• Әдебиет әлемі
  • 28 Қазан, 2021

ТАҒДЫРЫМДЫ ТАҒАЛАМА ТАПСЫРДЫМ

Әсел  НҰРДІЛДАҚЫЗЫ

 

Күзгі өлең – күзгі әуен

Ақ қайың, сенің ажарың неге реңсіз?!

Жапырағыңды жұлмалап жүр жел жүгенсіз.

Жаратылыстың жанарындағы жазды ұрлап,

Керіле басып келдің бе тағы, күрең күз.

 

Күнәдан күс-күс әлемге енген сары күз,

Құс қанатымен мені де бірге алып ұш.

Көшеден, бақтан жапырақ көрсем жайраған,

Айналдырады салыңқы қабақ сағыныш.

 

Сыбдыр да сыбдыр, сыбырлап жатыр әлдене,

Жапырақ-жүрек, жалғаннан көшкен пенде ме?

Үздігіп қанша, үлгере алмай үзілген,

Құлагер сынды, сүрінген жетпей кермеге.

 

Жабықпа жаным, күздің де жұмбақ сыры көп,

Күндерің күңгірт тартса да мейлі, күліп өт.

Мұңлылау мезгіл болғанмен, күз де өрілген,

Өмірге ғашық ақынның талай жыры боп.

 

Еліттір мені, күйіңе бөле, күрең күз,

Кідірте көрме,

Шөліркеп тұрмын,

Жыр емгіз!

Жапырақ жауса саудырап, ал мен жыр құрап,

Алмасам бір сәт тірліктің мәні сүреңсіз.

 

Сыбырла тағы, жапырақ, қосыл жаныма,

Ерейік бірге тырнаның анау тобына.

Жапырақ үні,

Ақынның жыры,

Күзгі әуен,

Ерке жел ессін, апарып қоссын сазына.

 

Аңсау

 

Мендегі мөлдір мейірге шомып,

Жанымды құш,  кел,  қымбаттым!

Жұмыр бас пенде пейілден пәкпін,

Кеудемде күй көп, жұмбақпын.

 

Шық сынды таза жаным бар,

Келші,

Малынып алшы, мастанып.

Жылынып алшы, жүрегім жылы,

Көңілім кірсіз, ақ мамық.

 

Махаббат дейтін ғазалдың ғажап,

Болмысын мінсіз құймақ кім?!

Құнымды ұқсаң тұмармын, тұтпын,

Туымды жықсаң, тулақпын.

 

Көңіл көктемім, телегей теңіз,

Жағаңда толқын тулаттым.

Шағылған айдың ақ нұрын өбіп,

Шағала құстай шулаппын…

 

Жаным жаз.

Неге?

Білдім бе сырын?

Сүйдім бе сұлу ғаламды?

Ықтияр беріп, ықыласыма,

Аңсадым ынтық адамды.

 

Түн мен таңның дидары

 

Түн түрген шымылдықтан ай сығалап,

Себеді себезгі нұр сай қуалап,

Мүлгіген тыныштыққа тыным бермей,

Қылықты ай қытықтайды қайқы қабақ.

 

Нұрына мамық түнді шомылдырып,

Түнгі аспан салтанат пен сәнін құрып,

Тұрған шақ шарана жыр іңгәлайды,

Қаламға кеңістікті бағындырып.

 

Лықсып нұр терезеден төгіледі,

Төгіледі, өлең боп өріледі.

Дүрбелең дүниенің дамылдаған,

Сәбидей кейпі қандай керім еді?!

 

Күн мен түн көкжиекті қарауылдап,

Өтіп жатқан өмір-ай, сананы улап,

Уақыт дейтін уағдасыз ұлы керуен,

Уыздай жастығымды барады ұрлап.

 

Осылай күн де, түн де алмасады,

Алмасады, тіршілік жалғасады,

Күшігендей бүретін  күйкі тірлік,

Сорғалап кеп жағаңа жармасады.

 

Таң да атты көз ұшында қылаңданып,

Сылқым ай қия алмайды сылаң қағып,

Тұрлаусыз тұл тіршілік көзін ашты,

Мойнына бақ пен сордан тұмар тағып…

 

Тағзым                                            

 

Абай ақылдың ақыны,

Мағжан ақынның ақыны.                                                                                                    Сәбит Мұқанов.

 

Көк түрік, Күлтегіннің тастарында,

Қашалған қарт тарихым, баста жырға.

Алашым,

Арыс ұлын ұлықтауда,

Азат күн, азат елдің аспанында.

 

Қойнауын заманалар қазсам қозғап,

Қорқыттың қобызындай шерім қозбақ.

Кеңестік кесапаттың салқын желі,

Қызыл қырғын құрбаны Мағжан боздақ.

 

Сасықкөл сағасында сағымданған,

Шолпының сылдырындай сазың қалған.

Абайды арда тұтып, аспан жаққа,

Аққу жыр әуелеткен, Әбілмағжан.

 

Сұңғыла, сұлу жырға назданатын,

Қамшылап қара өлеңнің тарлан атын,

Түбі бір түгел сөзді түрлендіріп,

Түркіні тұтастырған, Мағжан ақын.

 

Сыйғызып кеудесіне жер мен көкті,

Жалғаннан жарық шашып Мағжан кетті.

Құндақтап махаббатын құнды өлеңге,

Көңілде айтылмаған арман кетті.

 

О, Мағжан, озып туған заманынан,

Сазсың төккен шаңқобыз шанағынан.

Адамзат, ақындарды аялай жүр,

Қаймықпай кер заманның қабағынан.

 

Руханият іргесі бұзылмастан,

Дүниеге дүлдүл қанша дүбір қосқан?!

Қызылжар, құшағыңды аш, шайырларға

Марғасқа Мағжандардың ізін басқан.

 

Хантәңір мәңгі мұз бен қар құрсаған,

Өлкемде, жырға қауым бар сусаған.

Алатау аманатпен аттандырды,

Мағжан туған топырақ, тағзым саған!  

 

Тапсырдым

 

Азу білеп,

Қанды ауыз, қасқыр мұң.

Тірестім де,

Күрестім де,

Тықсырдым!

Жүректегі тыныштыққа тығылып,

Қуатымен Құран Кәрім тәпсірдің,

Тағдырымды Тағалама тапсырдым.

 

Қарайлатпа,

Қайыры жоқ тірлікке.

Қойылуы шарт бәріне бір нүкте.

Татар дәмің,

Атар таңың тұрғанда,

Тікте еңсеңді!

Өміріңді сүр!

Күтпе!

 

Әр пенденің пешенесі Хаққа аян,

Хақ танымай, бақыт ешкім таппаған.

Қурай сынбас құзырынсыз құдайдың,

Маңдайыңа бітпес онсыз бақ, баян.

 

Менің санам,

Ғалам, саған байлаулы.

Матап алып, босатпайды ой-қарғы,

Тылсым күш бар тынысымды ашатын,

Сол құдірет тоғыстырар жолдарды.

 

Мен білетін,

Сен білетін,

Шындық бар…

Теперіші,

Қорлығы жоқ құлдық бар...

Хақ танысаң,

Хат танысаң,

Амал қыл.

Ақиқатқа мойын ұсын, шұлғып қал.

 

Маңайлама!

Маған мазаң қашқыр мұң!

Бұғалыққа бас бермеймін, бос кірбің...

Жүрек иіп,

Иманға ұйып,

Тып-тыныш…

Қуатымен Құран Кәрім тәпсірдің,

Тағдырымды тағы Аллама тапсырдым…

2652 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы