарды уақытылы жасай білді. Парламенттің қос палаталы құрылымы саяси жағынан толысқан, еліміздің саяси болмысындағы жаңа элементке айналды және әлемдік практикада қабылданған парламентаризмнің қағидаттарына сай болды.

Елбасы «Ғасырлар тоғысында» кітабында: «Маған әлем елдері конституциялық құрылымы, билік салаларының өзара байланысы, саяси партиялар, кәсіподақтары қызметі, адам құқығы, меншік, т.б. мәселелер бойынша қыруар әдебиетті қайтадан ақтарып шығуға тура келді. Оның бәрі жаңа жобада ескерілді. Әрине, өз ерекшеліктеріміз ұмыт қалған жоқ. Мәселен, 1995 жылы жазда «демалып жатқанда», Конституцияның жаңа жобасына байланысты референдумға бірнеше апта қалғанда, мен 12 мемлекеттің Конституциясын зерттеп шықтым», – дейді.

1995 жылғы 30 тамызда өткізілген бүкіл-халықтық референдум нәтижесінде бұрынғы   мемлекеттік   құрылыстың   кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Осы Конституцияда «Парламент» ұғымы алғаш рет ресми түрде бекітілді. Қос палаталы  Парламентке депутаттарды алғаш сайлау 1995 жылдың соңында өткізілді. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қолданыстағы Конституцияны қабылдағаннан кейін Қазақстанда экономикалық реформаны жүргізу  үшін  «даңғыл жол» ашылды. Бейнелеп айтқанда, барлығын да басқарған, бірақ ештеңені басқара алмаған Жоғарғы Кеңестің орнына осы жылдардың ішінде елдің бет-бейнесін өзгерткен заңдарды қабылдаған қос палаталы кәсіби Парламент келді», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев ең әуелі елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне, қоғамда тұрақтылықтың сақталуына баса назар аударды. Оны Елбасының: «Тәуелсiздiк алысымен алғашқы кезектегi маңызды мәселелердi шешуiмiз талап етiлдi. Бiрiншi кезекте, мемлекет ретiнде қалыптасуымыз қажет болды. Бұл дегенiңiз билiктiң мемлекеттiк институттарын құрудың, жалпы халықаралық аренада мойындалуға қол жеткізудiң, түрлi дүниежүзiлiк ұйымдарда шығып сөйлеудiң қажеттiгiн көрсеттi. Қазiр өткенге қарайлай отырып, бұл жоспар көбiне тiрi қалу стратегиясы бола келiп, өз мақсатын орындап шықты деп нақты айта аламыз. Атап айтқанда, ол бiздiң кiм екенiмiздi, таяу және алыс болашақта кiм болатынымызды айқындап бердi» деген сөзінен аңғарамыз.

Осылайша республикадағы қос палаталы Парламенттің қалыптасуына 1995 жылы екінші қаралған Конституция өз ықпалын молынан тигізді. Енді Заңға сәйкес жұмыс процестері басталып, ҚР Парламентінің сайланымдары өткізілді:

Бірінші сайланым – 1996-1999 жылдар. Сенатқа 40, Мәжіліске 67 депутат сайланды. Палатаның барлық депутаттары жоғары білімді, оның ішінде 7-і ғылым докторы, 10-ы ғылым кандидаты болды.

Екінші сайланым – 1999-2004 жылдар. Сенатқа 39; Мәжілісте 77 депутат сайланды. 4 академик, 6 ғылым докторы, 3 профессор, 3 ғылым кандидаты Сенат депутаты болды. Мәжіліске сайланған 77 депутаттың  8-і – әйел, 74-і – жоғары білімді, 30-ға жуығы екі жоғары оқу орындарын бітірген адамдар болды. Депутаттар арасында бір академик, жеті доктор және әртүрлі мамандықтары бар жиырма ғылым кандидаты болды.

Үшінші сайланым – 2004-2007 жылдар. Сенатқа 39, Мәжіліске 77 депутат сайланды. Депутаттардың барлығы жоғары білімді, олардың 19-ы екі жоғары оқу орнын бітірген. Депутаттардың қатарында техникалық білімі бар – 13 адам, гуманитарлық білімі бар – 16 адам, заңгерлер – 10 адам болды. Депутаттардың көпшілігі сайланғанға дейін мемлекеттік секторда жұмыс істеген, оның ішінде 28 парламентші басшы лауазымдарда қызмет істеген. Көпшілігінің заң шығару қызметіндегі, сондай-ақ өндірістік, әлеуметтік және кәсіпкерлік салалардағы, ғылыми-зерттеу, ғылыми-педагогикалық қызметтегі, қоғамдық ұйымдардағы жұмыс тәжірибесі бар.

Үшінші сайланған ҚР Парламенті Сенаты-ның 2007 жылғы 11 қаңтардағы отырысында жасырын дауыс беру арқылы ҚР Президентінің ұсынуымен Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Төрағасы болып сайланды.

Төртінші сайланым – 2007-2011 жылдар (Мәжіліске 107 депутат сайланды. Депутат әйелдердің саны екі есе көбейді және Палатада түрлі ұлттар өкілдерінің саны артты.

Бесінші сайланым – 2012-2016 жылдар (Мәжілісте 2 академик,  17 ғылым докторы мен  27 ғылым кандидаты бар, 60 парламентші екі жоғары білім алған. Палатада түрлі ұлттар өкілдерінің саны артты. Депутаттық корпустың құрамына 76 қазақ, 21 орыс, 3 украин, 2 неміс және бір-бірден татар, шешен, кәріс,  өзбек және ұйғыр кірді).

Алтыншы сайланым – 2016-2021 жылдар. 2017 жылғы 14 қыркүйекте ҚР Парламентінің алтыншы шақырылымдағы Сенаттың отырысында Президенттің ұсынысы бойынша жасырын дауыс беру арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болып қайтадан сайланды. Әйел адам саны 3 есе артты, Мәжілістің ұлттық құрамында қазақтар, орыс-тар, украиндықтар, сонымен қатар әзірбайжан, армян, дұнған, кәріс, өзбек, ұйғыр, шешен және т.б. этностардың өкілдері қосылды.

Жетінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтті. Жетінші сайланған Мәжіліс құрамына алдыңғы шақырылымның 32 депутаты кірді. Жалпы депутаттық корпус 70 пайызға жаңарды. Мәжілістің ұлттық құрамында қазақтар, орыс-тар, белорус, кәріс, неміс, әзірбайжан, армян, күрд, татар, өзбек, ұйғыр және украин этностарының өкілдері бар. Әйелдер саны – 29.

Жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып Нұрлан Нығматулин сайланды. Төраға тұсында қазақ тіліне ерекше мән беріліп, депутаттардың қазақша қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап беруіне, есептік баяндамаларын қазақ тілінде оқуға талап қойыла бастады.

Тәуелсіздік ала сала даму жолын бейбіт ел ретінде анықтаған Қазақстан парламентаризмі 4 жыл ішінде құрылуға негіз алып, даму кезеңдерінен өтіп, қазірде еуропалық стандарттың барлық принциптеріне сай қалыптасқан. Оған дәлел Қазақстан Республикасының әлемдік ареналарда алатын орны. БҰҰ-ға, ЕҚЫҰ-ға, ШЫҰ-ға, ИЫҰ-ға, ҰҚШҰ-ға, ЕАЭО- ға, Түрік Кеңесі саммитіне мүшелігі және 130-дан астам мемлекетпен достық қарым-қатынас орнатуы (Ватикан мен Палестинаны қоса алғанда), сондай-ақ көршілес алпауыт мемлекеттер: Ресей және Қытаймен екіжақты байланыс орната алғандығы – жүргізілген сындарлы саясаттың арқасы. Еуропа мен Азияға бөлінбей, екі бөліктің де ұстанатын таным-сенімін, позициясын табиғи күйінде қабылдап, әрдайым достық қарым-қатынас таныту – кемелдіктің белгісі.

Қазіргі Парламент Сенаты 47 депутаттан, Мәжіліс 107 депутаттан тұрады. Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.

Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Парламенттің қызметі ауқымды, үлкен жауапкершілікті талап етеді. ҚР Бас Прокурорын, Жоғары Сот Төрағасын және судьяларын, Ұлттық Банк Төрағасын тағайындап, Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыра алады. Сондай-ақ, соғыс және бітім мәселелерін шешеді, Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды. Осы тұста қызметтің Конституцияда жазылған мансабы мен шенін емес, халық даусымен осы қызметке тағайындалған әр депутат елінің шынайы жанашыры болуы маңызды.

Соңғы жылдары  Заң қабылдар алдында халықтың талап-тілегін ескеру көрі-нісі айқын байқалып келеді. Еліміздің егемендігін нығайту және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан азаматтарының пікірін ескере отырып, 2016 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының  Президенті Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік ком-панияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, сондай-ақ Қазақстанның азаматтары мен заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке меншікке беруге қатысты мораторий енгізілді. Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанда аяқталатынын ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында жер мәселесі қашанда халқымыз үшін аса маңызды екендігін жариялай отырып, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды.

Біз жас мемлекетпіз. Кемшін тұстар әр саладан көрініс табуы мүмкін. Бірақ біздің барар бағыт айқын. Біз әлем елдерімен достық қарым-қатынас орната отырып, экономикалық, экосаяси бағытта дамуды таңдадық. Оған дәлел Қазақстанның әлемдік аренада жас та болса тез дамыған мемлекет ретінде танылуы, ел басшылары тарапынан сыйластыққа ие болуы, мойындалуы. Әсіресе, бауырластық жылы қарым-қатынастың көрінісі ретінде 1991 жылғы 16 желтоқсан күні ел тәуелсіздігі жарияланғанда, арасына бірнеше минут салып, телефон соққан Түркия Республикасы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін таныған тұңғыш ел болғаны әлі күнге дейін ел есінде. Тәуелсіздіктің артынан Қазақстан мен Түркия арасында қол қойылған көптеген мемлекет аралық келісімдер мен хаттамалар арқылы  әртүрлі салаларда қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың негізі қаланды. Содан бері түркі елдері арасындағы қарым-қатынас күшеймесе, бір сәтке де әлсіреген емес. Оған Түркия елінің қазақ жұрты десе, ең алдымен тараған қаны бір бауыр ретінде қабылдауы себеп. Оны тек басшылар арасындағы ғана емес, қарапайым түрік халқының қазаққа деген сыйлы қатынасынан-ақ байқауға болады.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің түркі елінде ерекше  құрметтелуін келесі іс-шара-лардан байқауға болады. Мысалы, 2021 жылдың наурызында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Ыстанбұл қаласы Зейтінбурну ауданында Абай даңғылы және ескерткіші ашылды.

Сондай-ақ, қыркүйек айында Түркияның Теңге сарайы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған естелік монета шығарды. Монетада Қазақстанның мемлекеттік туы мен түрікше «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы» жазуы және Қазақстанның картасы бейнеленген. Онда қазақ жеріндегі бірқатар тарихи мемлекеттердің – сақтар, ғұндар, Түрік қағандығы, Алтын Орда мен Қазақ хандығы атаулары жазылған. Қошқармүйіз оюы бейне-леніп: «Қазақстан – Алтын Орда мен Түрік қағанатының мұрагері. Түркі әлемінің жүрегі»,- деп жазылған. Тиражы – 3000 дана.

Ал 12 қараша күні Ыстанбұл қаласының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізінде орналас-қан  Демократия  және  бостандық  аралында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммиті өтті. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап: «Биылдың өзінде екі рет бас қосып, жоғары деңгейде Саммит өткіздік. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың айқын көрінісі», – деген жылы лебіз білдірді. Мемлекет басшысы сонымен қатар, қазақ елінің түрік жұртының тарихы мен өткенін және жақсылықтың ұмытылмайтындығын көрсете отырып: «Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын», – деді. Түркия Президенті Реджеп Ердоған осы сөздің артын «Фатиха» сүресімен жалғастырып, құрметтеліп өткен тарихқа тағзым келтірді.

Бұл бауырлас елдердің ара-қатынасын одан әрі нығайта түскендей болды.

30 жыл бойы ұстанып келген «әуелі экономика, сосын саясат» жүйесі бізді жылдам дамушы, шет елдермен экономикалық ынтымақтастығы нық орнаған мемлекетке айналдырды. 30 жыл ішінде халықтың көзі де едәуір ашылды. Мемлекет те халыққа жақын болуы үшін жергілікті биліктен бастап «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстана бастады. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру басты назарға алынуда. Заң бірқалыптылыққа келіп, демократияның әлеуметтік-экономикалық базасы мығым қалыптасты. Ендігі мақсат – Парламенттің атқаратын рөлін арттыру, Батыс Еуропалық парламентаризм жүйесіне теңестіру. Бұл елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға және кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай туғызуға, бәсекелестікті дамытуға және монополиялық қызметті шектеуге бағытталған заң жобаларын қабылдау сияқты қоғам құқығын, мақсатын бірінші кезекке қоятын заңдармен сипатталуы тиіс.

Қазақстан біртұтастық жолында 30 жыл бойы өзінің іргетасын заманға сай қалап келеді. Бастысы, әр кез сөз бен істің арасы алшақтамай, сөзі іске, ісі сөзге сай келіп отырса игі. Бұл тарапта халық пен билік арасында көпір болып, халық атынан билік жүргізіп отырған, қағаз бетінде басқа, іс жүзінде басқаша орын алып жатқан істердің алдын кесіп, ақиқаттылық жолында қызмет атқарып, таразы басын теңестірудің басы-қасында тұрған Парламентке артылатын жүк ауыр.

4893 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы