• Әдебиет әлемі
  • 01 Мамыр, 2020

Тәрбиеші – тәрбиенің тірегі

Тәрбиеші – мектепке дейінгі баланың тәрбие мен білім негізін қалайтын іргетасы. Әрбір ғимарат іргетастың үстінде қаланады. Ғимараттың берік, мықты болуы үшін бастапқы негізді қадағалау керек. Бұл дегеніміз, бала 6 жасқа дейін жарық дүниені танумен, зерттеумен болады. Көкейінде түрлі сұрақтар туындап, оған жауап іздеу арқылы қоршаған ортаға үйрене бастайды. Бұл жастағы бала естіп-білгенді ғана емес, көзбен көргенді үйреніп, дағдыланатын болады. Келешекте титтей сілкіністен-ақ баланың болашағы қирап қалмас үшін, оның түпнегізі – тәрбиесі мен сауатына үлкен мән беру керек. Себебі рухани құндылықтарды, адами қасиеттерді игере алған баланың өмір ағысында алдынан не шықса да, кез-келген қиындыққа төтеп береді.

Бала – тәлім-тәрбиені, махаббатты қажет ететін ғажайып жаратылыс иесі. Оны тұлға ретінде қалыптастыруда ата-ананың, тәрбиешінің, ұстаздың, қоғамның ықпалы зор. Көзі ашық, көкірегі ояу, саналы ұрпақты тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Себебі Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Келешек жастардың қолында»,- деп, жастарға көп үміт артады. Тәрбиеші – тәрбиенің тірегі. Мағжан Жұмабаевтың «ПЕДАГОГИКА» еңбегінің алғы сөзі: «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі» деген керемет ұлағатты сөздерден бастау алады. Мұғалім, тәрбиеші, педагог титулына ие болған жандарды ерекше құрметке бөлеп, қоғамның бетке ұстар ұлы тұлғалары ретінде жас ұрпаққа дәріптейді. Шынымен де, жалпы жұртты, қоғамды, түрлі мамандықты қалам ұстағаннан бастап, ана тілімізге бойымызды баулып, тәрбиелеп жеткізетіні мақтауға лайық. Қай заман ағымы болмасын, әрқашан ұстаздық етер, еңбекқор жандар қоғамға керек. Бұл жандар – қоғамды тәрбиелеуші. Қазақ халқында мән-мағынасы құтты жақұтқа толы асыл сөздер қатары өте көп. Соның бірі – М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі тәрбиеші ретінде елдің келешегі үшін саналы ұрпақты тәрбиелеу керек екендігін еске салып отыратындай. Бала бойы-на қазақ халқының салт-дәстүрін, ана тілін дарытып, патриоттық сезімін оятып, келешек үшін аянбай еңбек ететін жандарды тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік, ел алдындағы, ата-баба алдындағы міндет, аманат. Салауатты, сауатты ұрпақты қалаған, сол үшін аянбай еңбек еткен ұлт зиялыларының аманатына қиянат жасау – дұрыс емес-ті. Бала мен ата-анаға, педагогқа арналған теңеулер, нақыл сөздер өте көп. Мысалы, баланы балапан деп алсақ, асыраушы, қамқоршы, тәрбиелеуші – ата-анасы, тәрбиешісі болады. Балапанның қанаты берік, машықталған, өзін-өзі қаматамасыз ете алу үшін, бұл жандарға ұяда бар жағдайды жасап, өмір деген алып күре жолға дайындап, тәрбиелеп, дағдылап, үйрету керек. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – деген ұлағатты сөз бекер айтылмаса керек. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» туындысын оқып, үлкен азық болар үлгі-өнеге алдым. Аталмыш туынды өмірде қандай тәлімгердің болу керектігін, қалай аяулы ана, білікті тәрбиеші болуды үйретеді. «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне, осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын». Өнегелі ұрпақты тәрбиелеу үшін осы парыздарды орындау шарт. «Педагогика – грек елінің сөзі. Пед – бала, агоги – жетектеу деген екі сөзден құралған». Баланы тура жолға жетектеу. Шынымен де, тәрбиеші таңның атысы мен кештің батқанына дейін баланы тәрбиелеп, жетектеумен болады. 4 уақыт тамақтанған сайын асты батамен бастап, дұрыс тамақтану әдебін үйренеді. Үлкендерге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Тұла бойын билеген туа бітті өнерін халыққа паш етуді үйренеді. Түрлі ертеңгіліктерде бой көрсетіп, жасқанбауды үйретеді. Ең бастысы – тұлға болып қалыптасуға, ата-ананы, қоршаған ортаны құрметтеп, сыйлауға, адал еңбектенуге үйренеді. «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» – дейді Ж.Аймауытов. Баланы тәрбиелеу келешекті тәрбиелеумен тең.

Салтанат Байбарақова

796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы