• Қоғам
  • 20 Маусым, 2017

ЕКІ ЖҰЛДЫЗ – ҚОС ЖАРЫҚ НҰР КӨКТЕГІ

Жер жәннаты атанған Жетісудың қақ төрінде, әлемдегі ең әсем қалалардың бірі Алматының көрнекті жерінде оңтүстік астананың көркіне көрік қосып, аспанмен таласқан он екі қабат қос әсем ғимарат бой көтергелі көп болған жоқ. Иә, тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде қаламыз да, даламыз да адам танымастай өзгерді. Әркім әр қырынан дамып, өсіп, толысты. Осындай көп қабатты үйлерді сатып алып немесе жаңадан салып, сосын саудаға салып не жалға беріп, күнкөріс, табыс көзіне айналдырушылар қаншама? Бірақ, біз таныстырғалы отырған бұл қос ғимарат пен оның иелерінің арман-мақсаты, бағыт-бағдары мүлдем бөлек. Елімізге қажетті заң, қаржы мамандарын даярлайтын оқу орны мен жатақхана осы Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының студенттерінің жан-жақты, терең, сапалы, алаңсыз білім алуына арналса, көздеген мақсаттарын жүзеге асыру жолында бар күш жігерін, қажыр-қайратын сарп етіп, қажетті алғы шарттарды білімді, білікті түрде ұйымдастырып, жүзеге асырған Өмірәлі Шакарапұлы Жалаири мен оның зайыбы Дарханбаева Кәшипа Рахымбекқызы заңгерлер академиясының еліміздегі ең үздік, таңдаулы оқу орындарының біріне айналуына қол жеткізді десе де болады. Бұған 2016-2017 жылы қабылданған студенттер саны да куә болатындай. Республикамыздағы заңгерлерді даярлайтын жалғыз жекеменшік жоғары оқу орны болғандықтан да шығар, бұл академияға мемлекеттік грант бөлінбейді. Соған қарамастан қазіргі қаржы тапшылығы заманында осы білім ордасында оқығысы келетін ұлдарымыз бен қыздарымыздың саны басқа оқу орындарынан әлденеше есе артық: кейбір университеттерде 2016-2017 оқу жылына 50-60 студент қабылданса, аталмыш академияға 600 зейінді жас оқуға түсіпті. Ал, биыл ҚР Бас прокуратурасы өздеріне жұмысқа тұруға өтініш берген екі мың заңгер жастардың жиырмасын іріктеп алса, солардың үштен бірге жуығы қонаевтық түлектер екен. Бұл тәуелсіздіктің тамаша бір құбылысы іспетті. Талдықорған аймағында дүниеге келген Өмірәлінің еңбек кітапшасы «математика пәнінің мұғалімі» деген ардақты атаумен басталады. Табиғи зеректігі, қабылеттілігінің арқасында туған ауылы Буденныйдағы, қазіргі Беріктастағы сегіз жылдық мектепте орта мектепті тәмамдаған беті, арнайы дипломы болмаса да 5-8 сынып оқушыларына алгебра, геометрия, физикадан сабақ берді. Сосын әскерге шақырылды. Бурят Автономиялық республикасында сержанттық курста оқығанда ақкөңіл, кішіпейіл, өз ісіне мығым, тапсырған істі тап-тұйнақтай қылып орындайтын тындырымды, елгезек, еңбекқорлығымен көзге түсіп, 2 жыл бөлімше командирі болды, әскери қызметін жақсы атқарғаны үшін «Фашистік Германияны жеңуіне жиырма жыл» деген медальмен, құрмет грамоталарымен наградталды, партияға қабылданды. Бұл сол заман жастары үшін үлкен жетістік еді. Әскерден оралған соң Талдықорған облыстық ішкі істер бөлімінде жұмыс істеп, көп ұзамай Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Осы жоғары оқу орнын бітірген соң сол кездегі ғылыми сатылардың бәрінен өтеді: аспирантура, ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Жастайынан ілімге құштар Өмірәліге сүйген жары Кәшипа да қолдау көрсетіп, оның білімді, зиялы, көзі ашық адам болғанын қалайтын. Екеуі де материалдық игілікпен шектеліп қалмай, рухани, ғылыми жағынан да дамып, озық ойлы азаматқа айналу үшін терең білім алу керектігін түсінетін. Өмірәлінің кандидаттық диссертация-сының алғашқы ғылыми оппоненті Кеңес Одағының ірі ғалымы, КСРО Ғылым Академиясы мемлекет және құқық институтының директорының орынбасары А.Е.Лунев болды. 1980 жылы КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы шолу жасағанда Өмірәлі Қажыбайұлының диссертациялық жұмысы Кеңес заң ғылымдарының дамуына маңызды үлес қосатын, ғылыми жұмыстардың ішіндегі ең үздігі болып танылды. Қоғамның тыныс-тіршілігін зерттей келе Қазақстан аумағында салынса да республика ауқымынан шығып, Одақтық мәртебе алған, сол кездегі КСРО мемлекетінің жоғары басшылығына ғана бағынатын ірі кәсіпорындардың тым еркінсуінен өз республикасы зиян шегетінін түсінді. Олар неге ерке баладай шолжаңдауы керек? Өздері орналасқан аймақтың билік орындарымен неге санаспасқа? Сөйтіп, Өмірәлі Шакарапұлы «Облыстық атқару комитеттері және олардың өздеріне бағынбайтын кәсіпорындармен қарым-қатынасы» деген тақырыпты таңдап, осы екі саланың өзара қарым-қатынастарына тоқталды. Мұндай мәселені көтеру зерттеушінің қырағылығын, ел үшін күйіне білер отансүйгіштігін, батылдығын көрсетеді. Тынымсыз ізденіс, көз майын тауысар, миға қатты салмақ түсірер зерттеулер, қажетті деректерді таба білу және айта алар біліктілік нәтижесінде қазақтың жас ғалымы одақтық деңгейдегі атақты ғалымдардың құрмет-қошаметіне бөленді. Тәуелсіздікпен бірге ұлы жаңалықтар ілесе келді. Бір қалыпты, бұйығы, бей-жай маужыраған қоғам көктемгі нөсерден кейін дүркірей шыққан қыр гүлдеріне бөленген кең даладай түлеп сала берді. Бір мемлекет құлап, оның орнына оннан аса тәуелсіз республикалар құрылып, бұрын болмаған, мүлдем жаңа қоғамдық жүйеге көшкен кезде ауыртпалықтарды халықпен бірдей көтерген Өмірәлі мырза мен Кәшипа ханым зиялы қауымның біразы күнкөріс үшін саудаға кеткенде сүйікті мамандығын тастаған жоқ. Өйткені, олар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы таудай қиыншылықтарды жеңіп, елін өрге сүйрейтініне, бұл ұлы мақсаттың жүзеге асуына басқа ғалымдармен бірге өздері де үлес қоса алатынына кәміл сенген еді. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді». Елбасының болашақ ұлы Қазақ мемлекетінің іргетасын қалай қалап, дамытатынын, зиялы қауымға нендей талап қоятынын білу үшін Өмірәлі мен Кәшипа ол кісінің әр ұсынысын, әр еңбегін қалт жібермей қадағалап, зерделеп, ой елегінен өткізіп, өздеріне қажет нәрсені зерделеп жүрді. 1992 жылы дүниеге келген ең алғашқы тарихи құжат – «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясын» оқығанда Кәшипа екеуі қатты таң қалды. Елбасы «Болашақ» атты бағдарлама жасап, дарынды, қабілетті жастарды өз есебінен әлемдегі ең мықты университеттерге жібергенін көргенде жүрек түкпірінде нәзік арман оянды. Республикадағы ең үздік оқу орындарының біріне айналар, Елбасының құқықтық мемлекет құру жолындағы талап үддесінен шығар, сол мемлекеттің құқық қорғау ісіне үлкен үлес қосар, қара қылды қақ жарып әділ төрелік жасар мамандарды даярлайтын жоғары оқу орнын ашқысы келді. Мұндай заңгерлерсіз қандай қоғамның да алға баспайтыны белгілі. 1973 жылы Кәшипа Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1979 жылы бітірді. «Пұл таппайтын еркек жоқ, құрарын айт» демекші, ақша таба да, жолдасы екеуінің табысын құрай да білген, жетпіске келсе де жас қыздардан бетер қажыр-қайрат көрсетіп, әлі-күнге ел мүддесі үшін бел жазбай еңбек ететін Кәшипа Рахымбекқызын Аллаһ Тағала да қолдап, «Адамнан әрекет, Аллаһтан берекет» дегендей, бүгінде қонаевтық оқытушылар, студенттер, жұмысшылар хан сарайындай жарқыраған он екі қабатты зәулім ғимаратқа жайғасып, алаңсыз білім алуда, жұмыс істеуде. Бірақ, Кәшипа Дархамбаева ешқашан ерінің алдына шыққан емес, «мен өйттім, бүйттім» деп мақтанбайды да, «Бәрі Өмекеңнің арқасында» деп жолдасының абыройын асырып, қазақ әйелдеріне тән әдептілік, кішіпейілділік танытады. «Сен ұсақ-түйек тірлікке бас қатырма, бала-шағаны материалдық жағынан қамтамасыз етем деп шаршама, ешнәрсеге алаңдамай, тек ғылыммен айналыс» деп зайыбы қолдау көрсеткен соң Өмірәлі Шакарапұлы таза ғылыммен шұғылданып, жоғарыда айтылғандай жетістіктерге жетті. Ал, алтын-күміске қызықпайтын, өсек-әңгімеге алаңдамайтын, ойын-сауыққа, той-думанға елікпейтін Кәшипа Рахымбекқызы бар өмірін отбасына, бала-шағасына, өздері ашқан жоғары оқу орнын дамытуға арнады. Ұйқы-күлкісіз өткен жылдар, күні-түні қағазға үңіліп, құжаттарды тексеріп, кем-кетікті анықтап, тиыннан теңге құрай білу нәтижесінде заманауи оқу корпусы да, жатақхана да салынды, жұмысшылардың, қызметкерлердің жалақысы дәл уақытында беріледі. Қыздарына да «академияның бір тиынын алмаңдар, бұл студенттердің ақшасы» деп ақылын айтып отырады. Жатақханалардың, колледждердің жай-күйін, түрлі күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарын, толық салынып бітпеген он екі қабаттық жатақхананың құрылыс жұмысын бақылау, студенттерді, оқытушыларды шетелдердегі, өз республикамыздағы түрлі ғылыми орталықтарға іссапарға, тәжірибе алмасуға жіберу, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, шығаратын кітаптарына қаржылай қолдау көрсету, академия аясында өтетін түрлі ғылыми-саяси мәжілістердің қаражатын көтеру, оқу-құрал жабдықтары, коммуналдық қызметтердің төлемақысы, қыл аяғы әр қабаттағы әжетхана, қол жуғыштарды жоғары сапалы майлық қағаздармен, сабынмен, т.б.қамтамасыз ету, айнадай жарқыратып ұстау – мұның бәрі айтуға ғана оңай нәрселер. Дінмұхаммед Ахметұлының ақ батасын алған академия басшылары соны үлгідегі 12 қабат ғимаратты 2012 жылы Д.А.Қонаевтың 100 жылдық мерейтойында халқына сыйға тартты. Құрылғаннан бергі ширек ғасырда академия мынадай дәрежеге жетті: Жалпы аумағы 21 251 ш.м. 12-қабаттық заманауи оқу корпусында орналасқан. 6 компютерлік сыныптар тегін интернет желісімен, 12 интерактивті бөлмелермен (кабинеттермен), 11 мамандандырылған бөлмелермен жабдықталған, бай кітапхана, электронды кітапхана, электронды кітапхана «Параграф Заңгер +бағдарламасына шыға алады, жатақхана, асхана, дәмхана, медициналық қызмет, спорт кешені бар. Жан-жақты жабдықталған криминалистік оқу кешенін, арнайы зертханаларды, сот мәжіліс залын, сот медициналық залын, лингафондық сыныпты, бейне-дәрістердің интерактивті залы мен мультмедиялық аудиторияларды пайдалана отырып бәсекеге қабілетті мамандарды даярлайды. Арнайы заң клиникасы (заңдық тұрғыдан кеңес беру) бар. Академиялық ұтқырлық жүйе шеңберінде ҚР және шетелдердегі жоғары оқу орындарынан студенттер мен магистранттар ауыса алады. Ұйқы-күлкіні ұмытып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, Аллаһ Тағалаға сиына жүріп осындай ұлан-ғайыр табыстарға қол жеткізген ерлі-зайыптылардың халық мүддесі үшін заң ғылымдарын дамытуға сіңірген еңбектері орасан зор. Күйеуінің ірілі-ұсақ шаруалармен бас қатырмай, от басы, ошақ қасына байланбай, балаларына да қарайламай ғылыммен алаңсыз айналысуына жан-жақты жағдай жасаған, ет жақын адамдарының, перзенттерінің дәмді, нәрлі ас ішіп, сәнді киім киіп, терең білім алуына ұйытқы бола білген, сонымен қатар асқан ыждағаттылықпен кіріс-шығысты есептеп, әр тиынын орын-орнымен жұмсап, он екі қабат сәнді де сәулетті ғимаратты салып шығу үшін күш-жігерін аямай тынымсыз еңбек еткен Кәшипаны имандылықты ту қылып көтерген қазақ әйелдерінің үлгі тұтарлық өкілі десек, артық айтқандық болмас. Жоғары ақыл-парасатымен сүйген жарына күш-жігер беріп, ынталандыра түсетін Кәшипа Өмірәліге: «Ұсақ-түйек мәселемен басыңды қатырма, сен студенттерге сапалы білім бер, оқыт және ғылымдағы жолың дұрыс болсын» деп үнемі дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, мықты қолдау көрсететін. Ұлт көсемінің ұлағатты іс-әрекеттеріне сүйсіне қарап, оның әр еңбегін тереңнен түйсіне оқып, ол шығарған заңдардан өзіне керегін ала білген Өмірәлі Жалаириды да, оған барлық жағынан қолдау көрсеткен сүйген жары Кәшипа Рахымбекқызын да бүгінгі заман қаһармандары десек, артық айтқандық емес. Олар Елбасына үлкен сенім артып тәуелсіздікпен бірге алға басты, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып, бел жазбай еңбек етті, сөйтіп үнемі ілгерілеу, даму үстінде болды. Сұңғыла қайраткерлердің елге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ, Өмірәлі Шакарапұлы көптеген орден, медальдармен, соның ішінде «»Құрмет» орденімен, Ресей Федерациясының «Польза, честь и слава» ордендерімен марапатталды. «Алматы облысының құрметті азаматы» атанды. Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры. «Заңгерлер әділ сайлау үшін» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің Төрағасы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Құрметті профессор» атағын алды. Ресейдегі Санкт-Петербург қаласындағы Петровская академиясының корреспондент мүшесі. ҚР Жоғары мектеп академиясының академигі. «Қазақстандағы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасындағы ғылымды дамытқаны үшін» белгілерінің иегері атанды. Ал, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының проректоры, осы оқу орнынының іргетасын қаласып, іргелі оқу орнына айналуына орасан зор еңбек сіңірген Кәшипа Рахымбекқызы ҚР Білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Министрдің алғыс хатымен әрі «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. Осындай сансыз шаруаларды атқара жүріп, Өмірәлі мен Кәшипа университетпен байланыс жасарда бірінші кезекке мемлекеттік мүддені алға қояды. Мысалы, Мәскеу сыртқы сауда академиясы баяғыдан келе жатқан өте тәжірибелі, аса беделді оқу орны. Ал, еліміз ДСҰ-ға кіруге талпынғалы қашан. Халықаралық деңгейде сауда ұйымының заңдарын жетік білетін мамандар даярлау керектігін түсініп, жоғарыдағы айтылған академиямен білім, тәжірибе алмасу мақсатында олармен келісім-шарт жасасты. Қазір осы бағытта даярланған білікті мамандар ел кәдесіне жарауда. «Егер тәуелсіздік алмасақ, Елбасымыз тарапынан жаңашылдыққа үлкен қолдау көрсетілмесе мұндай жекеменшік оқу орнын ашу, осындай дәрежеге жету өңіміз тұрмақ, түсімізге де кірмес еді,- дейді Өмірәлі Шакарапұлы. Әр халықтың, әр саланың өз жұлдыздары болады. Ендеше шәкірттеріне дәріс берумен ғана айналыспай, саналы түрде зор тәуекелге барып, еліне аса қажет мамандарды даярлауда ереше қажыр-қайрат танытып, студенттердің жан-жақты білім алуына қажет заманауи құрал – жабдықтармен қамтамасыз етілген зәулім ғимараттарға орналасқан оқу корпусы мен жатақхана сыйлаған Өмірәлі Шакарапұлы мен Кәшипа Рахымбекқызының еңбектеріне біз тәнтіміз. Ілімге іңкәрлік пен құрмет табыстырған, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік қанаттандырған заң ғылымдарының қос жұлдызы ғашықтардың махаббат үлгісі десек те болады. Бұған олардың өмірі куә. Гүлбаһрам ЖЕБЕСІН Алматы қаласы.

188 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №11

30 Қараша, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы