• Қоғам
  • 20 Қаңтар, 2017

Ұлтқа тән дүниелерді кәсіпке айналдыру - ұят емес

Құмар  ЖҰМАХАН

Соңғы 2 жылдағы айналысып жүрген жұмысым осы тақырыпқа тікелей  байланысты болғасын, көрген-білгенімді көппен бөлісіп қояйын. Ұлттық дүниелерді ақша табудың көзіне айналдырып, саудаға салуға болмайды деп сын айтатындарды кездестірдім. Ал, мен осы көзқарасқа керісінше қараймын. Қашан біздің ұлттық дүниелеріміз табыс алып келетін дүние болады, сол кезде өміршеңдігі арта түседі. 

Өмірі тұнған философия мен мәннен тұратын халықтың мәдениеті де ешкімнен кем емес, тек осы заманға сай жаңғыртылмағандықтан күн сайын артқа сырылып қалып жатыр. Осы тұсты өз кәсібіммен байланыстырып айтсам: Ұлттық нақыштағы көлік орындықтарының төсеніштерін өндіріп сатумен айналысып жүргенімізге 2 жылдай болып қалды. Шындығында, ою-өрнек деген – ұлттың тұтас өмірі бедерленген бейнелеу өнері. Кез-келген адамның көзін жандырып жіберетін әдемілік бар. Бейбарыс бабамыз сонау Мәмлүктерге апарып бейнелеген, ата-бабамыз ерекше құрметпен қарап, неше түрін шығарып орын-орынымен пайдаланған. Алайда оюдың нәсихаты қазір кем. Керемет өнерімізді дұрыс пайдаланбағандықтан жұрт жатырқай қарайтын, сахна мен наурызда көрсететін бір жай нәрсеге айналдырып жібердік. Дегенмен, біз аз да болса осы олқылықтың орнын толтыруға тырыстық. 
Ал нағыз бизнес ретінде мынандай артықшылықтар мен қиындықтары бар.  Әуелі жақсылық жағы, ою-өрнекке ерекше қызығып қарайтын белсенді тұтынушылары бар. Олардың саны соншалықты көп емес. Жалпы күн өткен сайын оюға қызығып қарайтындардың қатары артып келеді. Себебі, қоғамда жақсы насихаты жүріп тұрған сала. Тілшілер қауымы да танытуға көптеп атсалысып жатыр. Шетелдіктерге көрсететін немесе ұсынатын басты құндылықтары-мыздың бірі, т.т. Ал, қиындық жағы, жалпы жұртқа ұнайтын үлгісін табу қиын. Қанша дегенмен нарықтағы сұранысы аз, жасау, тігу технологиясы қиын. Кез келген өндіруші мәнімен қоса түсініп жасап бере алмайды, сапалы өндіру қымбатқа түседі. 
Ал екінші кәсібім ұлттық асхана. Қазіргідей асхана бизнесі қатты дамыған тұста, ұйғыр, өзбек, түрік, италяндықтар, дайын тамақтар нарықты жаулап тұрғанда олармен бәсекелесу шындығында оңай болмай тұр. Басты қиындығымыз негізгі ұлттық тағамдар еттен жасалады, қазіргідей қимыл-қозғалыс азайған заманда көп адамдар ет тағамдарын қорыта алмайды, бұрынғы қазақ қонағын шақырып, батасын жасатып, сойып, былқытып асып, жамбастап отырып жейтін тағамды, біз жылдам дайындауға ауыстырғандықтан дәмін бір қалыпты ұстау қиындық тудырады. Ал, ауылдың керемет дәмін көріп алған қандастарымыздың қалауы да оңай емес. Сосын көне тағамдарды көп ешкім күнделікті тұтынбайтын-дықтан, жасалу технологиясы ұмыт бола бастаған, қатардағы аспаздар жасай алмайды, білетін адамдарды ауылды жерден іздеп жүреміз. Ал, артықшылық жағы автомода да айтылған жайлармен шамалас. 
Дегенмен осындай қиындықтарына қарап беріле салғалы тұрғамыз жоқ, шамамыз келгенше тырысып жатырмыз. Біз қанша болмысымыздан ажырап қалғанымызбен, қазақылық жөргекте дарыған жандардың қатары біраз, сондай қолдаушыларымыз тұрғанда, ұлттық дүниелеріміз бәрібір өз орынын табады. Мен соған сенемін!!!

422 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы