• Әдебиет әлемі
  • 28 Маусым, 2018

«Маңмаңгер»-дің шырқалуы

Ғұмырлық екі дос Дидахмет Әшімхан мен Әлібек Асқаров Дидахмет өмірден өтерден аз бұрын Алтайға барып, Ұранқайды аралап, Сайтан көпірмен сырласып қайтқан екен. Сол бір ұмытылмас шақты Дидахмет өмірден өтерде өлең ғып қағазға түсіріп, қалдырып кетіпті.    Осы бір өмірдің айшықты сәтін бейнелеген көрініс Әлібектің архивінен табылыпты. Қаламгер анда-санда өлең жазатын прозашы досының жан сырын «Үркер» оқырмандарына ұсынып отыр.

«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда, Жүйрік жоқ сенен озған құлын, тайда...» Әлібек ән салады «Маңмаңгерлеп», Келеміз Алтай асып Ұраңқайға.

Ал маған өлең қайда, әнің қайда, Аяқты аңдап бассам – соным пайда. Ит өлгенге жаяулап нем бар деймін, Әкем басы қалып па ед Ұраңқайда.

Елсіз жер, иесіз тау айналамыз, Ну орман, қалың тоғай сай-салаңыз. Адамды аю жеген талай рет, Тегінде бұл Алтаймен ойнамаңыз.

«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда, Жүйрік жоқ сенен озған құлын, тайда». Таусылмас осы екі жол ән боп келед, Бұл шіркін қайталаудан жалықпай ма? Жалықпай ма, ән сөзін жалғамай ма, Аһ ұрып Ақан салған «арман-айға». Аса алмай «майда жал» мен «құлын-тайдан» Құрғыр-ай, жетпей қойды-ау «қалқатайға».

Арқырап асау Қаба ағар сайда, Бұл өзен атышулы Өр Алтайда, Әлібек ән салғанда тербеледі, Солқылдап Сайтан көпір сонадайда.

«Ау, Аспан, жаның қайда, малың қайда, Қарманып ұстап қалған талың қайда?» Жазарда «Сайтан көпір».... осы сайда, Оралхан салып еді-ау бар айқайға.

«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда, Жүйрік жоқ сенен озған құлын, тайда». Әлібек маңмаң басып ән салады, Жете алмай «Маңмаңгерден» «Бурылтайға».

Ақыры, таудан астық жаяулатып, Таудан асты күн-дағы баяу батып. Жеткенде жағасына Марқакөлдің, Әлібек әнін үзген баяулатып.

Әншейінде «әу» демес Әлекеңнің, Сондағы өнеріне таң екенмін. Қулығын түсінбеген достың-дағы, Мен онда ашық ауыз бала екенмін.

-«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда», «Әлеке-ау, баяғыдай әнің қайда?» Дегенде Әлібегім күлсін келіп, Сырымды айтайын деп осындайда.

-Жетіскеннен мен сонда ән салдым ба? Еріккеннен тылсымға жан салдым ба? Үнсіз келе жатқанда... аю, қасқыр Шыға келсе қайтер ең қарсы алдыңда.

«Маңмаңгерге» басып бір барымменен, Мен оларды үркіттім әнімменен. Тау мен тасты жаңғыртып ән салмасам, Қоштасар ең сол күні жаныңменен.

Қауіп бар әр адамның қадамында, Қан жылайсың Ай мен Күн аманында. Ей, Әлеке, әніңмен қорғай жүрші, Енді мені аюлар заманында.

Дидахмет Әшімхан

467 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы