• Қоғам
  • 20 Мамыр, 2021

«ТАТУ ЕЛГЕ ТЫНЫШТЫҚ ПЕН ТОҚШЫЛЫҚ НӘСІП»

Мұсылмандықтың биігіне шыққан, ұлтын ұлы державаға айналдырып, адамдық жолында бауырларына бүйірі бұрып тұратын Түркия елінің Қазақстандағы алатын орны жоғары. Түбі бір түркіден шыққан бауырлас екі елдің бір-біріне деген сыйластығы да бөлек. Түркі елдерінің жалпы мақсаты – әлемге адамдық пен бауырмалдықты, ағайындық пен теңдікті, әділдік пен мейірімділікті паш ету. Таяуда өткен Түркі кеңесінің бейресми саммиті осының бірден-бір дәлелі.

Тарихы бір тектен бастау алып, әлемдік аренада танылған ортақ ұлы тұлғаларды дәріптеу, ата-баба ұстанған бірлік жолынан таймай, өткен тарихты құрметтеп, келешекте бауырластық қатынасты жаңа дәрежеге шығару - түркітілдес елдердің бірігуінің негізінде осы жатыр.

Биыл еліміз үшін ерекше мерейлі жыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осы тарихи кезең ішінде Қазақстан кемеліне келіп, әлем елдерімен, соның ішінде бауырлас елдермен жоғары деңгейде қарым-қатынас орнатты.Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына - 29 жыл. Бүгінде екі ел арасындағы достық және бауырластық қатынастар жоғары деңгейде дамуда. «Ежелден еншісі бір, тамырлас, туыс ел» Түркия – Қазақстанның ең жақын әрі сенімді серіктестерінің бірі.

   Жалпы, Түркия – Қазақстанның тәуелсіз-дігін мойындаған алғашқы мемлекет. Екі ел арасындағы ресми дипломатиялық қатынастар 1992 жылдан бастап орнай бастады.

Басты хронологияға көз жүгіртсек:

– 1992 жылы 21 сәуірде Түркия Республикасының бірінші елшісі Аргун Узпай Қазақстанға сенім грамоталарын тапсырды.

– Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы шетелдік миссия Түркия елшілігіне жасалды.

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің алғашқы ресми сапарын Түркияға жасады.

Сыртқы сауда айналымы:

– Түркия 1992 жылдан бастап Қазақстан экономикасына 4,3 млрд АҚШ долларын инвес-тициялады.

– Қазақстан түрік экономикасына 1 миллиард доллардан астам инвестиция құйды.

– Түрік компаниялары Қазақстанда 26 миллиард АҚШ долларына келісімшарттық жобалар жүзеге асырды.

– Қазақстанда 2700 түрік компаниясы жұмыс істейді (шетелдік компаниялардың саны бойынша екінші орында).

Бірлескен жобалар:

– «Түркия стипендиясы» студенттерді оқытуға грант бөлу жобасы (2500-ден астам студент осы бағдарлама бойынша оқиды).

– Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық-аралық қазақ-түрік университеті (Қазақстан бауырлас елдердің жастары үшін бакалавриат бағдарламасы бойынша 50 грант бөледі. Бұл 50 грант «Ясауи стипендиясы» деп аталатын болады).

– Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ-тастық  кеңесі (Түркі кеңесі).

– Халықаралық Түркі академиясы TWESCO.  Түркітілдес мемлекеттер арасындағы ғылыми-гуманитардық интеграцияны дамыту, бауырлас халықтардың тарихи-мәдени мұраларын зерделеу бағытында қызмет жасайды.

   Тағы бір назар аударатын жайт –Түркия Президенті Реджеп Ердоғанның өзіне Абай өлеңін жатқа оқу эстафетасын  жіберген қазақ баласына көрсеткен ілтипаты. Түрік арналары бейнероликті жарыса көрсеткен.Ал Қазақстандағы Түрік елшілігі бірден жас бүлдіршінге құрмет көрсетіп, Түркияның жоғары оқу орнына грант сыйлаған, тіпті Реджеп Ердоғанның сол бүлдіршінмен бейне байланысқа шықпақ ниеті болғанының өзі екі ел арасындағы бауырлық қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін тағы бір дәлелдейді.Сонымен, Түркия Президенті жас бүлдіршінге ғана емес, сол арқылы қазақтың ұлысы Абайды, Абайдың жұрты қазақты сыйлайтындығын көрсетті.

   Бауырлас екі елдің арасындағы достық, сыйластық қарым-қатынас айтпаса да сезіліп тұрады. Ал тегіміз бен дініміздің бір болғандығы бұл қарым-қатынасты одан ары нығайта түсетіндей. Оған екі ел басшыларының сөздері де дәлел. Реджеп Ердоған: «Қазақтар мен түріктердің мемлекеттік шекараларының қиыспайтындығы да, елтаңбаларының бір-біріне ұқсамайтындығы да бір-бірінен бөле алмайды. Біз түбі де, тегі де бір халықпыз. Аталы тұқым ешқашан азып-тозбайды», десе, Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан мен Түркия – ежелден еншісі бір, тамырлас туыс елдер. Арғы тарихта бастауларымыздың, діліміз бен дініміздің ортақтығы бізді одан әрі жақындастыра түседі.Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің құрылуы – осының дәлелі. Мұның бәрі Алтайдан Ақ теңізге дейінгі ұлы далада өз билігін жүргізген бабаларымыздың аманатына адал болғанымыздың белгісі», – дейді.

Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынастар сауда, инвестиция, мәдениет, туризм, медицина, білім, әскери ынтымақтастық және басқа да салаларда өзара тиімді және жан-жақты дамып келе жатыр.

Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи:«Қазақстан –  жас мемлекет, бірақ осы 30 жылдық тәуелсіздіктің артында терең тарихтың жатқанын білеміз. Қазақ мемлекеттігінің Көк түрік мемлекетіне немесе сіздің тілмен Түрік қағанатына ұласқан және одан ертеректен бастау алған тамыры терең тарихқа ие екенін бәрінен бұрын біз, түріктер жақсы білеміз. Себебі, бұл тарихтың маңызды бөлігі –  біздің ортақ тарихымыз. Түркия мен түрік халқы ешқандай жеке мүдде көздеместен Қазақстан мен бауырлас қазақ халқының амандығы мен тыныштығын қалайды. Ата жұртымыз деп санайтын бұл географиядағы Қазақстанның территориялық тұтастығы, бірлігі мен ынтымағын аса қатты бағалаймыз және оның күші мен әлеуеті неғұрлым нығайса, біз де соғұрлым бақытты боламыз», – дейді. Байқап қарасаңыз, халыққа деген шынайы сыйластық дүйім бір ұлттың әр танымал өкілінің сөйлеген сөзінен байқалады. Кез келген түрік мемлекет басшысын және мемлекет басқаруында жүрген шенділердің қай кездегі болмасын пікірін естіп-тыңдасаңыз, онда қазақ халқына, мемлекетіне деген бауырластық ізгі сезімді көресіз. Тіпті, Түркияға барсаңыз да қарапайым түрік халқының өзінен де басқаларға қарағанда тектес, діндес халықтарға деген қарым-қатынасының ерек екенін бірден байқайсыз, жүрегіңіздің түбінен біліп-сезіп тұрасыз, елді еш жатырқамайсыз. Кез келген шынайы сезімді әр адам сөзсіз-ақ сезетіні ақиқат. Ал халықты менсінбеушілікті, «қазақта бұрын мемлекет болмаған, біздің арқамызда жетті, мына жерді біз сыйға тарттық, латын әліпбиіне көшу халықты әуре-сарсаңға салып, дамуды кешеуілдетеді» деген сынды мемлекет тұтастығына қол сұғушы пікірлер барлық болмаса да, жалпы сол жұрт ішінде қалыптасқан ой екендігін көруге болады.  Бұның  барлығы достық, көрші мемлекет деген естімеген, көрмеген күйде бейбіт жолмен жабылып жатса да, халықтың түпкі көкейінде қалады, бұған дейін онсыз да оңды болмаған ой дәрежесіндегі қарым-қатынас жаңа негативті ойлармен толығады. Осы себептен,  Түркия  сынды  Еуропа  мен  Азияда орналасқан, халықаралық дәрежесі мықты бауырлас, тектес елдің бар болуы біздің мемлекет үшін, халық үшін өте маңызды. Ал екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас, маңызды стратегиялық нысандардың (Алматы, Түркістан әуежайлары) құрылыс жұмыстарын басқа емес, түріктердің қолына тапсыру да жалпы халық арасында белгілі бір сенім тудырады.

   Түркия жылына 33-35 млн турист қабылдап жүрген мемлекет. Басты тарихи туристік аймағы – Станбұл қаласы. Түріктер тарихқа, тарихи жәдігерлерге өте қатты көңіл бөледі. Ата-баба жолын ардақтайды. Дінге де дұрыс көзқарас бөлуінің арқасында сауап үшін көмек көрсетуге асығып тұрады. Кез келген істі қиындатпай, керісінше, оңтайландыруға тырысады. Халыққа ыңғайлылық сыйлауды көздейді, бастысы, Заң бәріне бірдей жұмыс істейді. Осы үшін де Түркия экономикасының басты салалары – сауда мен туризм шетелдіктерді жан-жақтан тартуда. Тағы бір айтылуы керек жайт – не нәрсе болса да санға емес, сапаға ден қоюы адамға сенімділік сыйлайды. Сонша ғасыр бұрын салынған зәулім сарайлары мен мешіттерінің бүгінгі күнге дейін жетуі – мықты сапа мен халықтың тарихи құрылыстарды сақтай білуінің арқасы. Осы тұста біздің түрік халқынан үйренеріміз көп, олар да өз кезегінде бізбен туризм бағыты бойынша біріге қуана жұмыс істеуге әзір екендігін жеткізуде.

Себебі, Қазақстан кең байтақ жері мен бір-бірінен ерекше аймақтары бар табиғи, тарихи және мәдени ресурстарға ие ел. Сондықтан туризмді дамытудың орасан зор әлеуеті бар. Шын мәнінде, Қазақстан Маңғыстаудан Шығыс Қазақстанға, Ақмоладан Түркістанға дейін туризм үшін өте қолайлы география мен инфрақұрылымға ие. Сондай-ақ, түркі жұртының ортақ ұлы тұлғасы Ахмет Ясауидің мәңгілік мекені біздің жерде орналасқан. Сондықтан, Түркістан қаласы бауырлас елдердің Қазақстанда рухани сапар жасайтын басты орындарының біріне айналуы әбден мүмкін. Оған мемлекет те бар күшін салуда, Түркі кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан декларациясы қабылданып, Түркістан – түркі елінің рухани астанасы болып бекігені де тегін емес.

Түрік компаниясы тарапынан салынған және басқарылып отырған Түркістан халық-аралық әуежайы облыстың әлем елдерімен байланысын кеңейтіп отыр. Облыста жаңа қонақ үйлердің салынып жатқандығы да бұл тұрғыда өте маңызды функция атқаратыны сөзсіз. Сондай-ақ, рухани және географиялық жақындықты ескере отырып, Түркістан, Самарқанд және Бұхара бағыттарында мәдени турлар ұйымдастырылу көзделуде. Ал бұл өз кезегінде Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия туризмі үшін маңызды қадам болатыны сөзсіз.

Түркия мен Қазақстанның білім саласында айтарлықтай салмақты байланыстар орнап үлгерді. Түркияда бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде білім алғысы келетін шет елдік студенттерге арналған «Түркия стипендиялары» атты ауқымды гранттық бағдарламаға ең көп қызығушылық танытушы ел қатарында Қазақстан тұр. Статистикаға назар аударсақ, бүгінге дейін 4500-ге жуық қазақстандық студент «Түркия стипендиялары» бағдарламасымен Түркияда білім алған. Өткен жылдың өзінде Қазақстаннан 4000-нан аса өтінім қабылданған. Сондықтан, Түркия тарапынан Қазақстанға бөлінетін грант саны да өскен. Осылайша, 2020-2021 оқу жылында тиісті талаптарға сәйкес келген 100 студент осы бағдарламамен Түркияда білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, қазір шамамен 500-ге жуық қазақстандық студент Түркияда гранттық негізде білім алуда.

Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс құрылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де осы саладағы ынтымақтастықтың айқын бір мысалы. Енді алдағы уақытта университет Қазақстан атынан бауырлас халықтарға 50 грант бөлетін болды.

Тілі, тарихы, діні ортақ түрік және қазақ халықтары әрдайым бір-бірін жүрегімен сезініп, түрік-қазақ достығын ғасырлар бойы жалғастырып келген. Түркия басшысы Реджеп Ердоғанның мынадай керемет сөзін жазбай кетпеске болмас: «Қазақстанда біз өзімізді қонақтан гөрі өзінің бабаларының отанына оралған адамдай сезінеміз. Бұл біздің елдеріміздің халықтарының байланыстарына ерекше мән береді. Біз бауырлас халықпыз. Сондықтан да, кез келген саладағы ынтымақтастық біздер үшін зор қуаныш». Біздің де айтпағымыз осы. Мұстафа Шоқай айтпақшы: «Әр түріктің жер бетінде екі отаны бар: бірі – оның туған жері, екіншісі – Түркия». Түбі бір Түркия халқы мен біздің халықтың бір-біріне деген шынайы сыйластығы қашан да биікте тұратындығына екі ел басшылары ғана емес, қарапайым халық та сенеді, соны бар көңілімен қалайды. Себебі, дініміз бір – адамгершілік пен адалдық, тіліміз ұқсас. Тек туған тілдің дәрежесін түріктер сияқты көтеріп алсақ, тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын шынайы қуана тойлап отырар ма едік, кім білсін...

Қазақ халқы – достықты, татулықты бас-ты орынға қоятын ел. Мұсылмандықтың басты шарттарының бірі – араздасқан екі жақты жарастыру. Қазақстанның әлемдік аренада ұстанатын негізгі принципі осы – мемлекеттер арасында бітімгерлік орнату, татуластыру. Түркияның негізгі принципі – шынайы мұсылмандықты лайықты дәрежеге шығару, бауырлас, діндес, тектес мемлекеттер дегенде туыстық қарым-қатынасты асқақтату. Бұл қазіргі экономикалық заманда сирек әрі көп кездесе бермейтін құбылыс. Сондықтан, біз үшін түркі халықтарының, соның ішінде ерекше ықыласқа ие Түркиямен қарым-қатынасымызды осындай туыстық дәрежеде сақтап, оны дамыта түсу аса маңызды. Себебі, бақ та ынтымағы жарасқан елге қонады, ал «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» депті Күлтегін бабамыз...

Аяулым Салықжанова

 

2616 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №9

28 Қыркүйек, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы