• Әдебиет әлемі
  • 21 Шілде, 2017

ӨЗІМІЗДІ ІЗДЕЙМІЗ САБЫЛУМЕН...

Мөлдiр Райымбекова 1992 жылы 4 қыркүйекте Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Тараз мемлекеттiк педагогикалық институтын тәмам-даған. Өлеңдері журналымызда алғаш рет жарияланып отыр.   Ойлар Өздi-өзiммен кей-кейде күбiрлесiп, Өтiп жатыр күндерге күн iлесiп. Менi қойшы, көнермiн, Көндiккенмiн, Тыншытпайтын ойлар ғой, дүбiрлесiп. Шарқ ұратын, Судағы шағаладай, Жүрегiме бiр тыным табам қалай?! Мен, әйтеуiр, мезгiлге өкпелiмiн, Жүрмiн бе, әлде, сәттердi бағаламай? Қарығанда жанымды күздiң демi, Көктемдi аңсап, Көңiлiм үздiгедi. Қараша ауып, бұлт көшiп, күттiрген күн, Келер, бәлкiм, кiм бiледi? Түпсiз терең, батырып тұңғиыққа, Ендi бiрде қондырып Күндi иыққа, Желмаясы Ойлардың адастырмай, Жетер, бәлкiм, түбi бiр Жерұйыққа. *** Түйдек-түйдек бұлт көшкенде аспаннан, Түйiр тасқа тамшы болып жас тамған. Көңiлiммен арқа сүйеп жартасқа, Жүрегiммен топырақты жастанғам. Солай, солай... Сезесiң бе күйiмдi, Жаным талай аярлыққа күйiндi. Бiр Құдiрет тарқатарын бiлемiн, Санадағы шырматылған түйiндi. Сыбызғыдай сыңсып тұрған iшiмде, Арзуым бар, түсiн, мейлi, түсiнбе. Қанша тiлек көкке ұшты ғайып боп, Қалыбына сыймайтұғын пiшiнде. Нұрлы шуақ iздегенде жанарым, Жақсылардың жанарына қарадым. Тазалықты, дархандықты, өрлiктi, Кең даланың құшағынан табамын. Маңған шақта батысына келте күн, Кiрпiк қағып оянады ерке түн. Мен баяғы, үмiт, күдiк - шанағы, Көкiректiң қылқобызын шертемiн. Тұнжыр түнде Тұнжыр түнде қиылып ай қабағы, Сүттей сәуле теңiзде шайқалады. Мүлгiген тыныштықтың ырғағымен, Аласұрған көңiлiм жай табады. Толқындардай ойларым тербетiлiп, Бiрде үнсiз күрсiнем, бiрде күлiп. Сая таппай көктен де, ғайыптан да, Бұлқынады сезiмдер жер бетiлiк. Ең аяулы сәттерiм жырақтаған, Жанды тербеп, жұлдызға сыр ақтарам. Сағынышқа айналған бұла күндер, Жүрегiмнiң төрiне тұрақтаған. Бұлбұл- дәурен Көмейiне алғандай лағыл жұтып, Бұлбұл-дәурен өтедi-ау тамылжытып. Ойнақтайды уақыт ырық бермей, Жорғалатып жылдарды, жалын тұтып. Асауын-ай арманның, алқындырып, Шабуын-ай алысқа талпындырып. Бұла көңiл көнбейдi-ау бұғалыққа, Құба белден асса да жалын бүркiп... Жалын бүркiп от-сезiм алауынан, Жаңылмайды жан бiткен қалауынан. Өзiмiздi iздеймiз сабылумен, Өмiр атты кiтаптың тарауынан. Қоңыр күзде Сұр тұманмен сұрғылттанып сары бақ, Жел еседi, Қара желдiң демi - сыз. Қоңыр күзде қоңырайып, жабырқап, Күтiп жүрмiн! Ненi, кiмдi белгiсiз... Түрлi-түрлi түске енiп, құбылып, Жылт етедi, Жапырақтай бiр үмiт. Жаңғырығы секiлденiп кеуденiң, Iшкi дауыс күбiрлейдi құмығып. Күрсiнiсiн сыңары етiп жанымның, Күркiресiн Аспан мейлi, күз мейлi. Елесiне бойласа да сағымның, Көңiл, шiркiн, еш күдерiн үзбейдi!.. Сағыныш боп Сарғыш тартқан жапырақпен сырласып, Қиялыммен қанат қағам қырды асып. Сағыныш боп шертiлердей бар әлем, Қос iшектiң күмбiрiне ұласып. Айдын көлдiң ақ буынан түзiлiп, Бұйра бұлттар жөңкiледi тiзiлiп. Сағыныш боп себелейдi ақ жауын, Тамшылары ақ моншақтай үзiлiп. Нұр боп жауған, шық боп тұнған тамшылар, Көздi арбайды, бiр сиқыры бар шығар?! Қоңыр әуен бұлқынады кеудеде, Сағынышты арқау етер ән шығар... Жолдар Жолдар, Жолдар... Қайда жетiп кiдiредi бiлмеймiн, Кiдiргенше кiрпiгiмдi iлмеймiн. Жанарымнан ыршып түскен ұрланып, Бiр тамшыны көрсем-дағы көрмеймiн. Мейлi, мейлi, Бәлкiм мұны дейтiн болар - алданыш?! Өмiр ғой бұл,-үмiт, күдiк, арпалыс. Соқпағына салып алып өзiнiң, Ескертусiз күтер алдан қалтарыс. Ойдым-ойдым, Иiндер бар, асу бермес өткелдер, Сағым болып мұнартады көк белдер. Күзi мұңды, жазы да бар шуақты, Бiр-бiрiне ұқсамайтын көктемдер. Шұғылалы Бiр жарыққа жету шығар талабым, Мен түбiнде даңғыл жолды табамын. Айдың күмiс сәулесiне шомылып, Мақпал түнге маңып кетiп барамын... Ақ ұлпа қар Ақ ұлпа қар, аппақ қар ұшқындаған, Ақ аспаннан қылаулап ұштың маған. Жау, жауа түс, ағартып жердiң бетiн, Тазалықты өзiңнен ұқсын ғалам. Аққу құстай, кiршiксiз көгiлдiрдей, Ақ дүние тұра ма өңiн бермей?! Алақанның ерисiң жылуына, Мейiрiмге шөлдеген көңiлдердей. Ақ ұлпа қар, мамық қар, мақтадайын, Кiр жұқпасын жандағы аққа дәйiм. Қарашыққа сiңiрiп ақ сәуленi, Жарық дүние, өзiңнен бақ табамын. Аппақ сәуле жанға нұр құяды да, Жыр тулайды, жүректен күй ағыла. Ақ ұлпа қар, сендегi аппақ әлем, Қара жердiң төсiне сыяды ма?! Қарашығы секiлденiп даланың... Қарашығы секiлденiп даланың, Мөлдiрейдi, мөлдiреген қара түн. Көкке ұмсынып көгершiндей армандар, Шарқ ұрады қағып-қағып қанатын. Дауа болмай жүректегi сезiмге, Сарқылғандай бұл күндерi төзiм де. Жанарымда көлкiп тұрған тамшыдай, Ай билейдi толқындардың көзiнде. Мезгiл ұрлап жүзiмдегi күлкiмдi, Кiнәмшiлдеу болып алдым бiртүрлi. Сызаттанып белгi берсе бiр таңым, Түрiлер ме түпсiз түннiң түңлiгi. Бойлатып ап аңсап күткен шақтарға, Бұлыңғырлау соқпақ-жолдар жатты алда. Дәрменсiздiк меңдеп алған жанымдай, Үнсiз, тiлсiз мүлгитiндей бақтар да. Жайлағандай жер бетiнде нала-мұң, Күңiренiп күрсiне ме қара түн? Аппақ жұлдыз ағып түстi аспаннан, Тамып түстi көз жасындай даланың... Үмiтiм Көңiлдiң серпiп тастап мұң-наласын, Жауқазындай, үмiтiм, бүр жарасың. Өзiң болдың сенерiм, тiлейтiнiм, Кеудедегi жұмыр ет сыздағасын. Мән қашқандай қапыда күндерiмнен, Күзгi аспандай мезгiлсiз түнерiп ем... Сейiлтесiң тұманды бойымдағы, Шуақ болып шашылып жүрегiмнен. Құм сiңiрiп жанымның тамшыларын, Талай-талай өзiмдi қамшыладым. Қарлығаштай көктеммен оралатын, Ең киелi, қастерлi шамшырағым, Үмiтiм. Қажығанда, iшкi ой өтелмей шын, Қанат болып биiкке жетелейсiң. Арасында жетi қат көк пен жердiң, Перiште боп, сен сiрә, мекендейсiң... Асылдар Өтсе де қандай заманалар мен дәуiрлер, Өтсе де қанша мыңжылдықтар мен ғасырлар, Тарлығы басым жалғанға мынау шектеулi, Сыя да алмай өтедi екен ғой асылдар. Қорқаулықтардың табылмай, әсте, бiр емi, Құзғындай болып құзарда сақ-сақ күледi. ... Тұсалып текке өтедi екен ғой жасындар, Өртенiп iштей, дерттенiп iштей жүрегi. Бөрiдей ұлып, Ұлылылық iздеп сарылып, Қырандай қалқып, қыран тектеске зарығып, Өтедi екен ғой, өтедi екен ғой асылдар, Ғаламнан мына, заманнан мына зар ұғып.

442 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы