• Айтарым бар...
  • 30 Қыркүйек, 2020

ЧОЛПОН

Қуанышбек Тоқтасынұлы

Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де Алматының көк базарындағы сол бір кездесу еш ойымнан кетер емес, тіпті ұмытылмайды да. Уақыттың нұсқауымен бүгінде өзім де алматылық болдым. Жолым түсіп, сол жаққа бара қалсам, ештеңе алмасам да Көк базарға соға кетем. Кіремін де балкон тектес екінші қабатына көтеріліп, жастық шағымның елесіне айналған Чолпон өрік сатып тұрған орынға қарап ұзақ тұрам. Сол кездегі аз уақыттық бақытты күндерімді қайта бір ой елегінен өткізем.
... Мектеп бітірген соң қатарластарымнан қалмай оқуға тапсыру үшін мен де сол кездегі ең үлкен қала астанамыз Алматыға келдім. Сыныптастарымның бірі университет, екіншісі институт, үшіншісі техникум, төртіншісі училищелерге құжаттарын тапсырып қалаға сіңіп кеткен. Жасымнан табиғаты тамылжыған тау қойнауында өстім. Мың түрлі бояуы үнемі көз алдымнан кетпейтін. Қайда қарасаң да көз тойғысыз көркем көрініс. Осының барлығы менің ой-санамды баурап алғалы қашан. Арманым – суретші болу. Мен бала шағымнан қиялымның қанаты болған ҚазПИ-дің «Көркем сурет графика» факультетіне құжатттарымды тапсырдым. Бір ғана медбайқаудан өтудің өзі оңайға соқққан жоқ. Қазіргідей аудандық ауруханадан ақша ұсынып, мөрді бастырып-бастырып, дайын меданықтама алатын заман емес. Әр бөлімнен сағаттап тұрып, шынайы тексеруден өтесің. Тексерілу уақытың аптаға созылуы мүмкін. Кінәратың болса кешірім жоқ, құры қол қайтасың. Арманың адыра қалады. Оқуға құжатттарымды тапсырып тастап, көңілімді бір демдедім. Емтиханға дейін біраз уақыт бар, тек жатпай-тұрмай сынаққа дайындалу керек. Солай етіп жүрмін де. Мектепте тәуір оқығандықтан біліміме деген сенімім де жоқ емес. «Жетімбұрыш» арқылы тапқан пәтерім де қаланың бір қияндағы қуысында. Соның да табылғанына тәубе дейсің. Әйтпесе, орталыққа жақын-жуық пәтер дейтіндерің түгел республиканың төрт бұрышынан келген талапкерлерге лық толып болған. Бөлме табылмағандары жаздың күні болғандықтан төбесі жабық басқалқаға да ризашылық еткен. Менің бір танысым бір жігіт екеуі тауыққорада тұрғанын да көргенбіз. «Жетімбұрышта» екеуінің қиналғанын көріп, «қамқор» орыс апалары екеуін үйіне ертіп барып, төбесі жабық бұрынғы тауыққораны су шашып жақсылап сыпырып, екі теміртөсек қойып береді. «Міне, енді қиналмай жата бересіңдер, пәтер деген осы» дейді. Түнімен қандала талап, ертесі денелері мен беттері қызарып, безеубеттеніп жүретін. Қойшы, сонымен алғаш келгендегідей емес, «ет үйреніп», қала аралайтын болдым. Жексенбі күні сыныптас досым Мұрат екеуміз Көк базарды аралап жүргенбіз. Жәй қызығушылық. Өмірімізде жеміс-жидек пен көктаттың мұншама мол түрін көрмеген біздер үшін бәрі таң.
«Ыстықкөл абрикосы» деп жазылған сөренең қасындағы өрік сатушыға да келдік. Үлкендігі кішігірім алмадай сап-сары өріктер көздің жауын алады. Сатушы талдырмаш ғана, жүзі дөп-дөңгелек қараторы қыз. Сұлу дегенге келмес, бірақ сүйкімді. Әлгі өзіміз құралпылас қызға бола біраз аялдап қалдық. Өрік алады деген ойда болса керек, «алыңыздар, тәтті өрік» деді күлімсірей қырғыз тілінде. Қарақат көзімен жәудірей қарайды. «Сізден де тәтті ме?» дедім қалжыңдап. Екі бетіне қан ойнап сыңғырлай күлді. Ұяңдығы да жүзіне ойнап, шыға келді. Менің тәтті сөзіме риза болып қалса керек, «мә, жеңіздер» деп екі тал өрік берді. Әрнені айтып тағы біраз тұрдым. Мұрат жылыстап кеткен.
– Атыңыз кім?
– Чолпон! – Екпін бере өз тілінде айтқаны біртүрлі қызық естіледі екен. Мен де өз есімімді айттым. Жаңа тілі шыққан сәбиге ұқсап шүлдірлегені қызықтырып барады. «Аспандағы Шолпанды қасыңнан көрген қандай керемет» деп, тағы бір риза ғып қойдым. Екеуміздің жақындығымыз осылай басталды. Жиі келер тұрақты мекеніме айналды. Алғашқы күндегідей емес, қасында үнемі ағасы болады. Екінші күні қасынан өткен болдым да, көзіммен ақырын қарсы алдындағы екінші қабатты нұсқадым. Енді өзім сол жерге шығып алдым да, қарсы алдында жоғарыдан қарап тұрмын. Бір уақытта қолына өріктен босаған жәшікті алып, далаға қарай жүрді. Мен алдынан шығып, қатарласа кеттім. Даладағы жеңіл машиналарына барып қайтты. Базарға кіргенше әңгімелестік. Мен ертең тағы да келетінімді айттым. Ертесіне келем де екінші қабаттан қарап тұрам. Ол да елеңдеп, жоғарыға қарағыштай береді. Мені көрген бойда ағасынан қалайда сытылып шығуға тырысады. Әйтеуір, бір уақытта табысамыз-ау. Сондағы кездесу уақытымыз 15-20 минуттың төңірегі. Соның өзі көңілімізге үлкен медеу. Бір күні ол «бүгін ағам кешке қарай өрік алып келуге Ыстықкөлге кетеді. Мен пәтерде қаламын, ертең боспын» дегені. Мұндай қуанбаспын. Ертесі таңертең Көк базардың қасында кездестік. Алдымен «Панфиловшылар саябағында» серуендеп біраз жүрдік. Өзімше мен болашақта осында оқимын деп саябақтың ар жағындағы ҚазПИ-ді көрсеттім. Содан соң Горький атындағы саябақты аралаттым. Мен үшін құдды бұл әлемде екеумізден басқа жан жоқтай. Еркіндік. Қолынан жетектеп алғанмын. Мақтаныш сезімі көкірегімді кернеп тұр. Ол күні не айтылмады дейсің. Болашақта суретші болатыным, оның неше түрлі суретін салатынымды, өмірде екеуміз бақытты болатынымызға дейін айтылды. Ол өзінің болашақта мұғалім болатынын тілге тиек етті. Несі бар, бір үйде бір суретші, бір мұғалім болса жақсы емес пе деп қоямын. Сол кездегі Алматы қонақтарының ең көп баратын орындарының бірі «Көктөбе» мен «Медеу мұз айдынын» айтқанымда, «көп кешіксем қасымдағылар ағама айтып қояды» деп келісімін бермеді. Оны тамашалауды өзімізше кейінге қалдырдық. Ол өзі туып-өскен Ыстықкөл өлкесін әңгімеледі. Мен Алматыдан бастап өз өлкемді, ұлы Іле өзенін айттым. Шын түсініскен жандардың әңгімесі таусылмайды.
Мен оқудың алғашқы сынағынан-ақ сүріндім. Шығарманы тәп-тәуір-ақ жазғаныма сенімді едім. Бұл қалай деп сұрағанымда, «бала, әлі жассың, алдағы жылы дайындалып кел» деген жауап алдым. «Кісідегінің кілті аспанда» дегеннен басқа қолдан келер шара жоқ. Қалған ендігі жұмысым Чолпон. Күнде базарға барып, екінші қабаттан оған қарап тұрам. Оның да екі көзі менде. Ол да сататын саудалары бітіп, еліне қайтты. Құдды бір айдалада жалғыз қалғандай құлазыдым. Содан кейін мен де қалада аялдағаным жоқ. Енді екеуміздің арамызды сағыныш пен арманға толы хаттар жалғастырды. Мен Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеу үшін Ресейге аттандым. Ол жерде де сарқылмас сағынышты хаттар қарлығаш болып әрлі-берлі ұшып жатты. Ол өзі арман еткен пединститутқа оқуға түсті. Менің әскери борышымның екінші жылы болатын. Араға екі-үш ай салып Чолпонның құрбысынан хат келді. Хатта не түрлі жұбатулар, әлі де жас екенім, жақсы қыз табылатыны айтыла келіп, Чолпонның дәстүр бойынша үлкендердің қалауымен еріксіз тұрмысқа шыққаны айтылыпты. Өзінің жүрегі дауаламай, өтініші бойынша құрбысы хат жазған екен. Міне, екеуміздің жолымыз осылай екі айырылды. Ал менің жүрегімде ұмытылмастай болып мәңгіге қалып қойды.

549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы