• Қоғам
  • 31 Шілде, 2020

ДІНИ АҒЫМДАР ҚЫЗУ ІСКЕ КІРІСЕ БАСТАҒАН СЫҢАЙЛЫ

Ермек  Құрманғалитегі

Кеше түсте көлігімнің терезесіне қыстырып кеткен конверт тауып алдым. Ашып оқысам христиан бағытындағы діни ағымның дүмше діндарларының "өсиет хаты" екен. Жалпы мазмұны мына болып жатқан оқиғалар-дың барлығы да солардың құдайларына сыйынбағандықтан болып жатыр екен-мыс. Жазуларына қарасаң кәнігі психологтар ма дерсің. Адамдарды жанды жерлерінен ұстауға тырысады. Айтуларынша мына індет ақырзаманның белгісі және олардың теріс ағымдарына кіріп, құдайларына сыйынсам ғана вирус жұқпай мына індеттен аман қалады екенмін. Ақырзаман болғанда да аман қалатын тек қана солар ғана екен. Ең соңында өздерінің интернеттегі сілтемелерін қалдырып, жылы қоштасыпты. Айналама дұрыстап қарасам қатар тұрған бірнеше мәшиненің терезесінде қыстырылған осындай хаттарды байқадым. Көлемі екі бетке жуық хатты ерінбей жалықпай қаламсаппен көшіріп жазып шыққанына таң қалдым. Бірақ, өзін жарып жіберуден де тайсалмайтын, діни аддикцияға ұшыраған "зомбилардан" бәрін де күтуге болады. Ал кешке азық-түлік алайын деп дүкенге кірсем, кетпен сақал қысқа балақ псевдосалафит жігітті кездестірдім. Ауру тарап жатыр ғой, бетіңе неге маска киіп сақтанбайсың", – десем- мен Аллаhқа ғана тәуекел етемін, үйден дұға оқып шыққанмын, еркекке бет жүзін жасыруды Алла әмір етпеген, – деп қарап тұр... Өткен жолы төтенше жағдай кезінде "өкіметке жұмыс істемейміз, олардан ештеңе сұрамаймыз" деп қиялындағы халифат елесімен ауыратын, Алла өздеріне барлығын аспаннан "прямой" жіберіп тұрғандай көкитін "сотка шұқылағыш" әсіредіншілдердің көпшілігі карантин жағдайында жұмыссыз қалды. Алайда 42500 теңгені қалай алсақ болады деп шуласып жатқандарын көзіміз көрді. "Сендерге бұл мемлекет ақшадан тарыққан кезде ғана керек екен ғой" деп беттеріне басайын ба деп бір оқталдым да, ол ойымнан қайттым. "Жұмыссыз жанға бұл да біршама көмек қой, мүмкін осы арқылы олардың еліне, отанына деген сүйіспеншіліктері оянатын, сенімі қайта қалыптасатын шығар деп ойладым да қойдым. Ал енді бүгін мессенджер арқылы келген хабар-ламаны оқысам исламның псевдосалафилік ағымның өкілдерінен келген екен. Мазмұны жағынан әлгі христиандық ағымнан еш айырмасы жоқ. Яғни вирус кезінде тез арада тәубесіне келмегендерді Алла мына дүниеде коронвируспен, ал о дүниеде тозақпен жазалайды екен-мыс. Үкімет пен халық індетпен қалай күресе-міз деп бас қатырып жатса, теріс діни ағым-дардың жақтаушылары жағдайды өз арам мақсаттарына пайдаланып, бойына қорқыныш ұялаған адамдарды интернет арқылы өз қатарларына осылай тартуға тырысуда. Сақ болайық!

527 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы