• Қоғам
  • 15 Наурыз, 2016

Азаматтық қоғам орнауы үшін азаматтар белсенді болуы тиіс

Дина Имамбаева

1973 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қазақ Қыздар мемлекеттік университетінің түлегі. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Қазіргі таңда «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қорында қызмет істейді.  

Қазіргі кезде Қазақстанда елдің қоғамдық-саяси даму үдерісіне жаңа серпін беру талпыныстары бар. Ол әлеуметтік бағдарлы экономика құру, әлеуметтік әріптестік пен азаматтық келісімді жүзеге асыру, саяси және ұлтаралық тұрақтылық, қазақстандық патриотизмді дамыту қағидаларын басшылыққа алады. 1990-жылдары қолға алынған «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімдік бағдарламасы, одан кейінгі «Қазақстан-2050» Стратегиясының да бас-ты міндеттері елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға негізделген.  Бұл бағыттағы жаңасаяси реформалар елде құқықтық қоғам орнату және дамыған демократиялық жүйе қалыптастыруға бағытталуда. Себебі, кез келген елде әділеттілік пен игілікке жетудің бірден бір жолы демократия, ал оны іске асырудың тетігі азаматтық қоғам екендігі іс жүзінде дәлелденіп, мойындалып қойған. Азаматтық қоғамда тұлғаның негізгі құқықтары мен еркіндіктері қамтамасыз етіледі, қоғамдық қатынастар саласы үйлесімді дамиды. Мұндағы  адамдардың ұйымдасқан, бірлескен іс-әрекеті мемлекетішілік қа-тынастарды, тіпті қоғамды тұтастай жақсар-туға көмектеседі. Азаматтық қоғамды тұрғын-дардың, мемлекеттің игілігі үшін саналы және белсенді түрде әрекет етуге бағытталған азаматтық бастамалармен сипаттауға болады. Сөйтіп, ол мемлекеттің дамуына прогрессивтік, жасампаздық серпін береді. Осыған байланысты, елді демократияландыру үдерісінің басты бағыттары – сайлау реформасы, саяси жүйедегі партиялардың рөлін нығайту, соттардың тәуелсіздігі, әйелдердің қоғамдық рөлін көтерумен қатар, әсіресе, үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыруға баса назар аударылды. Өйткені, үкіметтік емес секторды дамытпайынша қоғамды демократияландыру мүмкін емес. 
Қазақстанда азаматтық қоғам орнатудың заңдық негіздері бұрыннан бар, ең алдымен, негізге алатынымыз Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабының 1-ші тармағында бекітілгендей, «Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар». Яғни, бас-ты заң бойынша қатардағы азаматтар басқару ісіне, шешім қабылдауға өздерінің өкілдері арқылы қатынаса алады. Мұндағы  өкілдер дегеніміз қоғамдық ұйымдардың, түрлі қауымдастықтардың белсенді мүшелері және олар, айталық,  мемлекеттік органдар жанынан құрылған қоғамдық кеңестер құрамына кіру арқылы заңдарды талқылау, ұсыныстар енгізу, өз сын-пікірлерін білдіру, аса өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылдату іспетті конституциялық құқықтарын жүзеге асыра алады. 
Азаматтық қоғам институттары қатарына азаматтар ерікті түрде құрған және коммерциялық бағытты көздемейтін қауымдастықтар мен ұйымдар жатады. Олар түрлі салаларда – жетім балалар, ауыр науқасқа шалдыққандар, мүгедектер, әйелдер мәселелері, мәдениет, ұлттық құндылықтарды дәріптеу не болмаса шығармашылық, кәсіптік бірлестіктер және т.с.с. болуы мүмкін.  Бұл ұйымдар азаматтардың өз еркімен құрылғандықтан мемлекеттік билік пен бизнеске тәуелсіз негізде жұмыс істейді және билік олардың ісіне тікелей араласа алмайды. Демек, азаматтық қоғам институттары адам құқықтарын қорғаудың кепілі, билік пен тұрғындар арасындағы делдал іспетті қызмет атқарады. Сол себепті осындай коммерциялық емес ұйымдарды «үшінші сектор» деп атайтыны тегін емес. Әлбетте, билік пен мемлекеттік құрылымдардан тыс қатынастардың жиынтығы болғанмен де, олардың мемлекеттен мүлдем бөлек өмір сүре алмайтыны түсінікті. Мұндай ұйымдардың өздері де мемлекеттегі өзекті мәселелердің шешімін табу, проблемаларды жою немесе алдын алу мақсатын көздейтіні себепті, қоғамның тыныс-тіршілігімен тығыз қайнап жатады. 
Жалпы, құқықтық мемлекет құрудың басты шарты дамыған азаматтық қоғам құру екені халықаралық тәжірибеде дәлелденген және ол үшін азаматтық ұйымдар мемлекеттің тең құқылы әріптесі болуы тиіс. Сонда ғана қалың бұқара қауымы мен билік арасында байланыс орнайды және олардың мұң-мүдделерінің тиісті орындарға жетуіне мүмкіндік пайда болады. Азаматтық қоғамның қалыптасуының өзіндік алғышарттары бар, олар: қоғамда жеке меншіктің болуы, азаматтық, саяси мәдениеттің белгілі бір деңгейде дамуы, құқықтық тетіктер, тұрғындардың білім деңгейі және азаматтық белсенділігі, өзін-өзі басқару, адамдар мен топтар арасындағы бәсекелестік, пікірлер плюрализмі, еркін қоғамдық ой-пікір,мықты әлеуметтік саясат, дамушы экономика, орта таптың басым болуы. Мұның бәрі азаматтық қоғам институттарының тиімді әрі шынайы жұмыс істеуіне негіз болады.
Азаматтық қоғам институттарына, жоғарыда айтылғандай, саяси партиялар, жергілікті қауымдастықтар, кәсіподақтар, діни, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары кіреді. Әсіресе, азаматтық қоғамның әлеуетті өкілдері деп коммерциялық емес бағыттағы қоғамдық ұйымдарды, қорларды, қауымдастықтарды, заңды тұлғаларды айтуға болады. Олар аса өзекті қоғамдық-саяси, әлеуметтік міндеттерді шешуде айтарлықтай үлес қосуға қабылетті және қоғамға пайдалы қызмет ұсына алады. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғары комиссары Зейд Раад әл-Хусейн: «Адам игілігіне қызмет ететін азаматтық қоғам қайраткерлерінің шешімділігі мен адалдығы мені қатты тебірентеді және үлкен парыз жүктейді, сондай-ақ, әрбір адамның қадір-қасиеті мен құқықтары саласындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруға деген ниетіме жігер береді»дейді. Азаматтық ұйымдар түрлі озбырлықтарға, жауапсыздыққа,келеңсіздіктерге қарсы тұра алады. Олар биліктің ашықтығын, бизнестің өркениетті жүргізілуін талап етіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға көмектесуге қабылетті және тиіс те. Осындай жұртшылық өкілдерінің өз құзыреттілігі арқасында билік органдарының жұмысының сапалы, қабылдаған шешімдерінің тиімді болуын қадағалауға мүмкіндігі бар. Дәл бүгінгі өткір мәселені көтеру арқылы  биліктің назарын аудару, оның шешімін табуға шақыру – олардың міндеті.  Бұл сипаттағы тығыз әрекеттестік мемлекеттің, қоғамның дамуына игі әсерін тигізеді. Ал, өз кезегінде, қоғамдық көңіл-күйдің ауаны билік органдарын да ойландырып, соған сәйкес әрекет етуге итермелейді. Бұл тұрғындар үшін де, мемлекет үшін де пайдалы. 
Қазақстанда нарықтық қатынастарды жетілдіру өзектіленіп отырғаны белгілі. Осы тұрғыда,  азаматтық қоғам ұйымдары елді саяси жаңғыртудың нарықтық бағдарлы моделінің маңызды элементі екендігін түсіну маңызды. Олар қоғамдық-саяси кеңістікте кәсіпкерлік дәстүрлерін қалыптастыруға көмектеседі және қоғамдағы әлеуметтік апатия мен жатыпішерлік көңіл-күй деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Бұл, әсіресе, бүгінгі күнгі әртарапты экономиканы дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы іс-шаралардың табыстылығына ықпал етері сөзсіз.  Яғни, бұған дейінгі негізінен мемлекеттік органдар тарапынан белгіленетін әміршіл-әкімшіл басқару түрінен дамудың нарықтық үлгісіне ауысу елдегі үкіметтік емес сектордың институционалдық (латынша  institutum  -  қандай да бір топтардың, ұйымдардың өзіндік ережелері, нормалары, құрылымы, тәртібі бар мекемелер түріне айналу процесі, қызметінің реттелуі) күшейтілуін талап етеді. Бұны билік органдары да жете түсінеді. Өйткені, басқарудың мән-мағынасын өзгерту – уақыт талабы. Қаншама құқықтық-нормативтік заңнамалардың қабылданғанына қарамастан құқықтық мемлекеттің орнамауы мемлекеттік басқарудың қаншалықты тиімді жүзеге асырылып отырғанын дәлелдейді. Бұған ең алдымен, азаматтардың құқықтық жағынан толық қорғалмауы себеп болатыны белгілі жайт. Содан барып, қатардағы азаматтардың саяси енжарлығы, немқұрайдылығы, билікке сенімсіздігі орын алады.  Осы іспетті қоғам мүшелері мен билік органдары арасындағы қайшылықтар тіпті әлеуметтік шиеленіске апарып соғуы, тұрақсыздыққа алып келуі ықтимал екенін жоққа шығаруға болмайды. Мұндай жағдаяттардың алдын алудың бір жолы – мемлекет қызметін қоғам тарапынан әлеуметтік бақылауға алу, демократиялық институттарды нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы қоғамдық келісімге қол жеткізу. Ал, қоғам тарапынан әлеуметтік бақылауға алу дегеніміз – азаматтардың өз өкілдері арқылы басқарудың түрлі деңгейіне қатысуы, халықтың жергілікті өзін-өзі басқару органдарын құру.Осының бәрі жеке адамның да, әлеуметтік топтардың да мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Азаматтардың өз еркімен ұйымдасуы ғана тұлға мен мемлекет, қоғам мен билік арасындағы қайшылықты жоюға қабылетті.  Бұл, өз кезегінде, қазіргі заманғы саяси жүйенің тиімділігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі және дамудың, тұрақтылықтың, алуан түрлі дағдарыстарды жеңудің кепілі ретінде халықаралық тәжірибеде дәлелденіп үлгерді. Ал, азаматтық қоғам бастауларының көзі жабылса, әлеуметтік шиеленістер пісіп-жетілуі әбден мүмкін және бұл қоғамның өзі үшін қауіпті. 
Осылайша, әлеуметтік және саяси тығырықтардан шығудың жолы ретінде де азаматтық институттардың құрылуына жағдай жасау, оны мемлекеттің қолдауы, олардың қоғамдық басқарудың барлық сатысына қатысуы – қазіргі заманғы қоғамдық-саяси парадигмадан туындап отыр.  Серпінді әрі автономды дамыған азаматтық қоғам еркін әрекет етуге қабілетті, түрлі саладағы қажетті білімдер мен тәжірибені жылдам меңгере алады, - міне, бұл кез келген мемлекет үшін азаматтық қоғам кеңістігін қамтамасыз етудің түйінді элементі. Өйткені, азаматтық институттар биліктің шектен тыс күшейіп, бюрократиялық және авторитарлық сипат алуына қарсы жігерлендіргіш, қуатты орта құрады. Әлбетте, бұл билікке мүлдем қарсы тұруды білдірмейді. Оның міндеті азаматтардың, оның ішінде әлеуметтік әлжуаз немесе мүмкіндігі шектеулі топтардың, мәдени, кәсіби, экологиялық, тұтынушылық және т.с.с. бірлестіктердің мүдделерін білдіру және қорғауға келіп тіреледі. Ерікті негізде және бастамашылдықпен әрекет ете отырып, ҮЕҰ-дар қоғамдық-әлеуметтік саладағы өткір проблемалардың шешімін табуға үлкен үлес қоса алады. Қазіргі күні халықаралық тәжірибеде де, елімізде де елеулі жетістіктерге жеткен мұндай ұйымдар көптеп саналады. Мысалы, Аружан Саинның қоғамдық қоры қазірге дейін аутизммен, ДЦП-мен ауыратын 400-ге жуық науқас балаға өмір сыйлаған. Сондай-ақ, экологтар мен қоғамдық белсенділердің «Көкжайлау» тау-шаңғы курортының салынуын табиғатқа залал келтіру деп қарсылық танытуы да олардың көкейкесті мәселелерге бей-жай қарамайтынының дәлелі. 
Әсіресе, соңғы жылдары еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде халықтың азаматтық белсенділігі өсіп келе жатқаны айқын аңғарылады.  Және  де олар саналуан, түрлі салада қызмет етуде. Бұл азаматтық жауапкершіліктің артқанын көрсетеді.  Бұған, әлбетте, Қазақстанда азаматтық қоғам құру беталыстарының оң  сипат алуы  жағымды  ықпал еткені сөзсіз. Яғни, саяси реформалар арқылы билік  азаматтық қоғам институттарын дамытуға мүдделі болып отыр. Осындай институттардың бірі әрі бірегейі саналатын үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) қызметі Қазақстанда біршама жолға қойылған. Отандық  ҮЕҰ өзінің қуатты коммуникациялық және ұйымдастырушылық әлеуетіне сүйене отырып, мәдениет, білім беру, адам құқықтары, бейбітшілік пен қауіпсіздік, экология, экономикалық және әлеуметтік даму, денсаулық сақтау және т.б. бағыттар бойынша көпжақты сұхбат құруға, бірлесіп жұмыс істеуді қамтамасыз етуге қабілеттілігін дәлелдеді. 
Барлық дамыған елдерде ҮЕҰ-дар азаматтардың қоғамдық мүдделерін білдіре отырып, әлеуметтік бағыттағы бағдарламаларды іске асыруға, заң жобаларының қоғамдық бағасын беруге, түрлі мақсаттағы бағдарламаларды орындауға, азаматтардың құқықтарын қорғауға қызу қатынасады. Бұл ұйымдардың қызметі нәтижелі болған кезде әрбір тұлға толыққанды өмір сүруге және өзінің жеке немесе қоғамдық талпыныстарын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Осылайша, үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның басты институты ретінде мемлекеттік органдар мен қалың бұқара арасындағы байланыстырушы рөлін атқарады. 
Қазақстандағы ҮЕҰ-дың алғашқы қарлығашы, бірінші бұқаралық жалпыреспубликалық ұйым «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы 1989 ж. құрылған болатын. Ал, 2003 жылы Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен  мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-мен өзара әрекеттестігінің нақты тетіктерін қалыптастыру қажеттігін айқындау мақсатында бірінші Азаматтық форум ашылды. Бұл форум дәстүрлі сипат алды және Қазақстандағы ҮЕҰ мен биліктің өзара әрекеттестігінің институционалдық негізін құрайды.
Бүгінгі күні Қазақстанда тіркелген 10849 қоғамдық ұйым, 27 мыңға тарта ҮЕҰ, заңды тұлғалар қауымдастығы және т.б. жұмыс істейді. Алайда, азаматтық қоғам субъектілерінің осынша көлеміне қарамастан, әлі де азаматтық қоғам толыққанды жұмыс істеп отыр деп айта алмаймыз. Саны жеткілікті болғанмен, сапа жағы кемшін екені анық және бұл көпшілікке белгілі жайт. Айталық, азаматтық қоғам субъектілері жекелеген фактілер болмаса, кең ауқымда нақты дәрежеде аса өзекті деген қоғамдық-саяси проблемаларды шешуге қатыса алмай отыр немесе олардың ұсыныстары мен талап-тілектері ескеріле бермейді. Қоғамдық ұйымдар құрылуы жағынан кенде емес болса да, олар қалың бұқара қауымын қамтуы тым төмен. Яғни, қатардағы азаматтардың белсенділігін оятып, өз қатарына тарта алмай отыр. Сондықтан, олардың әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудегі рөлі де айтарлықтай емес. Оның бір себебі, ҮЕҰ мен билік арасындағы өзара әрекеттестік айқын емес, оның іске асу тетіктері нақтыланбаған. Яғни, шешім қабылдау деңгейіне қатысуы әлсіз. Осыдан келіп, азаматтық қоғам орнату деңгейі елімізде сол бұрынғы бастапқы сатысында қалу үрдістері байқалады.
Бұның түрі себептері бар, мысалы, ҮЕҰ қызметінде жүйелілік болмауы, стихиялық сипат алуы, жоғарыдан бақыланатындығы бұл сектордың дамуына кедергі келтіреді. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктердің даму деңгейі, қаржыландырылуы да тым әрқилы,осыдан келіп ҮЕҰ-ның әлеуметтік-саяси белсенділігі де біркелкі, үздіксіз сипат ала алмайды. Тіпті бар-жоғы белгісіз, бірақ ресми тіркелген қоғамдық қорлар, азаматтық ұйымдар бар. 
Міне, осындай үрдістер негізінде еліміздегі ҮЕҰ-дың қызметін шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі –  мемлекеттік саясатты, идеологияны үнсіз қолдаушы, икемделгіш, бейімделгіш қоғамдық ұйымдар. Мұндай ҮЕҰ үшін үкіметтік гранттармен жұмыс істеу тиімді. Ал, мұның өзі басқару органдарының барлық өзекті мәселелерді өз мүддесі тұрғысынан шешуге мүдделілік танытатынын көрсетеді. Бұл ең алдымен идеологиялық саладағы іс-шараларды қамтиды. Яғни, грант негізінде қызмет жасайтын ҮЕҰ түрлі мәселелер жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру, талқылау, іске асыру арқылы билікке қолдау білдіреді. Өйткені, оларға басқару саясатын теріске шығару қаржылық жағынан да, ұйымның өмір сүруі тұрғысынан да тиімсіз.  Бұл жағдайда мемлекет пен ҮЕҰ байланысы белгілі бір деңгейде қадағаланады деп айтуға негіз бар. Билік органдары өз позициясын жақсарту үшін өз саясатына икемді қоғамдық ұйымдардың қызметін ынталандыратыны белгілі. Мұның бір себебі тағы да сол саяси жүйеге келіп тіреледі немесе құқықтық-демократиялық өзгерістердің шектеулі сипат алуының дәлелі. Осындай жағымсыз үрдістер қазақстандық азаматтық қоғамның толыққанды дамуына едәуір тұсау салып отыр.
Ал, екінші топтағы үкіметтік емес ұйымдар қатарына қоғамды шынайы жақсарту үшін жұмыс істейтін, қалыптасқан жағдайды түзеткісі  келетін белсенді қоғамдық бірлестіктер кіреді. Алайда, олардың саны көп емес. Өйткені, билікке сын айту, қабылданған шешімдерді жаппай үнсіз қабылдай бермей, сындарлы ой-пікір білдіру белгілі бір жағдайларда билікке қарсылық ретінде танылатыны анық. Ал, ондай ұйымдардың қызметі өміршең болу-болмасы басқа мәселе. 
Осыған орай, еліміздегі саяси-қоғамдық жаңғыртуларға байланысты ҮЕҰ-лардың қызмет аясын ұлғайту, мәртебелерін көтеру, қоғамдық қызметке барынша тарту қажеттілігі айқын байқалады және бұл мәселе пісіп жетілді. Мұнда осы институттардың жұмысындағы оң тұстары мен кемшіліктерін саралау әбден қажет.  Айталық, үкіметтік емес ұйымдар түріндегі азаматтық қоғам секторының тиімді қызметіне оң үрдіс беру олардың мемлекетпен өзара әрекеттестігін реттеуге тікелей байланысты. Ол үшін ҮЕҰ-дың тәуелсіз, еркін дамуын ынталандыру қажет. Тәуелсіз, еркін даму дегеніміз ең алдымен олардың құқықтық мәртебесін айқындау, заңда белгіленген мүдделерін жүзеге асыруына мүмкіндік беру, басқару деңгейінде шешім қабылдауға қатысуы, қаржыландыру мәселелері және т.с.с. шараларды білдіреді. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету де назарға алынуы тиіс. 
Қазіргі күні баршамыздың көзіміз жеткендей, өте өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларды ҮЕҰ көмегімен шешу тиімді. Дәл осы  сектордағы адам капиталын тиімді пайдалану, олардың оң тәжірибесін іске қосу еліміз үшін маңызды проблемаларды шешуге ықпал етер еді. Олар өздерінің азаматтық белсенділігі мен түрлі саладағы бастамалары арқылы қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен теңқұқылығын сақтай алады. Президент Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары 100 нақты қадам» Бағдарламасында мемлекеттік қызметке қоғамдық ұйымдардың белсенді өкілдерін тарту жөнінде айтқан сөздері де ҮЕҰ-дағы адам капиталының әлеуетін мойындауды көрсетеді. 
Міне, сондықтан Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртылуының қисыны толыққанды азаматтық қоғам орнатумен тікелей байланысты. Қоғамдағы бүкіл жүйе өзара тығыз байланысты екенін ескерсек, заманауи мемлекет дамуының маңызды шарты іспеттес осы фактор еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтыны анық. Өйткені, мемлекет дегеніміздің өзі адамдардың, азаматтардың жиынтығы. Сондықтан да ол өз азаматтарының мүдделеріне сай құрылып, олардың пікірін ескеруі тиіс. Керісінше жағдайда, яғни, қоғам мүшелері мен билік арасындағы алшақтық, бірін-бірі тыңдамау, мойындамау ерегеске, әлеуметтік апаттарға алып келеді. 
Ең бастысы, азаматтық қоғам ұйымдары төменнен, яғни, қоғамның қатардағы мүшелерінің ерікті бастамасы негізінде құрылуы тиіс. Өз мақсаттары мен мүдделеріне қол жеткізу үшін белгілі бір топқа біріккен адамдар үкіметтік емес ұйым, қоғамдық бірлестік құрады, олар мемлекеттік аппараттың құрамына кірмейді, өзін-өзі басқарады, қоғам игілігі үшін қызмет етеді. ҮЕҰ-дар неғұрлым аз күш пен аз шығын жұмсап, едәуір жетістікке жетуге қабылетті екенін дәлелдеді. Сөйтіп, әрбір қоғам мүшесінің әлеуметтік, шығармашылық әлеуетін пайдалану, оларды қоғам үшін пайдалы іске тарту,немқұрайдылық пен салғырттыққа жол бермеу елді,мемлекетті дамытуға септігін тигізеді. Мейлі  олар құқық қорғаушылар болсын, қайырымдылық ұйымдары, студенттер клубы, шығармашылық одақ болсын,  азаматтық қоғам субъектілерінің мақсат-мүдделері, әділеттілікті аңсауы, адамның қадір-қасиетін құрметтеуге және теңдікке ұмтылыстары бірдей, ұқсас болып келеді.
Халық «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Азаматтардың бастамашылдығы, өз еліне деген сүйіспеншілігінен туған жанашырлығы негізінде бәріміз бірлесе, ынтымақтаса халық игілігі жолында тынымсыз әрекет еткен кезде ғана ел мен қоғам дамитыны сөзсіз. 

633 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы