• Қоғам
  • 19 Қаңтар, 2017

«Алтын домбыраның» айқайы

Ай бұрын айтыскер ақындар арасында дәстүрлі «Алтын домбыра» үшін тартыс Алматының бас өнер ордасы Республика сарайында өтті. Кіл жүйріктер қатысқан сөз додасында «Алтын домбыра» Мұхтар Ниязовқа бұйырған болатын. Қазылар мен халық арасындағы қарама-қайшылық содан бері әлі өршіп тұр. Бұл дау әсіресе әлеуметтік желілер белсенділерінің бас тақырыбына айналып отыр.   
Журналист – Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫНЫҢ фейсбуктегі парақша-сынан алынған бұл пікір-талас халықтық өнер – айтысқа жаны ашитындарға ой салар деген ниеттеміз. Ой қосам дейтін оқырман болса, мархабат.   

Айгүл БолатханқызыАйгүл 

Болатханқызы:

«Айтысты көрген жоқсың, ол жайлы пікір жазба» деген еді таяуда бір бауырым. Ал көрдім... Көрейін дегенім осы ма еді сонда? «Адам бірін-бірі ешқашан көрмейтін екі көзіне сенеді, жүрегін тыңдай бермейді», - дейді менің Зейнеп апам. Жарайды... Көргеніме сенбей-ақ қойдым. Бірақ менің көзіммен қоса, құлағым залды жарып кете жаздаған «Болатбек!»-ті естіді ғой. Жүрек шіркін де сол ақынның «алтын домбыралы» болатынына сенімді болған. Бірақ...
Алтын деген - көшпелі... Сусып барып Мұхтарға кетті. Сонда көрермен неге шулады? Болатбек былтыр да «Алтын домбыраға» қатысқан, сол кезде көрермені залды бүгінгідей неге азан-қазан қылмады? Былтыр залда «алматылықтар» биылғыдан аз болды ма әлде? Жоқ! Тіпті де олай емес, биыл Болатбектің мықты айтысқанын көрермен білді! Білген соң әділетсіздікке шыдамады. Айғайлағанда-а-а... Олардың шулағанынан кідіріп қалған әкімді аядым... Ал әкім «сасқанынан» Болатбектің жүлдесі тағы 1 (бір) миллионға «көбейгенін» хабарлап, ақынды шақырып, оның ойын сұрады... «Сасқанынан» дегенім де - сол... Болатбек не десін, көрерменінің ықыласы ақшадан жоғары екенін айтты. Аз-замат!!! Ал, Мұхтар... Құдай-ау, қолына «Алтын домбыра» тимей тұр екен ғой. Жабысты да қалды... «Болатбек екеуміздің жанымыз - егіз, бізді бөлмеңіздер», - деді. Деуін деді, бірақ қолы ана қу темірді босатпады-ау, босатпады... «Алланың бір аты - ХАЛЫҚ» деген... Халықтың қиқулағанына қарап: «Мынау маған лайық емес екен, шынайы иесіне берілсінші!» - деп Болатбекке ұсынар деп үміттендік. Үй-й-й, бір мен емес, үміттенген... Менің алдымдағы, артымдағы, оң жағымдағы, сол жағымдағы көрерменнің бәрі сондай мәрттік күтті одан. Ойбай-ай, пендешілікпен Болатбекке бергісі келмеген шығар, ең болмаса, әлгінде ғана тілеуі соның үстінде тұрып, шынайы жанашырлығын білдіріп, емешегі езіліп отырған Жансаяға: «Жолың осы «Алтын домбырамен» ашылып кетсінші! Саған қидым. Суырылып шыққан жалғыз қызсың, қазақ қызды сыйлайды ғой», - деп ары кетсе бес минут ұстап, ақыры ары қарай музейге «зыттыратын» «Алтын домбыраны» Жансаяға беріп жібергенде... Жолдан оңбай ұтылдың-ау, бауырым! Қазақтың мәрттігі жылқы мініп өскен жігіттермен кетіп қапты. Ақын өлең-жырында ғана ақын екен ғой. Әділқазылардың аты ғана - әділқазы! Мойындасаң да, мойындамасаң да, айтыс кірлепті, айтыс ластаныпты... Айтыс былығыпты... Мейлі ғой, Азамат бауырым айтқандай, бәріміз осы Алматыға жиналған жан-жақтың қазағымыз. «Алтын домбыраны» қай «алматылық» алса да - бәрбір... Бірақ айтыс сүйер көрермен енді сарайға жинала ма? Айтысын сағынып жете ме, айтысын аңсап күте ме? Ойбай-ай, сұрағыңа болайын, тоқта, тоқта! Қайда шарықтап барасың? Бұл сұрақ сенің «топас» басыңа қайдан келді? Айнаға қарап өзімен-өзі сөйлескен Қожа құсадым. Ондағы Қожаң  саспайды. Былай деді:
-Бұл сұрақтар «Алтын домбыра» - Мұхтарға» дегенді ести сап сыртқа жаппай жөңкілген көрерменді көргенде келді! 
Келісем! Келіспей қайда барам, өз көзіммен көріп келген жоқпын ба?!
«Сүйегі жоқ тілменен етіңе жеткізіп, сүйегіңнен өткізетін» (Еркебұлан) қазақтың біреуімін ғой. Бұл күнде құлақ та жоқ, ет те өлген... 

НӘПСІ, ҚҰЛҚЫН ДЕГЕН - ЖАМАН! КӨКТЕГІ ҚЫРАНДЫ ДА ЖЕРДЕГІ ЖЕМТІК ҰЯТҚА ҚАЛДЫРМАЙ МА?! 

Марат Мадалимов:  – Өлтіріп айттыңыз, Айгүл. Жанайқай !
Дария Талапова:  – Айтыс та - баланың ойыны болып барады ғой. Қашан əділеттілік танытып еді? 
Ғазиза Құдайберген: – Кəдімгідей жылағым келді, шын...ішім бос кеуек боп қалды ..ауырғаныма қарамай екі күн барғанымды қайтейін. Қазылардың шешіміне келіспеймін....
Азамат Бектұрсын: –Сіз менің ойымның бәрін айттыңыз. Тағы бір талантты өлтіру ойыны...
Айсұлтан Жақыпов: –Финалда неге екі ақынды айтыстырмайды екен қазір?
Айгүл Болатханқызы: –Бәрін жазып тастаған соң (ішімдегі жаман энергияны шығарып тастаған соң) жаңа босанғандай болып жатырмын... Айтыстан жаным ауырып қайтты...Шындық сол Оразалы, Ерік, Әзімбектермен бірге өліп қалған баяғыда.
Дариға Мұштанова: –Əр айтыстан кейін қазылар алқасы брифинг өткізіп, ел алдында бағаларына комментарии жасауларын талап ету керек шығар. «Іс бітті, қу кетті», қазылар жауапкершілігі, міндеті, құқығы, тіпті жазасы да белгіленуі керек, айтыс адал болсын десек. Ел не, у-шу болады да тарайды деп миықтарынан күле қарайды айтыстың əпербақан «бесаспаптары».
Есет Қалманов: –Нағыз әділқазылар көрермен халық қой. Бірақ айтыс өнерін текесақалдар жекесіне айналдырып алғалы біраз болды...
Ермек Құрманғалитегі: –Молдалардың тілеуі айтыс болдыру емес, қайтыс болдыру ғой. Айтыс қайтыс болған екен. ..
Ермек Хасенов: –Айтыста ұят қалмапты....
Мөлдір Райымбекова: –Бұл айтыс теледидардан қашан берiледi екен(( Болатбек Оразбаевқа әдiлетсiздiк жасалғандай болып тұр ма? Алдыңғы айтыстарында да сөз саптасы, айтысу мәнерi дараланып тұратын айтыскер едi. Оразәлi Досбосыновқа ұқсайтын секiлдi. Болмаған екен.
Берік Түсіпов: –Ақтық сында төреші халық болсын. Сосын аты дардай «Алтын домбыраны» тікелей эфирде өткізсін, бəрібір шашып жатқаны халықтың ақшасы ғой. 
Азамат Жұбанов: –Жүрсiннің өзі:  –«Енді біраз уақытқа дейін айтысқа халық келмейтін болды»-деді.   Жүйкемiздi ауыртпай, айтысқа бармай-ақ қояйық.
Ержан Хамитов: –Теледидардан әділ өткендей қылып көрсетеді ғой. 
Сара Рахатова: –Қайбір жылы айтыс-тан жүрегім мұздап қайтты. Содан бері айтыс көрмеймін.
Ділдәр Мамырбаева: – «Ақын-өлең-жырында ғана ақын екен ғой»  деген диагнозың дәл!
Нұрлан Қарасаев: –Ақтөбеден келген менің өзім, Болатбек деп айқайлап, тамағым ауырды. Күлкіге қарық қылған Жансая Мусина да лайықты еді жүлдеге. Менің жанымдағылар Мұхаммеджан Тазабековтың беделін айтып, иектерін көрсетіп жатты.
Сымбат Жеңісқызы: –Жақсы айттыңыз...Халықтың шулағанынан жүрек ауырды...
Әлібек Шенгелбаев: –Мұхтар ерледі. Еңбегі бар, алсын.Болатбек өзіне лайықты жүлдесін алды, қазылар шошқа тағалап отырған жоқ.  Жансаяның жөні бөлек. 
Айкерім Бақтияр:  –Мен айтыс көріп ауырып қалғам. Кәдімгідей...
Алтын Ай Бек:  –Біткен іске сыншы көп!Мұхтар ағаның-алтын домбыраға лайықты еңбегі бар!Сол себепті алды.Бүйтіп «кісі етін жеуді» доғарыңыздар.
Үзілдік Елеубайкызы: –Болатбек пен Жансаяны, Серікзат пен Мұхтарды жұптағанда Болатбек Алтын домбыраны алса да Жансаяға беретін еді. 
Жансая -Құлагер. Бұл жерде таза суырып  салма ақындар -Болатбек пен Жансая.Мұхтар ақын жаттанды әзірлігі басым, тісқаққан бөрі.
Рыскүл Ибраева:  – «Алтын домбыраны» Болатбекке берсе, неге Мұхтарға бермеді деп, Жансаяға берсе, неге Серікзатқа бермеді деп, халықтың ішінде гу-гу әңгіме, қарсы пікірлер бәрібір айтылары сөзсіз. Себебі әркімнің өз талғамы, өз таңдауы, өзі жанкүйер болатын адамы бар. Бірақ айтарым Мұхтар айтысқа төтеннен келіп, аяқ астынан жүлдеге ие болған жігіт емес, жастайынан айтыс жолында жүрген айтысқа қосқан үлесі бар жігіт.Алтын домбыра айтыс
Асхат Абзалбеков:  –Бұл жерде әңгіме кімнін төтеннен келгенінде емес, кімнің жөн сөз айтып женгенінде болып тұр. Болатбекті Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтыста да осылай қылып еді. 
Бақыт Тушаев:  – Аузы қышығанның бəрі айтысты сынайды демеңіздер. Өзімніңде əділетсіздікті көрсем бір шағып алатыным бар. Əңгіме былай: Бүгінгі айтысқа барғаныма қуанып отырмын. Өйткені тағы бір шешімі күдікті, кесімі күпті, жүлдегері жүлдесіне жұмбақ жолмен жеткен айтыс болды.. Менімен қосқанда үш мыңға жуық адам осыған куəдүрміз. Бұл айтыстың дақпырты да, таяғы да Жүрсін ағамды айналып өтпес. Ағамыз да қартаяйын деген ба, қалай? Бұрынырақта көп нəрсеге бой бермейтін көкем бүгінде қыңыр кесімдерге келісе кететін болған. Зал толы халық Болатбек деп айқайлағанда біреудің сыбағасына жармасқандай сыңайда Мұхтар  Ниязов бауырымның екі көзі жыпылықтап, Жүкеңе жəутеңдей қарағаны несі? Айтыстан мəн, айтар сөзден дəм, құндылықтан нəр кете бастағандай көрінді маған. Бір риза болған адамым əкім – Бауыржан Байбек болды. Айтысқа келіп қатысып, бас жүлдені тапсырып арқа-жарқа боп ағайынға ақжарма тілегін айтайын деп еді. «Болатбек, Болатбек» деп қиқуға басқан ел айтқызбады. Оған əкім де, халық та кінəлі емес. Бар кінə қазылардың шешімінде. Соңғы үміт – ең болмаса Мұхтар бір жігіттік жасап, сол алтын домбыраны көп тілеуінен аса алмай ел алдында Болатбекке ұстатар деп едік... Оны түсінетін бала қайда? Алтын көрсе періште жолдан таяды деген сөз сандырақ болмай шықты. Мұхтар да сыр сүлейлерінің ізбасары емес пе, шамасы келгенше ол да шапты. Кінə Мұхтарда емес, сол Мұхтарды сүйрегендерде. Жə, қойшы, айта берсең сөздің атасы өледі. Батыраштар басқа өрлеген мынау кезеңде қара сөзіңнен қадір кетіп сөзіңнің өлгеніне налып жүргенше өзіңнің өліп кеткенің дұрыс болды ма деймін қайран Ораз. Алтын домбыра біреуден келіп, біреуге кетер, қолдан қолға өтер. Бірақ сол алтыннан қымбат айтыс дейтін асыл қазынамыз қолдан қолға өтіп кетпесін деп ашынамыз да. 
Айгүл Болатханқызы: – Ақындарға айтыста көп нәрсені айтуға болмайды!!! Жерді де, елді де... Әрине, жаман жағын!!! Енді ше? Тақырып - Тәуелсіздік! Бостандық! Жігіт жасына келген азаттық! Ондай кезде сатыла жаздаған жерді, түрмеге тоғытылған ерді айтып «жынды» боп қалды ма олар? Мен де жындымын, тегі... Бейбіт күніме тәубе айтып, қуықтай болса да баспанамның барына шүкір етіп, қыстың күні боп жатқан айтыста «нем бар еді.  Ой, тегі! Құлагер-қиялға еріп, «қуып кеткен» сұрақтар қойылған санамды «тазалағаным» жөн. «Бұл сұрақтар «не для средних умов», «Айгүл Болатханқызы, сен де сол қатардасың, тыныш!» - деп қояды маған миымдағы ақылгөй. Жарайды, мархабат, дегенің болсын! Қайтадан сарайдағы айтысқа оралайыншы...
«Дүние-боқ», «дүние - қолдың кірі»,- жырлап отырған ақындардың бәрі-і-ін жақсы көріп кетсем ше?! Мықты бір бизнесмен болсам, олардың бәріне темір тұлпардың кілтін ұстатар едім. Аямас едім. Бірақ... Солай деп айтып отырған ақындары-ы-ы-ым... Бас жүлде - «Алтын домбыраның» «иісі» шыққан кезде өзгері-і-і-іп сала береді... Бағанадан бері сөз арасында Алла деп, иман деп, шүкір деп, тәубе деп отырған ақыныңды тура осы кезде «танисың». Күшті танисың! 
...Залдағы көрермен: «Болатбек!» - деп қиқуға басты. Құдай-ау, әкім - қазақ жақсы көретін батыр аттас Байбек «алтынның» кімнің қанжығасына кететінін айтпай жатып бұ жұртқа не көрінді? Жалпы, «халық айтса, қалып айтпайды», халық неткен кемеңгер, ә?!
Үзілдік Елеубайқызы: – Жұбан ағам айтпақшы: 
«Мұны көргенімше бұдан  1 күн бұрын өлсемші»боп отырмын, мен де.

Айгүл Болатханқызы: – Айтысушы - айтыс ақындары. Оларды бағалаған да - айтыс-та жүрген ақындар. Айтысушылар өздеріне ең қымбат «сый» тек халықтың ықыласы екенін «шырылдап» тұрып айтады. Дүниенің боқ екенін «жан жүректерінен» шыққан өлең сөздері арқылы көрерменіне жеткізіп бағады. Өздері үшін ең үлкен құрмет - халықтың ықылас-пейілі екеніне тыңдаушыларын сендіріп бағады. Ал жеме-жемге келгенде... Оларды бағалаушы бүгінгі «әділқазылар» да - сол! Ақындар! Сөздің қадірін түсінетіндер! Бірақ... Неғып екенін жұртқа ұнаған ақындарды келесі кезеңге өткізбеді. Макс пен Талғатты сөз еткен Ершат финалға «шыға» алмай қапты. Ринат болса, бұл айтысқа тіпті де «маңайламаған»... Жә, оны қойшы... «Алтын домбыраны» сен алсын деп отырмын», - деп Жансая қарсыласы Мұхтарға неге айтты? Мұхтар неге келсін-келмесін (екі рет шыққанда да қоймай-қоймай) әкімді мақтай берді? Мұхтар - бір қарасаң, Жансая үшін жанашыр, тілеулес... Өзіне «жол бергені» үшін (ол сонда «алтын домбыралы» болатынына сенімді болды ма) қызға ризашылығын білдіріп, алғыс айтуды да ұмытпады... Ал көрермен...Зал толы көрермен неге: «Болатбек» - деп шулады? Көшпелі алтындай сусып бара жатқан «Алтын домбыраның» Мұхтарға берілгенін неге қаламады? 
Қаһарман Зинуллин: – «Қазақстан барысына» жете алмайды «Алтын домбыра». Ең алғашқысы әділдеу болған, қалғаны...
Айгүл Болатханқызы: – Біздің қалада орта буынды, әсіресе үлкен кісілерді бір жерге жинап, нағыз қазақы ортаға айналдыратын бір жер бар. Ол - АЙТЫС өтетін орын. Біздің қазақты біріктіретін де, қаншама сағат бойы тапжылмай бір орынға «шегелеп» татайтын да сол - АЙТЫС. Қазақтың ешкімнің мәжбүрлеуінсіз өз еркімен қуана баратын, арқа-жарқа табысып бас қосатын жері де - айтыс болатын сарайлар... Қазақ айтысын жақсы көріп, ақынын сыйлап барады. Қазақ айтысын аңсап, сағынып әрі қазақ екенін есіне «түсіру» үшін айтысты көреді. Анау-мынау жиналысыңа жинала қоймайтын қазақ айтысқа келгенде мүлде басқа. Рақаттанып тыңдайды, жақсы көрген ақынын қол соғып қолпаштап отырады... Сол айтысқа мен де бардым бүгін. Көрдім. Рақаттандым. Бірақ...
Жансаяны жақсы көрем. Бірақ сол ақынмен айтысатын қарсыласы оның тұрмыс құрмағанын сөз етуден жалығатын уақыт бола ма екен? Онымен айтысқан еркеккіндіктің бәрі оның басының бос екенін айтып шықты, айтпаған бірі қалмады. Жансая бүгін неге бойдақ жүргеніне жақсылап тұрып жауап берді. Осыдан кейін қарсыласы оның жеке басына «тиісуді» доғарар. Айтыста осы бір ғана «міні» бар ақын бүгін «Алтын домбыраға» ие болуы керек еді... Бірақ...
Еркебұланның осы айтысы қатты ұнады. Меніңше, залдағы көпшілік те ақыннан шапалағын аяған жоқ. Ой-бо-о-ой, несіне жаңа туғандай боп отырмын, қысқасы, Еркебұланның төгіліп түскен ғажап шумақтары нағыз сөз түсінетіндерге ғана ұнады. «Әділқазылардың» жанында қарапайым көрермен кім болып еді... 
Болатбек... Оразалының өзі болмаса да, көзі боп жүрген ақын. Жүз ақын жиналып келсе де, бір Оразалыға татымайтынын айтқан ақын сұлу сөзден сарай соқты бұл айтыста. Қазақтың рухын көтерді. Айтысқа жиналған бар қазақ Болатбекті көрген сайын Оразалыдай оғыланын еске алары сөзсіз. Қазақ барда - айтыс, айтыс барда Әзімбек, Ерік, Оразалылар өлмейді... Ал Оразалының өзі Болатбек боп әлі талай қазақтың алдынан шығып отырады... Тоқта, тоқта! Не деп кеттім... «Әділқазылардың» «әділ» шешімін көрген соң Болатбек айтысты тастап кетпей ме??? Дөп басып айту қиын. 

 

688 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы