• Қоғам
  • 30 Қараша, 2021

АТА САЛТ - ҚҰНАРЫМ

Бердалы ОСПАН

ҚАЗАҚТАР ТОЙ-ТОМАЛАҚҚА КІМДЕРДІ ШАҚЫРМАҒАН

Қазақ халқының баяғыдан қонақжай ұлт екені белгілі. Байырғы кезде кез келген қазақ алыс жолға шыққанда өзімен бірге азық алып жүрмейтін болған. Себебі жолай кездес-кен ауылдарда жолаушыны құдайы қонақ деп қарсы алып күту Ұлы дала иелерінің бұлжымас заңы.

ХІХ ғасырда қазақ даласында болған поляк Адольф Янушкевич қазақ қонақжайлылығына таң қалып: «Егер қазақтарды экватор бойымен орналас-тырса, онда жер шарын тегін айналып өтуге болады» деп жазып кеткен.

Қазақ қонақжайлығы

 

Белгілі жазушы Герольд Бельгер «Қазақтың қонағы қанша» деген жазбасында: «Қазақтардың қонақжайлылығы туралы байырғы кездерден жазылған. Қазақтар керемет ұлт. Әкем қазақтың осы салтына әрдайым таңданып отыратын. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары, фельдшер болған менің әкем  Ыбырай, Көктерек, Мектеп, Жаңа-жол, Қаратал, Алқа-ағаш атты қазақ ауылдары және Козловка және Карачок атты екі орыс поселкесі аймағына қызмет көрсетті.

Міне, әкем аты аталған қазақ ауылдарының қайсысына барса да оның алдына – тұщытылған, тұздалған май, айран, құрт, ірімшік, табанан немесе майға қуырылған бидай, тары, шай сияқты тағамдарды алдына қойып, жаратқанның жеткізгені деп сый-сияпат көрсетілетін.

Басқа послекелерге барарда әкем жалғыз өзі тамақтанатынын білгендіктен үйден – бір үзім нан, пияз, жұмыртқа, тұз алып кететін. Себебі жер аударылып келген фельдшерге ешкім бір тостақ су да ұсынбайтын. Міне, айырмашылық осындай болатын».

Үйге қонақ түссе қазақ үшін одан асқан бақыт, одан асқан абырой жоқ. Сонда да сирек те болса қазақтар кейбір адамдарды өз салтанаттарына шақырғысы келмейтін кездер де болады. Бұндай жағдайлар сәби дүниеге келіп, шілдехана тойы өткізілгенде, үйлену тойы немесе ұзату тойы барысында, тағы басқа да салтанатты іс-шараларда орын алып отырған.

 

Қонақтар және ырым

 

Бұл жұрттың бәріне белгілі қағида болған. Әрі бұл жағдайды шақырылмайтын адамдардың өздері де білген. Олар кімдер еді? Баласы жоқтар. Қазақ ондайларды «Қубас» деп атаған.

«Қазақтар өте балажан халық» – қазақтар өздері туралы осылай дейді. Бұл шынында да солай. Әр қазаққа баладан артық қуаныш жоқ. Сондықтан да қазақтар байырғы заманнан көп балалы жанұя болғанды қалайды.

«Қазақ тұрмыс-салты» атты зерттеу кітап жазған ғалым Ш.Тоқтабай мынадай тұжырым жасайды: «Қазақтар балаларын түрлі қауіп-қатерден, ауру-сырқаудан сақтауға тырысып түрлі ырым-сенімдерге мойын бұрады. Мысалы, емізулі баламен қонаққа баруға болмайды, көз өтіп кетеді, деп білген. Немесе сәбидің басының жұмсақ төбесін қолмен басуға болмайтынын, бесікте жатқанда қараусыз қалып кетпеуін қатаң талап еткен. Бұндай талаптар бүгінде де өз маңызын жойған жоқ».

Мысалы, перзенті жоқ жұбайлардың тойларға және басқа салтанатты іс-шараларға келуі жаман ырым саналып, жас жұбайлардың болашағына кері әсерін тигізіп, бала болмауына әкеліп соғуы мүмкін деп сенген. Бұндай наным-сенімдер бағзы замандарда орын алғаны сөзсіз. Қазақтың атақты фольклортанушысы Едіге Дәріғұлұлы Тұрсынның жинаған қазақ ертегілерінде де осы үрдістің баяғыдан бар екенін дәлелдейтін мәліметтер кездеседі.

«Дудар қыз» атты қазақ халық ертегісінде: «Хан той жасаймын деп жұртқа хабар айтты: «Ұлы жоққа отыратын орын жоқ, қызы жоққа қымыз жоқ, бұл тойға келмесін, дейді. Бір байдың бала-шағасы жоқ екен. Сонда да бай бәйбішесі екеуі, қымыз құйылған сабаларын түйелеріне артып тойға барады. Бірақ оларды ешкім қарсы алмайды. Тұрып, тұрып ашуланған бай сабаны пышақпен тілгілеп тастайды».

Баласы жоқтарды тойға шақырмау үрдісі бүкіл қазақ даласының барлық жеріне тарағаны рас. «Сайын батыр» жырында баласы жоқ Бозмонайдың:

Бір перзентке зар болдым,

Сол перзенттің зарынан

Жиын тойға кірмедім

Өтерін дүние білмедім, – деп зарлауы осыған дәлел.

 

ӨМІРДЕГІ ОҚИҒА

 

Қазақ эстрада сахнасында кеңінен шырқалып жүрген «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра», «Қарағым-ай», «Сарыарқа», «Аралдан ұшқан аққулар», «Атамекен-ай», «Аққу-сенім», «Жер Ана», «Ән жүрегім туған ел», «Үкілі домбыра», «Дос керек», «Бозжорға», тағы басқа да көптеген танымал әндердің сөзін жазған белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің өмірбаянында осындай оқиға орын алған.

Ақынның анасы Мәрияш апа бір сұхбатында мынадай естелік айтып берген еді: «Шөмішбайдан үлкен Аққыз деген қызым бар. Содан кейін туған үш балам шетінеп кетті. Ауыл әйелдері «мұның қарақұсы бар, баласы тұрмайды» деп, мені шілдеханаға шақырмайтын». Әрине, болашақ ақын дүниеге келген соң анасына байланысты ондай әңгімелердің тыйылғаны да рас.

Қазақ ұлты түрлі әдет-ғұрып, дәстүрлерге бай. Осынау мол әдет-ғұрыптардың кейбірі өткен тарих еншісінде қалса, кейбіреулері әлі күнге дейін сақталып, өз маңызын жойған жоқ.

Күнәнің басы – ұрлық

 

БАЯҒЫДА ҚАЗАҚТАР ҰРЫЛАРДЫ ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАҒАН?

 Қазақ халқы ұрлықты ең үлкен күнә деп біледі. Сондықтан ұрлық жасаушыларды «алаяқ» деп атаған. Осыдан барып алаяқ сөзіне де басқаша көзқарас пайда болған.

Мысалы, батыр Исатай Тайманұлының атының аяқтарының сирақтары ақ екен, соған қарап біреулер атты «Алаяқ» деп атайық дегенде, батыр Исатай, «жоқ, алаяқ деген жақсы емес» деп, атына Ақтабан деп есім таңдаған.

Бүгінге дейін ауызекі әңгімеде, бала тәрбиесінде жиі айтылатын «Адамның ала жібін аттама» деген сөз екені белгілі. Қазақ мақал-мәтелдері де соны айғақтайды. Соның бірі «Түйме ұрлаған да ұры, түйе ұрлаған да ұры» деген мақал қазақ үшін ұрлықтың үлкен-кішісі болмайтынын растайды.

Қазақ салтында ұрының атын ер-тұрманымен алған жігіт сол атты иеленетін болған. Қазақ бұндай атты «қондас» деп атаған. Бірнеше рет ұрыны қуып жетіп, оның атын тартып алған мықты жігіттерді ел құрметтеп, «батыр» деп атайтын болған.

Әсіресе, малдың жүгенін, тұсау-шідерін ұрлау ең ауыр ұрлықтар қатарына жатқызылған. Бұндай жағдайларға байланысты көптеген ырымдар болған. Арқандаулы аттың арқанын ұрлағандарға «Арқан ұрласаң арқандалып қаласың», жүген ұрлағандарға «Жүген ұрласаң жүгенделіп қаласың», тұсау ұрлағандарға «Тұсау ұрласаң тұсауланып қаласың» деп арналып шығарылған сөздер басқаларға алдын-ала ескерту ретінде айтылған. Себебі, бұл заттардың малдың басын көбейтетін тылсым күші бар деген сенім кеңінен тараған.

АТ ТҰСАУЫНЫҢ ҚҰНЫ

XVIII ғасырда өмір сүрген атақты Төле би жылқының шідері мен тұсауын ұрлағандарға тоғыз мал айып етіп салатын болған. Би бұл үкімін: «Тұсау ат  сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел сақтайды» деп түсіндірген.

Осылайша билер ұрыларға жасаған ұрлығының мөлшеріне қарай айыбын төлетіп отырған. Қылмыскердің өзінің малы болмаса, туыстары, одан қалса бүкіл рулас ауыл-аймақ болып төлейтін болған. Бірақ ұры ұрлығын қоймаса теріс бата беріп, тонын сыртына айналдырып кигізіп, жаяулатып елден аластаған.

ҰРЫДАН БАСТАРТУ

Осындай бір оқиға Бауыржан Момыш-ұлының «Ұшқан ұя» атты өмірбаяндық шығармасында баяндалады: «Біздің Өтеулі тұқымынан Бабас дейтін кісі өткен. Бабастың Қабаш деген інісі болыпты. Қабаш жекжат-жұрат, тамыр-таныстарын аралағыш екен. Бір аттанса, үйіне айлап оралмайтын әдеті болса керек. Үйге келуін келгенмен, байыз тауып отыра алмайтын көрінеді. Ертерек ел қыдыруға шыққанша асығып жүреді екен.

…Содан  Қабаштан хабар болмай, үш айдың  жүзі өтіпті.  Бабас қобалжып, үй-іші үрпиісе бастаған екен. Осындай бір күні Түлкібастағы Темір руының адамдары Қабаштың қолын байлап, ауылға алып келіпті.

Қашанда даушының даусы өктем шығатын әдеті емес пе. Қабаш болса, қабағы түсіп, елге қарай алмай, жер шұқылап тұр. Оны байлап әкелген жігіттер ел адамдарына қамшы үйіргендей қара бұлтты төндіре сөйлейді.

– Мінеки, мына сұмаяқ, суыққол туысқандарыңды Шымкент базарынан ұстап әкелдік. Ауылымыздың атын ұрлап, әкеп сатқалы тұрған жерінен тұтылды бұл бетсіз…

Бабас қатты абыржып, қалбалақтай берсе керек. «Ел арасына жік түспесін, ала жіп аттаған алаяқ атанбайық» деген намыс іш-бауырын жегідей жеген жайы бар көрінеді. – Айналайындар-ай, амалым қанша! Қатар жатқан ел едік. Алыс-беріс, барыс-келісіміз жарасқан ауыл едік қой. Аттан түсіп, аяқ суытыңдаршы тым болмаса. Дәм үстінде, дастарқан басында отырып келісімге келелік. Айып бізден. Ағайын, ауыртпалықтарыңды көтеруге әзірмін, – деп Бабас қол қусырып, тізе бүгіпті.

…Айып төленіп, даушылар ауылына аттанады. Барын беріп, қара жерге қарап қалған Бабастың үйі ескі қоныстан көтеріле алмай, отырып қалған екен. Ел маңынан өткендер «қарақшылар қонысы», «ұрының ұясы» «алаяқтар ауылы» деп өтетін болса керек. Қара таңба әркімнің бетіне шіркеу болып, жүздері төмен жүреді.

Тіптен бас қосыла қалған жерде әлгі айғақты ат бадырайып шыға келеді екен. Бірде сейсенбі базарына барған біздің базаршыларды біреулер мұқатыпты:

– Е-е, сендер ұры ауылының жігіттері екенсіңдер ғой.

Бұл сөзге жауап қата алмай, ауыздарына құм құйылған біздің жігіттер, іздерінше ат басын ауылға бұрған екен. Базаршылардың алдынан шыққан ел құралақан жігіттерді көріп, аңтарысып қалады.

– Неменеге тесіле қалдыңдар. Елге қарауымызға бетіміз күйіп, «ұры» деген атақтан қашып кеп тұрмыз, – дейді базаршылар.

Мұны естіген Бабас қайғыдан қатты күйіп, қаһарға мінген екен. Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Сонан соң құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, оң самайдан сол самайға дейін тіледі. Басына жарғақ тұмақ, үстіне айналдырған тон кигізеді де, қолына таяқ ұстатады.

– Енді қайда барсаң онда бар. Сендей арам ағайыннан адал арым артық, – деп теріс батасын беріп, ата қоныстан аластап шығарған екен. Ол заманда қарғыс ауыры «теріс бата», жазаның үлкені «қасқа» етіп әйгілеп, елден қуып қаңғыртып жіберу болыпты ғой».

«Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген қағидамен өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының, адалдық жолынан тайып, теріс жолға түскендерді жазалау салтының қысқаша тарихы осындай.

5383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы